Шалғай ауылдарда мектеп салып жүрген компания

Шалғай ауылдарда мектеп салып жүрген компания
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
813

Қазақстанда соңғы жылдарда  мектеп тапшылығы қатты сезіле бастады. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүр. Айтып қана қоймай, оны шешудің нақты жолдарын да көрсетті. Мысалы, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан қаржысы мектеп салуға жұмсалып жатыр.

Бұдан бөлек, былтыр кәсіпкерлермен кездескен сәтінде Президент қайырымдылық ретінде  облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі жөнінде әңгіме қозғаған болатын. Әсіресе, ауылдардағы  мектептерді сақтап қалу керектігі былтырғы педагогтер съезінде де айтылды. «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет  жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқасында ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.  Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет» – деген болатын Мемлекет басшысы. 

Расында да, Қазақстанда өз қаржы­сы­мен мектеп салып, оны мемлекетке өткізіп жүр­ген кәсіпкерлер бар. Біздің кейіпкеріміз «Ев­ротехстрой – 2003» ЖШС директоры һәм құрылтайшысы Айдын Садықов қазір үшінші мектепті пайдалануға бергелі отыр. Ол және кіл қиян шеттегі ауылдарға білім оша­ғын салып жүр.
Кәсіпкердің өз қаржысымен мектеп салуы­ның бірнеше ұтымды тұсы бар. Мы­салы, мемлекет салса, әуелі оның жобасына тап­сырыс береді. Жоба авторы авторлық ба­қылау жасайды. Әрине, тегін емес. Одан кейін техникалық бақылауға жүгінесіз. Оған да қаржы керек. Уақыт та созыла бере­ді. Ал бір қолдан шыққасын ол неғұрлым қысқа мерзімде әрі арзанға түседі. Мысалы, «Евротехстрой – 2003» ЖШС бірінші мек­теп­ті Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Жыланды ауылында салған. Сол тұста Абай облысы құрылып, Шығыс Қа­зақ­станда басталған жұмыс жаңа облыста аяқталған. Жыландыдағы мектеп апаттық жағдайда болған. Сондықтан кәсіпкер облыс, аудан әкімдіктерімен келісе отырып, жаңа білім ошағын салуға кірісіпті. Сол тұста мұнда 85 оқушы болған. Даярлық сы­ныбындағыларды қосқанда 100-ге жуық­тайды. Демек, 100 орындық мектеп салуы керек. Кәсіпкер аудан әкіміне жоба жасап ұсы­нады. Ол облыс әкіміне кіріп, келісіп шыққасын «Евротехстрой – 2003» ЖШС іске кіріседі. 2022 жылдың мамыр айында басталған құрылыс қараша айында бітіп, пайдалануға беріледі. Яғни, балалар екінші тоқсанды су жаңа мектепте оқиды. Ауыл тұр­ғындары қатты риза болыпты. Мұға­лім­дер мен балалардың қуанышында шек жоқ. 
Ал енді осы жобаның ұтымды жағын есеп­теп көрейік. Мысалы, осы мектепті мем­­лекет салатын болса, жобасын жасау­дың өзіне жарты жыл кетер еді. Одан кейін тен­дерге түсуі керек. Одан жеңімпаз анық­талып, іске кіріскенше тағы біраз уақыт өте­рі хақ. Жеңіп алған компанияның да кей­­де созып алып жүретіні бар. Оның үсті­не тендердің айналасында да «әңгіме» көп екені баршаға аян. Дәл осы 100 орындық мек­теп Үкіметтің «қалтасына» 1 миллиард тең­геге жуық қаржыға түсер еді. Ал «Ев­ротехстрой – 2003» ЖШС мұны 6 айда біті­ріп отыр. Бір деңіз. Екіншіден, 450 мил­лион теңге жұмсаған. Екі есе арзан! Үшін­шіден, тендердің маңайындағы сыбайлас жемқорлықтың да жолын кесіп отыр. Төр­тіншіден, кәсіпкер өз ақшасына сал­ғасын ертең ұятқа қалмау жағын қатты ой­лайды. Оның үстіне мемлекет қабыл­да­май қоюы мүмкін. Сондықтан құрылыс сапасы жоғары болуына компанияның өзі мүдделі. Бесіншіден, жоғарыда айтылған тен­дерге қатысу үшін кез келген ком­па­ния­ның ұнамды имиджі болуы керек: «Пәлен жыл­дан бері құрылыс саласында жүр. Түген ғи­маратты салған» деген сықылды. Демек, жаңадан құрылған компаниялар мұндайда назардан тыс қалады. Ол компаниялар үшін мына жоба – тамаша мүмкіндік. Ақ­шаң­ды сал, өзіңді көрсет. Ұнамды имидж қа­лып­тастыр. «Тендерде ұту» үшін біреуге «орамал» ұсынғанша, сол қаржыны мек­теп­ке сал. Ертең-ақ жақсы атың дүркіреп шы­ғады. Қаржы өзі іздеп келеді. Мысалы, Абай облысының атқамінерлері қазір «Ев­ротехстрой – 2003» ЖШС-ына бірнеше ұсы­ныс жасап отыр. 
Айдын Садықов басқаратын ЖШС екін­ші мектепті 2023 жылы Павлодар облысы Бая­науыл ауданы Ақсан округіне қарасты Қа­ражар ауылында салған. Бұл да алыс ауыл. Мұнда да апаттық жағдайдағы мек­теп бар екен. Екі қабатты, 100 орындық жаңа білім ошағының құрылысы сәуір айын­да басталып, қараша айында аяқтал­ған. Бұл құрылыс нысанының қас беті өз­герген. Бірінші құрылыстағы кейбір ес­керіл­меген дүниелерге назар аударылыпты. «Мек­тепті пайдалануға берер алдында жуып-тазалап үлгере алмай жаттық. Сол кез­де бізге оқушылар көмекке келді. Өздері мәз, ықыластана жұмыс істеп жүр. Ерлі-зайыпты мұғалімдер бар екен, 6 баласы осы мектепте оқиды, солардың бәрі жүгіріп жүр­генін көргенде қатты толқыдым...», – дей­ді Айдын Жұматайұлы. 
Ақмола облысының әкімі Марат Мұрат­ұлы Ахмет­жа­нов, міне, осы Қаражарға ар­найы комис­сия жіберіп, құрылыс бары­сы­мен танысқан. Көңілінен шыққан болуы ке­рек, кейін Ақ­мола облысында да мектеп салу жөнін­де­гі ұсыныс жасаған. Өкінішке қа­рай, бір­не­ше облыста қатар құрылыс жүр­гізетіндей, «Ев­ротехстрой – 2003» ЖШС-ының эко­но­ми­калық әлеуеті аса үл­кен емес. Сондықтан әзір­ге бас тартыпты. Қа­ражардағы жұмыс­ты абыроймен аяқ­тағасын, үшінші мек­теп­тің құрылысына кірі­сіп кетті. Шығыс Қа­зақстан облысы Ал­тай ауданы Бұқтырма ауы­лында салы­нып жатқан 200 орындық мек­теп, Құдай қаласа, 16-желтоқсан, Тәуел­сіздік мерекесі күні пайдалануға берілмек. Бұқтырмада бұған дейін қазақ мектебі бол­маған екен. Жаңа білім ошағы сол ол­қы­лықтың орнын толтырғалы отыр. Был­тыр күзде басталған құрылыстың бір жыл­дан астам уақытқа созылуының бір­неше себебі бар. Мектеп 200 орындық, яғни үлкен, оның үстіне Ал­тай­да қыс ерте түсіп, көк­тем кеш шығады. Оның үстіне алтай­лық­тар серпантин деп атай­тын иір-иір жол­дармен құрылыс мате­риалдарын жет­кізу де оңай емес. Мысалы, Жы­ландыға бір кө­лікпен 20 тонна мате­риал апарсаңыз, мұн­да 12 тонна ғана апа­ра­сыз. Соған қара­мас­тан қазір құрылыс ны­санының 90 пайы­зы бітіп тұр. 
Президент ауыл мектептерін қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тап­сырғаны мәлім. Қала мектебінде бар дү­ние ауыл мектебінде де болуға тиіс. «Ев­ротехстрой – 2003» ЖШС мұны қаперде ұс­тайды. Жыландыдағы мектепті өздері қажетті құрал-жабдықпен толық қамтыған бо­латын. Ал Баянауылда ERG компаниясы кө­мекке келді. 250 миллионға осы заман­да­ғы мектепке не керек, бәрін алып, жай­на­тып жіберді. Кірсең, шыққысыз. Қала мек­тебінен бір кем емес. 
Көріп отырғаныңыздай, «Евротехстрой – 2003» ЖШС тек шалғай ауылдарда мектеп салып жатыр. Бұл елді мекендерден адам­дар­дың көшпеуіне әсер етеді. Ауылдың ір­ге­сі беки түседі. Ал ауыл түлесе, байтақ Қа­зақстанның да еңсесі тіктеледі. Жұмыс ор­ны сақталады. Кейде тіпті көбейеді. Оның үстіне, жаңа, соңғы үлгімен салынған мектептерде жаныңа керектің бәрі бар. Тек оқы. 
Компанияның бұл ісі өзгелерге үлгі болу­ға тиіс. Бұл жоба жоғарыда айтқандай, жаңадан құрылған компаниялар үшін та­маша мүмкіндік туғызып отыр. Оның үс­тіне Мемлекет басшысы биыл 1-шілдеде «Мем­лекеттік сатып алу» жөніндегі заңға қол қойды. Заңда «толық дайын түрінде бері­летін құрылыс туралы шарт жа­сасу мүм­кіндігі, яғни жобалаудан бас­тап, объек­тіні пайдалануға беруге дейін­гі жобаны жүзеге асырудың бар­лық кезеңі, сондай-ақ көрсетілген жұ­мыстарға ілеспе тауарлар жеткізу және қызметтер көрсету үшін жауап­кер­шілікті бір өнім берушіге жүктеу мүм­кіндігі берілген». Бұл туралы Пре­зидент бұрын да бірнеше рет айтқан бола­тын. Енді заң­мен тиянақтап отыр. Расында да, алыс ауыл­да шағын мектеп салу үшін «Күлтөбеде күн­де жиын өткізудің», про­це­дура­ларды қол­дан көбейтудің қажеті қан­ша? 
2025 жылдың 1-қаңтарынан бастап кү­шіне енетін заң «Евротехстрой – 2003» ЖШС секілді компаниялардың жұмысын заң­дастырып берді. Бұрын меморандум жа­салып, соның аясында мектепті мем­ле­кетке өткізетін болса, енді жұмыс біршама жеңіл­д­еді. Жаңа заң сыбайлас жемқорлық­тың жолын кеседі. Ақшаң жете ме, тендер­сіз-ақ мектеп салып, халық игілігіне ұсын. Құзырлы органдардың да сізбен жұмысы бол­майды. Өйткені мұнда мемлекет қар­жысы жоқ. Ал ешкім өз ақшасын ұрламаса ке­рек. Ендеше, қаржысы бар, бірақ тендер­сіз аттап баса алмайтын компаниялар үшін бұл іздегенге сұраған емес пе? 
Қазір «Евротехстрой – 2003» ЖШС-ына Ақ­мола, Көкшетау облыстарынан бірнеше ұсы­ныс түсіп отыр. Өйтпегенде ше? Әрі ар­зан әрі сапалы, әрі тез арада бітетін мек­тептен кім бас тартсын?!
«Евротехстрой – 2003» ЖШС секілді ком­паниялар республиканың түпкір-түп­кірі­нен дүр ете қалса, еліміздегі мектеп тап­шылығы санаулы жылдарда-ақ жойыл­май ма? 
Лайым, солай болғай! 

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары