Оралдағы балалар алаңында итке оқ атқан ер адам іздестіріліп жатыр

Қазіргі уақытта полиция құқық бұзушыны анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.

Оралдағы балалар алаңында итке оқ атқан ер адам іздестіріліп жатыр
Сурет: istockphoto.com
303

22 қазан күні сағат 22:08-де Орал қаласындағы Әбілхайыр хан көшесі, 101 мекенжайындағы үйдің ауласында орналасқан балалар алаңында белгісіз ер адам итке оқ атты, деп хабарлайды turkystan.kz порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта итке ота қажет, себебі оқ оның басына тиген. Бұл туралы иттің иелері әлеуметтік желіде мәлімдеді. 

«Бұл біздің аулада бірінші рет болып тұрған оқиға емес. Осыған дейін де итті қарудан атып өлтірген жағдай болды. Учаскелік инспекторға арыз түсіргенбіз, бірақ ешқандай нәтиже болған жоқ. Бұл жолы біздің ит тірі қалды, алайда оның басында оқ бар. Ветеринарлық клиникада жасалған рентген қорғасын оқтың бар екенін көрсетті. Балалар әрдайым осы алаңда басқа да иттермен ойнайтын. Әзірге бірде-бір бала зардап шеккен жоқ, бірақ аулада иттер адамдардың қолынан жиі қаза табады», — делінген жазбада.

Оқиғаға байланысты Орал қаласының полиция басқармасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 316-бабы 1-бөлігі «Жануарларға қатыгездік көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Бұл бапқа сәйкес 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Қазіргі уақытта полиция құқық бұзушыны анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.

Серіктес жаңалықтары