Ұрпақ сүйгің келсе, ерте емдел

Ұрпақ сүйгің келсе, ерте емдел
сурет: istockphoto.com
836

Былтырғы дерек бойынша елімізде мөлшермен 5,8 миллион отбасы бар. Халық саны және демо­графиялық өзгерістерге байланысты отбасылар саны да өсіп келеді. Қазақстанда орташа отбасы құрамы шамамен 3,5 адамнан тұрады. Бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде жо­ғарырақ болуы мүмкін, өйткені ауыл-аймақтарда көпбалалы отбасылар көп. Алайда елі­мізде отба­сылар саны артып отырғанымен, соңғы жылдары отбасы құрамы кішігірім бола бастаған. Бұ­ған урбанизация және экономикалық факторлар әсер етіп отыр дейді мамандар.

2023 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы балалар саны 6,5 миллион­ға таяу. Бұл жалпы халықтың шамамен 33,5 пайызы, яғни елдегі әрбір үшінші адам – бала. Елімізде туу көрсеткіші жо­ғары дең­гейде сақталып отыр. Мәселен, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты бол­ғаны­мен, 2022 және 2023 жылдары кейбір аймақтарда демо­графиялық өсімнің сәл төмендеуі бай­қалған. Мұның себептері де әртүрлі. Біз бүгін ұрпақ, бала, донорлық мәселесін қаузап көргелі отырмыз.  

20-25 пайыз отбасында мүлдем бала жоқ

Тақырыпты жан-жақты қамту үшін еліміздегі отбасылар туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын біраз ақтардық. «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғам­дық даму институты» 2021 жылы ажырас­қан ерлі-зайыптылар арасында ішкерілей сұхбат жүргізе отырып, «Ажырасу және оның салдары» әлеуметтану зерттеу нәти­же­лері бойынша талдама есебін жария­лапты. Әр түрлі зерттеу мен сауалнама­лар барысында алынған нәтижелер ажырасу­дың бірнеше себебін анықтаған. Респон­дент­тер ажырасуға зиянды әдеттер (мас­күнемдік, ойынқұмарлық, есірткіге тәуелділік), махаббат сезімін жоғалту, қыз­ғаныш, отбасылық міндеттерге жауап­сыздық таныту (материалдық қаражаттың жетіспеушілігі, жұмыссыздық), ерлі-зайыптылардың опасыздығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мінез-құлықтың сәйкес келмеуі, көзқарастарының ұқса­мауы, ата-ананың және басқа туыстардың араласуы, балалардың болмауы себеп болғанын айтқан. Атал­ған зерттеу ортақ балалары жоқ ерлі-зай­ып­ты­лардың жиі ажырасаты­нын көрсетіп отыр. Көрсеткіш көңіл көн­шітпейді. Елі­мізде ұрпақ сүйе алмағандық­тан 34,9 пай­ыз отбасы ажыра­с­ып кетеді. 
Статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайды. Жалпы, қазақстандықтардың шамамен 20 пайызы ортақ бала болмаса, ажырасқан жөн деп санайды екен.  
Былтырғы мәліметтерге сәйкес елі­мізде 20-25 пайыз отбасында мүлдем бала жоқ. Бұл пайыздық көрсеткішке бала сүймеген немесе балалы болуды кейінге қалдырған отбасылар кіреді. Баласы жоқ отбасылар­дың саны көбіне экономикалық және әлеуметтік факторлармен, соның ішінде урбанизациямен, мансапқа басым­дық берумен, сондай-ақ денсаулық немесе бедеулік мәселелерімен тығыз байла­нысты.
Денсаулық сақтау министрлігі елімізде сәби сүйе алмай жүрген ерлердің орташа жасы 37, ал әйелдердің орташа жасы 34 деп мәлімдеді. 
Жалпы, ЭКО, донор арқылы балалы болған отбасыларда ажырасу сирейтіні жиі айтылып жүр. Өйткені перзент сүюді көп­тен армандаған ерлі-зайыптылар бала өмір­ге келген соң жағымды эмоциялық сезім­дерді бастан кешіп, отбасының берік­тігі нығая түседі екен.

Тұрғындардың 52,5 пайызы дәрігерге қаралмайды 

Бізді 2022 жылы жарық көрген «Қазақ­стандық отбасылар» ұлттық баяндамасын­дағы «Ерлердің және әйелдердің репродук­тивті денсаулығы» тарауындағы мәлі­меттер қызықтырды.  Елімізде 2021 жылы 18 және одан жоғары жастағы адамдардың репро­дук­тивті денсаулығына әсер ететін несеп-жыныс жүйесі ауруларының жиілігі ер азамат­тарға қарағанда (274 044 жағ­дай) әйелдер арасында (878 524 жағдай) жоғары екен. Айырмашылық 604 480 адам. Соны­мен қатар несеп-жыныстық жүйе­сінің бүй­рек және несеп жолы тас­тары сияқты аурулары әйелдер мен (12 495 адам) қатар ерлерде де (10 819 адам) бірдей екенін байқадық. Бүйрек тубулоин­тер­­стициаль­ды ауруы әйелдерде – 226 484 жағдай, ал ерлерде – 97 284 жағдайды құрай­тыны алаңдатады. Сондай-ақ әйел­дер­де жатыр мойны эрозиясы мен эктро­пионы жиі кездесетіні айтылады. 
Ерлердің бедеулігі 2020 жылы 1 372 пациентте  кездессе, ал 2021 жылы 1 515 ер-азамат тіркелген. Әйелдердің бедеулігі 2020 жылы 16 187 пациентте, ал 2021 жылы 19 880 әйелде болған. Яғни, бай­қа­­ғанымыздай, елімізде ерлер және әйел­дер бедеулігі артып отыр. Бұл жерде біз тек тір­келген ер мен әйелдер санын ғана көріп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Ауруын жасырып жүрген ерлі-за-
й­ыптылар­дың нақты саны қанша екенін ешкім біл­мейді. 
 «Қазақстандық отбасылар» жинағы­нан отан­дастарымыздың репродуктивті ден­сау­лық жағдайы туралы әртүрлі деректерді көзіміз шалды. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 52,5 пайызы соңғы 5 жылда репродуктивті ден­саулықты қорғау (дәрігерлерге тек­серілу, скринингтен өту) саласындағы қызметтерді пайдаланбаға­нын көрсеткен. Қалған 44,8 пайызы ғана дәрігер­ге қаралып тұратындарын айтса, 2,8 пайы­зы жауап беру­ге қиналған. Дәл осы сұраққа ер адамдар әйелдерге қарағанда «иә» деген жауапты 1,5 есе аз таңдаған. Бұл да біраз мәселенің бетін ашатын мәлімет екенін ішіміз сезіп отыр. Бұл сөзімізді соңғы 5 жылда репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді пайдаланған ер адамдардың үлесі – 34,4 пайыз, әйелдер  53,4 пайыз деген статистика да қуаттай түседі. Бұл ер-азаматтардың репродуктивті денсаулықты сақтау мақсатында міндетті скринингтік тексеруден шұғыл өту қажет екенін көрсетеді дейді мамандар.  

Жүктілікке дайындалу – жауапты кезең

Дәрігерлер 35 жасқа дейін тұрмысқа шыққан әйелдер бір жыл ішінде жүкті бола алмаса, күйеуімен бірге гинеколог, репро­дуктолог мамандарға қаралу керегін айта­ды. Ал 35 жастан асып тұрмыс құрса, жүкті болу мерзімін алты ай ғана күтуі керек. Яғни, жарты жылдың ішінде жүкті болмаса, дереу мамандарға қаралуы тиіс. Өйткені жас ұлғайған сайын ұрық саны азайып, сапасы төмендейді. Ал балалы болуды жыл­дар бойы күтіп жүргендер 40 жаста мүлдем ұрық қалмайтынын түсінуі керек дейді мамандар. 
Донорлық жұмыртқа жасушалары өзді­гінен жүкті бола алмайтын әйелдер үшін –  балалы болудың бірден-бір жолы. Ме­дици­на саласында мұндай әйелдерді екі үлкен топқа бөліп қарастырады. Бірі  – әйелдің жұмыртқа жасушалары жоқ неме­се бала көтеруге жарамсыз. 

– 40 жастан кейін ЭКО жасаудың өзі нәти­жесіз болуы мүмкін. ЭКО-ны қырық­тан асқандарға донорлық ұрықпен жасай­ды, ал оған ұрынбас үшін ер мен әйел уа­қ­ы­ты­лы отбасын құруға тырысуы керек. Әйел заты 30 жасқа толғанға дейін 1-2 ба­ла­лы болғаны дұрыс, табиғаттың заңы сондай. Бірақ бүгінде әлеуметтің заңы басқа болып тұр. Қыздарымыз оқу, қызмет, мансап қуып, жағдай жасаймын деп жүріп кеш тұрмысқа шығып, әлеуметтік бедеу­лікке тап болып жатыр. Бүгінде кеш тұр­мыс­қа шығу, әке болуды кейінге шегерудің зардабын тартып жатқандар аз емес. Жас ұлғайған сайын балалы болу мүмкіндігінің де азаятынын ұмытпаған дұрыс, – дейді биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова.

Профессордың бұл сөзін дәрігер-репро­дуктолог Ислам Ерғалиев те құп­тайды. Оның айтуынша, егер ерлі-зайыпты үй­ленгеннен кейін бір жылдың ішінде жүкті­лік болмаса, бұған ер де, әйел де бей-жай қарамауы керек. 

– Репродуктолог маман ерлі-зайыпты­ның денсаулығындағы кінәратты дер кезінде анықтап, лайықты емдеу тәсіл­дерін ұсынады. Адамның өзінің және жұ­бының денсаулығына қамқорлық танытуы – тол­ық­қанды отбасын құру үшін өте маңызды фактор. Балалы бола алмай жүргендерге жол­дасыңыз да, өзіңіз де міндетті түрде дәрі­гердің тексерісінен өтіп, дұрыс тамақ­тану мен салауатты өмір салтына көңіл бөліңіз дегім келеді. Өйт­кені жүктілік процесіне дайындалу – әр жұп үшін жауап­ты кезең. Бұл кезеңде фи­зи­ка­лық, психоло­гиялық және эмо­ционалдық денсаулықты нығайту қажет,  – дейді дәрігер-репро­дуктолог.

Ерлердің ұрығына сұраныс жоғары

Маман соңғы жылдары елімізде ер адам­дардың ұрығына сұраныс артып келе жатқанын айтты. Бұған көбінесе қыздары­мыздың тұрмысқа шықпауы себеп екен. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Бұрын қыздарымыз ер адамның биоматериалын шетелден таңдайтын. Бұл оларға мораль­дық жағынан да, қаржылық жағынан да қиынға соғатын. Ал қазір қазақтың қыз-келіншектері қазақтың ұрығын сұрайды екен. 
Нәзік жандылар бұл мәселеге өте жауап­кершілікпен қарайтын көрінеді. Олар донордың қай жерде туып-өскенін, руын білгісі келеді. Негізінен, әйелдерге жалпылама анкеталық мәлімет қана ұсы­нылады. Олар еркектің ұрығын анкета­дағы осы сипаттары бойынша таңдайды. Онда ер адамның ұлты, руы, бойы, салма­ғы, білімі, бала кезіндегі фотосы көрсеті­леді. 
Елімізде ерлердің биоматериалына сұраныс артқанымен, донор тапшы. 

– Бүгінде ер адам ұрығының бір пор­циясы 40 мың теңгеден басталады. Он рет тапсырса – 400 мың теңге. Ұрық тапсыру­шылар саны көп емес.  Көбінде ерлер «Бір рет тапсырып көрейінші» деген қызығу­шылықпен келеді. Алайда 10 адамның тек екеуінің ғана биоматериалы донорлыққа жарамды болып шығады. Ұрығы жара­маған еркек балалы бола алмайды деген сөз емес. Баласы бар еркектердікі де жа­рам­сыз болып жатады. Бұл олар белсіз немесе енді ұрпақ сүйе алмайды дегенді білдірмейді. Тек донорлық ұрыққа қойы­латын талап өте жоғары болғандықтан ғана «сыннан» өтпей қалады, – деп түсін­дірді уролог Арман Есенұлы.  

Маманның талап жоғары деуі бекер емес. Ең әуелі ұрықты 200 градусқа дейін қатырып, сосын ерітеді. Бұл биоматериал­дың қаншалықты шыдамды екенін көрсетеді. Мәселен, жыныстық жолмен жұғатын адамның иммундық тапшылы­ғының вирусы, мерез, сары аурудың В, С түрлеріне тексереді. Бұл тексеруден соң ұрықты тағы үш айға қатырады, сосын қайта тексеріп барып, тағы үш айға қатыра­ды. Яғни, ұрық алты ай карантинде болады. Зерттеу қорытындылары жақсы нәтиже көрсетсе ғана оны қолдануға болады. Био­ма­тер­иалдан жоғарыда аталған ауру түрлері анықталса, ол ұрық жарамсыз деп есептеледі. 
Елімізде донор санының жетіспеуші­лігін дәрігер-репродуктолог Ислам Ерға-л­иев менталитетімізбен байланыстырады. Оның үстіне берілетін сыйақы мөлшері де аз. Оның айтуынша, 100 ер адамның 5-6-сының ғана ұрығы толық талапқа сай келеді. 

– Ер адам ұрығының сапасының жа­рам­­сыз болуының ең бірінші себебі – ұрық түзілетін аталық бездің әртүрлі аурулары, екіншіден артық салмақ, зиянды тамақ, үшінші – генетикалық бұзылыстар, төртіншісі – иммундық бедеулік, бесінші жыныс­тық жолмен жұғатын инфекция­лық аурулар, алтыншысы туа біткен жыныстық ақаулар, – деп талдап берді маман.  

Донор орталықтарын зерттегенімізде биоматериалдар сыйақысының да әртүрлі екенін байқадық. Ерлердің ұрығы кей орталықтарда 40 мың болса, кей жерлерде 80 мың теңгеден басталады екен. Әйел­дердікі де солай.  100-120 мыңнан 350 мыңға дейін.   
Бұл мәселеде тағы бір олқылық на-зары­мызды аударды. Елімізде өзінің биома­териал­ын өткізетін ер-азамат-тардың нақты саны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі олардың саны 200-ге жуық дейді. Нақты санының белгісіз болуының басты себебі донорларды тіркейтін ортақ база жоқ. Министрлік алдағы уақытта цифрлық тех­нологияға сүйеніп, ооцит және шәует донорларының бірыңғай регистрін жасау­ды жоспарлағалы бірнеше жыл өтті. Алайда бұл істің алға жылжитын түрі байқалмайды. Өйткені біз хабарлас­қан барлық орталық ортақ базаның әлі құрылмағанын жеткізді. Шетелде мұндай жүйелер әлдеқашан жолға қойылған. Алайда ерлер мен әйелдердің биома­териал­дарын сақтауға әлемнің бір­ша­ма елінде тыйым салынған. Дамыған Гер­мания, Италия, Оңтүстік Корея сынды елдер мен көршілес Өзбекстанда ооцит донорлығына мүлдем рұқсат жоқ. Ал Францияда бұл құпия түрде іске асырыла­ды екен. 
Қазақстанда донорлықты жүргізу және жыныстық жасушаларды сақтау ережесі Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен жүзеге асырылады. Донор­ларға қойылатын талаптардың барлығы заң шеңберінде жасалған. Донор өз биома­териалын 10 реттен артық бере алады, бірақ оның ұрығынан 10 бала туса, бұл донордан алынған биоматериалды одан кейін қолдануға болмайды. Яғни, бір донордың биоматериалынан 10 бала өмір­ге келсе, оның биоматериалы пайдаланыл­майды.  

Урологқа бару ұят емес

Шыны керек, біздің қоғамда ер адам­дардың урологқа қаралуы ұят саналады. Осы бір стереотиптен арылатын да кез келген секілді. Өйткені қоғам таңып берген жалған намысты баладан биік қою арқылы көптеген жылын жоғалтқан отбасылар аз емес. Оның үстіне, отба­сында бала болмаса ең әуелі әйелдің денсау­лығына жабатын қасаң көзқарас­тың да әлі тігісі сетіней қоймады. Өзі-
міз сырттай бақылаған осы жайт туралы уролог Арман Есенұлынан сұраға­нымызда: 

 – Ерлер арасындағы мұндай стереотип жайлап бұзылып келе жатыр. Көзі ашық, білімді жастар үйленерден бұрын денсау­лығына мән беріп, тексерілуге келіп жата­ды. Алайда сіз атағандай көзқараспен өмір сүріп жатқандар әлі де бар. Олар әсіресе еліміз­дің шалғай елді мекенінде тұратын­дар, – деді дәрігер.  

Маманның айтуынша, донорлар туыс­тық және тұрақты деп бөлінеді. Мәселен, ер адамның табиғи жолмен балалы болу мүмкіндігі жоқ болса, бауырының био­материалын пайдалана алады. 

– Егер бауыры болмаса, ұрықты крио­банктен алады. Алайда мұндайға келісетін әйел бар, келіспейтін әйел бар. Шариғат бойынша мұндай донорлыққа тыйым салынғандықтан, біз оларға бала асырап алуды ұсынамыз. Осы арада мәселе айна-л­ып шариғатқа тіреледі. Кейде ерлі-зайып­тылар донорлық жолмен балалы болуға келіспей жүріп алады да, он жыл-дан соң ойларынан айнып жатады. Алайда балалы болу кезінде әр жыл маңызды, әйелдің ағзасы жыл өткен сайын балалы болуға қарсы жұмыс істей бастайды. Бұл – жара­тыл­ыстың заңы. Сондықтан неғұрлым ерте қимылдап, тезірек шешім қабылдаған дұрыс,  – дейді уролог Арман Есенұлы.
Ғылым дамыған сайын адамның бала­лы болу мүмкіндігі де артып келеді. Бүгін­де шетелде жастар өздерінің биоматериа­лын алдын ала сақтап қояды. Мұның басты себебі – олардың отбасылық өмірге асық­пай­тыны, кеш үйленіп, жасы келгенде тұр­мысқа шығатыны. Сондай кезде балалы бола алмай жатса, сақтаулы тұрған өз био­ма­териалын пайдаланады. Жұ­мыртқа жасушаларын қатырып сақтауға және бір себеп – қатерлі ісік. Шетелде егер әйел жаман ауруға шалдықса, химия, сәу­лелік ем­дерді бастамас бұрын аналық жасушасын қатырып қоюды ұсынады. Себебі мұндай емнен кейін аналық ұрық қалмайды, әйел табиғи жолмен жүкті бола алмайды. Ал бүгінгі медицина аналық ұрықты 5-15 жылға дейін сақтауға мүмкіндік береді.

Ерлер бедеулігі 50 пайыздан асады

Соңғы мәліметтерге жүгінсек, ерлер бедеулігі 50 пайыздан асып бара жатыр. Уро­лог-андролог дәрігер Бахадыр Таш­пұлатов соңғы 30 жылда 20-30 жас ара­лығындағы жігіттердің өзінде спермо­грамма көрсеткіштері нашар екенін айтты. 

– Ерлердің репродуктивті денсаулық сапасының нашарлауына күйзеліс, қолайсыз экология, дұрыс тамақтанбау, семіздік, ұйқының бұзылуы әсер етеді.  Ал бедеуліктің ең кең тараған екі себебі бар. Біріншісі – туа біткен бедеулік, екіншісі – жүре пайда болған аурулар. Бүгінде спорт­пен айналысатын ер адамдардың ара­сында да бедеулік кездеседі. Өйткені олар бұл­шықеттерін жасанды түрде өсіреді, дәрі­гердің келісімінсіз түрлі пре-парат­ты қабылдайды. Сондай-ақ шылым шегу және ішімдік ішу де ерлердің денсау­лығына кері әсер етеді,  – дейді уролог-андролог дәрігер. 

Қазақстандық репродуктивті меди­цина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин бедеуліктің 35-40 пайызы әйел денсаулығына, 30-35 пайызы ерлерге қатысты, ал қалған 30 пайыз жағ­дайда ерде де, әйелде де кінәрат шығады дейді. 

– ЭКО жасауға келген ерлі-зайыптылар ара­сында ерлердің бедеулігі – 51 пайыз. Бүгінде ұрықтың сапасы әлсіреп, санының азаюына инфекциялар, дұрыс тамақтанбау әсер етіп отыр. Сондықтан біз тексеруді ылғи да ер адамнан бастаймыз. Әрбір ер- азамат некеге тұрар алдында спермо­грамма жасатса деймін, ал үйленбей тұрып екеуі кариотиптерін анықтаса, нұр үстіне нұр болар еді. Кариотип – адамның хромосома­ларының жиынтығын, олар­дың мөлшері, саны, пішіні секілді  барлық сипаттамасын көрсететін зерттеу түрі. Бұл әдістің бағасы да қолжетімді. Ал әйелдер гормонға анализ тапсырып, УДЗ жасатып, гинеколо­гиялық ауруы бар-жоғын анықтап алса, қаншама бедеуліктің алдын алуға болар еді, – дейді Вячеслав Локшин.

 

Серіктес жаңалықтары