Ашхабадта Абай тұр
Өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанға арнайы сапармен барды. Сапар аясында Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында хакім Абайдың ескерткіші ашылып, оған Қазақ Президенті мен Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты.
«Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде. Жазда Астана қаласынан түркіменнің ойшыл ақыны Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші бой көтерген болатын.
Әлемнің көптеген елінде Абайдың ескерткіші, бюсті бар. Ашхабадтағы биіктігі 4,5, тұғыры 2,5 метр еңселі ескерткіш қоладан құйылған.
Біз осы ескерткіштің авторы, белгілі мүсінші Асқар Нартов мырзаға хабарласып, Абай ескерткішінің жасалу барысы жайында әңгімелескен едік. Әуелі мүсіншіден Абайдың мүсінші шығармашылығында алар орны туралы сұрадық.
– Скульптура өнерінде белгілі тұлғаның бейнесін жасау қашан да қиын. Өйткені тұлғаның болмысын ашу, оның шығармашыл адам екенін көрсету оңай емес. Одан гөрі еркін композиция жасау ізденімпаз мүсіншілерге қолайлырақ. Сол секілді Абай бейнесін жасау – еліміздегі барлық мүсіншінің арманы болса да, қоладан сом тұлғаны, ойшыл, ақын, дана Абайды кескіндеу қиынның қиыны. «Әркімнің өз Абайы бар» дейміз ғой, режиссердің, драматургтің, әдебиеттанушының, суретшінің әлеміндегі Абайдың сан түрін көрдік. Абайға жол тартқан өнерпаздардың ішінде ұлы ойшылға ұқсап бағуға тырысқандары да, тырысу идеясынан ары аса алмағандары да көп. Абай – жұмбақ адам. Оның жұмбағын шешу үшін әркім халінше ізденеді. Мен де Абаймен ауырған жанмын. Ағылшындар үшін Шекспир, немістер үшін Гете, қытайлар үшін Конфуций, өзбектер үшін Науаи қандай ұлы тұлға болса, біз үшін Абай – сондай тұлға. Абайдың артына қалдырған жазба мұрасы – бірер том ғой, ал ой мұрасы – өте көп. Оқып тауыса алмайсың. Себебі қайталап оқуыңа тура келеді, – дейді Асқар Нартов.
Асқар Маратұлы 1964 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1983-91 жылдары Эстонияның өнер академиясында «Мүсін өнері» мамандығы бойынша білім алған. Елімізге және шетелге танымал мүсінші. Америка, Франция, Жапония көрмелеріне қатысқан. Оның «Сақ көсемдері», «Сот төрелігі», «Тұлпар», «Ғарышкерлік стеласы» секілді елдің сүйіспеншілігіне бөленген көптеген композициясы қалаларымызға сән беріп тұр. Сондай-ақ Кетбұға жырау, Шәкен Айманов, Рақымжан Қошқарбаев, Қаныш Сәтбаев, Ыбырай Алтынсарин монументтерінің авторы. 2008 жылдан бері NewYork Realism халықаралық суретшілер қауымдастығының мүшесі. 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның мүшесі. «Құрмет» орденінің иегері.
Өзі айтқандай, бұған дейін де Қарағанды, Павлодар, Атырау және Бішкектегі Абай ескерткішінің авторы.
– Бұған дейін Қарағанды мен Павлодар, Атырауда Абай ескерткішін жасағанмын. Әр жолы енді қайта Абайға оралуым қиын шығар деп ойлаймын. Өйткені Абай – тұтас энергия. Оны жасау үшін барыңды аямайсың, жаныңды саласың. Әр жолы жасаған Абайың – өзінше бөлек Абай. Қайталайын десең де, қайталай алмайсың. Абайға оралған сайын жаңа әлемге тап боласың, ескі дүниелермен қоштасуыңа тура келеді. Сондай бір қызық сезімді бастан кешесің.
2022 жылы Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Абай ескерткішін жасауға конкурс жарияланды. Ойлана келе, Абайды басқа қырынан көргендей болдым да, өз нұсқамды (эскиз) жібердім. Менікі таңдалып, Бішкектен айтулы ескерткіш орнатылды. Биыл да Ашхабадтағы ескерткішке конкурс жарияланды, менің жұмысым таңдалыпты. Ол кезде шетелде жүр едім. Қатты толқыдым. Абайды мүсіндеу – бір жағы мақтаныш болғанмен, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Ол үшін Абаймен үнемі сырласуың керек. Абайды түсінбесең, онымен ой жарыстырып, шығармашылығына терең бойламасаң, тұғырдағы Абайдың бейнесін қиялыңда қашай алмайсың. Кез келген мүсін алдымен қиялыңда қашалады, содан кейін барып эскизін жасауға кірісесің, – дейді мүсінші.
Оның айтуынша ескерткіш композициясын жасауға танымал мүсінші Мұрат Сыдықов ерекше үлес қосқан. Ал Болатбек Салаев бастаған мүсіншілер қосыны ескерткішті қалыптаудың барлық жұмысына араласып, биік мүсіннің ойдағыдай шығуына көп тер төккен. Ашхабадтағы Абай ескерткішінің құрылысын «Қазреставрация» мекемесі жүргізген.
– Ашхабадтағы ескерткішке жақыннан назар аударсаңыз, хакімнің тұңғиық ойға батқан сәтін аңғаруға болады. Ақын әлдебір саябақта, ағаштар көлеңкесінде ойланып тұрғандай. Мұнда бір тыныштық бар. Ол тыныштық – ойшыл жанның шабытына ұйыған тыныштық. Ақын кең шапан киіп, сол аяғын алға қойып, оң қолын еркін ұстап, тұмса ойға батып тұр. Оның сенімділігі мен эмоциональды импульсі ішкі жан әлемінің тыныштығын, еркін саусақтар мен киімдегі төмен құлаған жұмсақ қатпарлар фигура динамикасының бір мезеттік айрықша күйін аша түседі.
Біз ұлы ақын, гуманист философтың бейнесін монументальды классикалық стиль арқылы минималды ою-өрнекпен жасауға тырыстық. Біз барынша бейненің сабырлы күйін айшықтауға мән бердік. Бұл күй – оның ойшыл, ақын, композитор екенін айқындайды. Абайдың «Толық адам» концепсиясын көрсетуге тырыстық. Рухтың сөзін айтуға бар күшімізді салдық. Себебі Абай – әлемге дүниенің тілімен емес, рухтың тілімен үн қатқан адам, – дейді автор.
Біз автордан еліміздегі ескерткіш өнерінің бүгінгі жайы туралы сұраған едік. Асқар Нартов бұл салада іргелі мектеп қалыптасқанын, дегенмен әлі де көп ізденіс керек екенін айтады.
– Елімізде батырға, биге, белгілі бір тарихи тұлғаларға ескерткіш тұрғызу көбейген. Бұл мүсіншілерді тақырыптан ауытқымауға, тапсырыс берушінің талабына сай жасауға итермелейді, былайша айтқанда, мүсіншінің қиялына белгілі деңгейде тұсау салады. Авторлық композиция жасау үшін тақы-рыптық еркіндік керек. Қалаларда еркін стильдегі философиялық әрі танымдық ескерткіштер көп болғаны шаһардың сәулетін ажарландырады, туристерге тартымды атмосфера сыйлайды. Әлемдегі ең танымал қалаларды араласаңыз, небір таңғажайып мүсіндерді көресіз. Шетелдік саяхатшылар ең алдымен сол мүсіндерге барып суретке түсіп жатады. Бір шаһардың брендіне айналған ескерткіштер де бар. Бұл – қала мәдениетінің бір көрінісі. Біздің қалаларымызға сол жетіспейді, – дейді Асқар Маратұлы.
Т.ӨСКЕНБАЙ