Қостанай облысында тасқыннан қырылған мал шығыны өтеліп жатыр

Ветеринария басқармасы басшысының айтуынша, облыс бойынша осы күнге дейін 3520 өлген малға өтемақы берілген.

Қостанай облысында тасқыннан қырылған мал шығыны өтеліп жатыр
202

Қостанай облысында тасқын кезінде бес мыңға жуық ірілі-ұсақты мал қырылған, деп хабарлайды turkystan.kz порталы 24kz телеарнасына сілтеме жасап.

Қазір үкімет берген өтемақы есебінен шығынның басым бөлігінің орны толды. Шаруалар төрт түлігін түгендеп, қора-қопсыларын жөндеп, қысқа қамданып жатыр. 

Байғабыл ауылдық округіне қарасты осы бір жер аумағында он шақты шаруа қожалығы бар. Олардың барлығы мал ұстайды. Өткен көктемгі тасқын кезінде солардың екі мыңға жуық ірілі-ұсақты малы шығын болған. Бүгінде олар өтемақыларын алып, мал басын қалпына келтіріп жатыр.

Амангелді ауданының төңірегіндегі шаруалардың ішінде ең көп зардап шеккені - ағайынды Тұрамағанбетовтер. Ағалы-інілі Мырзағали мен Мұраттың ұсақ қой-ешкілерін айтпағанда 512 ірі қарасы мен 129 жылқысы қырылған. Оның сыртында қыстақтағы үй-жайы, қорасы бұзылып, техникасы бүлінді. Бірақ олар оған мойыған жоқ. Мемлекеттен тиісті өтемақыларын алып, бірінші кезекте мал жинауға кірісті.

"Ірі қара мал 300-дің үстіне шықты. Ал жылқы малын орнына келтіріп алдық. Қора-қопсыны қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. Осы күн салқын түскенше бітіреміз деп ойлап отырдық. Қазіргі кезде шөп шабу кезеңін аяқтадық. Қазір шөбімізді бәрін жинап, буып-түйіп, қысқа дайынбыз. Енді сол қораның жұмыстары қалды", - дейді шаруа Мырзағали Тұрмағанбетов. 

Өтемақы мөлшері көптің көңілінен шығып отыр. Қой басына 60 мың теңге, ешкі одан да қымбат. Сиырға 400 мың теңге, жылқыға 700 мың теңге шамасында төленеді. Әрине, малдың жасына қарай төлем мөлшері де әртүрлі. Бірақ нарықтық бағаға сай. Амангелді ауданы бойынша бірінші кезеңде өтемақыға 77 адамнан өтініш келіп түскен. Оларға 1 млрд-тан астам теңге төленді. Қазір құжат қабылдаудың екінші кезеңі жүріп жатыр.

"Ауыл шаруашылығы министрінің 167-ші бұйрығы бойынша документтерді қабылдау мерзімі ұзартылған. Соған байланысты тағы да құжат тапсырған адамдар бар. Оның бәрін комиссияның қарауында болып, енді қазір өтемақы төлеу сұрағы шешіледі. Ақша бөлініп, төленейін деп жатыр", - дейді Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Абай Шөкенов. 

 

Серіктес жаңалықтары