«Аустралияға домбыраны тапсырыспен алдырттым» – Марк Истон

Сіздер бүгінде Ауст­ралия туралы көп дерек білмейсіздер. Се­бебі бізде расымен сіздердегідей бай мәде­ниет жоқ. Сіздерде шынымен бай мәдениет бар.

«Аустралияға домбыраны тапсырыспен алдырттым» – Марк Истон
1048

Бүгінде Instagram желісіндегі көпшілік Президент оркестрінің «Рух», «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің «Ер Тұран», HasSak тобының «Аманат» секілді рухты шалқытатын композицияларын жиі қолданады. Кейінгі кезде бұл қатарға «Kazakhstan» туындысы қосылды. Әсіресе, ол бокс кештерінде былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға беттеп келе жатқан кезде жиі қойылатын болды. Көпшілік бұл туындыны қазақстандық сазгердікі деп ойлап жүрсе керек. Ал негізінде оны Аустралияда тұратын музыкант әрі композитор Марк Истон жазған. Жуырда Алматыға келіп, «Almaty» шығармасын жарыққа шығарған Маркке хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

– Бүгінде АҚШ-та домбыраның үніне елі­тіп, Қазақстанға арнайы келіп, сабақ алып жүрген америкалық музыканттар же­терлік. Мен сізді дәл солар секілді біз­дің дәстүрлі өнерге қызыққан аме­рикалық болар десем, Аустралия тумасы екен­сіз. Жер шарындағы ең кіші мате­рик тұрғындарының ұлттық аспа­бы­мыз­ға осыншалық қызығатынын біл­меп­піз.

– Мені америкалық деп ойладыңыз ба сон­да? (күліп). Мен – Аустралия тумасымын. Ау­стралияның оңтүстік-шығысында ор­налас­қан, серфингі, жағажайымен танымал Голд-Кост қаласында тұрамын. Ұлттық ас­паптарыңызға жай ғана қызығып қой­май­мын, қатты қызығамын. Мен – музыкантпын. Ес білгелі музыкамен шұғылданамын. Рок, блюз, панк-рок стиліндегі музыкамен әуес­тен­дім. Ал домбыраны қайдан білдің десеңіз, бір­де біздегі телеарналардың бірінен көр­сетілетін «Аустралия дауысы» шоуын көзім шал­ды. Әлемдік форматтағы сайыс, ондай бағдарлама сіздерде де бар шығар. Сол кезде моңғолиялық қатысушының өзінің төл аспа­бын тарта отырып, көрсеткен өнеріне ри­за болдым. Осылайша, моңғолдардың му­зы­касына «ғашық» болдым. Оны зерттеп жүр­генде домбыраның үніне «тап» болдым. Ал­ғаш оны естіген кезде таң-тамаша бол­ға­ным сонша, «Мынау қайдан шығып жатқан әуен?», «Мынау қандай әуен?» деп қайта-қайта тыңдаумен болдым. Домбыраның үні қат­ты ұнады. Моңғолдардың музыкасы әлі де ұнайды, алайда қазақтардың музыкасы әл­деқайда әуезді, сазды, сарынды. Дом­бырадан «төгілетін» әсем әуен, адамның тұла бойын шымырлатып, өзгеше күйге енгізетін құ­діреті мені бейжай қалдырмады. Осы­лай­ша, домбырамен орындалатын әндердің жан­күйеріне айналдым. Сосын 2020 жылы әлемді пандемия жайлаған кезде YouTube-тан қазақ музыкасы ту­ралы деректер іздестіре бас­та­дым.

Сол кезде «Ұлытау», HasSak, «Тұран» секілді қазақ­стан­дық топтардың шы­ғар­машылығымен таныс­тым. Оларға хат жазып, идея алмастым. «Ұлы­тау­дың» домбырашысы маған бар ақылын ай­тып, көп көмегін ти­гіз­ді. Одан бөлек, тағы бас­қа дүлдүл домбыра­шы­лар туралы көп де­рек білдім. Содан соң Ал­матыда домбыра шер­ту­ді онлайн үйрететін ма­манмен танысып, әлем­нің 20 елінен үйренгісі ке­ле­тін­дермен бірге одан бірнеше са­бақ алдым. Ол сабақтарда дом­быра тартудың негізін жете түсіндім. Содан соң әрі қарай өз бетімен үйренемін деп шештім. Өйткені мен топпен бірге да­муды емес, өз дара жолымды салып, жеке бол­мысымды қалыптастырғым келді. Еш­кімге ұқсағым келмеді. Түрлі стильді жаныма се­рік етіп жүргендіктен, домбырамен өзгеше дүние әзірлеп шығаруды мақсат еттім. Бү­гінде хитке айналған «Kazakhstan» туын­ды­сының «құрылымына» зер салған Қазақ­стан­дағы көпшілік маған хабарласып, «Сен мұны қа­лай істедің?» деп сұрайды. Мен батыстың ги­тара тарту мәдениетіне еліктеп өскен му­зыкантпын. Менде домбыраның үнін ай­рықша ететін стиль бар. Әлбетте, домбыра тар­туды үйрену маған челленж болды. Себебі мен бұрын-соңды мұндай аспапта ойнап көр­мегенмін. Сөйтіп, 3 жыл бұрын алғашқы домбырамды сатып алдым. Күн сайын ой­нап, қолымды үйретіп алдым. Тіпті, тоқта­май, ұзақ уақыт шерткен кездерім де болды. 

– Ал «Kazakhstan» туындысының Қа­зақ­станда көп тыңдалатынын әлеу­мет­тік желіден білдіңіз бе?

– Иә, ол осы өмірімде құрастырған өзге әуен­дермен салыстырғанда, ең көп таралған шы­ғарма сол болды. Instagram желісіндегі кеңі­нен қолданылып жүргенін байқап, қат­ты таңғалдым. Себебі мен олай болады деп тіпті де ойлағам жоқ. Кейін Қазақстаннан бір бала хабарласып, ол туындымның ұнай­тынын айтты. «Сен оны қайдан естідің?» де­ген едім, «Қазақстанда барлығы осы әуенді тың­дап жүр. Әсіресе, Instagram-дағы жаз­ба­ларын сол шығармамен «сүйемелдейді», – де­ді. Сосын футбол, күрес, теннис жарыс­та­рына, тіпті Miss World Kazakhstan сында­рын­да да жиі қолданылатынын айтты. Мен ба­сын­да сеніңкіремей, қалжыңдап тұрған бо­лар деп ойладым. Содан соң әлеуметтік же­ліні ақтарып шықсам, расында түрлі ивентте қойылып жүр екен. Қатты таңырқадым. 

– Бір ай бұрын Алматыға келіп кет­тіңіз. Ал бірнеше күн бұрын «Almaty» атты туындыңыз жарыққа шықты...

– Иә, Алматыға барып қайттым. Жалпы, Қа­зақстанды өз көзіммен көргім келді. Адам­дар менің музыкамды ұнатып, үнемі тың­дай­тын болса, тыңдарманым тұратын ол елге барып, ол елдің қандай ел екенін көруім ке­рек деп ойладым. Мәдениетімен жақын та­нысқым келді. Қазақстанға бұрын-соңды табаным тимегендіктен, үш күнге барғаным же­тер деп ойладым. Бәрі мен ойлағаннан да көңіл­ді өтті. Алматы ұнап қалды. Әсіресе, мейі­рімге толы адамдарын жақын тарттым. Тиі­сінше, көп дос таптым. Қаланың біраз кө­рікті жерін араладым. Көшеде бірнеше рет дом­быра тарттым. Сол кезде өтіп бара жат­қан көпшілік таңғалып, видеоға түсіріп, ал­ғысты қарша боратты. Музыка адамды жа­қын­дастырады ғой. Домбыра орындап тұр­ғанымда, бәріміздің бір тілде сөйлеп тұр­ғанымызды сезіндім. Керемет уақыт өткіздім. Үш күннен де артық уақытқа қалуыма бола­тын еді. Әсіресе, Астанада өтетін Дүние­жүзі­лік көшпенділер ойынын қатты көргім кел­ген-тін. Алайда Аустралияда бірнеше шоу мен фестиваль өткізуім керек болды. Сөйтіп, амал жоқтықтан елге қайтып кеттім. 

– Әлеуметтік желідегі суретте­ріңіз­ден Қазақстанның Туы бейнеленген жей­дені көп киетініңізді байқадым.

– Ол жейдені Көктөбедегі жейде сататын дү­кеннен сатып алғанмын. Алдында Қазақ­стан­ның Туы бейнеленген, ал артында I’m big in Kazakhstan деген жазу бар. Ол жейдені қазір Аустралияда тастамай киіп жүрмін. Мұны көрген көпшілік мені есінен адасқан деп ойлайды (күліп). Ал достарым мені «Қа­зақстан патшасы» деп қалжыңдайды. Себебі олар менің қазақ музыкасына деген сүйіс­пен­шілігімді беске біледі. Әрі мен құр жүрмей, аустралиялықтарға Қазақстанды таныстырып жүрмін. Аустралияда бірнеше қазақ тұрады. Алайда мұндағы көпшілік, қазақ ұлты, Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Сондықтан өзімді Аустралиядағы Қазақстан амбассадоры секілді сезінемін. Мұнда концертте, көшеде қазақ музыкасын көп ойнаймын. Алматыда сатып алған қа­зақтың дәстүрлі киімдерін фестиваль бол­ғанда үнемі киіп шығамын. Расында, өзім­ді Аустралиядағы Қазақстанның бейре­сми амбассадорымын деп есептеймін (күліп). Жо­ғарыда әр синглге видео жасаймын дедім ғой. Осы жолы Алматыға барған сапарымнан клип әзірлеп шығардым. Алматының әсем­дігін көрсеткім келіп, дронмен түсірілген бейнелердің біразын сұрап алдым. Оны көрген Аустралиядағылар «Мына жердің әде­­місін-ай!» деп таңғалды. Көп адам қоңы­рау шалып, «Қазақстан керемет ел екен ғой! Біз де сенің соңыңнан баратын секілдіміз», – деп ағынан жарылды. Осылайша, келесі жылы менімен ере барғысы келетіндердің қатары артты. Осыдан кейін турист агенті болып жұ­мыс істеуім керек секілді (күліп). Басында көпшілік «Қазақстанға не үшін барғың ке­леді?» дейтін. Расында, Қазақстан аус­тра­лиялықтар барып демалатын жер емес. Сол кезде шынымен не үшін барғым келетінін түсінбейтінмін. Ақырында табаным тиген соң қайта-қайта барғым келетін орынға ай­нал­ды. Әрі әдепкіде «Не үшін?» дегендер, қа­зір «Енді түсінікті болды» дейтінді шы­ғарды. Әрі оларға Қазақстанға баруға кеңес беріп, бар білгенімді айтып жүрмін. 

– Домбыра үнін естігенге дейін Қа­зақ­стан туралы білеріңіз бар ма еді?

– Мен Қазақстан туралы алғаш «Борат» фи­льмінен білдім. Оған дейін ондай елдің барын еш естімегенмін. Маған ол кино тіпті де ұнаған жоқ. Кейін домбыраға қызыға бастап, интернеттен Қазақстан туралы көп де­рек іздестірген шақта әлгі киноның өтірік­ке құрылғанын аңғардым. Өкініштісі сол, мен секілді осындағы көпшілік те ол елді сол кино арқылы танып-білді. Аустралияда дом­быраны таныстырып, «Мына ән – Қазақ­стан­дағы музыканттардың шығармасы» деп ай­тып жатсам, біразы «Борат сипаттаған ел ме?» деп шығады. Оларға «Борат – қазақ емес, шет­ел азаматы әрі ол кино Қазақстанда түсірілмеген, сенбеңіздер» деп, үнемі түзетіп жүремін. Ойын өзгерту үшін бар білетінімді ая­нып қалмаймын. Мен үшін бұл – құрмет. Мен қазір альбом жазып жатырмын. Оның ішіне былтыр шыққан хит туындым «Kazakhstan», жуырда жарияланған «Almaty» шығармасын қостым. Қазір үшіншісін жа­зып жатырмын. Ол бірнеше айдан соң жа­рық көреді. Қазақстан туралы тұтас альбом шығармақпын. Қазақстанның 10 қаласына 10 ерекше туынды арнаймын деп шештім. Сон­дықтан ол қалаларға қайтсем де бара­мын деп белімді бекем буып отыр­мын. Сосын ол сапарым тура­лы видео жасап, оны альбом ішіне қо­сатын боламын. Теңдесі жоқ жо­ба болатынына сенімім мол. Айтпақшы, Алматыда Ләйлә есім­ді қобызшыны жолық­тыр­дым. Екеуіміз бірге кол­лаб жасап, бір туынды әзір­леп шығармақ ойымыз бар. Одан бөлек, бірнеше қазақ музыкантын бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Қалай бола­тынын алдағы уақытта көре­міз. Ләйлаға «Егер бәрі ойда­ғыдай шықса, сені Аустра­лия­ға шақырамын. Менімен бірге фестивальдер мен шоуларға қатысып, өнеріңді біздің жаққа паш ет» дегенмін. Сосын келесі жазда мен Қазақстанға бар­ған­да бірлесіп, концерт ұйымдастырсақ кере­мет болар еді. 

– Жаңа бір сөзіңізде «Домбыра сатып алдым» деп қалдыңыз. Оны Аустралияға тапсырыспен алдырттыңыз ба сонда, әлде?

– Иә. Алғашқы домбырамды eBay желісі ар­қылы онлайн сатып алдым. Ол арзан құрал әрі сапасы нашар болды. Алматыға бар­ған себебімнің бірі де сол. Әлеуметтік желі­де жоғары сападағы домбыра жасайтын бірнеше маманның жұмысын көзім шалып қалды. Олар беріп жібергісі келген еді, алай­да мен өзім барып, сатып алғым келді. Қо­лым­нан түспейтін болғасын, жақсы естіле­тін, сапалы аспап болғанын қаладым. Жал­пы, мен музыкалық аспапты онлайн сатып ал­ғанды ұнатпаймын. Көзіммен көріп, қо­лым­мен ұстауым керек. Үнін де естуім керек. Сөйтіп, Алматыда домбыра дүкеніне арнайы барып, сапалысын сатып алдым. Ойлағаным­нан да асып түсетін аспап алғаным үшін ба­қыттымын. 

– Репертуарыңызда домбырамен орын­дайтын қанша туынды бар?

–  «Көк ту» шығармасын ойнай аламын. Қа­зір естігеннің делебесін қоздыратын «Адай» күйін үйреніп жүрмін. Сосын «Ұлы­тау» тобының «Two Warriors» туындысы қат­ты ұнайды. Соны да үйренуді қолға алдым. Одан бөлек, HasSak-тың қоржынынан бірнеше туын­ды үйреніп жүрмін. Содан соң «Тұран­ның» орындауындағы «Домбыра» туындысын тарта аламын. Олардың ел ішіне таратқан сол нұсқасы қатты ұнады. Мен де солай өз нұс­қамдағы туыдыны ойлап табамын. Әуен жазу – жан қалауым. Мен жасөспірім кезім­нен бері сахнада жүрмін. Алайда маған бә­рі­нен бұрын әуен жазған ұнай­ды. Бұл өнер­дің құдіреті бар. Сен бір аспап­пен жай шы­ғарма емес, адамдарды өзара байланыс­тыра­тын үлкен дүние жасап шығарасың. Кез кел­ген музыкант я дом­быра­шы сазгер бола ал­майды. Саз құрастырудың өзі – биік өнер. Се­нің туындыңның тыңдар­ман­ға ұмытыл­мас әсер сыйлайтынын ойла­саң, тіпті көп шаруа атқарғың келеді. Келесі жы­лы Қа­зақ­станның біраз қаласын аралай­мын. Шоу жа­сағым келеді. Оған дейін альбо­мым­ды аяқ­тауым қажет. Алматы туралы туын­дым шық­ты. Енді Астанаға арнап, ком­позиция шы­ғарамын. Онда тұратын аме­ри­калық досымнан қала туралы дерек сұра­ға­ным­да Астананың жаңа, заманауи қала еке­нін баса айтты. Онда дәстүрлі музыка жә­не хип-хоп пен хэви метал стилін аралас­тырып, туынды шығаруды мақсат еттім.

Мен қазақтың тек музыкасына емес, мә­де­ниетіне де қызығамын. Әсіресе, көш­пен­ділер мәдениеті, соның ішінде бүркітпен аң аулау ісі маған сондай қызық. Домбыра туралы зерттеуімнің соңында елдің тарихы тура­лы көп оқыдым, көп білдім. Қатты қы­зықтырған тұсы осы болды. Сіздер бүгінде Ауст­ралия туралы көп дерек білмейсіздер. Се­бебі бізде расымен сіздердегідей бай мәде­ниет жоқ. Сіздерде шынымен бай мәдениет бар. Біздегі мәдениет соншалық қызық емес. Екі жүз жыл бұрын бірнеше топ жиналып, осын­да жан бітіріп, тұрақтауды жөн көрген. Мұн­дағы тарих Қазақстан тарихы секілді қызық әрі елең ететіндей емес. Қазақстанның тари­хы одан әлдеқайда қызығырақ. Әрі аһ дегізе­тін тұсы көп. Сондай-ақ маған дәмі тіл үйі­ре­тін ұлттық тағамдарыңыз қатты ұнайды. Мұ­ның бәрін көру, қызықтау – аустралия­лық­тарға қызық. Сондықтан келесі жылы біз­дің материктен Қазақстанға саяхат­тай­тын­дар саны артады деген сенімдемін.

– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары