Ми күнді кітап сияқты бөлімдерге бөледі

Ми күнді кітап сияқты бөлімдерге бөледі
сурет: istockphoto.com
491

Кейбір күндері өмір романға ұқсап, махаббат, жұмбақтар, қорқыныш немесе қиялға толы болып сезілуі мүмкін. Сондықтан адам миының оқиғаларды кітаптың тарауларындай жеке-жеке бөліп бақылайтыны таңғаларлық емес. АҚШ-тағы Колумбия университетінің зерттеушілері осы «бөлімдерге бөлу» механизмін зерттеп, адамның бір жерден екінші жерге ауысуы немесе іс-әрекетін өзгертуі ми белсенділігінің айтарлықтай өзгерісіне әкелетінін растады.

Мұндай сегментация миға өмірдің үздіксіз ағынын түсінуге көмектеседі, бірақ мидың қай жерде жаңа тарау бастап, қай жерде аяқтайтынын қалай анықтайтыны енді ғана белгілі бола бастады.  

Жаңа зерттеу бұл процестің адамның жеке басымдықтары мен маңызды деп санаған нәрселеріне тәуелді екенін көрсетті.

«Біз мидың жаңа тарауларды тек сыртқы жағдайлардың өзгеруіне байланысты қалыптастыратыны туралы теорияны сынап көргіміз келді. Яғни, мидың белсенділігі өзгерістерге тек сезімдік реакция ретінде пайда болады деген оймен келіспедік»,** – дейді Колумбия университетінің психология профессоры Кристофер Балдассано.

«Біздің зерттеуіміз мидың өмірдегі оқиғаларды біз үшін маңызы бар бөлімдерге белсенді түрде бөлетінін анықтады», – деп түсіндірді ол.

Мысалы, автобус аялдамасынан кофеханаға көшу автоматты түрде жаңа тарау басталатынын білдірмейді – егер осы уақыт ішінде сіз маңызды әңгімеге көңіл бөлсеңіз, сол оқиға жалғасқан бөлім болып есептелуі мүмкін.

Ғалымдар төрт түрлі орын (мейрамхана, әуежай, азық-түлік дүкені және дәріс залы) мен төрт түрлі оқиға (айырылысу, ұсыныс жасау, іскерлік келісім және кездейсоқ танысу) қамтитын 16 қысқа аудиоқисса дайындады.  

415 қатысушы осы аудиооқиғаларды тыңдауға шақырылды. Кейбір жағдайларда олардың ми белсенділігі бақыланса, кейбіріне оқиғаның жаңа бөлімі басталғанын батырма арқылы белгілеу тапсырылды.

Зерттеушілер қатысушыларды оқиғаның әртүрлі аспектілеріне назар аударуға бағыттаған. Мысалы, мейрамханада ұсыныс жасалатын оқиғада олардан ұсынысқа немесе тамаққа басымдық беріп қарау сұралды. Бұл тәжірибе адамның миының жаңа тарауларды ұйымдастыруына қазіргі басымдықтар мен мақсаттардың әсер ететінін көрсетті. Сондай-ақ өткен тәжірибелер де маңызды рөл атқарады.

Енді зерттеушілер болашаққа қатысты күткеніміздің тарауларды жазу мен естеліктерді қалыптастыруға қалай әсер ететінін зерттеуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта әлі де көп нәрсені зерттеу қажет.  

«Бұл нәтижелер өткен тәжірибелеріміз бен қалыптасқан сценарийлердің қазіргі қабылдауымызға қалай әсер ететінін көрсетеді», – деп жазады зерттеушілер өз мақаласында. 

Зерттеу Current Biology журналында жарияланды.

Серіктес жаңалықтары