Ашық сот азаматтық қоғамның алғышарты ма?

Көктемдегі аты шулы «Бишімбаев ісінен» кейін халықтың сот процесін ашық өткізуге деген қызығушылығы артты.

Ашық сот азаматтық қоғамның алғышарты ма?
istockphoto.com
1610

Бұған дейін Қазақстан тарихында мұндай ашық сот процесі болмаған. Нақтырақ айтқанда сот отырысынан бұлайша тікелей трансляция жасалмаған еді.

Жабық сот жаба тоқығанға жақсы

Бұл іс қоғамның құқықтық сауатын арттыруға да көмектесті деуге болады. Жалпы сот отырысы қалай өтетінін, айыптаушы тарап пен қорғаушы тарап арасындағы жан алысып, жан беріскен текетіресті көрдік. Қандай жағдай болса да, сот отырысында эмоцияға ерік бермей, тәртіп сақтау, керісінше адам өзін қолға алып, «айқасқа» дайын болуы керегін ұқтық. Себебі мұнда қатысушылардың әр сөзі мен әр қылығы өзіне қарсы қолданылуы мүмкін. Бұрын сот ісімен бетпе-бет келмеген қарапайым адамдар мұндай ньюанстардың бәрінен хабарсыз. Дәл осы «Бишімбаев ісі» құқықтық сауатпен қатар эмоционалдық ұстамдылықтың аса маңызды екенін түсіндірді. Себебі сот – эмоция көрсететін жер емес. Білім мен білік, суық ақыл мен тегеурінді талап ететін жер. Бұл өз алдына.

Бұл істің елді қызықтырған тағы бір тұсы – әділдікке қол жеткізу. Қоғам тергеудің қалай жүретінін білмейді. Прокуратураның ісінен, сот отырыстарынан мүлде хабарсыз десек те болады. Жабық іс жаба тоқуға жақсы. Небір әділетсіздік, небір сорақылық орын алып, нақақтан-нақақ заңсыздықтың құрбаны болып кеткен адам қаншама. «Бишімбаевтың ісі» осындай әділетсіздікке жол бермеудің жалғыз жолы – сот процесін ашық өткізу екенін көрсетті. Құқық қорғау органдары мен әділдігін айтады деген соттан қайыр болмаса қарапайым халық әділдікке осылай қол жеткізе алатынын түсінді. Осы істен кейін сот процесінің ашық өтуін талап ете бастағандар көп.

Ашық сот процесі сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, судьялардың бұра тартуына, прокурорлардың заңды белден басуына жол бермейді. Судьялар мен прокурорлардың білім-білігіне қойылатын талап та күшейеді. Миллиондаған адам желіде әр қимылы мен әр сөзін жіті қадағалап отыратындықтан, судьяның хатшысынан бастап қарауылға дейін сақ отырады. «Бишімбаев ісінде» аудармашының өзі желіде қалай сынға қалғанын көрдік. Ашық сот процесі қай жағынан болсын қоғамға оң әсер етеді: халықтың құқықтық сауатын көтереді, эмоцияны тізгіндей білуге тәрбиелейді, судья мен құқық қорғаушылардың білім-білігін арттырады, әр азаматқа қойылатын талапты күшейтеді, елде әділдік пен тәртіп орнатады.

Дегенмен заңға бағынған зайырлы мемлекетпіз. Біз қалағанмен сот процесінің бәрі бүгін-ертең ашық болып кете салмайды. Енді осы мәселені заң тұрғысынан талдап көрейік.

Заң не дейді?

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 29-бабы, Азаматтық-процессуалдық кодекстің 19-бабы, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 24-бабы бойынша барлық сот инстанцияларында барлық сот талқылаулары ашық өтуге тиіс. Тек жекелеген жағдайларда ғана судьяның шешімімен сот процесі жабық режимде өтеді. Яғни заң бойынша ашық сот отырыстарына процесті бақылағысы келген, 16 жасқа толған кез-келген азамат қатыса алады. Тек сот залында орын жеткілікті болса болды. Барлық сот инстанцияларында судьялар жариялылық принципін бұзбауы керек.

Сот отырысы басталар алдында судья істің ашық я жабық режимде қаралатынын мәлімдейді. Егер процесс АШЫҚ болса журналистер мен іске қатысы жоқ бақылаушы адамдар сот отырысына қатыса алады. Егер процесс ЖАБЫҚ болса судья отырыстың не себепті жабық өтетінін айтып, іске қатысы жоқ адамдардың сот залынан шығуын талап етеді. Бұның бәрі сот отырысының хаттамасына жазылады.

Келесідей факторларға байланысты азаматтық істер жабық режимде қаралуы мүмкін:

  • іс құрамында мемлекеттік құпияны құрайтын материалдардың болуы;
  • бала асырап алу туралы істер;
  • жеке өмірге қол сұғылатын жағдайлар, отбасылық құпиялар, заңмен қорғалатын коммерциялық немесе өзге де құпиялар.

Ал қылмыстық істің жабық өтуіне келесі факторлар негіз болады:  

  • мемлекеттік және басқа құпияның ашылу қаупі болса;
  • кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы істерде соттың уәжді қаулысы болса;
  • іске қатысушылардың интимді өмірі жарияланып кететін болса;
  • жәбірленуші, куәгер немесе басқа қатысушылардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының өміріне қауіп төнетін болса.

Іс қатысушылары процесті жабық режимде өткізу туралы өтініш бере алады. Жабық режимде қаралған істерде үкімнің тек кіріспе және резолютивті бөлімі жария оқылады.

Істер үш түрге бөлінеді: азаматтық, әкімшілік және қылмыстық

Жалпы сот барысын халыққа ашық жеткізетін журналистер. Азаматтық және әкімшілік істерде журналист жазбаша ақпарат тарата алады және аудиотаспаға жазып ала алады. Қылмыстық істерде журналиске тек отырған орнынан жазбаша ақпарат таратуға рұқсат етіледі. Ал «Бишімбаев ісіндегідей» тікелей трансляция жүргізу, фото, видео түсіру үшін  соттың рұқсаты қажет. Сот іске қатысушы тұлғалардың пікірін ескереді. Яғни сот процесінің ашық өтуіне тараптардың келісімі болмаса сот отырысын ашық өткізу, яғни тікелей трансляция жүргізу мүмкін емес.

Заңгер Данияр Байғабатов ашық сот процесін өткізуге бірнеше фактор әсер ететінін айтады.

– Біріншіден онлайн трансляция жүргізетіндей техникалық мүмкіндік болуы керек. Екіншіден жәбірленуші тарап немесе айыпталушы тарап ашық трансляция жүргізілуін сұрап, өтініш беруі керек. Егер қос тараптың бірі ашық трансляция жүргізуге қарсы болса, судья олардың да мүддесін ескереді. Себебі сотталушылардың да конституциялық құқықтары бар. Қарсы болған тараптың өтінішін ескеріп, судья оларды түсіруге, түрлерін ашық көрсетуге тыйым салуы мүмкін, – дейді заңгер.

Азаматтық қоғам істі ашық жүргізуді талап ете ала ма?

Заң бойынша азаматтық қоғамның талабы сот шешімін өзгертуге әсер ете алмайды. Қоғам тарапынан зор қызығушылық болса да, егер іске құпиялылық мәртебесі берілген болса, сот процесі ашық өтпейді. Ал қоғамдық резонанс мемлекеттік емес істерде белгілі бір дәрежеде ықпал етуі де мүмкін.

Серіктес жаңалықтары