Қарттарым, аман-сау жүрші!

1 қазан Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай Астананың орталық саябағында «Балалардан қартқа дейін» деген атпен концерт өтті.

Қарттарым, аман-сау жүрші!
230

Дәстүрлі түрде 1 қазанда атап өтілетін Ха­лықаралық қарттар күні қарсаңында Аста­наның орталық саябағы жарқын мере­ке­лік кон­церт алаңына айналды. Мерекелік іс-шара­лар аға буын мен балаларды біріктірді. Ұрпақтардың басын қосқан айтулы мерекеде балалар мен зейнеткерлер көрермендерді жылулық пен достық атмосферасына бөлеп, музыкалық би шоуын өткізді.

Жиналған қонақтар патриоттық әндер­мен, халық билерімен және әскери оркестр­дің керемет қойылымына тамсанды. Әсіресе, көрермендерге 2018 жылы «Үркер» тұрғын ала­бының әжелері құрған әуесқой ұжым – «Парасат» ансамблінің нөмірлері ерекше 
әсер сыйлады. Бағдарламаның сәніне айналған әжелердің әндері үлкен қошеметке ие болды.
– Біздің ансамбльде ең жас әнші – 60 жас­та, ең үлкені 80-нен асады. Мен өзім 70 жас­тамын. Біз үшін бұл жай ғана концерт емес. Бұл күн бізге шығармашылық пен қуанышқа адамның жас мөлшерінің ешқандай кедергі емес екенін көрсетті. Біз өз өнерімізді ортаға салып, қала тұрғындарына қуаныш сыйлағанымызға бақыттымыз, – деді «Парасат» ансамблінің жетекшісі Роза Елубаева. 
Бағдарламаны «Үркер» аула клубының жас таланттары, сондай-ақ №5573 әскери бөлімнің оркестрі толықтырды. Олардың үрмелі және ұрмалы аспаптармен орындаған патриоттық және халық әндерінің үйлесімді әуендері тыңдаушылардың жүрегін жаулап алды.
– Қатаң формадағы офицерлердің бас және тенор дауыстары ерекше әсер қалдырды. Әскери оркестрден алғаш рет акапелланы естідім, – деп ойын жеткізді іс-шара қонағы Майра Досова.
– Мен атаммен бірге концертке арнайы кел­дім. Атамның құрдастарының шығар­ма­шы­лық белсенділігі бізді қатты таңғалдырды. Со­ндай-ақ біз Нұра ауданында жұмыс істей­тін зейнеткерлердің демалыс орталықтары туралы білдік. Атам спортпен, шығармашы­лық­пен айналысуы үшін оларға міндетті түр­де жазыламыз, – деді Астана қаласының тұр­ғыны Нұрилла Айдосова. 
Нұра ауданындағы мерекелік іс-шаралар мұ­нымен аяқталмады. Халықаралық қарттар күніне орай қайырымдылық акциялары ұйым­дастырылды. Басқарушы компания­лар­мен бірлесіп тұрғын үй кешендерінің аула­ла­рында шай кештері өтті, ал мұқтаж зейнет­кер­лерге азық-түлік тегін таратылды. 
Халықаралық қарттар күні – бұл аға буын­ды құрметтеудің маңыздылығын және олар­дың қоғамға қосқан баға жетпес үлесін еске түсіретін мереке. Мереке қарттардың қо­­ғамдағы орны мен рөлін атап өтуге, жас­тарға оларды құрметтеуге және қамқорлық көрсетуге шақырады. 
Елімізде бұл күнді тойлау барысында қарт адамдарға құрмет көрсетіледі. Жыл сайын мереке аясында әртүрлі іс-шаралар ұйым­дастырылады. Атап айтқанда, концерт­тер, көрмелер, театрлық қойылымдар секілді мәдени шаралар, қарттарға арналған арнайы бағдарламалар мен акциялар ұйымдас­тыры­лып, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мысалы, осы күні зейнеткерлерге тегін медициналық қызмет көрсетіледі, азық-түлік таратылады. Со­нымен қатар көптеген қазақстандық отба­сымен бірге қарт туыстарының жағдайын біліп, оларға сыйлықтар береді және жылы ле­біздерін білдіреді. Соңғы жылдары қарт адамдарға арналған тренингтер, мастер-класстар өткізіліп, олардың белсенді өмір сүруі үшін жаңа білімдер беріліп жатыр. Ең маңыз­дысы, мектептер мен университеттерде, қоғамдық ұйымдарда жастар мен қарттар ара­сындағы диалог алаңдары қалыптасып ке­леді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жал­ғастырудың тамаша мүмкіндігі. 

А.Бимендиева

Серіктес жаңалықтары