Лос-Анжелес Олимпиадасын көздеймін – ауыр атлетикадан үш дүркін әлем чемпионы Едіге Емберді

Лос-Анжелес Олимпиадасын көздеймін – ауыр атлетикадан үш дүркін әлем чемпионы Едіге Емберді
olympic.kz
566

Кеше Испанияның Леон қаласында ауыр атлетикадан жастар арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс жүлдені иеленді.  89 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Едіге Емберді қоссайыс қорытындысы бойынша 352 (153+199) келіні еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Ал 81 келіде бақ сынаған Ерасыл Сәулебеков 344 (154+190) келіні көтеріп, қола жүлдені місе тұтты. 
Айрықша айта кетерлігі, 19 жастағы Едіге үшінші жыл қатарынан әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей тұр. Ол 2022 жылы Леон (Мексика) қаласында өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде топ жарса, араға бір жыл салып, Гвадалахарада (Мексика) өткен әлем чемпионатында тағы да ешкімге дес бермеді. Одан бөлек, Едіге – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жастар арасында Азия чемпионы әрі әлем және Азия рекордсмені. Испания әуежайында тұрған Едігеге хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Едіге, жеңіс құтты болсын! Үш дүр­кін әлем чемпионы болған қалай екен?

– Рахмет! Қуаныштымын! Керемет сезім! Сөз­бен сипаттай алмаймын! Айналамның тү­гелі алақайлап қуанып, кешеден бері ақ­жар­ма тілегін қарша боратып жатыр. Бұл до­даға шығарып саларда көбі «Чемпион ата­ғын алып қайт!» деп шығарып салған бо­латын. Үйде, залда тақымын қысып, ба­қы­лап, үмітін үкілеп отырды. «Көптің тілегі – көл» деген. Жалпы, әлемнің кіл мықтылары жи­налатын чемпионатқа тек жеңу үшін бар­амыз ғой. Жеңемін деп мақсат тұттым. Діт­тегеніме қол жеткіздім. Сон­дықтан қатты қуа­ныштымын! Бұл – менің ғана емес, Қа­зақстанның жеңісі. 

– Өз салмағыңда үш жыл қатары­нан чем­­пион атан­ған сен осы жолы да жеңіс то­йын той­лай­ты­ныңа се­німді бол­ған шы­­­­ғар­сың?

– Қатты се­нім­ді болған жоқ­пын. Тек мүм­кін­дікті мүлт жі­бе­ріп ал­мау­ға тырыстым. Әрі бапкерімнің айт­қан кеңе­сіне құ­лақ түрдім. Ол «Едіге, қо­лымыздан келеді. Мүм­кіндікті дұрыс­тап пай­да­лан­саң, салқынқандылық таныт­саң бол­ғаны, чемпион атағы сенде» деп рух­­тандырды. Айтқанын тыңдадым, орын­дадым. Сөйтіп, тағы бір мәрте чемпион атан­дым. Де­­­генмен бәрі оңайға тиді деп айта алмай­мын. Осы жолғы қарсыластарым қарымды бол­ды. Күміс пен қола медаль алған Колумбия мен Иран зілтеміршілері өз бабында екен. Сонымен қатар, Египет пен Өзбекстан ауыр атлеттері де жұлқа көтеруде мықтылық танытты.

– Жұлқа көтеру сайысында бесінші орынға табан тіредің. Алайда серпе кө­теру­де бірінші орын ие­ле­ніп, қос­сайыс нә­ти­жесі бойынша чемпион атан­дың. 

– Иә, жұл­қа кө­теру­де бе­сінші орын­ға тұрақ­тадым. Кейін сер­пе көтеру бәсе­ке­сінде топ жарып, екі сайыс­­тың нәти­жесі бойын­ша жеңім­паз атан­дым. Өткен жылы Мек­си­када өткен әлем бірін­шілігінде жұл­қа көтеруде тіпті то­ғы­зын­шы орынға тү­сіп қалған­мын. Содан соң серпе кө­те­руде ешкімге дес бермей, нәти­же­сінде әлем чем­пио­ны атағын иелен­дім. Осы жолы да сол дәс­түр­ден жаңылмадым (күліп). Алай­да биыл тоғыздан бесінші орынға се­кіріп, үштікке біраз жақындадым. Дегенмен кеше бесінші нәтижені тіркеген кезде сәл қорқыныш бойымды биледі. Алайда келесі жаттығуға тістеніп шықтым. Бесінші орын мені қайта рухтандырды. Жеңісті ешкімге бергім келген жоқ. Қазақ секілді ешқашан берілмейтін, ұс­тамды, табанды халықтың ұрпағы еке­німді дәлелдегім келді.

– Ендігі меже – ересектер құрамасы­на ауысу ма?

– Иә. Бұйырса екі айдан соң Бахрейнде ере­сектер арасында әлем чемпионаты өт­кізіледі. Қазақстанға оралған бетте бірден со­ған дайындық жұмысын бастап кетеміз. 

– Сонда бір жылда екі әлем чем­пио­натында бақ сынап көрмексің бе?

– Бақ сынап көру ке­рек. Ересектер ара­сына басымызды «сұғуы­мыз» қажет. Жастар ара­сында бұлай жү­ре беруге бол­май­ды. Оның үсті­не жасым да ке­ліп тұр. Келесі жы­лы 20-ға то­ла­мын. Жасөспірім­дер арасын­-дағы соң­ғы жылым. Өзіңіз білетіндей, он­да тек 20 жасқа дейін­гі­лер ғана қа­тыса алады. Мен ешқайда асық­падым. Уа­қы­тылы, рет-ре­тімен келе жа­тыр­мын. Айта ке­терлігі, мен Испа­ния­да 89 келіде сын­ға түстім. Алайда өз салмағым оған жетің­кіре­мейді. Менің негізгі сал­мағым – 81 келі. Алла қала­са, ересектер арасында осы салмақта өнер көрсетемін. Ересектер ара­сында да топ жару үшін аянып қалмай­мын. Чемпион боламын деп айқайлап айтпаймын, алайда бәсі биік ол сайыста үздік үштікке кірудің өзі мен үшін – жеңіс. Ересектер арасындағы жарыстарда жүлдегер атанудың жөні тіпті басқа. Сондықтан екі айдан соң бабымды келтіріп, барымды саламын. Сосын, әлбетте, әр спортшы армандайтын Олимпиа­даның жүлдесін, жай ғана емес, алтын жүлдесін ар­мандаймыз. Парижде өткен төртжыл­дық­қа зілтеміршілерден ешкім бар алмады. Бұйырса, төрт жылдан соң Лос-Анжелесте өте­тін Олимпиадаға көз тігеміз.

– Сұхбат соңында сені кешегі жеңі­сіңнен кейін енді біліп жатқан оқыр­ман­ға өзіңді аз-кем таныстыра кетсең.

– Мен жарыстарға Астана атынан шы­ғып жүргеніммен, Шымкентте дүниеге кел­генмін. Онда 5 жасқа дейін нағашыларымның қолында өстім. Сосын Астанаға келіп, он бір жыл бойы бір мектепте, анығырақ айтсам, Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия­сын­да оқыдым. Бесінші сыныпта оқып жүргенімде ауыр атлетикаға назарым ауды. Не­сімен қызықтырды десеңіз, мен бала кезім­нен күрес, бокс, каратэ секілді спорт түр­лерімен шұғылдандым. Алайда ауыр атле­тика таразы басын тартып кетті. Бұл спорттың ұнаған тұсы – сен мұнда ешкіммен төбелеспейсің, ешкіммен күреспейсің. Тек өз-өзіңмен күресесің. Жеңісің де, жеңілісің өзіңе байланысты. Өзіңді жеңе алсаң, өзгелерден де басым түсесің. 

– Жолың болсын! Дегеніңе жет! Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары