"Spotify-да жұмыс істеуді армандадым" – Дана Батырхан

"Spotify-да жұмыс істеуді армандадым" – Дана Батырхан
758

Spotify cервисі – бүгінде әлемдегі нөмірі бірінші музыкалық стриминг платформасы. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Spotify-ды әлемнің 184 елінде тұратын 615 миллионға жуық қолданушы тыңдайды екен. Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің түлегі Дана 
Батырхан Spotify-дың Амстердамдағы кеңсесінде жұмыс істейді. Онда оқушы кезінен жұмыс істеуді армандаған Данаға хабарласып, 
аз-кем сұхбаттасқан едік.

– «Болды. Бітті. Болашағымды тек ІТ са­ласымен байланыстырамын» деген түсінік қашан қалыптасты?

– Негізі, мен басында адам денесінің құры­лысын зерттеуге қызыққан едім. Мұны бай­қаған ата-анам мені дәрігер болады деп ой­лап, биология, анатомия кітаптарын сый­лай­тын. Ал мамандығы бағдарлама жасақ­тау­шы үлкен ағам үйде компьютерде күні-тү­ні жұмыс істейтін. Оның өз ісін беріліп іс­­­тегенін, эмоциясын байқап, сыртынан ба­қылап жүретінмін. Не істеп жатқанын он­ша түсінбеймін, бірақ ол өмірі мәз болып жүреді. Жалақысы да жақсы-тын. Сөйтіп, бірте-бірте жасақтау ісіне мен де қызыға бас­тадым. Ағам секілді компьютерде жұмыс іс­теп, ақша тапқым келді. Оған қоса, бірде көз алдымда екі бала төбелесіп, шашыраған қан­ды көріп, шошып қалғаным бар. Содан соң дәрігер болмаймын, ағамның жолын қуып, ІТ маманы боламын деп шештім. Мек­тепте үздік оқушы болдым. Қолданбалы ма­тематика бойынша ғылыми жоба әзірлеп, сайыста жүлделі орын алған соң, қалаған университетке оқуға түсу мүмкіндігі берілді. Сөйтіп, Алматыдағы Халықаралық ақпарат­тық технологиялар университетінің ақпарат жүйелері мамандығына оқуға түстім. Үшінші курста Арман Сүлейменов негізін қалаған nFactorial курсына қатыстым. Онда мобильді қосымша жасақтау ісін ұнаттым. Курс аяқ­тал­ған соң, ондағы мобильді студияда жұ­мыс істеуге шақырылдым. Онда екі жыл жұ­мыс істеп, өзім оқыған университеттің ма­гистратура бөліміне оқуға түстім. Сосын Beeline компаниясына жұмысқа тұрып, оның мобильді қосымшасын жақсартуға атсалыстым. Содан соң бір жарым жылдай Қазақстандағы ең ірі әрі мықты ІТ-компания Kolesa Group-та жұмыс істеп, оның да қо­сым­шасын жақсартуға жауапты болдым. Кейін пандемия уақытында онлайн жұмыс істеуге көшкен кезде әлемнің әр бұрышында отырып, жұмыс істеу мүмкіндігі пайда бол­ды. Сол уақытта америкалық Reddit ком­па­ния­сына іріктеуден өтіп, онлайн жұмысқа тұр­дым. Бірнеше айдан соң Spotify-дан хабарласты. Мен онда құжат тапсырғанымды ұмытып кетіппін. Онда жұмысқа тұру менің арманым болатын. Бағымды сынап көргім келді. Бірнеше кезеңді қамтитын іріктеуден өту үшін тыңғылықты дайындалдым, көп есеп шығардым. Негізі, мен 2019 жылы Spotify-ға бірінші рет құжат тапсырғанымда өтпей қалғанмын. Ол кезде тәжірибем аздау болды. Ондағылар «Саған әлі көбірек жұмыс істеу керек. Көп есеп шығаруың қажет» деп шы­ғарып салған болатын. Араға екі жарым жыл салып, қайта іріктеуден өттім. Алайда бұл жолы тәжірибем бар, сұхбаттасу ке­зеңін­де қалай сөйлеу керек екенін білемін әрі есеп те шығара аламын. Ақырында, бәрінен іркіл­мей өтіп, жұмысқа шақырту алдым. Олар маған Швеция немесе Нидерландының бірін таңдауға мүмкіндік берді.

– Spotify-дың бас кеңсесі орналасқан Шве­ция емес, Нидерландыны неге таң­да­дың? 

– Екі елдің қайсысында экспаттарға қа­лай қарайды, қай жерде тұрған жақсы деген­дей сауалдарға жауап іздеп, зерттеу жасадым. Швецияның тұрғындары табиғатынан жа­бық, суықтау, интроверт. Ал Нидерланды аза­маттары ашық. Біз секілді той-тома­лақ­ты жақсы көреді. Оған қоса өзге елден кө­шіп келгендерге жақсы қарайды. Мысалы, мұн­да жергілікті тұрғын тапқан табысының көп бөлігін салыққа төлейді. Ал экспаттарға жеңілдік қарастырылған. Жалақыңның жетпіс пайызын өзіңе алсаң, отыз пайызын салыққа ұстап қалады. Қара­пайым тұрғындарға қарағанда біз салыққа аз сома төлейміз. Алайда бес жылдан соң жағ­дай теңеседі. Тағы бір айта кетерлігі, мұн­да қазақтар туыстар секілді араласады. Ұлт­тық мерекелерде түрлі ивент ұйым­дас­ты­рып, елшілікпен тығыз байланыста бо­ла­ды. Жыл басында Словенияға барып, Қа­зақ­стан футболшыларына қолдау көрсетіп қайт­ты. Бір-бірін тартып, үнемі көмектесіп жүреді.

– Spotify-да қандай функцияға жауап­тысың?

– Менің командам Spotify қосым­ша­сы­ның архи­тек­турасымен айналысады. Қосымшадағы түрлі кноп­каларға түрлі команда жауапты. Біз олар­дың үстінен қараймыз. Әрбіріне қалай жұ­мыс істеу керек екенін айтып, жол сілтеп отыра­мыз. Мысалы, үй салғанда құрылыс бри­гадирі «Сен үйді былай салуың керек» деп құрылысшыларға бағыт сілтеп отырады ғой. Біз осы қосымшаның бригадиріміз десек бо­лады. Қай затты қайда қою керек екенін ай­тып отырамыз. Қиын болып жатса, оларға кө­мектесеміз. Сондай-ақ біз басқа да жо­ба­ларға атсалысамыз. Spotify-дағы қолдану­шы­ның жеке парақшасын бір құрылғыдан екін­шісіне ауыстыруды енгіздік. Ендігі ке­зекте музыканы телефоннан ғана емес, те­ле­дидардан да тыңдауға болады. Мұны өзім жасадым десем де болады. 
Жалпы, Еуропаның әр елінде Spotify-дың кең­сесі бар. Америкада да бар. Жапонияда мен Кореяда да жұмыс істейді. Ал Нидер­лан­ды­дағы кеңседе 120 адам жұмыс істейді. Оның сексен пайызы үйден жұмыс істейді, ал жиырма пайызы кеңседе отырады. Негізі, әдеп­кіде мен де үйден жұмыс істеуге келіскен едім, алайда жуырда кең әрі әдемі жаңа кеңсеміз ашыл­­ған соң, қазір жұмысқа жиі келіп жүр­мін, әрі әріптестермен де байланыс орнатқан көп көмегін тигізеді. 

– Сұрамасам болмас. Spotify-дан қа­зақ­ша әндер тыңдайсың ба?

– Әрине. Бұрын Ninety One тобын жиі тың­дайтынмын. Қазір бұрынғы тыңдаған ән­дерімді қайта тыңдаймын. Қазір Айым ат­ты әншінің тыңдарманымын. Ән айту сти­лі, дауысы да керемет. Қазақстандық ән­ші­лер­ден бөлек, блогерлер де онда подкаст­та­рын салады. Алайда әзірше ол функция әлі қол­жетімді емес секілді.

– «Онда жұмысқа тұру арманым» деп қал­дың. Сонда музыкалық сервис құ­рас­­тыруға бұрыннан қызыққан ба едің?

– Иә, қатты қызықтым. Бірінші рет Spotify туралы жаңалықтардан естідім. Ол кезде бұл платформа Қазақстанда қолжетімді емес-тін. VPN жүктеп қана қолдана аламыз. Жүк­теп алған соң, бірінші рет музыка тыңдап көрдім. Мұнда музыка қалай ойналады, бұл қосымша қалайша музыкалық стримингқа айналған дегендей сұрақтарға бас қатырдым. Сол сауалдарға жауап табу үшін осында жұ­­­мыс­қа тұрдым десе де болады. Қазір кезінде мені мазалаған сұрақтардың бәрінің жауа­бын білемін. Арманым орындалды.

– Әңгіме арасында Нидерландының жағымды тұстарын айтып қалдың. Дегенмен қолайсыздық тудырған тұсы да бар шығар. 

– Мұнда тұратын кез келген эмпат басты минус деп құбылмалы күн райын айтатыны сөзсіз. Бір қызығы, мұнда жаңбыр жауып тұрғанда жел соғады. Бетіңе тамшы ұрады. Сосын тағамдары дәмсіздеу. Біз Қазақстанда тұзды көп жейміз ғой. Тамақтың дәмін, тұзы көп, азын бірден байқаймыз. Мұнда өздерінің ұлттық тағамдары жоқ, әр елдің тағамдарының қоспасы. Сосиска, шөп араласқан пюре секілді тағамдар жейді. Түскі асқа нан мен май, арасына шұжық немесе ірімшік қосып жейді. Өздері ыстық тамақ ішпейді. Ал ыстық тамақ жеп отырсаң, сені түсінбейді. Содан соң мұнда банк қызметі де баяу. Мысалы, мен карточкамды екі ай күт­тім. Жалақы түссе де, бірден қолдана алмай­сың. Карточка, құпиясөз, тағы басқа құжат­тар бар төрт конверт келеді. Төртеуі төрт уа­қытта келеді. Кейде поштаңдағыны әлде­біреу алып кетіп, оны таппай қалуың да мүм­кін. Дегенмен мұнда да тез аударым жа­сайтын сервис бар. Әлі Tikkie жүйесі ар­қылы басқа біреуге төлем шотын жібере ала­сың. Айрықша айта кетерлігі, мұнда фес­тиваль көп өткізіледі. Король күні бүкіл халық қызғылт сары түсті киім киіп, көшеге шығады. Билейді. Қайықтарға отырады. Тойлайды. Алайда біз секілді үлкен ауқымда той­ламайды. Туған күнде де аста-төк дас­тар­қан жаймайды. Тіпті, негізгі ас түгілі, торт та қоймайды. Көп тамақты ысырап санайтындар да бар. Мұндағылар кө­біне билеп, ішімдік ішіп, демал­ған­ды құп көреді.

– Ендігі арманың не?

– Құдайға шүкір, армандарым бір­те-бірте орындалып келеді. Алда осы жолдан таймай, өсіп-өнгім ке­леді. Әлі білмейтінім көп. Тәжірибемді мо­лайтып, қорымды байытқым келеді. Мен Қазақстанда жақсы ұстаздар мен оқы­тушылардан тәлім алдым, ондағы ортам көп көмегін тигізді. Өзім де іздендім. Бойын­да тау­дай талабы, көзінде от, кеудесінде асқақ ар­маны бар адам дегеніне жетеді. Сон­дықтан болашағын жарқын еткісі келетін жастар өз-өзіне сеніп, арманына адаспай жетуді мақ­сат етуі керек. Алдағы уақытта елдегі жас­тарға бар білгенімді үйреткім ке­леді. «Бізге келіп, білгеніңді бөліс» десе, бір­ден келісер едім. Магистратура бітіргенмін, сон­дықтан кезі келгенде елге қайтып, уни­верситеттердің бірінде сабақ бергім ке­леді. Болашақта ешқандай жоба жасағым кел­мейді. Тек бар білгенімді елдегі қарадо­ма­лақ балаларға таратсам, оларды өз қолымнан келетіннің бәріне үйретсем деймін.

– Іске сәт! Әңгімеңе рахмет!

 Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары