Жұмабай ағамның жылы сөздері

Жұмабай ағамның жылы сөздері
490

Өзіңе қадірі өткен адаммен қоштасу қиын екен. Жұмабай Шаштайұлы қайтты дегенді естігенде біразға дейін сене алмай жүрдім. Тіпті, әлі күнге дейін толық түсінбеген секілдімін. Ара-тұра есіме түссе, қайтқанын ойламай, тірі күнін ғана еске алғым келетіндей.

2010 жылы аяқ астынан жұмысқа тұруым керек деген ой мазамды қашырды. Өзім он тоғызға енді келейін деп отыр­ған­мын (Сірә, сол туған күн қарсаңында өз-өзі­ме есеп бере келе, есеймесем болмайды де­ген шешімге келген болуым керек). Туған кү­нім мерекеге сәйкес келгендіктен, бірін­ші жұмыс күнінде газеттердің біріне барып, тә­жірибе жинақтаймын деп бекіндім. Ой­ла­на келе «Қазақ әдебиетін» таңдадым.
Сейсенбі күні болатын. Таңертеңгі уа­­­­қытта Жазушылар одағына бар­дым. Оның алдында курстастармен то­пыр­лап шараларға келгеніміз болмаса, кеңсе жа­ғына кіріп көрмеген екенмін. «Қазақ әде­биетінің» қабылдау бөлмесін тауып алып, ашық тұрған есігінің табалдырығын ат­тадым. Ортада хатшы апай отыр, екі жақ­та екі кабинет бар екен. Біреуі бас ре­дак­тордікі, екіншісі орынбасардікі. Хатшы апай­ға жөнімді айтып едім, қазір отыра тұр де­ді де, үлкен бастықтың кабинетін ашып, та­балдырықтан аттап, есікті жаппастан ма­­ған естірте «Аға, сізге Арман деген сту­дент бала келіп тұр, КазГУ-дың екінші кур­­­­сында оқиды екен» деді. Ар жақтағы адам не деп жауап бергенін естіген жоқпын, әй­теуір көзілдірігінің үстінен сүзе қарай­тын хатшы апай (кейін жанашырыма ай­нал­ған Айнұр Балаубаева) есікті шалқай­тың­қырап ашып, өзі бері шықты да, «Кір» деді.
Кірсем, кең кабинеттің төр жағында бір кі­сі маған тіке қарап күтіп тұр екен. Тани кет­тім. Өзім баяғыда теледидардан көріп жү­ре­тін кісі. «Үзеңгі жолдас» хабарын бала кү­німде көріп тұратынмын. Кейін студент бол­ған соң «Қазақ әдебиетін» тұрақты оқып тұрдық, бас редакторы Жұмабай Шаш­тайұлы деген кісі екенін де жақсы бі­ле­тінмін. Бірақ «Үзеңгі жолдасты» жүргізген кісінің түрін білсем де аты-жөнін білмейді екенмін, ал «Қазақ әдебиетінің» редакторы­ның аты-жөнін білсем де, түрін білмейді екенмін. Екеуі бір адам болып шықты.
Жұмабай аға сол қарағанынан мен жа­ны­на барғанша қарап тұрды. Амандасқан соң, қысқа-қысқа сұрақ қойды. Сөйтсем, асы­ғып тұр екен. Апта сейсенбіден бас­тал­ған соң, бейсенбіге дейін газет дайындау ке­рек, сол күні ерекше әзірленіп келгеніне қа­зір күмәнім жоқ. Бірақ ол кезде қайдан бі­лейін, таң атпай жетіп барып отырмын ғой.
– Өзің қай жақтың баласысың? – деді Жұ­мабай аға сынай қарап.
– Ұлытау.
– Ұлытау де... Осы Ұлытаудың халқы бір­түрлі дейді ғой, ә?
– Білмеймін енді...
– Сен ертеңге дейін екі әңгіме жазып кел­ші онда.
Мен сасқанымнан Жұмабай ағаға қа­рап ұяла күліп жібердім.
– Өзіңнің ауылың туралы жаз, сол жақ­тың адамдары туралы жаз.
– Ертеңге дейін жаза алмаймын ғой, – дей­мін күмілжіп. Арғыкүнге дейін десе, жа­затын адамдай.
– Жазып кел ертеңге дейін, – деді Жұма­бай аға. Бұнысы «жазасың ғой» деген­дей ес­тілді.
Одақтан шықтым да, Ұлттық кітап­ха­на­ға дейін жаяу бардым. Жол бойы не жа­за­мын, екі әңгімені қалай жазамын, қай уа­қытта жазамын деген сұрақтарға бас қа­тырдым. Одан кейін Ұлттық кітапханаға кі­ріп алып, тағы біраз отырдым.
Мен жетінші сынып оқып жүргенде-ау деймін, бір көршіміз екінші бір көр­шіміздің итін атып тастаған оқиға болған. Содан сәл бұрын, я сәл кейін ауыл­дың ішіне түлкі кіріп кетіп, адамдар мыл­тық­тарын алып шығып, әйелдер балаларға тиіп кетеді деп айқайлап, дүрліккен жағдай да болған. Соларды еске түсіріп, көр­ші­лерім­нің ішіндегі мінезі ерекше-ерекше де­ген­дерді таңдап алып, бір әңгіменің но­байын шығардым. Екі әңгіме болмаса да, бір әңгіме жазып барайын, ренжімейтін шы­ғар деп қоямын. 
Қысқасы не керек, сол күні ғана таныс­қан адамымнан ұят болмасын деп, түннің бір уағына дейін отырып бірдеңе ғып, «Аң­шы» деген шағын әңгіме жазып шықтым.
Ертесіне нешеде барғаным есімде жоқ, әң­гімені шығарып алып, екі-үш беттік қол­жаз­бамды ұстап, кеше кіріп-шыққан ка­би­не­тіме қайтып бардым. «Бір-ақ әңгіме жаз­дым» дедім Жұмабай ағаға. Ол кісі түре­геп тұрған күйі қағаздарымды қолына алды. Мен алдындағы орындықта, терезе жаққа арқамды беріп көлденең отырмын. Отыр­ған адамның түрегеп тұрған адамға ұрла­на қарауы оңай емес. Сонда да Жұма­бай аға оқи бастағаннан қайта-қайта түрі­не қарап, қалай қабылдар екен деп аңдумен болдым. Мынауың нашар екен деп айта ма деп қауіптендім дей алмаймын, бірақ өмі­рімде бірінші рет әңгіме жазып, оны бірін­ші рет оқытып тұрған соң, бұндай кезде қа­лай болатынын білмей, дегбірім қашты. Бір мезгілде Жұмабай аға мырс ете қалды. Қа­расам, кәдімгідей күлкісін тежеп оқып тұр екен. Ішімнен «Уф» дедім.
Жұмабай аға оқып болды да, «Шебер жа­зады екенсің» деді (Бұнысы баланы қа­нат­тандырайын дегені ғой деп ұқтым). Со­дан кейін жүр деп өзі бастап, мені ком­пьютер кабинетіне ертіп барды. Ертесіне газет типографияға кететін болған соң, жос­пар бекітіліп, біраз материал беттеліп жа­тыр екен. Менің көзімше бір материалды ал­ғызып тастады да, менің әңгімемді сал­ғызды. Енді ертеңге дейін екі сурет әкеп бер деді. Біреуі өзіңнің суретің, біреуі тақы­рып­қа сай бір сурет болсын деді. ке­шік­тіріп алсам, ұят болар деп, оны да жанталасып жү­ріп орындадым. Сөйтіп, жұма күні «Аң­шы» деген әңгімем «Қазақ әдебиеті» газе­ті­нің «Проза» деген бетіне жарқ ете қалды.
Ол уақытта ел әлі газет оқитын. Адам­дар дүңгіршектен барып газет алып, аялдамада ақтарып тұратын. Ин­тер­нет дегеннен «М-агент» қана, Facebook-тың жалпыласуына әлі бір-екі жылдай уақыт бар кез. Сайттардың өзі одан кейін ауызға ілі­не бастады. Сондықтан газет-журнал де­ген ол кезде әлі де қастерлі тұғын. Оның үс­тіне телеарналар да әлі Астанаға көше қой­маған, рухани өмір әлі де Алматыда қай­нап жатқан уақыт. Ескі дәуірдің соңғы жыл­дары, бәлкім айлары еді.
Жұмабай аға адамды мақтауға болмай­ды, мақтау деген адамды құртады дейтін. Біз де ол кісіге бір жылы сөзімізді айта ал­мау­шы едік. Алғашқыда «Шебер жазады екен­сің» дегенінен кейін жылы сөзді бір жыл­дан кейін бір-ақ естідім. Оның өзінде екі рет жақсылап тұрып ұрыс естуге тура келген...
Келесі көктемде Жұмабай аға мені кі­тап дайындау жұмысына араластырды. Өзі­нің ауылынан шыққан бір үлкен шенеу­нік­тің туған апасымен мектепте бірге оқы­ған екен. Сол кісі бір жыл бұрын дүниеден өтіп­ті де, енді жылына арнап әулеттік ш­а­ғын кітап шығаруды күйеубаласы қолға ал­ған екен. Жұмабай аға соны маған тап­сырды. 
Кітапқа жауапты Асқар деген кісімен та­ныстырған кезде менің жиырмаға енді тол­ған бала екенімді көріп ол кісі тосылып қал­ғандай болды.
– Осы әйбат жазады, – деді Жұмабай аға күмәнін сейілту үшін. Бұл менің «Қазақ әде­биетінде» ресми жұмыс істеп жүрген ке­зім. Бастығымның өзім туралы айтқан сөзіне аңтарылып та қалдым. Оған дейін дайындап әкелген сұхбаттарымды, бірлі-жарым мақаламды ұнатқаны бар, бірақ өзі­ме қаратып айтқан жылы сөзінің екін­шісі осы болған болуы керек.
Сөйтіп, мен үлкен-үлкен қызметтерде іс­тейтін адамдары бар өскен бір әулеттің кітабын әзірлеуге кірісіп кеттім.
– Осыны дұрыстап істемесең, екеуіміз ағайын­дықтан кетеміз, – деген Жұмабай аға.
Кітаптың кейіпкері бір жыл бұрын қайт­қан кісі дедім ғой, сол марқұмның жол­дасы да Жұмабай ағамен бірге оқыған, жа­қын досы екен. Сол кісілермен араласып жүріп Жұмабай ағаның ауылын жақсы біліп алдым. Қайта-қайта барып жүріп адам­дармен сөйлесіп, жазып бергендері бол­са, соларды түзеп, таза жаза алмаймын дегендердің әңгімесін өзім қағазға түсіріп кітап құрастырдым. 
Көктемнің соңында, күн әбден жылы­ған кезде ол кітап та шықты. Тапсырыс бер­ген кісілер қатты риза болды. Кітаптың кейіпкері бүкіл ауыл жақсы көрген, қадірлі кісі болған екен, жылдық асына адам өте көп жиналды. 
Кітап елге ұнағанымен, ішінде бір-екі мәселе Жұмабай ағаға ұнаған жоқ. Бірін­шісі, бала кезінен бәсекелесіп өскен, кейін жау болмаса да, соған жақын боп кет­кен бір адамның жазбасына қатысты түйт­кіл еді. Ол өзі жазуы нашар болса да, жур­налист деген атаққа да, жазушы деген атақ­қа да Жұмабай ағадан бұрын жеткен кісі. Жұмабай аға жас күнінде жазуға ұм­ты­лып жүргенде анасы «Несіне әуре бола­сың, бәрібір пәленшедей бола алмайсың ғой» дегені бар екен. Сол сөз Жұмабай ағаның ішінде беріш болып қатып қалғанға ұқсайды. Оның үстіне ана адам да әртүрлі қу­лық жасаймын деп Жұмабай ағаның ал­дында әбден нашар адам болып қалыптасып бол­ған кісі екен (Бұл туралы Жұмабай аға тірі күніндегі сұхбаттарында астарлап айт­қа­ны бар, егер өзі солай айтпаған болса, мен де бұны жазбас едім). Кітаптың кейіп­кері­мен жаңағы кісі де сыныптас болған соң, маған естелік жазып берген. Алып оқы­­сам, өте нашар жазылған екен. Бәсе­ке­лес-жауының естелік жазып бергенін естіп, Жұ­мабай аға менен қалай екен деп сұра­ған­да «Нашар екен» деп шынымды айт­қан­мын. «Өзгертпей солай бер» деген Жұмабай аға. Бірақ мен олай бергім келген жоқ. Бір­жола алып тастауға тағы болмайды. Жағ­дайды тапсырыс берген кісіге айтып едім, өзім жауап беремін, түзей бер, кітап жақ­сы боп шығуы керек деді. Сөйтіп, кітап дұ­рыс болсын деген оймен, Жұмабай аға­ның бұйрығына қарсы шыққанмын. Есте­лік өте нашар жазылғанымен, ішінде баян­далған оқиғалар өте қызық еді. Оты­рып алып, бастан-аяқ қайта жазып шық­қан­мын. Кітапқа сол мен жазған нұсқа кет­кен.
Ас беріліп жатқанда Жұмабай аға мені оңа­шалап алып шықты да:
– Елдің бәрі Пәленшенің жазғанын мақ­тап жатыр ғой? – деді өзі ыңғайсыздана күліп.
– Мен оны бастан-аяқ қайтадан жазып шық­қанмын, – дедім.
– Әй, неге жазасың сен? – деп Жұмабай аға айқай салды. – Мен саған тиіспе деген жоқ­пын ба?
– Ол кісі өзі де ұялатын шығар, – дедім мен. – Ішінде бірде-бір сөйлемі өзінікі емес.
– Ұялмайды ол! Оған бәрібір. Беріп жі­беру керек еді өзінің жазғанын.
Жұмабай аға осылай бір ұрсып алды. Одан соң тамақ ішіп болған кезде ме, тағы бір жағдай болды...
Кезінде бұл үйдің үлкен ұлы үйленгенде Жұ­мабай аға құда болып Түркістанға бар­ған екен. Сонда құданың әкесі, яғни келін­нің атасы Жұмабай ағаны ерекше жақсы кө­ріп күткен екен. Ол уақытта Жұмабай аға «Үзеңгі жолдасты» жүргізіп тұрған ша­ғы, халықтың ішінде танымал. Сол кәрі құ­да құдағиы туралы кітап шығайын деп жат­қанда жасы тоқсанға келіп қалған екен. Жақ­сы көрген құдағиым еді деп шын көңіл­ден арнау жазып салып жіберіпті. Мен оны әрі оқып, бері оқып, нашар жазыл­ған екен, кітапқа қосуға келмейді деп қоя салғанмын. Үлкен кісінікі екенін білмей қал­дым ба, әлде жастықпен әуесқой адам­ның жазғанынан үлкен өнер іздеп кеттім бе, есімде жоқ. Ал Түркістанда жатқан қа­рия болса, өлеңім кітапқа шығады деп осы асты қатты күтіпті. Асқа келгендегі бірінші әң­гімесі сол кітап болып, бірден ашып, ақта­рып өзінің өлеңін іздегенге ұқсайды. Қара­са, жоқ.
Мен аулада тұрғанмын. Жұмабай аға үй­ден жүгіріп шықты. Шығып келе жатып «Әй, Арман!» деп айқайлап келе жатыр екен, мен қарсы жүрдім. Тура есіктің ал­дын­да кездестік.
– Әй, ана ақсақалдың өлеңін неге қос­па­ғансың? – деді ұрсып.
– Онша емес екен.
– Әй, онша емес болса, айтпайсың ба? Адам­дар бар, дұрыстатып беретін едім ғой. Со­нау Түркістаннан келгенде ұят болды ғой?
Жұмабай аға маған осылай ұрсып тұр­ғанын ауладағы он-он бес адам, дәлізден өтіп бара жатқан бес-алты адам анық көрді. Есік ашылған кезде іште отыр­ған отыз-қырық адам да естіген болуы керек. Ішінде әлгі ақсақал да бар шығар.
Есік алдында кітап кейіпкерінің туған сіңі­лісі де отырған.
– Ұрыспашы, болды, – деді ара түсіп. – Еш­теңе етпейді, ең бастысы кітап жақсы шық­ты ғой.
Кейін ол кісі де марқұм болып кетті. Жұ­ма­бай ағаға басу айтып, маған жымиып қарап отырған отырысы көз алдымда тұр.
Астан соң қалаға Жұмабай ағаның кө­лі­гімен қайттық.
– Дұрыс, сен бір азаматтық жасадың, – деді Жұмабай аға кітаптың жалпы алғанда жақ­сы шыққанын меңзеп. Алға қарап отыр­ған күйі сөйледі. Мен артта отырған­мын. – Бірақ мұндай жұмыстарға онша әуес бол­мағаның жөн. Мүмкін мен сені дұрыс жұ­мысқа салмаған да шығармын осы жо­лы...
Жұмабай ағадан үшінші рет жылы сөз есті­генім осы еді.
Сол жылы қыста әлгі Түркістандағы кісі өлеңін жіберіп, Жұмабай аға оны дұрыс­та­тып, оқырман хаты деген секілді айдармен газетке басып берді-ау деймін. Әйтеуір бас редак­тордың кабинетіне емес, журналистер отыратын кабинеттегі телефонға сол ақса­қал қоңырау шалғанын білемін. Жұмабай аға ақсақалдың атын естіп жүгіріп келе жа­тыр екен. Мен не болып жатқанын түсін­бей әлгі кабинетке кіріп, қайта шығып бара жат­қанмын. Тура босағаға таяй бере Жұма­бай ағаның жолына тұрып қалыппын.
– Кетші-ей, сен де... – деді Жұмабай аға ме­ні көре сала. Былай қарай зып бердім. Теле­фонның басында Жұмабай ағаны күтіп тұр­ған Қарагөз Смәділ осы көрініске ішек-сіле­сі қата күлгені есімде. Өзім де күлдім.
Сөйтіп, ақсақалдың өкпесі де тарады, Жұ­мабай ағаның өкініші де басылды.
Тағы екі жарым жылдай уақыт өткенде жұ­мыстан да шығып, Алматыдан да кететін бол­дым. Жұмабай аға: «Қандай жігіт еке­нің­ді білмеймін, бірақ әйтеуір өтірік айт­пайтыныңды білемін» деді. Сол күні өзінің көңіл күйі болмай отырған. Оның үстіне ал­дында әртүрлі жағдай болып (мені жақ­тырмайтындардың пікірі де әсер етті ме екен), арамыз бұрынғыдай емес, біраз суың­қырап қалған еді. Кабинетіне сирек кіретін болғанмын.
Өзім қол астында істеп жүргенде үш-төрт рет қана жылы сөз естіген бол­­­сам, ол кісінің адамгершілігі мен шығар­ма­­шылығы туралы ашылып бір ауыз сөз ай­та алған жоқпын. Кейін жұмыстан кете­тін болсам, бір мақала жазармын, бастығың туралы жазған ұят қой деп жүруші едім іш­тей. Ақыры, соны жұмыстан кеткен соң жаз­дым. «Жала мен нала» деген повесі тура­лы еркіндеу көсіліп, республикалық газет­тер­дің біріне ұсынып едім, тез-ақ басылып шық­ты. Кейін білдім, ол повесть әдебиет­танушы Рафат Әбдіғұлов пен о кісінің әкесі туралы екен. Ертеректе повесть жазылғанда үн­демеген әдебиеттанушы менің мақа­лам­ды оқып алып, мен бұдан да артық қылып жа­замын деп, қолына қалам алыпты. Сірә, ескі жараның аузын тырнап жіберген болуым керек.
Жазғаным Жұмабай ағаның өзіне де ұнап­ты. Кейін кездескенде саған суық қа­ра­ғаным дұрыс болмапты, о бастағы ойым дұ­рыс екен дегендей қипақтады. Ашып еш­теңе айтқан жоқ, бірақ әр нәрсені еске алып, сөз арасында іркіліп қап, үнсіз қал­ған кездерінде осындай бір күйді сезгендей болдым.
Көп ұзамай Жұмабай аға газеттің бас ре­дак­­торлығынан кетті де, ресми зейнет­кер­ге айналып, ауылына көшті. Бұ­рын­ғыдай қаланың қақ ортасында тұрған Жазушылар одағына кіріп, сәлем беріп тұру мүмкіндігінен айрылдым. Енді бір күніңді арнап, Ұзынағаштың ар жағындағы Жам­был ауылына барып тұру керек болып қал­ды.
Бірақ оның жақсы жағы да бар болып шықты. Жұмабай аға енді қолы босаң­қырап, ешқайда асықпай, қонақ боп бара қалсам басқа ештеңеге алаңдамай Әс­кен тәтеміз екеуі әлекке түсіп тұрып күтіп алатын болды. Кейде жолшыбай көліктерге мінгесіп барып, қонып кетіп жүрдім, кейде Ерболат Әбікенұлы, Думан Бақыткелді, Мұрат Есжан сынды азаматтармен барып, түн­нің бір уағына дейін отырып қайтатын едім. Бұл Жұмабай аға екеуіміздің ара­мыз­дағы қарым-қатынастың екінші кезеңі еді. Өзі баурайында ойнап өскен таудың қуыс­тарын атпен де араладық, көлікпен етегіне дейін барып, жаяу да серуендедік. Адамды сөйлету, тыңдай-тыңдай ішіндегісін толық шығару Жұмабай ағаның қашанғы әдеті тұ­ғын. Мен де, менімен еріп барған жігіттер де ол кісінің алдына барғанда ашылып ке­тер едік.
Астанада жүргенде Жұмабай аға қоңы­рау шала қалса, отырған жерімнен атып тұрып, оңашалау жерге кетіп қалатынмын. Көлікпен келе жатсам, тоқтап, көзім түскен кафе, мейрамхана секілді бір жерге кіріп отыра қалатынмын. Хат жазса, соны қайта-қайта оқитын едім. Өзі де көркем шығарма жазғандай етіп, аз сөзге көп мағына сый­ды­рып жазатын. Сол хаттарды қарасам, соң­ғы сөйлескенде бір нәрсені кейін кез­дескенде айтамын депті. Мен болсам жазып жүрген шығармамды ол кісіге жіберіп, сы­натып алғанмын («Сен атаңа нәлет, сөй­лемдерге салақ қарайтын боп кетіпсің ғой» деп баяғы кездегідей бір ұрсып алған). Сол еңбегіне қаламақы берсем деп жүрдім де, қай­тарынан бұрын күздігүні барғанымда соқ­пай кеттім. Жұмысымның көптігі бір се­беп, екіншісі қолжазбамды оқып берге­ніңіз үшін деп баспаның атынан тастап кетемін деп жүрген қаламақым қолымда болмай қалды. Ол кісі менен ештеңе күткен жоқ, дегенмен өзім алдын ала осылай істей­мін деп ниеттеніп қойған соң, онсыз бар­ғым келмеді. Көп ұзамай-ақ қайтып келе­мін, сол кезде міндетті түрде сөйтемін деп кеткенмін. Келесі келгенімді қалтамда ақ­ша болғанымен, Жұмабай аға үйінде бол­май­тынын, ауруханада емделіп жататынын қайдан білейін. Одан тағы аз уақыт өткенде жаназасына келіп, сол соманы батаоқырға жаздырып кеттім ғой.
Жылы сөзді аз айтса да, ар жағында жы­лы жүрегіндегі ықыласы сезіліп тұра­тын. Айқайлап ұрысса да түк ызбары жоқ, тек жанашырлықтан шығатын ұрыс еді. Бірде-бір сөзін көңіліме алмаппын, кейін тек күліп еске алып жүрдім.
Жұмыс барысында немесе жастық­қа салып артық сөйлеп қойып рен­­­­жіткенім болмаса, өзінің көңіліне келе­тін қылық жасап немесе жанын ауыртатын сөз айтып қойған кезім жоқ екен, қазір со­ған шүкір деймін. Үлкен өмірге аяқ бас­қан­да танысқан алғашқы адамым осы Жұ­ма­бай аға болған соң ба, біразға дейін елдің бәрін Жұмабай аға секілді деп ойлап жүріппін. Кейін ондай адамдар аз болаты­нын түсініп, біраз құлазып та қалғаным бар. Уақыт өте келе жүрек қатайып, өзім де жыртқыштана бастадым ғой, әрине. Сон­дайда Жұмабай ағаға соғып, кеудемдегі жұ­дырықтай етті жұмсартып қайтушы едім. Енді, міне, еске алып қана ескі күйге тү­сіп отырған жайым бар.

Арман Әлменбет

Серіктес жаңалықтары