Мәслихат – елді дамытушы іргелі институт

Мәслихат – елді дамытушы іргелі институт
753

Елордада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Күшті мәслихат­тар – жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың негізгі институты» ат­ты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ел мәслихаттарының 30 жылдық мерей­тойына орай ұйымдастырылған іс-шараға барлық шақырылымдағы депутат­тар, үкіметтік емес ұйым басшылары, университет профессорлары, қоғамдық кеңестердің мүшелері және басқа тұлғалар қатысты.

Жыл бойы еліміздің түпкір-түпкір­інде мәслихаттардың 30 жылдығына арналған мәдени және спорттық іс-шара­лар өт­кізілуде, ал депутаттар қайы­рым­дылық акцияларының бастама­шыларына айнал­ды. Сондықтан бұл жыл елорда мен бүкіл ел тұрғындары үшін пайдалы істер­мен есте қалды деуге болады. Жиын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатынан бастал­ды. 
– Мәслихат – жергілікті өзін-өзі бас­қару саласында маңызды рөлге ие. Ол – халық пен билік арасындағы алтын кө­пір. Қоғамның сөзін айтатын, азаматтар­дың құқықтары мен мүдделерін қор­ғайтын сенімді саяси институт. Биыл ел мәслихат­тары­ның құрылғанына – ме-рейлі 30 жыл. Астана қаласының мәс-лихаты елордамыз­дың өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Мәслихат депутаттары қала халқының тұрмыс сапасын жақсар­туға атсалысып, ел мүддесі жолында тын­дырымды еңбек етіп келеді. Қабыл­данған әрбір шешімде халықтың мүддесі, елдің болашағы басты назарда, – деп жаз­ыл­ған қала әкімінің құттықтау хатында. 
Іс-шараның модераторы, ЕҰУ рек­торы Ерлан Сыдықов күн тәртібінде мәслихат­тардың өңірлердің тұрақты дамуындағы және жергілікті басқарудағы рөлі орасан екенін атап өтті.
– Бүгін біз мәслихаттардың жергілікті басқарудың негізгі институты ретіндегі маңыз­ды рөлін талқылаймыз. Күшті мәсли­хаттар – тек өңірлердің тірегі емес, елдің тұрақты дамуының маңызды фак­торы. Бұл залда жергілікті басқаруды нығай­­туға шешім­­­дер ұсынуға дайын түрлі сала маман­дары жиналды. Біздің ой-талқымыз жергі­лікті билік алдында тұр­ған сын-қатер­лер мен мүмкіндіктерді терең­ір­ек түсінуге көмектеседі, – деп атап өтті Е.Сыдықов.
Астана қаласы мәслихатының төраға­сы Ерлан Қаналимов халық сайлайтын жер­гілікті өкілді орган жұмысының қоры­тындылары туралы айтып берді.
– Мәслихат – бұл ел заңнамасына сәй­кес, Астана халқының еркін білдіретін және мемлекеттік мүдделерді ескере отыр­ып, оны жүзеге асыру үшін қажетті шара­лар­ды анықтап, олардың орындалу­ын қада­ғалайтын өкілді орган. Ал біздің бас­­ты міндетіміз – ел өмірін жайлы әрі қау­іп­­сіз ету, ол үшін барлық мемлекеттік орган­дармен белсенді ынтымақтастық орнату. Мәслихаттар азаматтардың өтініш­терін қабылдайды және оларға ерек­ше назар аударады. Мәселен, елорда­дағы салалық мәселелерді шешу мақса­тын­да арнайы үш жылдық кешенді даму жос­парларын қабыл­дадық. Әкімдікпен бірлесіп, түрлі салада бірнеше үш жылдық кешенді даму жоспар­лары әзір­леніп, жүзеге асыр­ылды. Мысалы, денсау­лық сақтау жүйесін дамыту бойынша кешенді жоспар аясында құрылыс бастал­ғаннан бері жөндеу жүр­гізілмеген медици­на­лық нысандарға күрделі жөндеу жұмыс­тарына қаражат бөлдік. Қажетті заманауи жабдықтар сатып алынып, жалақыны кө­теру және басқа да маңызды мәселелер қолдау тапты, барлық емхана­ның жаңар­тыл­ған корпустары күрделі жөндеу­ден өтіп, тұрғындарға есіктерін айқара ашты. Сондықтан биыл ең алдымен елорда тұр­ғындары мен бүкіл ел үшін пай­далы істер­мен есте қалды деп үмітте­не­мін. Осы мүм­кіндікті пайдалана отыр­ып, бұ­рын­ғы және қазіргі әріп­тестерімді мәсли­хаттар­дың 30 жылды­ғымен шын жүректен құт­тықтаймын, – деді қатысу­шы­­­лар­ды құт­тықтаған елордалық мәсли­хат төрағасы Ерлан Каналимов.
«Қазақстан мәслихат депутаттары» РҚҚ төрағасы Төлеубек Мұқашев 30 жыл­да барлық мәслихат ықпалды билік орган­дарына айналғанын атап өтті. 
– Онсыз өңірлер мен қалалардың тұр­ақ­ты дамуын елестету мүмкін емес. Сіз­дердің қызметтеріңіз Астананың әр тұр­ғын­ының аманатын арқалап, қаланы абат­тандыруға қатысты шешімдер қабыл­дау­дан бастап, түрлі әлеуметтік, экономи­ка­лық, саяси салаларда маңызға ие. Жыл басындағы су тасқыны кезінде, одан кейі­нгі қаншама сындарлы шақта мәсли­хат­тың барлық буыны өздерін көрсете білді. Жер-жердегі әріптестеріміз халық пен атқарушы билік арасында көпір болып, әр алуан елдік жобалардың жүзеге асуына жол ашты, – деді Т.Мұқашев.
Іс-шарада сөз алған ардагер депуттар­дың бірі Тияқбай Бектаев мәслихаттардың бас қаланың өміріндегі алар орнына тоқ­тал­ды. 
– 1994 жылы мәслихатта жұмыс істей бастаған едік, содан бері отыз жыл болды. Бұл – маңызды сәт, өйткені мәслихат біздің қаламыз – Астананы құру мен қалыптас­тыру­да маңызды рөл атқарды. Біз секілді бірінші шақырылымдағы депутаттар үшін өзіміз еңбек еткен кез­ең­дегі жетіс­тіктер­мен бөлісу мақтан­ыш және осындай іс-шараларға қатысуға шақыру алсақ көңілі­міз­ге қуаныш ұялайды. Барлық депутат­ты мәслихаттар­дың 30 жылдық мерей­тойынмен шын жүректен құттықтаймын, – деді Тияқбай Бектаев.
Конференцияда Астана қаласы мәсли­хаты­ның I-VIII шақырылымның бірқатар депутаты ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Мәдениет және ақпарат минис­трлігінің Құрмет грамотасы, «Қазақ­стан мәслихатының Құрметті депутат­тары», «Еңбек ардагері», «Экология саласы­ның үздігі», «Еңбек сіңір­ген энергетик», «Наша­қорлықпен және есірткі қылмысы­мен күреске қосқан үлесі үшін» төсбелгі­лері­мен наградталып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мини­стр­лі­гінің, Су рес­урс­тары және ирригация министрлігінің Алғыс хаттары салтанатты түрде табыс­талды. 
– Елорда тұрғындары өздері сайлаған депутаттарды біледі, мәслихатқа түрлі сауалмен және мәселелермен жүгінеді. Депутаттар өз кезегінде әкімдікпен бірле­сіп, оларды шешу үшін жұмыс істейді. Сон­дықтан менің ойымша, мәслихат депут­аттары біздің мемлекетімізде шешу­ші рөл атқарады. Осында отырған Астана қаласы­ның депутаттарын айтулы мереке­мен құт­тықтаймын. Сіздерге амандық пен денсау­лық тілеймін, осындай атаулы іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын, – деді Бекбол Сағын.
Ғылыми-практикалық конференция­дан бөлек, іс-шара қонақтарына мұрағат­тық фотосуреттер мен құжаттар көрмесі дайындалды.
Конференция аяқталған соң Мәңгілік Ел даңғылындағы скверде «Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы» аллеясы ашылып, көшет отырғызу рәсімі өтті.

А.Бимендиева

Серіктес жаңалықтары