Қайғылы фильм көріп, бірге жылау адамдар арасындағы байланысты нығайтады – зерттеу

Қайғылы фильм көріп, бірге жылау адамдар арасындағы байланысты нығайтады – зерттеу
сурет: istockphoto.com
529

Қайғылы фильмдерді бірге көріп, жылау, тіпті бейтаныс адамдар арасында да байланысты нығайтуы мүмкін. Мұны PSL университетінің (Париж) зерттеушілер тобы жүргізген зерттеу нәтижелері көрсетті. Бұған дейінгі зерттеулер қайғылы фильмдерді көру кезінде мидың эндорфиндер деп аталатын «жақсы көңіл-күй» гормондарын бөле бастайтынын анықтаған болатын.

Жаңа зерттеу Royal Society Open Science журналында жарияланып, эмоцияларды бөлісу – комедия немесе қайғылы фильм көру арқылы болсын – адамдар арасындағы әлеуметтік байланысты күшейтетінін көрсетті. Виктор Чунг бастаған зерттеу тобы 18 бен 35 жас аралығындағы 112 адамды жұптарға бөліп, олардың физиологиялық және эмоционалды реакцияларын, сондай-ақ бір-біріне деген сезімдерін бақылаған.

Нәтижелер көрсеткендей, адамдар экранда бір-бірін көре алған кезде және қуанышты немесе қайғылы болсын, күшті эмоцияларды бірге сезінгенде, өзара жақынырақ сезінген. 

Зерттеу тобы: «Біздің нәтижелеріміз эмоцияның байланыс құру қызметін атқаратынын көрсетті, себебі ол бір-ақ рет кездесетін бейтаныс адамдармен қарым-қатынасты нығайтуға және әлеуметтік топқа жату қажеттілігін қанағаттандыруға ықпал етеді. Бұл зерттеу адамдардың күшті сезімдер тудыратын топтық іс-шараларға неге жиі қатысатынын түсіндіре алады: мысалы, қайғылы еске алу шараларына қатысу немесе эмоцияға толы драмалық оқиғаларды көру», – деп қорытындылады.

Серіктес жаңалықтары