Субсидия сеп пе, бөгет пе?

Ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетіп, өнім сапасын арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болуы үшін төленетін мемлекет көмегі – субсидияны заңсыз иеленіп, басқа мақсатқа жұмсау тыйылар емес.

Субсидия сеп пе, бөгет пе?
сурет: istockphoto.com
472

5 миллионнан астам мал санда бар, са­нат­та жоқ. Егін шаруашылығындағы ахуал да – осындай. Жалпы, елімізде ауыл шаруа­шы­лығы саласын дамытуға аз көңіл бөлініп отыр­ған жоқ. Бөлінетін қаражат та жыл са­нап көбеймесе, азайған емес. Дегенмен қай­тарымын көрмей келеміз.

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы мұның бар­лығы мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көз­бояу­шы­лықтың салдары екенін айтып, ауыл шаруашылығы са­ла­сын қолдау тетіктерін өзгертуге байланысты тапсырма бер­ген болатын. 

«Субсидияны арзан несиемен алмастыру қажет»

Ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетіп, өнім сапасын арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болуы үшін төленетін мемлекет көмегі – субсидияны заңсыз иеленіп, басқа мақсатқа жұмсау тыйылар емес. 

– Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, са­натта жоқ екенін анықтады. Егін шаруа­шы­лығы саласында да осындай жайттар бар еке­ні белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасал­ған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әре­кет­терге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іс­пен айналысқан адамдарды жауап­кер­ші­лік­ке тарту керек, – деді Президент биылғы Жолдауында. 
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп ке­­шенін тікелей субсидиялау тәсілі­нен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп кө­шу­ді ұсынып, осы тетікті жүзеге асыру аса маңыз­ды міндет екеніне де тоқталды. 
– Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұм­салуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр, – деді Президент.
Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет кө­терілген еді. Субсидиялау тәсілдерін тез ара­да қайта қарау қажет екені де талай мәрте ай­тылған болатын. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлері де субсидия мәселесін реттеуге күш салып жатқанын айтудан танбаған.
Бұл ретте, субсидияға бөлінген қаражат ке­міген жоқ, керісінше жыл сайын өсіп ке­леді. 

Қаражат көп, қайтарымы аз

Мәселен, сала министрлігінің мәліметіне қа­расақ, былтыр агроөнеркәсіп кешенін суб­сидиялауға шамамен 500 млрд теңге бөлін­ген. Нақтырақ тоқталар болсақ, мал шаруа­шы­лығына – 115,9 млрд теңге, өсімдік шаруа­­­­шылығы мен қаржы құралдарына – 318,1 млрд теңге, Сонымен қатар Үкімет ре­­­зервінен өсімдік шаруашылығын және мал шаруашылығын қолдауға қосымша 60 млрд теңге қарастырылыпты.
Осылайша, кейінгі 6 жылда (2018-2023 жыл­дары) ауыл шаруашылығын субсидия­лау­ға 2,2 трлн теңге бөлінген. 2018 жылы – 226 млрд теңге, 2019 жылы – 356,3 млрд теңге, 2020 жылы – 384,8 млрд теңге, 2021 жылы – 408,7 млрд теңге, 2022 жылы – 450 млрд теңге, 2023 жылы – 500 млрд теңге.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің есе­бінше, бөлінген қаражат саланың қарқынын жақ­сартуға әсер етіп жатыр.
– 2022 жылы АӨК субсидиялауға 450 млрд теңге бөлінді, бұл 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда екі есе көп. Бұл мемлекеттік қолдау ша­ралары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2022 жылы 9,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, бұл 2018 жыл­мен салыстырғанда 2,1 есе көп. Осылай­ша, субсидиялау көлемімен тікелей корре­ля­ция байқалады, – деп мәлімдеген еді ми­нистр­лік.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына ин­вестиция ағыны 2022 жылы 853,3 млрд тең­геге жеткенін және 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда 2,3 есе өскенін, азық-түлік өнім­де­ріне 2022 жылы 140,4 млрд теңге инвестиция салы­нып, 2018 жылмен салыстырғанда 1,1 есе артқанын хабарлады. Ал экспорт бойын­ша былтыр бұл көрсеткіш 2022 жылы 5,6 млрд долларға жеткен, бұл 2018 жылмен са­лыс­тырғанда 1,8 есе көп. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері 2,3 млрд долларға экс­портталған, бұл 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда 2,1 есе көп.
Дегенмен осы деректер жарияланған уа­қытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес агенттігі жүргізген тексерістің қоры­тын­ды­сы бойынша, ауыл шаруашылығы жем­қор­лыққа батқан салалардың көшін бастап тұр. Агенттік 2016 жылдан бастап талдау жүр­гізген. Нақты деректерді алға тартсақ, са­ла бойынша тіркелген 357 қылмыстық іс­тің жартысынан көбі, яғни 54 пайызы суб­сидиялауға қатысты екені анықталған. 
– Алдын ала тергеу шеңберінде 212 адам қыл­мыстық жауапкершілікке тартылып, оның 79-ы сотталған, 133 адамға қатысты қыл­мыстық істер ақталмайтын негіздер бойын­ша тоқтатылды. Жалпы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары мен жер­гі­лікті атқарушы органдардың аудандық бө­лім­шелерінің 67 мемлекеттік қызметшісі қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды (оның ішінде 23 басшылық құрамның, 44 ма­­­­манның қызметкері), – деп айтылған Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлі­ме­тінде.
Яғни, бөлініп отырған қаражаттың қыруар екенін ескерсек, байқалып отыр­ған іл­герілеу де, көрсеткіштер де мар­дым­ды емес. Оған қоса, жалған есептер мен қағаз жүзінде ғана бар мал мен шаруашылық статистикалық мәліметтердің бұрмалай­ты­нын ескерсек, шындығында ахуал мүлдем бас­қаша болуы да ықтимал. 
– Қазақстан ауыл шаруашылығына жа­рам­ды жер көлемі бойынша әлемде 6 орында жә­не негізгі нарықтарға шығуға мүмкіндігі бар ел ретінде айтарлықтай аграрлық әлеует­ке ие. Алайда экономикалық және әлеуметтік маңыз­дылығына қарамастан, қаншама жыл бо­йы ауыл шаруашылығының ЖІӨ-ге қос­қан үлесі 5 пайыз деңгейінде қалып келеді. Мысалы, Қазақстанмен климаттық жағдайы ұқсас Өзбекстанда ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 25 пайызға, ал Қырғыз Респуб­ликасында 14 пайызға жетеді. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған барлық күш-жігердің не себептен нәтиже бермей келе жатқанына толық сыни талдау жасамаған, сондай-ақ нарықтағы қиындық­тарды жеңу бойынша да жоспарлар ұсыныл­маған. Жекелеген нормаларды қоспағанда, аграрлық секторды дамытуға арналған көпшілік ұсынған шаралар бұрынғы әкімші­лік-әміршілдік тәсілдерге ұқсас болып келе­ді, нарық құралдарына толық көшуді көз­де­мейді, – дейді Halyk Finance сарапшысы Сан­жар Қалдаров.
Оған қоса, қаражат кәсібін жүргізуге ниет­ті сала мамандарына жете бермейтіні де – анық жайт. Сыбайлас жемқорлық схе­маларын құруға, оны ұйымдастыруға лауа­зым­ды қызметкерлер мұрындық болып кел­гені де анықталды, лауазымды тұлға­лар­дан тұратын қылмыстық топтар да әшке­ре­ленді. Олар субсидиялауға бөлінген қара­жат­ты жымқырумен айналысып, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алу­дың жемқорлық схемасын ұйымдастыр­ған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің мәліметінше, қарапайым фер­мер­лер субсидия алуға өтінім беру қашан басталатынынан да бейхабар болып келген, оған қоса нормативтік база түсініксіз, оны шаруа­лар түсіне алмайды. Субсидиялар «кім үл­герді, сол алды» қағидаты бойынша әділет­сіз бөлінеді. Ал өтінімдерді қабылдау мерзімі қаражат бөлінген күнге тікелей байланысты. Демек, қаражаттың қашан түсетіні туралы инсайдерлік ақпарат сатылуы мүмкін. Сал­дарынан субсидияны белгілі бір топтар ғана алады. Шаруалар өтінім беретін Qoldau жүйе­сінде кезекке тұру да ашық емес. Бұдан бөлек заң бойынша өтінім беруге қатысты қыз­меттердің бәрі тегін болса да, түптеп кел­генде осы үшін ақша алатындар бар. Се­бебі нормативтік база қиындатылып жа­зыл­ған. Оны қарапайым фермер түсінбейді. Жал­пы, осы уақытқа дейін субсидиялау қа­ғи­даларына 50 шақты өзгеріс енгізілген. Бір­ақ жаңа нормаларды түсіндіру жұмыс­тары бірде-бір рет жүргізілмеген.

Сұрауы енді сұралмақ па?

Субсидиялаудағы мәселелер анық, тек­серістер мен зерттеулер негізінде рас­­­­­талған болса да, оны беру немесе қай­тары­­мын сұрау механизмдерін жетілдіруге бай­ланысты қарапайым шаралардың өзі қол­ға алынбай келді. Мәселен, министрлік тек биылғы жазда ғана ауыл шаруашы­лы­ғы­ның өнімділігін және өнім сапасын арт­тыру­ға субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілгені туралы хабарлады. Министрлік суб­сидиялаудың тиімділігін анықтау үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы өнім кө­лемінің ақшаға шаққандағы мәнін арт­тыру­ға бағытталған міндеттерді енгізбек еке­нін мәлімдеді. 
Яғни, өнімділікті және өнім сапасын арт­тыру үшін субсидия алатын ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өндірушілер енді өндіріс кө­лемін арттыру және сақтау бойынша бел­гілі бір міндеттемелерді орындауы керек. Олар­дың тиімділігі өндірілген өнімнің құны бойынша бағаланатын болады. Міндет­те­мелерді орындау туралы ақпарат Мем­ле­кет­тік субсидиялау ақпараттық жүйесінде тір­ке­леді. Егер өндіруші 2 жыл қатарынан мін­­­­детті орындай алмаса, онда ол субсидия алу құқығынан айырылады. Міндеттемелерді енгізбестен бұрын, пилоттық жоба іске асы­рылатын болады, оның шеңберінде аграрлық сек­тор субъектілері субсидия алуға арналған та­лаптарды орындауға міндеттеледі.
Дегенмен, нақты нәтиже талап етудің өзі нә­­тиже бере қоюы да – екіталай. Сарап­шы­ның пікірінше, қазір ауыл шаруашылығына бе­рілетін мемлекеттік көмектің басым бөлігі – нарыққа қайшы, бұл ауыл шаруашылығы өн­дірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін, негізінен өнімділігін арттыруға кері әсер етеді. 
– Ұлттық даму жоспарында ауыл шаруа­шы­лығындағы өнімділік төмен екені ашық түрде мойындалған, бірақ шешім ретінде әлі де нарықтан төмен қаржыландыру меха­низм­дерін пайдалануды және кеңейтуді ұсы­нады. Мұндай тәжірибе нәтижесінде аг­ро­бизнес бюджетке тәуелді болады, бәсе­ке­лестік үшін күреске талпынбайды, себебі мем­лекет әрдайым көмек көрсетіп, тіпті ауыл шаруашылығы қай кезде де болмасын қар­жы бөлетінін біледі. Бұл жерде біз мем­ле­кет агробизнеске көмек көрсетуді тоқтату ке­рек деп айтпаймыз. Егер Үкімет ауыл шаруа­шылығы секторына арзандатылған қар­жыландыру арқылы қолдау көрсетуді мақ­сат етсе, онда нарықтағы қаржыландыру қ­атынастарын бұзбай, бюджеттен тікелей қа­рыз алушыға нарықтағы пайыздық мөл­шер­лемені субсидиялауға тиіс, – дейді Санжар Қалдаров.
Сарапшы ауыл шаруашылығындағы нарық қатынастарын бұрмалаған тиімді емес екенін, мемлекет қолдауын қысқартып, қайта бағыттау қажет екенін айтады. 
Жеке сектордың дамуын тежейтін мем­ле­кеттік шығындар мен инвес­ти­цияларды тиімді жеке кәсіпкерлікті және бәсе­келестікті дамытуға бағытталған ынта­лан­дыру шараларына қайта бағыттау керек. Үкімет кәсіпкерлікті, жеке инвестицияларды, бизнестің динамикасын ынталандыратын бизнес ортаны қалыптастыруға назар ау­дару­ға тиіс, мұнда тиімді емес бизнес тиімді биз­неске орын беріп отырады. Секторда ка­питал мен еңбек ресурстарын қайта бөлу­дің нарық механизмдері автоматты түрде жұ­мыс істеп тұруы қажет. Жалпы, мемлекет­тік субсидиялар, негізінен, ауыл шаруашылы­ғын­дағы инфрақұрылым мен адам капи­та­лы­ның дамуына арналған жобаларға ба­ғыт­талуға тиіс. Бұл ретте Ұлттық даму жос­па­рын­­да аграрлық ғылым мен құзыреттерді да­мыту, сондай-ақ көліктік-логистика және суару инфрақұрылымына инвестициялар тар­ту бойынша шараларға басымдық беру бойын­ша белгілі бір ілгерілеу бар, – дейді Сан­жар Қалдаров.

Өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, халыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада ұсынып, ел экономикасын \көтеруге жұмсалуға тиіс қыруар қаражаттың талан-таражға түскені қынжылтады, әрине. Дегенмен қаражат бөлу – бөлек, оны қалай бөлудің тетіктерін тиімді ұйымдастыру бөлек екеніне көз жетіп отыр. 

Серіктес жаңалықтары