"Мемлекет басшысына Қазақстанның БРИКС-ке кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс түсті" – Берік Уәли

"Мемлекет басшысына Қазақстанның БРИКС-ке кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс түсті" – Берік Уәли
369

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Президент бұл ұсынысты Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият қарастырып жатыр. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

– Жуырда (23-24 қазан күндері) Қазан қаласында БРИКС саммиті өтеді. Бізге белгілі болғандай, аталған құрылымға төрағалық етіп отырған Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты форумға қонақ ретінде шақырған...

– Президенттің жұмыс кестесінде оның БРИКС саммитіне қатысуы қарастырылғаны рас. Мемлекет басшысы 24 қазан күні құрылымның "аутрич" форматындағы кеңейтілген құрамда өтетін жиынында сөз сөйлейді.

– Әзербайжан мен Беларусь БРИКС құрамына кіру үшін өтінім беріп қойды. Сонымен қатар ТМД-ның өзге елдері де ынта білдірген болуы мүмкін. Қазақстанның БРИКС-ке қатысты ұстанымы қандай? Біздің еліміз аталған халықаралық құрылымға мүше болуды жоспарлап отырған жоқ па?

– Қазақстан БРИКС-тің даму эволюциясын қызығушылықпен мұқият бақылап отыр. Біздің еліміз осы құрылымның негізін қалаған мемлекеттер басшыларының қандай да бір алпауыт державаның гегемониясынан азат, әділетті әрі демократиялық әлемдік тәртіп құру туралы бастамасын қолдайды.
Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Халықаралық қауымдастықтың жауапты және беделді мүшесі ретінде біздің елімізге мұндай ұсыныстың түсуі қалыпты дүние.

Бұл ұсынысты Мемлекет басшысының өзі мұқият қарастырып отыр және оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан талдау жүргізіп жатыр.

Еліміз құрылымға мүше болуға және осы бірлестіктің даму перспективаларына қатысты басқа да мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады.

– Мұндай жағдайда қазақ дипломатиясы қай ұйымға басымдық бермек?

– Президент бұған дейін бірнеше рет БҰҰ-ны әлемдегі әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым ретінде атаған болатын. Сондай-ақ осы Ұйымда барлық өзекті халықаралық проблемаларды, соның ішінде әділетті әлемдік тәртіп құруға қатысты мәселелерді талқылау керек деген ұстанымын білдіргені жұртшылыққа мәлім.

– Алайда БҰҰ қауқарсыз ұйымға айналды деген пікір де жоқ емес қой...

– Президенттің пікірінше, БҰҰ да кемшіліксіз емес. Бірақ дәл сондай басқа ұйым жоқ. Сондықтан БҰҰ-ға әлемдік қауымдастықтың қолдауы ауадай қажет.

БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың негізі болуы керек және бұл іргелі құжатта бекітілген қағидаларды бұзуға ешкімнің қақысы жоқ.

Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің маңызды әрі тағдыршешті шешім қабылдау ісінде дәрменсіздік танытып отырғанына өкініш білдірген болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы "орта державалардың" мүдделерін ескере отырып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің кең ауқымды консультациялары негізінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды бастау қажет деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары