258
Францияның әскери оркестрі алғаш рет Қазақстанның әнұранын орындады
Париждің басты көрікті жерінде алғаш рет Мемлекеттік ту көтеріліп, әнұран орындалды
Париждегі салтанат қақпасы жанында Францияның әскери оркестрі тұңғыш рет Қазақстан гимнін орындады. Бұл туралы Француз Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мәлім етті.
Республика күні қарсаңында Париждегі Триумфалдық аркада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда осы елді азат еткені үшін қаза тапқан қазақстандықтарды еске алу үшін Мәңгілік алаудың жанына гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті. Осыған орай Париждің басты көрікті жерінде алғаш рет Мемлекеттік ту көтеріліп, әнұран орындалды.
«Францияны азат еткені үшін қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу рәсімін Қазақстан Елшілігі «Мәңгілік алау комитетімен» бірлесіп ұйымдастырды. Гүл шоқтарын ҚР Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, 8-ші округтің мэрі Жан Д’Отсер және 17 округ мэрінің орынбасары Алин Бессис қойды», — делінген Елшілік хабарламасында.