«Жас жүрек жайып саусағын...»

«Жас жүрек жайып саусағын...»
сурет: istockphoto.com
424

...Ай – адамдар адасып кетпесін деп түнде жанған жалғыз шырақ. Біреу бірдеңесін күндіз жоғалтып, түнде іздейді, бұл – қасірет. Ал түнде жоғалған нәрсе күндіз табылмаса, бұл енді – күлкілі қасірет.

Түнекті тіліп түскен жалқы жарықта бір құдірет бар. Ол өзіне, өзінің тылсым тұң­­­­ғиығына тартады. Сырласып, мұң шақ­қың келеді. Түндегі түннің сыры. Күндіз айтылмайтын түнгі сыр. Басқаша айтсақ, күндіз, тапа-тал түсте, төрт көзің түгел отыр­ғанда, адамдардың бір-біріне жасаған опасыздығы. Күндіз, тапа-тал түсте, оған айта алмаған махаббатың, сосын одан өзің күткен оның өз сөзі...
Адам дегеніміз – сөйлейтін, ойлайтын және осы екеуін ақылмен іске асыратын «омырт­қалылар» (хайуани әрекеттеріне қарай). Бірақ олардың омыртқасыздығын (опасыздық) уақыт әрдайым әшкере етсе де, мойны басы былқылдып арада жүретін адамдарды қоғамдық орта қалыптастырып, әлдебір саяси жүйе қызығын көрген. Рас, адам­дар деген сөз көпше түрде тұрғанымен, ол одан да көп, мың-миллион. Адамдар – тіл­ге, дінге, нәсілге бөлініп, ұлттар мен ұлыс­тарға тармақталады. Мәдениетті түрде мемлекеттер дейміз. Міне, осы мемлекет­тер­дің бір-біріне жасаған геноцид саясаты Ай мен Күннің астында адамдардың бейбіт күн кешуіне кедергісі көп-ақ. (Ешкімді алаламайтын Күн мен Айдан адам баласы алатын тағлым аз емес.) Мысалы, саналы түрде, ақыл-парасатпен, ғылымның ұлы жетістіктерін пайдалана отырып жасалған зұлымдықтар. Сол сияқты әр елдегі қаса­қана, қантөгіспен ұйымдастырылған бас­қыншылық соғыстар, т.т. Осынау үлкен, керек десеңіз, ұлы мұраттар аясында түсіндірілетін мемлекеттер саясаты күндіз жасалған опасыздық. Бәрі көріп, бәрі біліп тұрған шындықты күндіз айта алмасаң, түнге барып жыламасқа шараң қайсы?! 
Ләйләнің тобылғы сайдағы түнгі моно­логы – мінәжат. «Жас жүрек жайып сауса­ғын, талпынған шығар айға алыс». «Түнгі әлем, өзгеге мінәжат етпек емес, өзгенің өзіне мінәжат етерін біледі» (А.Сүлей­менов). Әркімнің Жаратқаннан тілейтін тілегі бар және жайнамазда жалғыз. Ал жаңа туған жарты ай жердегі адамдарға сәуле­сін молырақ түсірейін деп он бесінде толықсығанда, неге жүкті болады екен? (Ай туады дейміз!)  
Жердің көлеңкесі Айға түседі. Үлкеннің көлеңкесі де үлкен. Өкінішке орай, қастерлі қара жерде, онымен тайталасқан көлеңкесі көп адам, ұлт, мемлекеттің болатыны қалай?!     
...Ләйләнің терең сайдағы Аймен сыр­ласуына осы айтқандарымызды дәлел қылуға аздық етеді. Бізге қайсысы бірінші жазылды деген мәселеден гөрі рухани кеңістіктегі қайсысының орны басым түсті, осыған назар аудару керек сияқты. Айтпағым, «Қызжылаған» драмасы мен «Мәңгілік бала бейне» әңгімесінің тақыры­бы оқырманға әртүрлі әсер етеді. Драмада тра­гедиялық жайт тақырыбында тұрса, әңгімеде мазмұнын білмей, тақырып құпиясын бірден ашпайды. Сосын, «Мәң­гілік бала бейне» деген сөздерде сонша­лықты құбыжық көрінетін ештеңе жоқ. Осы үш сөзде тазалық бар, сосын періште­лікке меңзеу бар. Мәңгілік – Құдайық ұғым. Сосын, Сөз – Мәңгілік делінеді. Демек, Ләйлінің Түні де, Айы да, оған айтқан сөзі де – мәңгілік. Сосын, ол сөздер – біздің, қалың қазақтың, автордың төл сөздері.   
Жазушының «Мәңгілік бала бейне» спектаклін тоқсаныншы жылдары Әуезов театрынан көрген едім. Шынымды айтсам, сол кезде шығарманың мәтінімен таныс емес болатынмын. Кейінірек жазушының «Муза» деп аталатын кітабынан (2004) «Қыз­жылағанды», «Мәңгілік бала бейнені» қолыма ұстап, салыстыра отырып оқып шық­қам. Сонда екі шығарманың аты «Мәңгілік бала бейне» болып, ортақ бір тақырыпқа тоқталса деп ойлағам. (Ал 
С.Нарымбетов түсірген «Қызжылаған» фильмін көрген емеспін.) Он жыл бұрын жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Кітапхана» бағдарламасында «Мәңгілік бала бейне» туралы сұхбат болып еді. «Мәң­гілік бала бейнені» іздеу» деген тақырыппен оны «Қазақ әдебиетіне» жариялаған – Жүсіп­бек аға.  
Сонда: «Мәңгілік бала бейне» халықтың ықыласына бөленген және кішкене тағдыр арқылы үлкен адамзаттық мәселені көтер­ген шығарма. Осы шығармасында Роза Мұқанова өз уақытының мәселесін жазған. Мәңгілік бала бейне мотивін сәтті тапқан. Шеберлігі жағынан кейінгі туындыларынан асып түспесе кем түспес. Алайда «Мәңгілік бала бейне» жазушының шығармашылық өміріндегі бет-бейнесін қалыптастырған туынды.  
Ләйләнің ақыл-есі, барлығы жақсы дамы­ған. Тек тәни тұрғыдан ғана дамыма­ған. Физиономиялық болмысы ерекше және айрықша. Бар мәселе қажеттілік жа­ғы­нан айтуға тиісті нәрсені мұның адам­дармен қатар тұрып, айта алмауында. Көбірек жасқанады, қаттырақ жабығады, тереңірек сезінеді. Содан кейін барып, адамдармен түсінісе алмаған соң, табиғат­пен түсініседі. Құлыншақтай кісінесіп табысады десек те болады. Махаббатын көзден таса жерде, үлкен сайдың ішінде отырып айтуында ешқандай балаңдық жоқ. Қолдан әсіре бейнелеу жоқ. Ешқандай жасандылыққа да ұрынбаған. Жалпы, автордың осы шығармасы өте қарапайым, тілі де өте қарапайым, қолдан қиындатыл­маған, жаттық. Басы артық суреттеулерге, бейнелеулерге көп  бармайды. Метафора, образ дегендер көп кездеспейді, меніңше. Қарапайым, ұғынықты, түсінікті сөздер мен сезімдер өзі үйіріп әкетеді. Жазушы кейіпкерінің өмір сүрген ортасын қанық біледі. Аймен сырласу сәттерін қайталап жазатыны да сол. Сосын, осы бір қасіретті әуенді шегіне жеткізген, меніңше. 
Бұл енді жалпылап қарасақ, шарасыз хал ғой. Айналасындағы адамдар қыздың басындағы жағдайға еріксіз тартылады. Бұл арада уақыттың бедерлері батымды таң­баланған. Жақсы деген Құмардың өзі басын­да ілтипат білдіргенімен, артынан бір кішкене ақшаның шеті шыққан кезде қалай тайқып кетті. Тіпті, Қатираның өзі де осы бір сәтте күпіршілік ойларға барып қалады, ол ақшаны маған берсең, мен-ақ көндірер едім ғой, – дейді. Ләйләнің ақыр соңында әлгі адамзаттың қолымен жасал­ған трагедиядан әрмен, мына айналасын­дағы адамдардың қасірет уын сепкен іс-әре­кеттерінен түңіліп, қашып барып, ана жерде өз көрін өзі қазып жататын тұсы бар ғой. Осы бір жері маған ауыр әсер етті. Шын­дығында, бұл шығарма Роза Мұқанова­ның жазушы ретінде танылуына үлкен ықпал еткен шығарма. Жазушылық кредос­ын айқындаған дүние десе де болады. Алғашқы ізденіс, алғашқы өте сәтті қадам және осы тақырыпта жазылған ашық шығарма болғаннан кейін де біз солай қабылдаймыз. Бұдан да тереңдетіп, үлкен әлеуметтік, тіпті, адамзаттық проблема­ларды жан-жақты қамтып, көптеген факті­ні жинақтап жазуға болар еді. Бірақ бұл шығарма менің ойымша адамзаттық проблеманы көрсетуді мақсат тұтпаған, жазушының көрсетейін дегені жаңағы Ләйләнің тағдыры. Осы бір жас қыз. Мына шығарма осы албырттығы мен адал­дығын жоғалтпауы керек. Қолдан күрде­лендірудің қажеті шамалы. Ал анау ядролық қасірет деген өте үлкен нәрсе ғой. Соның қасында мынау бір кішкентай ғана өмір сияқты болып көрінеді. Сөйткеннің өзінде, шын мәнінде, біз әлі де сол атом зардабын дәл осы шығармадағыдай түсіне алған жоқпыз. 
«Мәңгілік бала бейненің» сахналық нұсқасын көргенде жыламаған адам сирек. Семей полигоны туралы естіген, оқыған дерек­тер мен дәйектер құрғақ ақпарат ретінде ғана қабылданады. Осының бүкіл қасіретін жазушы рухымызға қорғасындай ерітіп құйып отыр...», деппіз.   
Сұхбатқа тән ауызша сөйлеу мен тал­даулар қаз-қалпында берілген. Рас, редак­циялайтын тұстар аз емес, әйтсе де тасқа басылған сол сөздерімді мына мақалаға енгізуді жөн көрдім. Өйткені онда айтқан­дарыма алып-қосарым аз.       
Жасырарым жоқ, жазушыдан қайталап оқыған үш шығармам болса, соның бірі осы «Мәңгілік бала бейне» («Өзің» – «Сен», «Муза» – Мұқағали»). Бұған оның сахнадан көрген нұсқасын қосамын. Олай дейтінім, бұл шығарманың адамзаттық ауыр халді арқау еткенін айту емес, осы қасіреттің қазақ жерінде болып жатқанын алғаш білгенім. Көрмеген, білмеген, сезбеген нәрсе жоққа тең. «Полигон» деген сөзді мың рет естідік, шындап келгенде, соны денелеп біл­дік пе? Маған Дегелең, Қарауыл, Шұбар­тау деген кеңістіктер аталарымның мекені ретінде ақсақалдардың аузынан естілетін. Кейін әйгілі «Абай жолын» оқыған соң, ұлылар өлкесіне айналып еді. Міне, сол қазақтың ақыл-ойын, ұлы рухани оазисті кеңестік жүйе (адамдар тобы) атом бомба­сы­мен талқандап жатыпты. Сесі әлемге, зардабы Семейдің халқына тиген екен. Соны білдік, қапаландық, ыза болдық және сонысымен «Мәңгілік бала бейне» есте қалды. Бұл аз ба?! 
Ашығын айтсақ, Ләйләнің аузымен Айға айтылған ащы ақиқатқа шүбә келті­руге қақымыз жоқ. Рас, шығарманың оқи­ғалық өрбуінде байланысқа түсетін кейіп­керлердің бойында алуан түрлі белгілер байқалады. Жақсылы, жаманды сол мінез-құлықтарды заманы, қоғамдық ортасы, керек болса тегінен келе жатқан қаны қалыптастырған. Мұң мен наладан көз жасы құрғамаған жалғыз Ләйлә. Жылауына себеп көп, жыламауына себеп жоқ. Оның жалғыз сырласы Ай, адам(дар) емес. Ай – ол үнсіз, өзге әлем. Сосын, таза. Адамдар мекенінен алыс. Жақын деген Қатира да, Құмар да жартылай адам. (Әңгімедегі кейіп­керлер драматургияның заңдылық­тары, талаптарына сай әртүрлі сомдал­ғанын талдап, қайталап жатпаймыз. Жал­пы, бұған дейін түрлі бағыттағы әдеби-теориялық талдаулар көп жазылғанын және құнды ой-пікірдің де аз емес екенін ескеруіміз керек.) Жақсылығы да, жаман­дығы да бар. Ал депутат пен пысықай, сосын қатындар бірөңкей тип. Мансапқор, сатымсақ, толып жатқан табашыл тобыр. Бірақ осылардың ішіндегі қасіретті «қыл­мыскер» (баласын және өзін-өзі өлтірген әйел) Шөкіштің сандырағында авторлық көзқарастар аз емес. Жындының аузымен айтылған шындық немесе күндіз жоғалтып, түнде тапқан ақиқат (драмада). Ол – Ләйлә-ғұмыр! Өмір деуге дәтің шыдамайтын қайғылы хал. «Мен тазамын, пәкпін!» деп өлген қорғансыздардың қабіріне таяу Қарауылда туған Ләйләнің тағдырына кінәлі кімдер? Жазушыны толғандырған қалың сұрақ оқырманға да қойылған дейміз. Әлбетте, әркім әртүрлі қисындауға еркі бар. Бір жайт анық: Семейдегі осы ядролық жарлыстарды жасағандар (адам­дар, кеңестік жүйе, т.т.) біздің халық­тың алдында кешірім сұраған жоқ және айып­талмады. Айыпталмаған адамдар жазалан­байды. Осы реттен қарағанда, жазушы Роза Мұқанова өзінің Ләйләсімен тарихи әрі адами қасіретті айыптап, қаламын сілтеді. «Мәңгілік бала бейне» бәрі-бәріне көркем шындық арқылы жасалған ар соты. Айып­тау актісі – шығарманың әрбір жолында Ләй­ләнің аузымен айтылған (жынды Шөк­іш те айтады). Айға айтылған ақиқат.      
Жалпы, өнерде Ай адамша сөйлемесе де, адами сапада кейіптеуге  (олицетворение) көп айналып, әдеби образ сияқты болып кеткен. Ақын да, жазушы да оған соқпай өтпеген. Өйткені оның адамдармен өмірлік әрі рухани бағзы бір байланысы бар. Туыс­қан түрік халықтары мен қазақ мифінде жетім қыз – өгей шешеден (кейде өгей әке) қорлық көргенде, Айға барып, арманын айтып, жылайтыны айтылады. Қыздың көз жасын көрген Ай оған қолын созып, өзіне тартып алыпты. ...Ол ай сайын үмітпен тол­ып, қайғымен солып отырады екен. 
Жебеуші, қорғаушы, қамқоршы болып көрінетін Айда аналық мейірім бар. Сонды­қтан Ләйләнің Айға барып мұңын шағуы заңдылық. Автор да аталған мифті әдейі пай­да­ланған деуден аулақпын, алайда твор­честволық таным өзінің бастапқы байырғы сюжетімен осылай үндесіп түсті. Сондықтан бұл шығарма санамызда жат­қан бізге етене жақын түйсікті түртіп оят­ты. Соңғы кезде, көп сөз боп жүрген ұлт­тық код дегеніміз осы болса керек. Бәлкім, тарихи жады. 
«Төсек тартып жатқан қыз бетіне Ай сәулесі түсті.
Қарауылдың барлық терезесінен сығалап, іздеп, тінтіп жүріп, Ләйлә-қызды тауып алған сияқты. Әппақ болып, дөңге­леніп, ерекше бір нұрмен қыз бетіне төніп тұр. Науқас қыз Айға қарап алғаш рет жыми­ған. Көптен күткен жанашырын, сыр­ласын терезе сыртынан байқап қалып, қыз жүрегі елжіреп сала берген. Өз тағдыр­ы­на, адамдарға деген өкпесі сол күнгі ағыл-тегіл көз жасына айналды. Сол сәт жап-жарық Айдан мәңгілік адасып қалатындай тағатсыздана сүйсініп тағы да қарады».                                      
Ол қолын созып алып кетпесе де, Ләй­лә-қызды тауып алғанына күмән жоқ. Шығарманың шешімі түрліше аяқталғаны­мен, Ләйлә Айлы түнде (драмада өзіне-өзі көр қазып) өмірден өтеді. Опасыздық пен қылмыс, қорлық пен қорғансыздық, махаб­бат пен сатқындық, сұлулық пен ұсқын­сыздық және өте-мөте мейірімге зәру жалғыз­дықта, кемтарлықта жаны шырқы-
р­а­ған сау саналы Ләйләға қастандық күндіз жасалып, түнде өлтірілген. Оған Ай куә. 
Автор Айды сөздің ортасында да бас әріппен жазған...  

Ермек ҚАНЫКЕЙ,
М.Әуезов атындығы Әдебиет
және өнер институты «Әуезов үйі» ғмо-ның жетекші ғылыми қызметкері, 
филолгия ғылымының кандидаты

Серіктес жаңалықтары