«Тойда 6 сағат отырамыз»: Дәулет Мұқаев мейрамханаға 200 қонақ шақыратындарды сынап тастады

Депутат тойдағы ысырапшылдықтың тыйылмай отырғанына алаң.

«Тойда 6 сағат отырамыз»: Дәулет Мұқаев мейрамханаға 200 қонақ шақыратындарды сынап тастады
Фото ашық деректерден
1186

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев халықты тойды ысырапсыз жасауға шақырды, деп хабарлады turkystan.kz.

Ол бұл туралы ойын «Хабар» арнасының «Талқы» бағдарламасында айтты.

«Дастарханның өзін қарайықшы. Әйтеуір бәрі тойып жеу керек, толып тұру керек. Содан кейін 6 сағат отырамыз. Дастарханнан көп жағдайда тамақ артылып қалып, оны пакеттерге бөліп таратады. Кейбір адамдар 2-3 пакеттен алып кетеді. Ер-азаматтардың өздері дастархан басында әйелдермен бірге жанталасып жатады. Біріншіден, дәл осы тамаққа келгенде ысырапшылдықты азайтуымыз керек. Екіншіден, тойға 300-400 адам жинайды. Сен олардың бәрін танымайсың. Тойға тек жақындар жиналуы керек. «Ананың, мынаның көңілі қалмасын», «Ұят болмасын», «Ренжіп қалмасын» деп 200-300 адамды жинап аламыз. Пандемиядан сабақ алуымыз керек еді. Пандемия кезінде мейрамхананың артқы есігінен тығылып кіріп, 50-80 адамға той жасағандар болды. Пандемиядан кейін осы үрдіс сақталып қала ма деп ойлап едім. Бірақ жоқ, біз қайтадан сол бұрынғы той жарысына кірісіп кеттік», – деді Дәулет Мұқаев.

Серіктес жаңалықтары