Mercedes-Benz-тің жаңа көлігі Қытай компаниясының қозғалтқышымен жабдықталмақ

Mercedes-Benz-тің жаңа көлігі Қытай компаниясының қозғалтқышымен жабдықталмақ
сурет: istockphoto.com
326

Жаңа Mercedes-Benz CLA-ге Geely компаниясының қозғалтқышы және Momenta компаниясынан автопилот орнатылмақ.

Mercedes-Benz компаниясының үшінші буын CLA моделінде Қытайлық Geely және Horse компаниясы бірлесіп жасаған 2.0T төрт цилиндрлі қозғалтқыш қолданылады. Horse Powertrain Limited компаниясы 2024 жылғы 31 мамырда Geely және Renault арасындағы 50:50 серіктестік негізінде құрылды. Қозғалтқыш қуаты 250 ат күшіне (186 кВт), ал максималды айналу моменті 360 Нм дейін жетеді. Бұған дейінгі деректер CLA моделінде іштен жанатын қозғалтқышты Mercedes-Benz және Geely бірлесіп әзірлегенін көрсеткен болатын. Айта кету керек, Geely компаниясының бас директоры Ли Шуфу Mercedes-Benz компаниясының шамамен 10%-на иелік етеді және Smart электромобильдерін өндіруде екі компания бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Қозғалтқыш Қытайда өндірілсе де, экологиялық талаптарға сай болу үшін катализатор Германияда орнатылады. Бұған дейін қозғалтқыштың беріліс қорабына орнатылған интеграцияланған стартер генераторымен жабдықталған 48V жеңіл-гибрид жүйесіне жататыны хабарланған еді. Жаңа CLA моделі MMA платформасында құрастырылып, жеңіл-гибрид және таза электрлі нұсқалармен шығарылады. Ал, қосылатын гибрид нұсқасы ұсынылмайды.

Geely қозғалтқышынан бөлек, CLA моделінде қытайлық Momenta стартапының интеллектуалды жүргізу технологиясы қолданылады. Бұл Mercedes-Benz-тің қалалық автопилотпен жабдықталған алғашқы моделі болмақ. Momenta 2016 жылы құрылған, ал Mercedes-Benz компаниясы 2017 жылы Series B қаржыландыру кезеңінде осы стартапқа алғашқы инвесторлардың бірі ретінде қолдау көрсеткен.

CLA-ның таза электрлі нұсқасы 175 кВт қуаттылығы артқы электр қозғалтқышымен және 89,6 кВт/сағ батареямен жабдықталады. Батарея бір зарядта 750 км қашықтықты (WLTC) еңсере алады, бұл әр 100 км үшін 12 кВт/сағ энергия тұтынуды қамтамасыз етеді. MMA платформасының 800V архитектурасы батареяны 15 минутта 400 км-ге дейін зарядтауға мүмкіндік береді. Жаңа CLA моделі 2025 жылы таныстырылады деп күтілуде, алайда жеңіл-гибрид нұсқасы тек 2026 жылы нарыққа шығуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары