Қазақстанның дінаралық ықпалдастыққа қосқан үлесі

Қазақстанның дінаралық ықпалдастыққа қосқан үлесі
524

Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Се­натының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының бас­шысы М.Әшімбаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XXІІ Хатшылығының отырысы өтті.

Халықаралық шараға әлемнің 19 елінен 30-ға жуық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сондай-ақ бірқатар беделді халық­аралық ұйымдардың басшылары қатысты. Олардың ішінде Әзербайжан, Ватикан, Ұлыбритания, Мысыр, Израиль, Үндістан, Иран, Катар, Қытай, Сауд Арабиясы, Моңғолия, БАӘ, Пәкістан, Португалия, Корея, Ресей, Тайланд, Швейцария, Жапония, сондай-ақ Қазақ­стан бар.

Хатшылық отырысы аясында VIІ Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қо­рытындысы «Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасын» іске асыру туралы пікір алмасып, съездің күн тәртібі талқыланды. 

Жиын әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлері съезі хатшылығының басшысы Мәу­лен Әшімбаевтың отырысқа қатысу­шы­ларға ілтипат білдіруімен басталды. Спикер ру­хани көшбасшылар 20 жылдан астам уақыт бойы съезд аясында күш біріктіріп, дін­дер, мәдениеттер және халықтар ара­сын­дағы диалогты дамытуға, адамзатты алаң­датқан жаһандық проблемаларды ше­шуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар хатшылық басшысы бү­гін­де жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен ты­ғыз байланысты екенін, бүкіл әлем күр­делі кезеңді бастан өткеріп жатқанын тілге тиек етті. 
– Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаң­даулымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан жә­не жағдайдың одан әрі ушығуынан сақ­тану үшін күш қолданудан бас тартуға ша­қыра­мыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік жә­не климаттық дағдарыс сияқты сын-қа­тер­лерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай пробле­ма­ларды азайту және еңсеру үшін бар­­лық конструктивті күштердің әлеуетін бірік­тіру­дің мәні зор. Бұл ретте рухани дип­лома­тия­ның маңызы артып келе жатқанын атап өт­кен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің мақаласында атап өт­кендей: «Қазіргі таңда әлемде саяси бел­гісіздік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты арттыру аса маңызды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты диалог алаңдарын дамыту ай­рық­ша мәнге ие, – деді съезд хатшылығы­ның басшысы.
Іс-шара барысында қатысушылар съезді да­мытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға және соның аясында басқа да өзекті сын-қатерлерді бір­лесіп еңсеруге назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің та­ралуына да жол беріп, жаһандық тұрақ­ты­лыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағ­­дайда Қазақстан аталған қатерлерді ең­­серуге ықпал ете отырып, халықаралық қауіп­­с­іздіктің жаңа жүйесін қалып­тас­тыру­ды жалғастыра береді.
– Жалған ақпараттың, оның ішінде жа­сан­ды интеллект арқылы әзірленген негізсіз де­ректің таралуы этностық, діни және әлеу­мет­тік топтар арасындағы әртүрлі қақты­ғыс­тарға әкелуі әбден мүмкін. Бұл жағдайда бей­бітшілікті, келісімді және өзара сенімді ны­ғайтуға бағытталған шаралардың тиім­ділі­гін арттыру ерекше мәнге ие. Сондықтан Мем­лекет басшысы съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге бастамашы болып, Форумның мис­сиясын дәріптеудің нақты тетіктерін ай­қындау міндетін жүктеді. Бүгінде рухани көш­басшылармен және халықаралық ұйым­дардың өкілдерімен бірлесіп, аталған жұ­мыс жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізіліп ке­леді, – деген Сенат Төрағасы барлық қа­ты­сушыға осы бағыттағы нәтижелі жұмыс үшін ризашылық білдірді.
Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаева әлемдік және дәс­түр­лі діндер лидерлері съезін дамытудың 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасы ая­сын­да атқарылған жұмыстармен таныстырды. Сон­дай-ақ съезд тарихында алғаш рет өт­кен Жас діни лидерлер форумының маңы­зына да тоқталып өтті. 
– Бүгінде жаһандық сын-қатерлерді ес­кере отырып, съезд тұжырымдамасы ал­ды­мыз­ға жаңа міндеттер қойып отыр. Біздің мақ­сатымыз –  жаһандық сын-қатерлерді ше­шу жолында ұрпақтар сабақтастығын жал­ғау, күш-жігер біріктіру. Форум аясында съез­дер мен Хатшылықтардың діни мате­риал­дарының электрондық кітап­хана­сы­ның, олардың қатысушыларының, халық­ара­лық ұйымдар өкілдерінің, мемлекет жә­не қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен сарапшылардың сөздері мен еңбек­те­рі­нің таныстырылымы өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Ізгі ниет елші­лері институтын құру жөніндегі бастама іс­ке асырылды. Бұл өте маңызды іс-шара жә­не біз рухани дипломатияны дамытуда ел­шілерден үлкен үміт күтеміз, – деді Мә­дениет және ақпарат министрі.
Ал әлемнің әр түпкірінен келген дін ли­дерлері жиынның мән-маңызы зор еке­нін жеткізді.
– Мен хатшылықтың бір мүшесі бол­ға­ны­ма қуаныштымын. Осындай отырыста маңызды мәселелерді қарастырып жатыр­мыз. Осы ретте Қазақстан Үкіметіне алғы­сы­мызды білдіреміз. Біз бейбітшілік пен ке­лісімге қол жеткізу үшін қолдан келген жұ­мысты істеп жатырмыз, – деді Сомайя ви­дьявихар университетінің конфес­сияа­ра­лық қатынастар және өзара түсіністік жө­ніндегі бағдарламасының хатшысы Рудраш­ка Сакрикар.  
Жиынға қатысушылар бейбітшілікті сақ­тап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін ны­ғайту үшін барлық діни және халық­ара­лық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүд­деге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқ­талды. Сондай-ақ мызғымас рухани жә­не адамгершілік құндылықтарды ілге­рі­летуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі бе­ріліп, оның ережесі белгіленді. Мұндай мәр­тебеге қазақстандық әнші Димаш Құдай­берген, Вьетнам буддисттік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес Төрағасының орын­басары Тхить Дык Тхиен, Иеру­са­лим­нің және бүкіл Палестинаның Патриархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды. 
Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шылары съезі хатшылығының ХХІІ оты­ры­сын­да келесі жылы Астана қаласында өте­тін VIII съездің негізгі 4 тақырыбы анық­талды.  
– Алдағы VIII съездің орталық тақыры­бы ретінде «Діндер диалогы: Келешек жо­лын­дағы синергия» деген атау ұсынылады. Қазіргі заманда халықаралық ұйымдар мен саяси көшбасшылардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы мін­деттерді әрдайым мүлтіксіз орындап жат­пағанын көріп отырмыз. Сондықтан қа­зір діннің әлеуетін диалогтарға ықпал етіп, мемлекеттер мен халықтар арасында тү­сіністік орнатуға пайдалану бұрын-соңды бол­маған деңгейде өзекті болып отыр, – де­ді Хатшылық басшысы – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Хатшылық мүшелері ұсынылған та­қырыптың бәрін қолдап дауыс берді. Алда­ғы съездің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары мен өтетін мерзімі белгіленді. Соған сәйкес VIII съезд 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте өткізіледі. Ал хат­шылықтың отырысы 16 қыркүйекке белгіленді.
Жиын соңында рухани дипломатия мүм­кіндіктерін дамытуға жәрдемдесу үшін Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері съе­зінің ізгі ниет елшілерінің мәртебесі тура­лы ереже қабылданды.  
Қазақстанда түрлі діни және саяси қай­раткерлер қатысатын съезді өткізу – елдің саяси және экономикалық тұрғыда тұрақты екенінің дәлелі.  Осылайша, мемлекеттерде өзара түсіністік пен құрмет мәдениетін қа­лып­тастыруға елеулі үлес қосып отыр. 

А.БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары