Бостандық жырының бозжорғасы еді...

Не­сағаң арқасына ер батқасын болған қай­қаң жорға емес, ана тілінің уызына жарыған, ақындығы туа бітті тайпал жорға болатын!

Бостандық жырының бозжорғасы еді...
802

Ақиық Мұқағали ақын Несіпбектің алғашқы аяқалысының шалымды екенін таныды. Тілінің шұрайлылығына сүйсінді. Алғаусыз ағалық тілегін арнады. Болашақ ақынға бата берді. Ұлы ақынның тілек батасы тұңғыш жыр жинағы «Қозыкөшке» тізгінқағар лепес болды.

Қиядан тайып атан құлаған,
Қиямет өтті ботаң жылаған.
Түсіме кірсең, ғайыптан келіп,
Беріп кет, баба, батаңды маған! – деп бабасы Дулат Бабатайұлына жүгінді.
Өсиетіңді мәңгі тозбас мұрадай,
Қаршадайдан жаттап өстім дұғадай.
Өлең де бір оқтан қашқан құралай,
Саған жылар, Тәңіріге жыламай.
Шапаныңның шалғайымен қорғай жүр,
Айналайын, аруағыңнан ұлы Абай! – деп ақ қағаздың бетіне қаршығадай қақшиып шүйі­лерде ата-баба аруағына сыйынды. Ұс­таз-аға, академик Рымғали Нұрғалидың қа­сы­н­а ерген телғара Тұрсын Жұртбай досы екеуі ерте есейді. Ахмет пен Мағжанды Рым­ғали аға екі шәкіртке кешкісін үйдің бар­лық пердесін жауып тастап, есігін іштен іліп, Бейсенбай Кенжебаев берген «жабық» кітап­тардан сусындатты. Академиктің «ақ бұ­зау» атанған ақ жигулиімен Жәнібек Кәр­ме­нов, Құныпия Алпысбаев, Тұрсын Жұрт­бай, Несағаң қазақ даласын шиырлады. Ұстаздың әңгімесін Жәкең мен Құнекеңнің ал­қоңыр әндері тұздықтап, көңіл марқайды, жү­рек жайланды. Несіпбек ақын тынысы ашыл­ды, көңілінің көкжиегі кеңейді. «Бас­сүйектер» поэмасымен әдеби ортаны жалт қарат­ты. «Үндістер, үзілмеңдер» поэмасы сол уақыт­та Америкадағы көшпелі өркениет иесі үндістердің қияметін арқау еткен жер тағдыры – ел тағдырына арналған шығарма еді. Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған уа­қытта бұл тақырыпта сөз қозғауы да жиыр­­­мадан енді асқан бозбала ақынның эпи­калық тынысын әрі еркін ойлылығын бай­қатпай ма?! Egemen Qazaqstan газетіне бер­ген сұхбатында Неса­ғам өзі былай толға­нады: – «26 жасымда жа­зыл­ған, сол тұстағы рес­публикалық «Жа­лын» журналының бәй­гесін алған «Бассүйек­тер», «Үндістер, үзіл­мең­дер» деген поэма­ларым­да азаттықты аң­сау идеясы айқын көрінді. Кеңес зама­нын­да бассүйектерді сөй­лету арқылы және үн­діс­тердің ауыр халін жаз­ған боп отырып өз халқымның бостан­ды­ғын аңсадым. Үндістер туралы поэмамда мынадай жолдар бар:
«Қару тілін меңгергенше, 
Қапылыста өтті өмір. 
Тәңір бізге жер бергенше, 
Берсең етті көктемір. 

Айыққанда мұнардан күн, 
Көктеп қайта шығармыз. 
Өртке кеткен ну орманның, 
Түбіріміз мына біз». 
Шынында біз өртке кеткен ну орманның түбірі едік.
Кейін толысқан шағында қазақтың қаһарман ұлы, солтүстік бес облыстың тағдырына басын тіккен Жұмабек Тәшеневке арналған «Жер – жаннан қымбат» поэмасын жазуға қоламтадағы қоздай болған арманы арқау болды, бозбала шақта жазған «Үндістер, үзілмеңдер» секілді батыл ойының айғағы еді. Кейін Тәшеневке арнаған поэмасын былай түйіндейді:
Басынан көне тарих төмен құлдап,
Тағдырын туған елдің келем жырлап.
Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік,
Өмірде не бар екен сенен қымбат!?

Азапты бірге тартып қалың елмен,
Аһ ұрып атамекен тебіренген.
Көк туды көкке бойлап желбіреген,
Қазақтың арманы жоқ көріп өлген!

 Шарқ ұрып, сермесе де көкке құлаш,
Ажалдан құтылмайды ноқталы бас.
Бөркімен бұлт сапырған талайлардың, 
Өмірден өкінішпен өткені рас.

Құласа қызметінен күні батып, 
Аты өшер талайлардың тірі жатып. 
Мәнсаптың құлы болу – зор қасірет, 
Ұлтыңның ұлы болу – ұлы бақыт! 
Несіпбек ақын да Ұлтының ұлы болды, ұлы бақытты көрді!
Көкірегі көк сандық шалдардың әңгіме­сіне қанық еді. Шәкір Әбеновтің іні досына айналды. Шәкір атаның Итжеккеннен ора­лып, Құндызды мен Мамырсудың арасында пош­табай бола жүріп, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасын қайта қарап, толықтырып жа­зып жүргендегі әңгімесін айтқанда Неса­ғаң­­ның көзі шырадай жанатын. Бір басында біраз өнер тоғысқан тағдырлас ағасы Қажы­тай Ілиясовпен де әңгімесі қызырлы еді. 2001 жы­лы Аягөзде Байғара би мен Ақтайлақ би­дің кесенесінің ашылуына Несағаңа шо­пыр болып бардым. Қазақтың игі-жақсылары түгел жиналған. Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұр­шайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Тұр­сын­хан Әбдірахманова, Қабдеш Жұмаділов, Мұх­тар Мағауин, Ілия Жақанов, Қажытай Ілия­сов, тағысын тағылар. Аягөздің әкімі Айбек Кәрімов өзі де әдебиетке қанық, та­рих­қа жетік азамат. Асқа ақшаңқан үйлер ті­гіл­ген, аста-төк дастарқан. Әңгіме ағыл-те­гіл. Қажытай аға жылқы танимын, бәйге ат­тардың қайсысы алдымен келерін шаппай тұрып айтып берем деген сыңайда желпінді. Таңертең бәйгетөбеге жиналдық. Қабдеш ағалар Қажытай інісінен кеше түндегі төр­кін­дес әңгімесін жаңғыртып:
– Ал, айт, қай ат келеді? – деп қолқалады. Қа­жекең, мен аттарды аралап қарап, мүше­лерін көріп, көзіне үңіліп барып айтам деді. Ша­тырда отырған игі-жақсылардың алды­нан алпыс-жетпіс метрден ат өтетін шеңбер. Топ бәйгеге сөреден ат жіберілді. Көрер­мен­нің алдынан өткенше бес жүз метрдей ғана бо­лады. Топтың ортасында кетіп бара жат­қан алтыншы нөмірлі торы атты Несіпбек аға нұсқады. Ағаларына сол ат келерін ше­ге­леп айтты. Алда әлі бес айналым бар еді. Айтқаны айдай келді. Ағалары құттықтап жатты. Енді аламанға шыққан отызға жуық атты бақылаған қонақтар Несағама қарады. Ортаңғы топтан жиырма бірінші нөмірлі алаяқ кер атты көрсетіп, сол бәйгенің алды бо­ларын болжады. Бірақ аттар екінші айна­лып жұрт алдынан өткенде орта тұста бөкен шабыспен бара жатқан тоғызыншы нөмірлі күрең аттың бірінші келерін айтып, алдыңғы сөзін қайтып алды. Жеті айналымнан кейін то­ғызыншы нөмірлі күрең ат бірінші, бірін­ші айтқан жиырма бірінші нөмірлі алаяқ кер ат екінші келгенде, жиналған жұрт Несіпбек ақынның ат танитын күреңбайкөз сыншы­лы­ғына таңдай қағысып, ағалары бауырына ба­сып, құттықтағанын көрдім. Аламаннан бірін­ші келген аттың есімі – Диана екен. «Асын­да сөз ұстаған би ағаның, шабысы құт­ты болсын Диананың», – деп мен де ар­науым­ды айтып едім. Сол сапардан ары Үржарға барып, Көкөзекте әкем Кәп Құмар­ұлы екеуі таңды таңға ұрып үш күн, үш түн жылқы туралы әңгімелесіп, әкеме «Арпакер» деген дастан жаздырып кетіп еді-ау. Әкем де арғы бетте жорға, жүйрік баптаған, бәйгенің қы­зығын көрген, биенің ішіндегі құлынды са­тып алған жылқыжанды, атбегі адам еді. Не­сағам болса, Шұбартауда әкесі Тұрыс­бек­тің Еркеторысын өзі баптап, өзі шауып талай бәй­геден келген, Мұхтар ағаның әкесі Маға­уия ақсақалдың Нарқызылымен де талай сайыста бәйгеге тізгін ұстатқан тастақым шабандоз бала екен ғой! 
Кезінде қазақ баласының танымын кеңей­тіп, таразысын теңеген «Балдырған» жур­налында ұзақ жыл қызмет істеген Несіп­бек Айтұлы балаларға да молынан базарлық ұсын­ды. Баланың тілін біліп, қазақы таным­да, ұлттық нақышта өлең өріп, жас өркендер­ге ана тілдің қаймағын ұсынды. Мұзафар Әлім­баев, Тұманбай Молдағалиев бастаған аға ақындардың соқпағында талай соқталы дүниелер қалдырды. 
Былтыр Несағам жалғаннан озғанда «Дариға-ай, қара өлеңнен дәурен көшті» деп «Қазақ әдебиеті» газетіне көңіл айту беріп едім. Ақселеу Сейдімбек ағаның бүгінде ха­лық әні секілденіп, қазақтың жүрегіне сіңіп кет­кен «Сарыарқа», «Дәурен-ай» сияқты ән­дерінің мәтінін асқан шеберлікпен өрген де Несағам. «Дәурен-ай» әні бір шумақтан ғана тұра­тын, қалғаны қайырма ән. Сол бір шу­мақ­­қа қаншама мән, мазмұн сыйдырған нет­кен ұсталық деп ойлаймын. Жәнібек до­сы жазған «Ағалар-ай» әнінің мәтіні кө­те­ріп тұрған жүкті қараңыз! 
Ағалар-ай,
Барында аз ғұмырды бағаламай,
Өздерің қонақтаған бәйтеректің,
Тамырын балталамай, араламай... – деп күйі­нішін де, сүйінішін де араластырып бе­ріп отырады. Мұқағали жырларының бағын ашып, бәсін көтерген әнші, композитор досы Тұрсынғазы Рахимовпен бірқанша ән жаз­ған. Соның ішінде «Ақ бөкеннің» айтары бас­қа. Мен үшін Сәкеннің «Ақсақ киік» өлеңі мен Несағамның «Ақ бөкенінің» прототиві – Қазақ секілді.
Адасып жүрген ақ бөкен,
Қай жаққа маңып барасың,
Қай жерден пана табасың?!
Өзегі өксік дүние-ай,
Өртеніп іштей жанасың?! 
Оқиғасын өзі жылап отырып айтып берген еді. Алпысыншы жылдары Қытайдан Қабдеш, Қажытай ағалар бастап оралған көштің басын Қырғыз еліне дейін созды. Балқаштың Бектау ата, үлкен Толағай, кіші Толағай атты ауылдарына албан жұртының қаншасын әкелді. Айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың әке-шешесі сол Балқаш жаққа келген еді. Жайыртауы жұртта қалған Жәркен ақын Көкшетаудың Зерендісінде қой бағып жүрген жерінен Алматыға ал­дырт­қан Еркеш Ибрагимов болатын. Бұның барлығы да Кеңестің қитұрқы саяса­ты еді. Он екі жасында шекара асқан бала Несіп­бек­тің ауылы Шұбартау, Бақанасқа қоныстанды. Жайлауда қараша үймен қой бағып отырған бірүйлі жанды жергілікті жынды суға тойып алған ЗИЛ-130 жүк машинасының шопыры таптап өтіп, жантәсілім еткен екен. Осы оқи­ға бала Несіпбектің жүрегін жаралап, көз алдынан кетпей қойған. «Кейін Тұрсынғазы досым «Ақ бөкеннің» ән нұсқасын ұсынғанда сол бір қанды оқиға есіме түсіп, анау Қытайдан ұрпағы үшін қаша көшіп келіп отыр­ғанда ажал тапқан отбасы есіме түсті. Соны: «Шексіз ғой мына қара жер, Өзіңді өзің пана көр. Ажалдан қашқан тіршілік, Сағым­дай зулап аға бер» деп жазып едім», – деп ақтарылып еді-ау, ағам! 
Күйші, композитор Секен Тұрысбек іні до­сымен жазған әндерінің сүрлеуі бөлек, со­­рабы соқталы. «Есіл де есіл, есіл күн», «Бауы­рым, сонау күн қайда» атты екі шығар­ма байырғы жыраулардың жүлгесімен сары­ны сабақтасып, мазмұны байып тұр. Ала­шына насихат жеткізген терме, толғау іс­пет­тес. Тұрсынжан Шапай жазған әндерге тек Неса­ғаң ғана сөз жазды. Ішкі үндестік пе, жү­рек қылын қозғайтын, жүйке-жүйеңді шы­мырлатып әкететін сөз бен саз үйлесім­ділігі! Ол әндерді бірде құмықтырып, бірде ойнатып, бірде қоңырлатып шырқайтын Рамазан Стамғазиевтің қоңыр дауысы ма, әйтеуір бір тылсым да жұмбақ дүниеге еніп кете бересің... Халық Ризабек жазған «Арман-ай» әнінде «Жеңілген махаббатта майдангер­мін» деген жолымен де көп сыр жеткізгендей. «МузАРТ» тобы айтатын эстрадалық әндер­дің мәтінімен бүгінде ән сөзін арзандатып алған кейбір ақындарға ескерту жасағандай, қазақ тілінің икемін көрсеткендей, әннің мәтінін қарапайым сөзбен де мағыналы етіп жазу­ға болады дегендей ишараны берген се­кіл­ді Несағам! 
Сонау «Бассүйектерден» басталған эпи­ка­лық дүниелер Несағаңның поэзиядағы шық­қан биігі, алған асуы. Бәзбіреулер «Бәй­терек­ті» жазды деп жазғырды, балағына жар­­­­масты. Өздері ол поэманы оқымай тұ­рып, Несағаңа тас лақтырды. Бұл поэма азат­тықты жырлаған, бабалар рухын дәріп­теген шығарма болатын. Ақынды да заманы зар илетіп, қоғамы пайдаланады. Уақытында кейбір шенеунікке, болмаса басшыға керек болған шығар, мен өз басым «Бәйтеректі» қолжазбасынан оқығам. Жолдан қосылған шумақтар сол адамдардың қостырған «қос­пасы» еді. «Мұқағали – Желтоқсан», «Көкала үйрек», «Шақантай», «Ту», «Жер – жаннан қым­бат», «Қаныш», «Мағжанның жұмбақ құ­сы», т.б. қырыққа жуық қазақ тарихынан сыр тартып, ұлт рухын ұлықтар поэмалары Несіпбек Айтұлының қазақ руханияты үшін орнын бөлек, ордасын биік етті. Ақынның жүрегі былайша аласұрған:
Сарғая сартап болған сүйегі ыстан. 
Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан. 
Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда. 
Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.

Мен-дағы бір белгімін ғасырдағы,
Дүркіреп дәурен көшер басымдағы.
Ұстамын ескі үлгімен өлең соққан,
Көз жазбай көргенімнен жасымдағы.

Өмірім өлеңіммен бірге өрілген,
Өрнегін келтіре алмас кім көрінген.
Ақынның құпиясы өзіне аян,
Ұясын жүрегінің мұң кемірген. 
Түріктің ұлы шайыры Жүніс Емреден қан­шама өлең аударып, төлтумаға айнал­дырды. Шығыстың жарық жұлдызы, түркі дүниесінің ғұламасы Әлішер Науаидың «Ес­кен­дір қорғанынан» бастап аударуы да ерен ерлік. Әлішердің бес хамсасын түгел аудар­мақ­қа бел буған еді, үлгергенінше аударды. «Бес хамса» шықты, көзі тірісінде. Өзбекстан­ның Науаи қаласының «Құрметті азаматы» атануы да еңбегінің еленгені шығар. Әттең, Абай облысы мен Астана қаласының да «Құр­метті азаматы» атануына еңбегі жетіп-ақ тұр еді, кешігіп қалған біз бе, жетпей қал­ған уақыт па?! 2009 жылы «Алтын тамыр» де­ген журнал аштық, бірлесіп. Бірінші саны­на даңғайыр ақын Қалихан Алтынбаевтың «Айқас» атты Хан батыры Қабанбайға арнал­ған поэмасын маған іздетіп, таптырып бас­тырды. Дарабоз Қабанбай бабасына құрметі бөлек еді. Ақыры, сол Қабанбай бабасы жат­қан Ұлттық пантеонға өзі де барып мәң­гілік құндағын тапты.
Жалықпас қуаныштан, қайғыдан да,
Тіршілік мінезінен айныған ба?
Байлығы жолдас болмас бұл жалғанның,
Қаламнан қайыр күткен ойлы жанға.

Жансая іздемедім салқын белден,
Қайтемін рахатты әркім көрген.
Сіміріп сөз тұнығын – шөл қандырғам,
Бабалар жүзіп ішкен алтын көлден. 
Осылайша, Несіпбек ақынның бес күн­дегі түйгені артындағы Алашына аманат, ұрпа­ғына мұра болып қалғаны рас.
Қазақ поэзиясының Ілияс Жансүгіровтей кең тынысты, алшағыр жүрісті, Абай атасын­дай сыршыл Несіпбек ақынның енді бастал­ған шығармашылық ғұмырында өзі жалғы­зын­дай көріп жырлаған Астанасы алдағы уақытта еңселі ескерткішін қойып, есіміне даңғыл мен мектеп ұсынып дәріптейтініне еш күмәнім жоқ! Несіпбек Айтұлының шы­ғар­машылығын саралаған ғалымдар, зия­лылар «Бостандық жырының бозжорғасы» атандырды. Лайық бағасы да сол еді. Ал Не­сағаң арқасына ер батқасын болған қай­қаң жорға емес, ана тілінің уызына жарыған, ақындығы туа бітті тайпал жорға болатын! «Қозыкөштен» басталған жыр керуені алып­тар көшінің соңында тоғанағы тоқ кетіп бара жатқанына сенімдімін!
Жатқан жерің жарық болсын, жанкөкем!

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,
ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Серіктес жаңалықтары