Кітапты сүйген жүрек

Кітапты сүйген жүрек
703

Үйіне кітап жинамайтын, кітап бетін ашпайтын отбасылар сән-салтанаты қанша келісті болса да, біртүрлі жұпыны көрінеді. Неге екенін, қай үйге кірсем де, кітап бар ма екен деп қарағым келеді. Өкініштісі, қазіргі қазақ отбасыларының тоқсан пайызының үйінде кітап жоқ (бәлкім, қателесермін, солай-ақ болса екен). «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген дана Әбіш Кекілбаевтің сөзін еске алғанда, қазақ қоғамының қай бағытқа бет алғанын бажайлап, іштей күйінесің.

Кей сәттері сөз арасында «...Кеңес одағы кезінде кітапты ең көп оқитын халық болғанбыз» деп жатамыз. «Қой жайып жүріп, қо­нышына әдеби томдықтарды салып, болмаса май шамның түбінде отырып оқығанымыз» шын болса, сол оқырман түбегейлі кітаптан бет бұр­маған шығар? Ата-анасының кітап оқыға­нын көрген ұрпақ кітап атаулыдан баз кешетін­дей халге жетпеген болар? Осы ойлар мазаңды қа­шырмаса да, әредік ойыңа оралмай тұрмайды.
Смартфон мен гаджеттің «құлағында ой­най­тын» бүгінгі буын арасынан «тик-токерлер» көп шы­ғып жатыр. Елді өзіне қаратуды көксеген, «хайп» қуғыш «коучтер» желіні шулатуды дағ­ды­лы тірліктеріне айналдырып алды. Солардың бірі «Кітапты кедейлер, жолы болмайтындар оқи­ды» деп жалпақ жұртты жалт қаратты. Қо­ғам­ға тастаған «мессежіне» мән берсеңіз, «Оқы­ма, тоқыма» дейді. Қалайда ақша тап дейді. Бі­лім­мен, еңбекпен тапқан ақшаның құнды еке­нін елер ол жоқ. «Мен, міне, байыдым, сен де мен­дей бол!» деп дүрмегіне ілестірмек. Мақсаты – курсын жүздеген мыңға сату ғана. Осындай кезде «Кітап оқы, кітапханаға кел, біліммен достас» дейтін кітапханашыларға аялай да қарайсың, аяй да қарайсың...
«Әлемдегінің барлығы кітапқа енгісі келіп тұра­ды» деген сөзді кім айтқанын білмеймін, өте ұлы сөздің бірі дер едім. Ал кітапты жар­на­ма­лап, оқып, оқытып, таратып, оқырманын кү­ліп қарсы алып, ойын байытқан ортадан кү­ліп шығарып салатын кітапханашылар – ізгі дү­ниенің елшісі іспетті. Астанадағы Ұлттық ака­демиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құ­дайбергенқызы – талай жылдан бері ізгілікті дә­ріптеп жүрген, сол арқылы еңбегі еленген жан­ның бірі.
«Кітап оқымайтын ұлтқа айналдық» деп бай­балам сала бастағанымызда ортаға Ғазиза Құ­дайбергенқызындай ғазиз жан оралды. Ол Алма­тыдағы Жамбыл атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында ұзақ жыл істеді. Университет бітіргеннен бастап, қала орта­лығындағы елеусіздеу кітапхананың отымен кіріп, күлімен шықты. Кезінде алматылықтардың өзі қайда екенін толық білмейтін кітапхананы бүкіл республикаға танымал мекенге айнал­дырды. Жамбыл кітапханасында өткен бас­қо­су­лар, кітаптың тұсаукесері, әдеби шаралар, қа­ламгерлермен кездесулер кітап оқу мәде­ние­тінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ғазиза ханым бастаған заманауи тренд өзге облыстарда да жалғасын тауып жатты. Әлеуметтік желіні «коуч» болуға емес, көшелі ой мен ізгі іс істеуге жұмсаған жанның ой ұшқыны өзгелерге де өнеге болғанын талай көрдік. Алматыда кітап­ха­наларды заманға лайық қайта жасақтау Жам­был кітапханасынан басталғанын көпшілік жақсы біледі. Ескі жиһаз бен күрең орындық-үс­тел­дер ауыстырылып, жарқыраған дизайн, жан­ға жайлы орталық болып шыға келді. «Кітап оқылмайды!» деген пессимистік лепестің беті қай­тып, кітап оқитын жастардың көп екеніне көзі­міз жете түсті. Қашан барсаң да, толып отыр­ған жастарды көресің. Оның бәрі кітап оқып отыруы міндетті емес. Бірі сабақ оқиды, тап­сырмаларын орындайды, енді бірі дис­сертация жазады, дипломын пысықтайды, тағы бірі тіл үйреніп, өзіне қажетті білімін жетіл­діреді. Заманауи кітапханалар желісінің ел бойынша қалыптасуына Жамбыл кітапхана­сы­ның үлесі зор. Соның бәрінде Ғазиза Құдайбер­генқызының тынымсыз еңбегі барын ешкім жоққа шығармайды.
Кітапханашының өзі де бір сұхбатында кітапхананы нетворкингке айналдыру­дың маңыздылығын айтыпты. Нетворкинг – түрлі саладағы адамдар бас қосып, өзіне қажетті дүние­мен пікірлесетін, ой бөлісетін алаң. Қо­ғам­ды да­мы­татын орталық. Жамбыл кітапха­насы – әне, сон­дай орталықтың шағын үлгісі. Қа­зір Алма­ты­дағы ғана емес, облыстардағы кітап­ханалар да осы үрдіске ілесудің өзіндік жо­лы­н іздестіріп жатыр. Алыс облыстардың кітап­ханаларында өткен рухани кештердің ақ­паратын әлеуметтік желіден гөріп, іштей сүй­ініп отырамыз.
Астанадағы академиялық кітапхана – елор­дадағы рухани орталықтың бірі. Кітапханаға Ғазиза ханым директор болып келгелі айтулы шаралар бұрынғыдан да жиі өтетін болды. Күн­делікті әртүрлі рухани іс-шарадан босамайтын кітапхана өмірі – интеллегенциялар мен ізде­ну­шілердің, кітапқұмар оқырманның, ғылым жолында тер төгіп, архивтерді, тарихи маңызды құжаттарды ақтарушылардың үздіксіз бас сұға­тын мекеніне айналды. Кітапхана қызмет­кер­лері тек оқырманға ғана қызмет көрсетпей, бі­лік­ті мамандар ел ертеңі үшін керек жұмыс­тар­ды атқарып жатыр. Әсіресе, сирек қордағы қолжазбаларды зерттеп, араб-парсы қарпіндегі еңбектерді аударып, талдап, цифрлық жүйеге көшіріп, IT мамандармен бірлесіп ескі кітап­тарды электронды базаға жинақтау жолында еселі еңбек сіңіріп жүр. «Қаламгер қолтаңбасы» мен арнайы әдеби лекциялар жобасы – бүгін үшін емес, ертең үшін де керек жобалар.  
Өзінің айтуынша, қазір шетелде не­ше­түрлі кітапханалар бар. Көбі заман кө­шінің алдында жүреді. «Үлкен қалаларда муль­тимедиалық мүмкіндік болуы керек, был­тыр өзіміздің дизайнерлермен отырып осы кітап­ханада модернизацияның дизайнын жа­сап қойдық. Қоңыр жасыл шамдармен клас­сикалық зал және аппақ, әдемі техникалық мульт зал бар. Шетел кітапханаларында қандай тәжірибе енгізіп жатыр, бәрін қарап отырамын, кітапханаларында техникалық аймақ, телеарна түсірілімдерін жасау, фотозоналық локация бар, кіреберісте кітап дүкендері, сувенир сататын дүкен енгізіп тастаған, егер кітапхана аумағы мүмкіндік берсе, барлығын жасауға болады», – дейді. Оның бұл арманы орындалатынына се­нім­діміз. Өйткені бұған дейін ойға алған мақ­сатын жүзеге асырмаған кезі жоқ.
«Театры көп елдің түрмесі аз болады» деген сөз бар ғой, біздіңше, кітапханасы көп елде түр­ме аз болуға тиіс. Өйткені өнер де, ғылым да, білім де, бизнес те, кәсіп те, нәсіп те – кітапта. Кітап­ты сүйген жүрек – елін, отанын сүйеді.
Ұлт – кітапханасымен ұлы. 

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Серіктес жаңалықтары