Түркияда теракт ұйымдастырған 2 адамның көзі жойылды
Олардың аты-жөні анықталып жатыр
Бұған дейін Түркияның Анкара қаласында әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының маңында теракт болғанын хабарлаған едік. Бұл лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деген екі күдікті мерт болды, тағы бір адам бостандықта жүргені айтылады. Бұл туралы Түркияның Sabah агенттігі хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, жергілікті уақытпен сағат 15:20 шамасында Анкараның Кахраманказан ауданындағы «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының жанында бомба жарылды. Жарылыстар мен оқ даусын естіген қауіпсіздік күштері, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына дереу жеткен.
Түркия Ішкі істер министрі Али Ерликая екі лаңкестің (әйел адам және ер адам) көзі жойылғанын растап, олардың аты-жөні анықталып жатқанын хабарлады. Ол сондай-ақ, соңғы лаңкес жойылғанға дейін күрестің жалғасатынын айтып, ресми ақпарат көздерінің мәлімдемелеріне құлақ түруді сұрады.
– Біз лаңкестерді анықтауды жалғастырудамыз, олардың кім екенін анықтағаннан кейін олардың қай лаңкестік ұйымға жататынын хабарлаймыз, – деді министр.
Ел президенті Режеп Тайып Ердоған БРИКС саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде 4 адамның қаза тауып, 14 адамның жараланғанын хабарлады.
– Осы жантүршігерлік лаңкестік әрекетті айыптаймын, шейіттерімізге Алладан рақым тілеймін, – деді.
Елдің Әділет министрі Йылмаз Тунчтың айтуынша, Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеуді бастап, оқиғаны тергеуге бас прокурордың 1 орынбасары мен 8 прокурор тағайындалған.