«Бұрғылаушы болуды бала кезден армандадым» – Самат Көпбаев
Жылдың төрт мезгілінде де басын қауіп-қатерге тігіп жүрген жандардың бірі – Kazakhmys Barlau компаниясының бұрғылау шебері – Самат Көпбаев. Ұлытау облысының тумасы бүгінде Ақбастау-Құсмұрын кен өндірісінде қызмет етеді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуыкерек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деп мәлімдеді Президент.
Иә, нанның тәтті-ащысы, жұмыстың жаман-жақсысы жоқ. Кез-келген жұмысшы – қадірлі. Ең маңыздысы, әрбір маман өзінің жауапкершілігін сезініп, міндетін дұрыс әрі сапалы атқаруы. Сонда барып еліміз көркейіп, дамудың даңғыл жолына түспек.
– Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек, – деп толықтырған болатын Мемлекет басшысы.
Әлемде сан түрлі мамандық бар. Олардың қатарында қауіптілері де кездеседі. Мәселен, бұрғылаушы мамандығы сондай қауіпті мамандықтар қатарында. Бұл кәсіп физикалық ауырылығымен қатар қауіп-қатерлерге толы, әсіресе мұнай, газ және тау-кен өнеркәсібінде бұрғылау жұмыстарын жүргізу қиын. Жылдың төрт мезгілінде де басын қауіп-қатерге тігіп жүрген жандардың бірі – Kazakhmys Barlau компаниясының бұрғылау шебері – Самат Көпбаев. Ұлытау облысының тумасы бүгінде Ақбастау-Құсмұрын кен өндірісінде қызмет етеді.
– Бала кезімнен бұрғылаушы болуды армандадым. Әкем де жас кезінде бұрғылаушы болған, кейін көлік жүргізушісі болып істеді. Ағаларым да геология саласында еңбек етті. Аппақ арманымның жетегінде Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау факультетіне оқуға қабылданып, 2006 жылы бітіріп шықтым. Дипломымды қолыма ала салып Жезқазғанға оралдым. Еңбек жолымды геология саласында «Қазақмыс Дриллинг» компаниясында бұрғылау қондырғысының машинисінің көмекшісіболып бастадым. 2015 жылы жерасты бұрғылау жұмыстары басталды. Бұл уақытта мен бұрғылау қондырғысының шебері болдым. Қазір жер бетіндегі бұрғылау жұмыстарына жауаптымын, – деді осы салада 18 жылдық тәжірибесі бар кейіпкеріміз.
Бұрғылау шебері – мұнай-газ, кен өндіру саласында маңызды рөл атқаратын маман. Оның негізгі міндеті бұрғылау жұмыстарының дұрыс орындалуын қамтамасыз ету және қондырғының үздіксіз жұмысын бақылап отырады. Сонымен қатар бұрғылау қондырғысын дұрыс орнату, жабдықтарды пайдалану және бұрғылау әдістерін таңдайды. Өз міндетіне қоса қарамағындағы жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Бұған қоса жұмыс жоспарын уақытылы орындауға тиіс. Мәселен, ұңғыма тереңдігін бақылау, қабаттардың сипаттамаларын талдау жәнежабдықтардың жұмысын тексеруі керек. Жабдықтардың техникалық қызмет көрсетуін бақылап, бұрғылау кезінде туындауы мүмкін ақауларды анықтап, жою шараларын қабылдайды. Ұжыммен жұмыс істей білу де көп еңбекті, адамдармен тіл табысуды талап етеді. Барлық қызметкерді басқарып, олардың жұмысын үйлестіру де оңай емес. Бұрғылау шебері ұңғыма операторлары, механиктер, электр мамандары және геологтармен тығыз жұмыс істейді. Мұндай маманның есеп-қисаптан да хабары болуы керек. Өйткені ол бұрғылау жұмыстарының барысы туралы есептер дайындап, техникалық құжаттаманы жүргізеді. Бұл өз кезегінде бұрғылау үрдісінің тиімділігі мен сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қауіпті жағдайлар туындағанда (мысалы, жабдықтың істен шығуы, т.б.) шебер жедел шаралар қабылдап, жағдайды бақылауға алуы керек.
Осыншама жауапты міндетті мойнына алған қауіпті маман иесі Самат Серікұлы бұрғылау шеберінің бойында жоғары деңгейдегі кәсіби дағдылар мен тәжірибе болуы керек дейді. Себебі бұрғылау шебері күрделі техниканы басқаруды, қауіпсіздік стандарттарын сақтауды және бұрғылау процесін білуі тиіс. Қауіпті мамандықты жан-жақты меңгерген майталман маманнан «Ұлыңыз жолыңызды жалғап, бұрғылаушы боламын десе, не дер едіңіз?» деп сұрадық.
– Ұлым қазір 3-сыныпта оқиды. Баламның болашақта геолог болғанын қалаймын. Әкеме еліктеп мен де бұрғылаушы болдым, сол сияқтым ұлымның да менің жолымды жалғастырғанын қалаймын, – деді бұрғылау шебері.
«Қазақмыс Барлау» компаниясының бұрғылаушылары еліміздің тау-кен өнеркәсібінде маңызды рөл атқарады. Олардың негізгі міндеті минералдық ресурстарды барлауға бағытталған. Компания пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын анықтау және бағалау үшін жер қойнауын зерттеумен айналысады. Көбінесе мыс, алтын, күміс және басқа да металдарды өндіруге маманданғандықтан, бұрғылаушылардың жұмысы осы ресурстарды іздеуге және өндіруге дайындық жұмыстарын жүргізуге бағытталған.
– Жұмыс қиын, жауапкершілігі жоғары болғанымен таза ауада жүретініміз ұнайды. Қазақстанның әр жерін аралаймыз. Атын естімеген жерлерге аяқ басып, тарихи мекендерді көзбен көреміз. Мысалы, Қарағанды маңындағы Жетімшоқы, Ұлытаудағы Едіге тауын араладық. Кен орындарын барлағанда әуелі ашық карьера ашылады. Пайдалы қазбаның пайыздық көрсеткіші көбірек болса, ол жер шахтаға айналады. Бұл жерде біздің жұмысымыз – геологтар белгілеген жерді бұрғылап қазу. Алынған топырақ, тастың құрамында қандай элемент бар екенін лабораторияда анықтайды. Жалпы, бұрғылаушы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Біз жыл мезгіліне, ауа райына қарамай жұмыс істей береміз. Қыс мезгілінде боран, қар, желге қарамастан бұрғылауды жалғастыра береміз. Мәселен, қар күрейміз, қатып қалған суды жібітеміз. Бұрғылаушыларға әрдайым су керек. Техникалық су болмаса бұрғылау процесі тоқтап қалады. Әдетте, 300 метр тереңдікті қазуға 1 апта, ал 1 км тереңдікті бұрғылауға 1 айдай уақыт кетеді. Бұл жерде қазу ұзақтығы жердің жұмсақ, қатты, тасты болуына байланысты, –деді шебер Самат.
Бүгінде кен бұрғылаушыларға сұраныс жоғары. Әсіресе, Қазақстан сияқты пайдалы қазбаларға бай елдерде тау-кен өндірісі ел экономикасының маңызды бөлігі болғандықтан, кен бұрғылаушы мамандары әрдайым сұраныста болады. Аталған мамандықты игергендерге тұрақты жұмыс табу қиын емес. Сондай-ақ кен бұрғылаушының жұмысы қиын әрі қауіпті болғандықтан, жалақысы да соған сай жоғары. Әсіресе, вахталық әдіспен алыстағы кен орындарында жұмыс істейтін бұрғылаушылардың жалақысы едәуір жоғары. Жер кезіп жүрген кен бұрғылаушылар әртүрлі географиялық аймақтарда, тауда, шөлде, теңіз жағалауында жұмыс істейді. Сонымен қатар бұрғылаушылар да кәдуілгі мұғалім, дәрігерлер секілді білімін жетілдіріп, соңғы технологияларды меңгеріп отырады. Ең бастысы бұрғылаушылардың еңбегі ел экономикасы үшін өте маңызды. Пайдалы қазбаларға бай Қазақстанда кең бұрғылаушылар стратегиялық маңызға ие. Еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық дамуына үлес қосып жүрген, сөзге сараң, жұмысына аса жауапты, өз ісіне ұқыпты Самат Серікұлының жұмысына сәттілік тілейміз.