Башқұрт еліне сапар

Башқұрт фольклор мұрасының ішінде қазақтың толғау жанрына барынша жақын қобайыр халықтың әлеуметтік өмірінің айнасындай.

Башқұрт еліне сапар
сурет автордың жеке мұрағатынан
572

Тамыры түркіден өрбіп, қыпшаққа тармақталатын бабамыздың бір өрісі – Башқұрт елі. Орал тауларын бөктерлеп, Ақ Еділді жағалап қонған ағайынның арыдан бастау алар терең тарихы бар екені белгілі. Біз білетін «Орал батыр» жырының мазмұны мен ұлт қаһарманы Салауат Юлаевтың ерлігі башқұрт халқының рухы мен болмысын, өткен шағын паш етеді. Ортақ тұлғаға айналған Ақмолла, кешегі Мәжит Ғафури мен Мұстай Кәрім туралы айтсақ та болар. Башқұрт фольклор мұрасының ішінде қазақтың толғау жанрына барынша жақын қобайыр халықтың әлеуметтік өмірінің айнасындай. Біздің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры башқұрт ағайынға да тән екенін ескерсек, тамырымыздағы бірлікті тани түскендей боламыз.

Арғы тарихқа бармай беріден қайт­сақ, 17-19 қыркүйек күндері бұл қа­лада ТМД мемлекеттері шы­ғар­ма­шылық және ғылыми интел­ли­ген­ция­сының ХVІІ форумы шы­мыл­ды­ғын ашты. Біз осы шараға қатысушы ре­тінде келген едік. ХХ ғасырдың ба­­­сында қазақтың маңдайына біткен ар­дақты тұлғаларының табаны тиген Уфаға бұл екінші рет келуім. Бұл қа­ла­ны алғаш рет 1985 жылдың сәуі­рін­де өкпек жолаушы болып өткенде кө­ріп едім. Ол кезде ҚазҰУ Филология фа­культетінің 3-курс студентімін. Ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлының жол­дауымен группаласым Нұрайша Бе­кеева екеуіміз Қазан федералды университетінде өтетін түркітектес халықтар студенттерінің кон­фе­рен­ция­сына қатысу мақсатында барар жол­да Алматы – Челябинск – Қазан, қай­тар жолда Қазан – Уфа – Алматы ба­ғытымен сапарладық. Содан бері отыз тоғыз жыл өтіпті. Қайтар жолы­мыз­да Қазаннан шыққан ұшақ Уфа әуе­жайына таңда келіп қонған бо­латын. Кешке қарай Алматыға са­пар­лауы­мыз керек. Екі аралықтағы уа­қыт­ты пайдаланып Уфа қаласындағы Ғалия медресесін көріп кетсек деп ойладық. Тұрсынбек Кәкішұлының ерекше ықыласты оқытуымен көңі­лі­міз ауған бұл тарихи медресенің ор­нын көру жиырмаға жасымыз енді же­тіп, арманшыл көңіл алып-ұшып тұр­ған біз үшін керемет бір сәт болар еді де. Амал не, көшеде көп адамнан сұ­ра­дық, ешкім білмеді. Тіпті, бір кез­дері осындай білім ошағы болға­нын естімеген де. Салымыз суға кетіп, әуежайға оралғанбыз... 

«Достастық жұлдыздары» жарқырады

Жә, бұл өткеннің әңгімесі. Бүгінгі әң­гімеге келейік. 
Уфаның келесі дәмі бізді Кеңес им­периясының керегесі ыдырағалы отыз жылдан астам уақыт өтіп кет­кен­де тартыпты. Бұл шараға аттан­дыр­ған Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігіне, ұйымдастырып, біраз ел­дің аңызға айналып үлгерген тұл­ғаларымен жүздестіруге мұрындық болған ТМД ұйымына риза көңілмен жүрдік. «Өфө» деген жазудың сөзі бір жақындық пен жылылық самалын аңқытқандай әсерде болдық. Әуежай­дан қарсы алып, қымыз ұсынған туыс елдің ықылас-пейілі ерекше. 
Ортасын Ақ өзен – Ақ Еділ жа­рып аққан қаланың күні ашық әрі жылы. Айнала жап-жасыл. Әр жерде сарғайып үлгерген теректер мен қайыңдар көрініп қалады. Форум қонақтары шұрқыраса табысып, күле қауышып жатқан жарқын сәттер күз­ді одан әрі жылыта түскендей. Фо­рум бағдарламасында ашылу сал­танаты, көрермен көңіліне төрлетер кон­церттер, заманауи өзекті тақы­рып­ты қамтыған пікірталас алаң­да­ры қамтылған. Форум аясында «Дос­тас­тық жұлдыздары» сыйлығы көр­нек­ті мәдениет қайраткері Тұңғыш­бай Жаманқұловқа, бала күнімізде өзіміз мұз айдын бетіндегі өнерін көп тамашалаған спорт саңлағы ре­сейлік Ирина Роднинаға, тағы басқа өнер, спорт, ғылым саласындағы үздік деп танылған жандарға табыс­тал­ды. «Достастық дебюттері» халық­ара­лық сыйлығы да иесін тауып жат­ты. Мемлекетаралық «Достас­тық­тың мәдени астанасы» бағдар­ла­ма­сының таныстырылымы қатысушы­лар назарына ұсынылды. Келесі, 2025 жылғы мәдени астана ретінде Әзер­бай­жанның Лашын қаласы бекітілді. Бұл да бір көңілге шуақ шашқан жар­­­­қылы көп жарқын сәттер болды. 
Уфаның орталығында орна­лас­қан Торотау (Төретау) атты конгресс-холл сарайында Башқұрт Респуб­ли­ка­сының басшысы сөз бастаған фо­румның ашылу салтанатында тізгін ұс­тағандардың бірі әйгілі Полат Бю­льбюльоглымен дидарласудың өзі бір ғанибет. ТМД халықтары жас өнер­­паздарының симфониялық ор­кестріне дирижерлік жасап өнер көр­сеткен Бюльбюльоглылардың үшін­ші буын өкілі Муртузаның өне­рін тамашалаудың өзі неге тұрады! Мәдениет пен ғылымның әр алуан өзекті мәселелерін арқау еткен пікір­та­лас алаңындағы ортаға салынған м­әселелер де бұл ортаға жиналған ғы­лым мен өнер адамдары үшін маңызды болды. Сандық транс­фор­ма­ция дәуіріндегі ғылым мен білім, Дос­тастық елдеріндегі шығармашыл жо­ғары оқу орындарының өзара бай­­­­­ланысы және кино өнері,  қоғам дамуының бір ресурсы ретіндегі во­лонтерлық, инклюзивті өнер түрлері туралы  әр елден келген өкілдердің ой-пікірі мен ұсынысы форумның көрі­гін қыздырды. 

Ғалия медресесі

Бекітілген бағдарламадан тыс біз­дің ойдағы бағдарла­ма­мыз­ға Ғалия медерсесіне бару, ұлттық му­­зейді көру, қалаға жақынырақ ор­­­­наласқан тарихи, киелі мекендерге зия­рат жасау да кіріп кеткен...
Әуелі «Қанша ғасыр өтсе де тұ­ғы­рым аласармайды, атымнан түс­пей­мін» дегендей қалыптағы баш­құрт­тың ұлттық батыры Салауат Юлаев­тің биік төбедегі салтанатты ескерт­кі­шіне арнайы келіп тағзым еттік. Са­нада жаңғырған бағзы күндер азат­тық жолындағы күрес алаңының бір көрінісін ескерткіш етіп қал­ды­рып қойғандай. 
Уфа дегенде біздің ойымызға бір­ден Ғалия медресесі түсері заңдылық. ХХ ғасырдың басында қазақтың ар­дақты азаматтары білім алған Ға­лия медресесі. Бұл тарихи ғима­рат­тың орналасқан жері төрт жүз елу жыл­дық тарихы бар қаланың тарихи көшесінде екен. Қызыл кірпішпен өрілген екі қабатты ғимаратта еліне, елінің мәдениеті мен әдебиетіне қыз­мет еткен тарихи тұлғалар өмірінің маңызды кезеңі өткенін толқи тұрып еске алғандай болдық. Осы медресе қабырғасында қазақ жастарының «Са­дақ» қолжазба журналы шығып тұрған. Журналды шығарушылар – қа­зақ көркем прозасының негізін салу­шы, классик жазушы Бейімбет Май­лин мен жазушы, драматург Жиен­ғали Тілепбергенұлы. Бейімбет Май­линнің қазақ классикалық про­засының басында тұрған «Шұғаның бел­­гісі» повесі осы журналда жария­лан­ған. 
Тарихи медресенің ғимара­ты­ның қалпын сақтауға баш­құрт ағайындар барынша талпынған екен. Бір өкініштісі – ардақ­ты­лары­мыз­дан қалған бір белгіні көрсек де­ген ойымыз құлазып қалғандай бол­ды. Ғимарат ішін аралатып та­ныс­тырған Ресей Ислам университеті бас­шының көмекшісі «Ғалия мед­ре­сесінде оқыған белгілі тұлғаларға қа­тысты тақталар жоқ па?» деп сұра­ға­нымызда «Исламда суреттерді қою­ға рұқсат етілмейді ғой», – деді. Ғи­маратқа жөндеу жұмыстары жүріп жат­қанын айтты. Фотосуреттері бол­маса да арнайы тақта ілініп, ақпарат бе­рілсе жақсы еді деп ойладық. Ғи­ма­рат сыртында Ғалымжан Ибра­ги­мов­тың осында оқығаны, ұстаздық ет­кен жылдары жазылған арнайы тақ­та ілінген екен. Осы сияқты тақ­талар Бейімбет Майлинге, Жиенғали Тілепбергенұлына, «Садақ» журналы­на қатысты ақпараттармен қоса ілі­ніп тұрса ғой деп армандадық. 

Үңгірлер әлеміне саяхат

Туыс ел тарихынан көп мағлұмат алған орнымыз Уфа қаласындағы ұлт­тық музей болды. Музейдің тө­менгі қабатында Башқұрт дала­сын­дағы үңгірлердің макеті орналасқан. Арнайы ақпарат жазылған тақталар бұл өлкеде үңгірлердің өте көп еке­нін мағлұм етеді. Башқұрт даласының әсем табиғатына әр берген үңгірлер өзінің көне, тылсым, ерекше сипатты қал­пымен туристердің назарын ау­дара­ды екен. Музейдегі кәдімгі үңгір­дің табиғи пішінімен жасалған кө­шір­месі ерекше әсерлі. Сәл кеңірек тоқ­талып өтсек, біздің Қоңыр әулие үң­гір­лері сияқты көнелігімен белгілі Шүл­ген-тас (Шульган-таш) үңгірі Ақ Еділ өзенінің бойында орналасқан. Ға­лымдар үңгір қабырғасындағы сурет-таңбаларымен танымал бұл үң­гірді палеолит дәуіріне тиесілі дей­ді. Тағы бір үңгір Кутук-Сумган деп аталады. Башқұрт жеріндегі ең терең, көлемді үңгірлердің бірі. Ямантау (Жамантау) мен Кибиз жоталары ара­сында орналасқан. Үңгір атауын­дағы «сумган» сөзі «сүңгу» мағынасын білдірсе,  «кутук»  сөзі «құдық» мағы­на­сын береді екен. Үңгірдің құрылы­мы үш деңгейлі. Бұл үңгірдің тағы бір атауы «Жұмақ қақпасы». Бұл белгілі үңгірлердің көшірмесі келушілерді ерекше қызықтырады дейді музей қызметкерлері. 
Уфа қаласынан алпыс шақырым­дай қашықтықта Шешме ауданының аумағындағы Торохан (Төрехан) ке­сенесінің қасында көшпелілер өр­кениетінің Еуразиялық музейі бой кө­терген. Әзірге музей толық аяқ­тал­маған. Форумға қатысушы Қазақстан делегациясы осы маңызды орынға б­арып, ел тарихымен таныстық. Төбе ба­сындағы Төрехан кесенесі ХІV ға­сыр ескерткіші екенін тарихшы, ар­хеолог ғалымдар дәйектеген екен. 
Төрехан мавзолейі немесе Ба­тыр кесенесі – бұлғар-татар­ларға тән Алтын Орда дәуірінің ес­керт­кіші. Ескерткіш ХХ ғасыр зерт­­­теу­шілерінің еңбектерінде көбіне «ке­сене» деп аталады. «Кесене» атауы­ның мәнін осы ескерткішті зерттеген ар­хеолог ғалым Гарун Юсупов «мар­құмның жайы», «қабір», «әулет ма­зары» мағынасында түсіндіреді. Ар­хеологтар осы төбеде бірнеше адам­ның мүрдесі жатқанын анықтаған. Төреханның өзі кім болғаны туралы нақты дәлел, дәйектер жоқтың қасы. Шыңғыс ханның бір ұрпағы деген нұсқа бар. Бірақ анық емес.  
Кесенеге келушілердің қарасы көп екен. Әр сынып оқушыларын ерт­кен мұғалімдер қатары мол. Ұр­пақ­ты өткен тарихпен таныстыру, ел аумағындағы тарихи орындарды бі­ліп, құрметтеуге баулудың бір жақ­сы көрінісіндей сезілді бізге. Төбе ете­гінде орналасқан музей ғимара­ты­нан кесенеге дейінгі аралықта ағаш­тан арнайы жол төселген. Ағаш жол­дың шетінде ел тарихына қатыс­ты ақпарат берілген арнайы жазба­лар қойылған. 
Төбедегі кесенеге  жете бере құл­пы­тасқа көзіміз түсті. Тоқай батыр ұлы Толохой бейдің эпитафиясы. Мер­зімі 1665-96 жылдар. Яғни, ХVІ ға­сырға тиесілі. 
Жалпы, өткенге құрмет-ілти­пат осы Төрехан кешенінен айрықша бай­қалады. Музейдің ал­ғашқы бөлі­гін­де көне кітаптар, ескі жә­дігерлер, сон­дай-ақ башқұрт хал­қын құрай­тын ру-тайпалар шежіресі берілген. 
Уфа – Алматы, Баку, Ташкент қа­лалары сияқты өзіне тән әсемдігі бар ерекше қала. Өткен тарих пен бүгінгі күннің тынысы әсем үйлескен қала­ның көшелерінде жылылық, мол шуақ салтанат құрып тұр. Жаз әлі де бол­са алыстай қоймаған сияқты. Өзі­міз көрген, тамашалаған тарихи орын­дар мен ғимараттар, өнер туын­дылары және тамылжыған табиғат та­маша әсер қалдырды.  

Су жылқысы – Ақбоз ат

«Түбім – түркі, түлігім – жылқы» де­ген мақал қазаққа ғана емес, баш­құрт­қа да тән екеніне дау жоқ. Өйт­кені олардың эпостық жырларында да батырмен бірге жылқы малын дәріптеген мотивтер жетерлік. «Ақ­бозат» жыры осыған дәлел. Жалпы, Ақ­боз ат башқұрт фольклорындағы және әдебиетіндегі ерекше символ деу­ге болады. Ол жай жылқы емес, қа­натты ақ тұлпар деп суреттеледі. Баш­құрттардың ең көне мұрасы са­налатын «Орал-батыр» эпосындағы Ақ­боз ат – батырдың жауға мінер тұл­­­пары ғана емес, сенімді серігі ретінде кейіпкерге айналады. Біздің Қо­быланды батырдың Тайбурылы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы сияқты. Орал батыр Ақбоз атты Күн-Анадан туған қыз Хумайдан сыйға алған деп баян етіледі. Башқұрттардың байырғы та­нымында жылқы адамдарға көл­ден шығып келген деген әпсана бар. Қазірге дейін «Жылқы шыққан көл» деп көл Шулган-таш үңігірінен үш шақырымдай аралықта орналасқан. Ал үңгірдің қабырғасында көне па­леолит дәуірінде бедерленген жыл­қы­ның суреті бар... Башқұрттың көр­некті қаламгері Мұстай Кәрімнің «Ұзақ балалық шақ» («Долого-долгое детство») атты кітабында да баш­құрт­тың ұлттық кодына айналған Ақбоз ат назардан тыс қалмайды. Бұл кітап­та Мұстай Кәрім ел жадындағы әп­са­наны былайша келтіреді: « – Анау көк­­жиекті көрдің бе? – деп Қара Юма­гул иегімен алысты нұсқа­ды, – сол көкжиектен әрі Орал деген биік тау бар. Ол таудың шыңында ну ор­ман бар, орманның ішінде дөңгелен­ген шалғын жер, ортасында дөңге­лен­ген көл бар. Ол көлді айналасы жетпіс құлаштан артық, түбі мүлдем терең. Бұл көлде балық та, басқа тірі жәндік те жоқ. Тек алтын жалды, кү­міс табанды Ақбозат деген тұлпар бар. Ол тұлпар желмен жарысып, құс бо­лып ұшады, арманыңды орын­дай­ды, өткен күніңді қайтарады, адам­мен адамша тілдеседі, Құдаймен құ­пия сырласады. Міне, Ақбозат осын­дай тылсым қасиеті бар тұлпар. Түн мүлде қысқарып, жаңғақ ағашы гүл­дегенде, жөке ағашынан бал та­мып, шөп басы шырынға толғанда көлдің тұнығын қақ жарып, жалы шашырап Ақбозат шығады. Ақбозат таң атып, күннің көзі шыққанға дейін ешкімнен сескенбей шалғында жайылады. Кімде-кім тұлпардың мойнына жетпіс құлаш арқанды сал­са, ол тұлпарды сол иеленеді. Он­дай іс тек бағы жанған ер жігіттің ғана қо­лы­нан келеді». 
Аңыз демекші... Башқұрт халқы­ның жеті қыз туралы аңыз желісі ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ пен баш­құрт тайпалары арасындағы қақ­тығысты баян етеді. Жеті қыздың мүсіні құйылған субұрқақ қаланың көрікті жерлерінің бірі. Жылқыларын ұрлаған башқұрт жігіттеріне ашулан­ған қазақ жауынгерлері жеті қызды тұт­қынға алыпты. Тұтқыннан қаш­қан қыздар қуғыншылар жете бер­ген­де көлге секіріп кетеді... Қазақ фольклорында да бұған ұқсас оқи­ғаларды арқау еткен аңыздар көптеп кездеседі. Жалпы, ел іргесіне жау тигенде қорғансыз нәзік жандардың намысын ту етіп, бастарын құрбан­дық­қа тіккен оқиға түркі халық­тары­на ортақ. Жеті қыздың қайғысы­на себеп болған тек қазақ жауынгер­лері емес, башқұрт жігіттері де. «Ат­та­рын қатты қадірлеген қазақтар қат­ты ашуланды» делінеді аңызда. Қа­лай болғанда да оспадар іс, кек қайырмай тынбайтын дойырлық адам баласына жараспаса керек...
Уфа сапары есте қаларлықтай ес­телік сыйлады. Ақбоз атты бағалап, Ақ Еділді жағалап қонған түбі бір жұрт­тың топырағында бәрімізге ор­тақ тарих жатқанын көзімізбен кө­ріп, көкірегімізбен сезіп қайттық...  

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары