Егемендік туралы декларация қалай қабылданды?

Егемендік туралы декларация қалай қабылданды?
937

Кем дегенде үш мың жылдан астам уақытты қам­титын ел тарихындағы әрбір тарихи дәу­ірлер мен кезеңдерге көңіл аударып, көзімізді жүгіртсек, олардың бәрінің тарихымызда алар орындары мен атқарар рөлі жеке-жеке бөлек әңгіменің жүгіне жатады.

Сол сияқты әрбір дәуір мен кезеңдер де уақыт жағынан бірнеше ғасыр­ларға созылады. Сондай кезеңдердің бірі –  еліміздің қазіргі заман тарихындағы Тәуелсіздік кезеңі. Тәуелсіздік кезеңінің басқа кезеңдермен  салыстырғандағы ең басты ерекшелігіне,  оның уақыт жағынан өте аз уақытты қамтитыны, ал мазмұн жағынан маңызды,  мән жағынан  ерек­ше болуы жатады. Қазақ елінің өз Тәуелсіздігін жариялағалы – 33 жыл, яғни ғасырдың үштен біріндей ғана уақыт өтіпті. Осы бір қысқа ғана тарихи кезеңдегі еліміздің қол жеткізген жетіс­тіктері мен табыстары қай салада, қандай бағыт­тарда болмасын орасан зор деуге тұрарлық. Ал мүмкіншіліктеріміз, тіпті де одан да күшті деуге болады.

Осы бір қысқа ғана тарихи кезеңдегі жетіс­тіктеріміз бен табыстарымызды Ел Тәуелсіздігін алған күнмен байланыстырып жүрген бола­тынбыз. 1991 жылдың 16 желтоқсаны – тарихы­мызда Тәуелсіздік жарияланған күн ретінде қала бер­еді. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал осы Тәуелсіздікке тура жол салып берген күн – Тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылдан­ған күні ұзақ уақыт бойы неге екені белгісіз, көлеңкеде қалып, соңғы жылдары ғана өзінің ала­тын орнына отырып, тұғырына қона бас­тады. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары 25 қазан – «Қазақ Советтік Социалистік Рес­публикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» қабылдаған күн ретінде арнайы мереке ретінде белгіленіп, оған «Республика күні» деген атау беріл­генін бәріміз білеміз. Бұл күн және де 1992 жылдан бастап бірнеше жыл бойы елімізде мерекеленді. Бірақ та тағы да ешбір себеп­сізден бұл күн 2000-жылдар ішінде мере­келер күні қатарынан шығарылды, тіпті тарихи дата ретінде аталынбай кетті. Тек 2022 жылдың 29 қыркүйегіндегі Пре­зидент Жарлығы бойынша 25-қазан «Республика күні» мемлекеттік мереке мәрте­бесіне қай­та ие болды. 
Қазіргі кезде көптеген адам арасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланған күн мен Тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылданған күнін шатас­тыру, тіпті оларды бір дата деп қарайтындар да бар. Соған байланысты төменде біз Тәуелсіздік туралы Деклара­цияның қабыл­данған күні – 25 қазан – Республика күні­нің қалай мереке болып саналатыны жө-н­ін­де ойымызды бөліс­пекпіз.  
Тарихи анықтамаға жүінсек, 1990 жылдың дәл осы күні Алматы қаласында Қазақ Кеңестік Социалистік Республика­сының 12-рет шақырылған Жоғары Кеңесі тарихи құжат – «Қазақ Советтік Социалис­тік Республикасының Мемле­кеттік еге­мендігі туралы Декларацияны» қабылдаған еді. Бұл тарихи құжаттың маңызы мен мәні әрі жоғары, әрі ерекше болғаны сондай, бұл күн «Ел Тәуелсіздігіне тура апарған дара да сара жол» деп баға­ланады. Олай болса, осы күн қалай тарихи датаға айналды, соған үңіліп, назар салып көрелік.
Қазақ елінің тарихында  XV ғасыр ортасында басталған хандық дәуір деп аталатын тарихи дәуір XVIII ғасыр басын­да Тәуке ханнан соң саяси бытыраңқылық кезеңіне аяқ басады да, келесі кезеңдерде одан әрі шиеленісе түседі. Оған сол ғасырда «жоңғар факторы» қосылып, жағдайды одан әрі күрделендіреді. Ақыры, XVIII ғасырдың 30-жылдары Ресей өзінің сәтті жүргізген дипломатиясы нәтиже­сінде қазақ билеушілерінің бір бөлігін өзіне қара­тады да, қазақ жеріне дендеп ене бастайды. Ал әскери-саяси  жолмен жүр­гізілген бағындыру саясаты XIX ғасыр орта­сына таман Ресей империясына то-лық­тай жеңіс әкеледі. Қазақ халқы тара­пынан болған қарсылық қозғалыстар күш­тердің тең болмауынан және басқа да себептерге байланысты жеңіліске ұшырап отырды. 
1864 жылы Ресейдің Шымкент бекіні­сін әскери жолмен алуы – қазақ жерін бағындырудың толығымен аяқтағанын көрсетті. Ал 1867-1868 жылдары жүргізіл­ген әкімшілік-басқару  реформасы Қазақ жерін Ресейдің толығымен бағындыр­ғанын заңдастырып берді. Бұл реформа – дәстүрлі қазақ халқының әкімшілік-басқару жүйе­сін түбегейлі өзгертіп, оның орнына жау­лап алған елдің басқару жүйесі мен әкім­шілік құрылымын енгізді. Осы кезден бастап қазақ халқы толы­ғымен отарлық езгінің қамытын мойнына ілді деуге бола­ды. Патшалық Ресей Қазақ жерінде өзінің отарлау саясатын барынша еркін жүргізіп, жергілікті халықпен санаспады. Олардың жерін күшпен тар­тып алып, онда орыс шар­уа­ларын қон­ыс­тандырды, кен орын­дарын ашып, өндіріс ошақтарын салды.   
XX ғасыр басындағы Алаш қозғалысы қазақ халқының арман-мүддесіне сай кел­ді. Азаттыққа ұмтылған Алаш зиялы­лары Алашорда үкіметін құрды, бірақ азамат соғысы­ның басталып кетуі, боль­ше­виктер партиясының жеңіске келуі алаштықтарды армандарына жеткізбеді. Жетпіс жылдай уақытқа созылған Кеңес билігі қазақ хал­қының азаттық туралы асыл арманын  айт­қызбаса да, жүрегінің түбінен суырып ала алмады. Азаттық идея­сының  халықтың санасында берік орныққанын жекелеген азаматтардың 1960-70-жылдардағы іс-әрекеттерінен көрініп отырды.  
Республика күнінің, яғни Тәуелсіздік туралы Декларацияның қандай тарихи алғышарттары бар десек, онда біз қазақ халқының Ресейге отар болған күннен бастап қарсы әрекеттерінің бәрін тарихи алғышарттарға жатқызамыз. Ал бергі тарихи алғышарттарға өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасынан басталған тарихи даму барысын жатқызамыз. 
1985 жылы Қазақстан Республикасы  құрамында болған КСРО атты алып им­перияға Бас хатшы болып М.Горбачев келіп, экономиканы қарқынды түрде дамыту үшін «қайта құру» саясатын жария­лады. Өйткені Кеңес Одағында 1960-жылдардың ортасында жүргізілген экономикалық реформа алғашында оң нәтижелер бергені­мен, 70-жылдарға таман Коммунистік партияның шылауын­да қалып, аяқсыз қалды. Сол кезден бастап экономикадағы тоқырау басталып, ол үдеріс қоғамның барлық саласы мен астарына өзінің теріс жақтарын енгізіп жібереді. 1980-жылдар­дың бірінші жар­тысында Бас хатшылық қызметке келген қартаң басшылар ешқан­дай батыл әрекет­терге бармады. 
 Жаңа басшы өз бағытын «қайта құру» деп жариялап, оны жүзеге асыру үшін «же­дел­дету», «демократияландыру», «жария­­лылық» деп аталатын бағыттарды өмірге енгізе бастады. Бірақ та нақты істен гөрі құр жалаң сөзі көп бұл бағыттардың нәти­желері онша болмады. Алып империя­ның экономикалық даму үдерісі одан әрі те­желе бастап, көп ұзамай жалпы дағдарыс бүкіл елге жайылды. Ал ол өз кезегінде  бұл үдеріс әлеуметтік өмірге кері әсерін тигізді, ал ол үдеріс ұлтаралық  қатынас­тарға кері ықпал етті. Сөйтіп, Кеңес Ода­ғы­ның жеке­леген аймақтарында ұлт­ара­лық қатынас­тардың ушығуы күшейді де, ол дүрдараз­дыққа ұласа бастады. Көп ұзамай алғашқы қан төгілген ошақтар пайда бола бастады. Орталықтағы жоғары билік ушыққан мәсе­лелерді дұрыс шеше алмады.
Кеңес қоғамы және оның азаматтары 1920-1950-жылдардағы өз тарихының ақтаңдақтарын жариялылық арқылы біліп, оның себептерін Коммунистік партияның үстемдігінен, оның Сталин секілді басшы­лы­ғынан деп қабылдады. Алғаш рет кеңес­тік кезеңде жаппай ста­лин­­дік саяси қуғын-сүргін туралы, Украи­надағы голодомор, Қазақстандағы аштық туралы айтыла бас­тады. Осылайша, мұн­ың барлығына Коммунистік партия мен оның басшылығы,  шама­дан тыс орталық­тан­дырылған  жо­ғары биліктің жетекші­лері  кінәлі делінген пікірлер үстемдік құра бастады.     
Міне, осы жағдайлардың бәрі жинақ­тала келе Кеңес Одағын құрап отырған республикалардың Тәуелсіздікке ұмтыл­уы­­на, Орталықтың үстемдігінен құтылуы­на итер­меледі.
«Қайта құру» саясаты жарияланғаннан кейінгі 3-4 жыл ішінде КСРО көлемінде 70 жылдай уақытта қордаланған барлық мәселе 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өткен КСРО Халық депутат­тары­ның I съезінде аузы ашылып кеткен жарадай толығымен көрініс берді. Бұл съездің бір ерекшелігі сонда, ол тікелей эфир арқылы бүкіл Одаққа таратылып жатты. Осы жолдардың авторы сол кезде съездегі әр депутаттың сөзін мұқият тыңдап, ертеңіне ондағы кейбір батыл ойлар мен ұсыныстарды өз орталарымызда талқылаушы едік.
 Съездің ашылған күнінің алғашқы сәтінен бастап-ақ оның жұмыс бағыты Кремль басшылығы ойлағандай болмады. Грузиядан сайланған бір депутат  съездің регламентіне қарамай, мінбеге шығып алып, 1989 жылы сәуір айында Тбилиси қала­сында болған қырғынның құрбан­дарын еске алу үшін үнсіз орындарынан тұруды және сол оқиғаға қатысты съездің шешімімен комиссия құруды ұсынғаны есімізде. Одан кейін сөз алған барлық деп­утат өз аймақтарындағы әртүрлі түйінделіп қалған, шешімі табылмаған проблемаларды айтып жатты. Міне, осыдан кейін съезд жұмысы компартия­ның алдын-ала дайындап алған сценарийі­мен емес, ескегі жоқ қайықтай  басқа арна­мен, басқа бағытпен жүріп кетті десе болады. 
Қазақстанда Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы КСРО депутаты Мұхтар Шахановтың осы съездің бір мәжі­лісінде сөйлегені әлі есімізде. Жалпы алғанда, бұл съезд Кеңес Одағы экономи­касының барлық саласы және бағыттары бойынша тұралап қалғанын, құлаудың немесе күйреудің алдында тұрғанын көрсетті. Сонымен бірге коммунистік идеологияның өміршең еместігін, КОКП-ның жетекшілік рөлінің төмендегенін, Мәскеудегі Орталық биліктің қауқары әлсірегенін және одақтас республикалар­дағы басшылықтың рөлі мен беделінің арта бастағанын  көрсетті.
Съезден кейін әлеуметтік-экономи­калық ахуал одан әрі тереңдей түсті де, ол ішкі-сыртқы саяси жағдайға әсер етіп жатты. Ал оны тоқтатудың, дағдарыстан шығудың жолын Орталық билік таба алма­ды. Дәл осы кездегі КСРО жағдайын толқынды күні теңізде ескегінен айырыл­ған қайықшыға теңесе болар еді. Алғаш рет осы тұста Балтық жағалауындағы үш рес­пуб­ликаның  тәуелсіздік, егемендік туралы ойлары ашық айтыла бастады. Қызыл империяны сақтап қалу үшін Орталық билік 1990-жылдың бірінші жартысында федерация, конфедерация негізінде жаңа келісімдер жасау, тіпті  Жаңа Одақтық шарт жасау туралы идея­ларды алға тарта бастады. Сөйтіп, оның жұмысы басталып та кетті.
Бірақ оған қарамай Балтық жағалауын­дағы үш ел – Литва, Латвия және Эстония өз егемендіктерін жариялап, өзге респуб­лика­ларға үлгі көрсетіп, батыл қадамдар жасады. Осы кезде Қазақстанда да дәл Орталықтағыдай, Батыс жағалауындағы елдердегідей, Украина мен Грузиядағыдай болмаса да, саяси өмір жандана бастаған еді. Ол қоғамдық өмірді айқындайтын күшке айналмаса да, оның айқын көрінісі бола білді. Демократиялық күштер мен жариялылықтың ықпалымен 1989 жылы Алаш арыстары ақталып, одан кейін Жел­тоқсан оқиғасына қатысып сотталған­дарға кешірім жасала бастады. 1990 жылы шілдеде еліміздегі барлық ұлттық-демо­кратиялық бағыттағы саяси күштердің бірігуімен «Азат» республикалық азамат­тық қозғалысы дүниеге келіп, өз жұмысын белсене жүргізе бастады. Қозғалыстың аты­нан көрініп тұрғандай, оның мақса­ты –  ел­дің азаттығы, егемендігі, тәуелсіздігі болды.
  Елдегі мұндай саяси демократиялық үдерістер мемлекеттік билікке де әсер ете бастады. 1990 жылғы 25 наурызда рес­публика Жоғары Кеңесінің кезекті XII шақырылымына сайлау болып, ол сәуір айында өз жұмысына кірісті. Бұған дейінгі Жоғары Кеңеске сайлаулар шексіз билікті иеленіп отырған Коммунистік партияның басқаруымен, қатаң бақылауымен жүр­гізіліп, әрбір депутаттыққа үміткер қатаң тексерістерден өткізілетін. Бұл жолғы сайлауда қоғамда болып жатқан демокра­тиялық үдерістер ескеріліп, терри­ториялық принципке сай сайлау округ­терімен қатар қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық одақтар атынан 90 де­путат­тық мандатқа рұқсат берілді. Соның нәтижесінде халық қалаулыларының 90 депутаттық мандатын елімізге белгілі бірнеше ондаған алдыңғы қатарлы заңгер, экономист, қоғамтанушы ғалым, жоғары оқу орындарының ректоры, шығармашылық одақтың жетекшісі, мүшесі иеленді. Бар­лық 360 депутаттың 7-еуі – ҚазКСР Ғы­лым академиясының ака­демигі, 48-і ғылым докторы мен кандидаты, 23-і КСРО мен ҚазКСР мемлекеттік сый­лығының иегері, 11-і  Кеңес Одағының Батыры мен Социа­листік Еңбек Ері атағын иеленгендер еді. Сайланған 7 академик сол тұстағы  Қазақ елінің ұлы ғұламалары – Жабайхан Әб­ділдин, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Әлиев, Манаш Қозыбаев, Шахмар­дан Есенов, Айтмұхамед Абдуллин, Салық Зиманов болатын.
Егемендік Декларациясын қабылдауда қоғамдық ұйымдар, ғылыми мекеме­лерден және шығармашылық одақтардан сайлан­ған депутат-тұлғалар ерекше рөл атқарды. Ұлттық құрам жағынан алғанда сайланған депутаттардың 181-і қазақ, 100-і орыс, қал­ған­дары басқа ұлт өкілдері болды. 12-шақырылған Жоғары Кеңес Төрал­қасының төрағасы болып ма-
ман­дығы экономист Ерік Асанбаев сай-
ланды.
Бұл Жоғары Кеңес ел тарихында екі тарихи заңды қабылдауымен ерекшеленді. Алғашқы құжат – «Президент туралы» заң, осы заңға сәйкес Жоғары Кеңес 1990 жылы 24 сәуірде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Назарбаевты Қазақ КСР-нің Президенті етіп сайлады.
Екінші заң – «Қазақ КСР-нің Мем­лекеттік егемендігі туралы» Декларация еді. 1990 жылдың көктемі мен күз айлары аралығында КСРО-ның саяси өмірінде ыдырау үдерісі өте жоғары қарқынмен жүре бастады. Балтық елдерінің егемен­дігін басқа республикалар жалғастырып, егемендіктері туралы декларацияларын барлық республика жарыса жариялап жатты. 1990 жылдың қазан айына дейін тек Қазақстан мен Қырғызстан ғана әлі жариялай қойған жоқ еді.
Айтуға оңай болғанымен, бұл маңызды құжатты қабылдау депутаттар арасында үлкен идеялық, саяси күрес арқылы жүрді. Негізінен, Егемендік туралы Декларация­ның үш жобасы дайындалды. Біріншісін Жоғары Кеңестегі «Демократиялық Қазақ­стан» деп аталатын қазағы бар, орысы бар, басқалары бар, орыстілді 30-дан астам мүшеден тұратын депутаттар тобы даяр­лады. Олар Декларация жобасын қазан айының басында мерзімді баспасөз бе­терінде жариялап жіберді. Бұл жоба бой­ынша Қазақстанда көпұлтты этностар өмір сүріп жатқандықтан, жаңа қоғамды құру ұлттық мемлекеттілік тұжырым негізінде емес, азаматтық қоғам ұстанымы негізінде болуы  қажеттігі тұжырымдалды, өйтпеген жағдайда, болашақта бұл қо­ғамда келеңсіз жағдайларды көп туғызады делінеді. 1989 жылы қыркүйекте қабыл­данған «Қазақ тілі туралы» заңның болуы­на қарамастан олар жасаған Декларация жобасында орыс тілі ресми мемлекеттік тіл болады деп жазды. Бұл жоба, әрине қазақ азаматтарының қатты қарсылығын туғыз­ды.
Жоғары Кеңестің жұмыс тобы Декла­ра­­ция­ның негізгі жобасын дайындап, талқы­лауға ұсынды. Қазан айының бірінші жар­тысы Декларация жобаларын талқы­лауға кетті десе болады. Сондай-ақ халық қалаулыларынан, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарынан, жекелеген азамат­тардан көптеген ұсыныс, толықтыру, өзгеріс туралы пікірлер Жоғары Кеңеске түсіп жатты. Осылардың бәрін ескере келе, Жоғары Кеңес заңгер-академик, ұлтжанды азамат, депутат Салық Зиманов бастаған арнайы комиссия құрып, оған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отыра Деклара­ция­ның жаңа, толықтай нұсқасын, басқаша айтқанда, үшінші нұсқасын жасауды тапсырады. Салық Зиманов бұған дейін академик Ж.Әбділ­диннің басқаруымен Алаш арыс­тарын ақтаған комиссия құра­мында жұ­мыс істеген еді. Бір аптадан астам уақыт бойы жұмыс істеген С.Зиманов комис­сиясы Декларацияның соңғы жобасын Жоғары Кеңеске 15-қазанда ұсынды.
Жобаны талқылау өте қызу және қар­қынды жүрді. Депутат Салық Зиманов басқарған жұмыс тобы әзірлеген «Еге­мендік туралы Декларация» Жобасы­ның Жоғары Кеңестің мәжілісінде қалай тал­қыланып және қандай сындарға төтеп бергенін әрі заңгер, әрі тарихшы, әрі журналист, әрі мем­лекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхамед Egemen Qazaqstan газетінің өткен жылдардағы бір санында керемет қылып баяндап бергені есімізде. Стен­нограммаға негіз­деліп мақалада жобаны талқылау бары­сында ондағы әрбір баптың, әрбір сөйлем­нің, ашық талқылаудан өтіп, бір­ден дау­ыс­қа салынып отырғанын көреміз.  
Ақыры, ұзақ талқылаудан соң, 1990 жыл­дың 25 қазан, жұма  күні 18 сағат 55 минутта ҚазКСР-нің 12-шақырылған Жо­ғары Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны көпшілік дауыспен қабылдады. Дауыс беру қорытындысы бо­йынша Декларацияны 261 депутат қолдап, 71 депутат қарсы дауыс береді, 2 адам қалыс қалса, 1 адам мүлде дауыс бермеді. Осы­лайша, Қазақ КСР-і Одақ құрамындағы республикалар арасында 14-болып «Еге­мендік туралы Декларациясын» жария етті. «Әлемді сұлулық сақтайды» деген қанат­ты сөздің жалғасы іспетті «Қоғамды зиялылық бастайды» деген сөздің ақиқа­тын осы жерде көруге болады. Көп ұзамай Қырғыз елі де осындай заңын қабылдады.
Қабылданған Егемендік туралы Дек­ларация 17 тармақтан тұрды. Онда Қазақ мемлекеттілігін құруда, қоғамды қалып­тас­тыруда жалпы адамзаттық құндылық­тар мен принциптер басшылыққа алы­натыны айтылды. Қазақ КСР одақтағы бас­қа мүше­лермен ерікті түрде бірігетін және олармен  келісім-шарттар негізінде қатынастар жасайтын егемен ел деп жарияланды. Сондай-ақ Декларацияда Қазақстандағы биліктің қайнар бастауы және иесі Қазақ­стан халқы деп жария­ланды. Сонымен бірге, бұл маңызды құжат­та Қазақ КСР-нің территориясы тұтас, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім пайда­лана алмайды делінді.
Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа, яғни, заң, сот және орын­даушы болып бөлінетіні жария етілді. Соны­мен бірге, Қазақ КСР аума­ғында Ата Заң мен ел заңдарының үс­темдік құратыны, ел аумағындағы ұлттық байлық республи­ка­ның дербес меншігі болатыны, халықара­лық қатынастарда Қазақ КСР-і жеке субъ­ект болатыны және ішкі саясатты өз мүд­де­сіне сай анық­тайтыны, егемендіктің басты белгілері – мемлекеттің Елтаңбасы, Туы және Әнұраны болатыны мәлімделді.
Арада 1 жыл және 1,5 ай өткеннен соң Қазақстан Республикасы Егемендік туралы Декларациясын негізге ала отыра, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақ Елінің Тәуел­сіздігі туралы» заң қабылданды. Сөйтіп, Егемендік Декларациясы ел Тәуелсіздігіне негіз қалаған және жол ашқан тарихи маң­ыз­ды құжат болып саналады. Сол себепті де, осы құжат қа­был­данған күн – 25 қазан ел тари­хындағы аса маңызды тарихи күн болды және ұлттық мереке – Республика күні болып саналады. Мерекеміз ұзағынан болсын және  құтты болсын!

Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА  академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

 

Серіктес жаңалықтары