299
Алматыда жасөспірім экскаватордың астына түсіп қаза болды
Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Алматы қаласының Алатау ауданында мопед, жеңіл көлік және экскаватор соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.
Таңғы сағат 08:10-да 15 жастағы жасөспірім Алғабас ықшам ауданындағы Доспанов көшесі бойымен солтүстік бағытта мопедпен қозғалып келе жатқан. Қозғалыс барысында мопед Chevrolet көлігімен соқтығысып, мопед жүргізушісі мен 16 жастағы жолаушысы жолға құлаған.
Жолда жатқан мопед жолаушысы экскаватордың астына түсіп, ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапқан.
«Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген хабарламада.