Жампоз

Жампоз
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
642

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев жайында сөз қозғар болсақ, оның тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ журналистикасына сіңірген үлкен еңбегін аттап өте алмаймыз. Журналистика қалғыса, енжар болса, қоғам кері кетеді. Секең еліміздегі бірегей ұйымды басқара жүріп, талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерді. Бірақ ардақты мамандық иелерінің атына дақ түсірген жоқ, басын имеді, өзінің ісінің ақ екенін тұлғалық қасиетімен дәлелдеді. Бүгінгі сөз Сейітқазы Матаевтың өмір жолына шолудан тұрады, арыдан бастап, азаматтың қалыптасу кезеңін шолып шыққанды құп көрдік. 

Әкесі Бейсенғазы ақсақал өткен арғы ғасырдың аяғында, яғни 1895 жы­лы Шығыс Қазақстандағы Өмірзақ ауы­лында дүниеге келіп, кешегі қазақ жастары жа­лаңаш кеуделерін оққа төсеп, одақтың мұз­дай қаруланған жазалаушы әскеріне қар­сы шығып, 1986 жылы бақилық бола­ды. Сүйегі Семей жеріндегі Бек ауылы (Но­во­покровск) қорымында. 
Жаратылысында еті тірі, қарап отыру де­генді білмейтін Бейсенғазы ақсақал Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары кол­хоз­да есеп жүргізетін кіші бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп:
– Ағашын дайындап береміз, бидайын береміз, енді қолымыздағы бірер малы­мыз­ды не деп береміз, отбасымыз сол малға қа­рап отырған жоқ па? – деп жүргізіліп жат­қан өкімет науқанына қарсылық біл­діреді. «Тап жаулары, қайдасың?» деп тиі­сер­ге қара таппай тұрған жас мемлекеттің шала сауатты ұрдажық белсенділері кімді аясын, өздеріне де керегі сол еді, сөзге кел­местен Бейсенғазы ақсақалды Алтай өл­кесіне жер аударып жібереді. Сондағы Бей­сенғазы ақсақалдың келген жері орман­нан ағаш дайындайтын «еңбек армиясы». Кә­дімгі сонау 20-жылдардан бастап, 60-жыл­дардың ортасына дейін еліміздің түк­пір-түкпірінде ұйымдастырылып кел­ген мәжбүрлеп жұмыс істету орындары – «трудармиялар».
1954 жылы Сталин қайтыс болып, сәл де болса өзгерген жағдайға байланысты жа­сы алпысқа тақаған Бейсенғазы ақсақал Лебяжье елді мекеніне келеді. Қызыл сай ауылында өзінің ескі кәсібін қайта бас­тай­ды – жылқы ұстап, бие байлап, қымызбен емдейтін сауықтыру орнын ашады. Осы жылы біз сөз еткелі отырған мерейтой иесі Секең – Сейітқазы Бейсенғазыұлы өмірге ке­леді. Жалпы Секең – Бейсенғазы ақса­қал­дың кіші әйелі Әзиля Исақызынан туған үш ұл, бір қыздың кенжесі.
60-жылдардың басында отбасы Семейге қоныс аударады да, Сейітқазы мектеп та­балдырығын осы Семей жерінде аттайды. 
Жас кезінде мүлдем басқа маман­дық­қа ден қойып жүрген Секең­нің жазушылыққа бет бұруының өзіндік себебі жоқ емес.
1973-1975 жылдар аралығында өзі құ­рал­­п­ылас жастармен бірге Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеген соң ал­дымен авиациялық кіші мамандарды даяр­лайтын мектепке түсіп оқып, При­воль­жск әскери округінің штабы орналасқан Куйбышевтегі авиациялық полкте техник болып қызмет атқарады. Бір күні полк политругі шақырып алып:
– Мен демалысыма кетіп барамын, се­нің икеміңді бұрыннан байқап жүрмін, ме­нің біраз жұмысымды саған атқаруға тура келеді, округтік «На страже» газетінің нө­мірлеріне бақылау жасауды саған тап­сырамын!.. – дейді. Әскерде тапсырылған іс­тен бас тарту немесе «қолымнан кел­мей­тін еді» деп басқаша бір сылтау айту деген аты­мен жоқ. Солдаттың әбден мезі қыла­тын бірсыдырғы өміріне қарағанда бұл да жақсы болды. Осылайша, әскерде жүргенде-ақ алғаш рет газетпен, журналистік жұмыс­пен айналысып, өзінің де икемін байқа­ған­дай болады. Дәл осы жағдай кейін жур­на­листік мамандыққа келуіне де негіз болған сияқты...
Секеңнің адамдармен қарым-қаты­настағы табиғатын, жазу-сызуға икемін байқап қалған полк командирі де бір күні «Мы­на баланың білімі ерекше тәрізді, оны партия қатарына қабылдайық» деген ойын айтып, осы әскер қатарында жүріп-ақ пар­тия қатарына мүшелікке кандидаттыққа қабылданып, тиісті мерзімінен соң партия­лық билетке де ие болады. Кеңестік дәуірде жас жігіттің әскер қатарында жүріп немесе студент бола жүріп партия қатарына өтуі екі­нің бірінің пешенесіне бұйыра бер­мей­тін сирек жағдай. Ал жас жауынгер немесе жас маман, я болмаса студент партия қа­та­рына қабылданды екен, ертеңгі күні оның болашағынан үлкен үміт күттіретін жақсы жұ­мысқа, қызметке қабылдануында мүм­кіндіктер мол дей беріңіз...
Кеңес заманы жүйесіндегі және бір жақсы дәстүрдің бірі – ол қайсыбір ұйымдарда жұмыс істеуші қарапайым жас жұмысшыларға, қызметкерлерге кейде жер-жердегі жоғары оқу орындарынан аракідік түсіп тұратын, яғни оқуға түсу жеңіл­дігімен берілетін квоталық орындар бо­­латын. Міне, дәл сондай екі орынның әс­ке­ри бөлімге де келгенін білдірген бас­шылық бір күні жас сарбазды шақырып алып:
– Екі жерге ұсыныс бар: бірі – Мәс­кеу­ге, екін­шісі – Алматыға, қай қаланы таң­­дай­сың, 2-3 күннен қалдырмай ойла­нып, жауабын бер! – дейді.
Отбасының үлкені Тілеубек ағасына те­лефон соғады. Ағасы інісінің ел­дің ішінде болғанын тәуір көріп, таңдау Ал­матыға түседі. Сөйтіп, әскери қызметін бі­тіре сала Алматыға жол тартады.
КазГу-дегі журналистика факульте­ті­нің деканы қазақтың біртуар азаматы, про­фессор Темірбек Қожакеев болатын. Са­пырылысқан жас талапкерлердің ішінен сабыр­лы бозжігітке профессор салған жерден:
– Сен бала маған ұнап қалдың, сен старос­та боласың! – дейді ойлануға да мұр­­­ша берместен. 
Талапкер болса аң-таң, әлі оқуға қабыл­дан­ғаны жөніндегі хабарлама (бұйрық) да шы­ға қойған жоқ болатын... 
Қысқасы, оның журфактағы студенттік өмірі осылай басталып кетті. Әскердегі ұйым­дастыру қабілеті студенттік өмірге де пай­далы болды. 1-курстан соң студенттік құры­лыс отрядын басқарып, Нарынқолға ба­рып, құрылыс салуға жетекші болды. 3-курста дәл өзі сияқты белсенді, курс ком­соргі бүгінгі Баян жеңгемізбен шаңырақ көтереді.
Оқуын бітірген жас отбасының жолы Торғай облысына түсіп, Арқалыққа келеді. Ауыз­дығымен алысқан жас журналист Секең басқа еш жерге мойын бұрмастан ең алдымен Е.Әуелбековке кіреді... Ұзақ жыл Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық ко­митеттерін басқарған Еркін Әуелбеков бұл кезде Торғай облысында болатын. Сөй­тіп, өзі облыстық газетке, Баян жеңгеміз об­лыстық радиоға жіберіледі.
Жас отбасы 1982 жылы ҚазТАГ-тың Қарағанды облысы бойынша мен­шікті тілшісі болып ауысады. Бұл кез­дері қаламы әбден төселген Секең 80-жыл­дар­дың аяғынан бастап бү­кілодақтық «Извес­тия» газетінің Қазақстан бойынша тіл­шісі қызметіне келеді. Ол кезде КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің органы есептелетін «Из­вестия» газетінің билігі орталықта – Мәс­кеуде. Аптасына бір рет шығып тұратын жек­сенбілік «Неделя», «Союз» атты қосым­ша­­лары бар «Известия» – одақтағы ең бедел­ді басылымдардың бірі. Міне, осы басы­лымның тілшісі қызметін ол тәуелсіз Қа­зақстандағы өкілі ретінде 1996 жылға дейін атқарды.
1991 жылы, ел тәуелсіздігінің таңы аты­сы­мен отбасымен бірге Алматыға шақыры­ла­ды. Бұларды Алматыға алдырған – 
Н.Әбі­қаев. Бұрынғы Одақтан еншілерін алып, бас-басына бөлініп шыққан елдердің оң-солын түгендеп жатқан әрі-сәрі кезеңі еді ғой. 
Осы 1991 жылдың қараша айында Пре­зидент Назарбаев қабылдап, баспасөз хат­шысы қызметін ұсынады. Мәселе шешілген күн­нің ертесіне-ақ Секең Назарбаевпен бір­ге Мәскеуге ұшады. Осылайша, тәуелсіз Қа­зақстандағы белгілі тұлғалармен ара­ла­сы жиілеп, қоян-қолтық жұмыс істеуіне тура келеді. 2-3 жылдай Президент баспасөз хатшысы қызметін атқарған ол 1993-1994 жыл­дары Премьер-Министрдің баспасөз хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Оның 90-жылдардан кейінгі қоғамдық қызметі көзіқарақты қауымға жақсы таныс болғандықтан, белгілі нәрсені қайта тізіп жаза берудің қажеттігі бола қоймас. Десе де, өміріндегі маңызды бір-екі мәселені айт­пай кетуге болмайды: біріншісі – өзі ұзақ жылдардан бері басшылық жасап келе жатқан Журналистер одағына келуі де, екін­шісі – дүйім жұртшылыққа белгілі, ке­ше­гі алмағайып сот процесі.     
2002 жылы Камал Смайылов шақырып, өзі басқарған Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның басшылық қызметін қолға алуды ұсы­нады. қызмет ұсынды екен, енді бас­шылықты өзім жүргіземін деген астам ойдан мүлдем аулақ Секең өзінің ұсыныс-бастамасымен Үйлестіру кеңесін құрып, Камал Смайылов Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы ұстаздық қыз­ме­ті­мен қоса, сол кеңеске де басшылық жа­сай­ды. Міне, екінің бірінің бойынан табыла бермейтін ұстазға, ақылшы бола білген аға буынға адалдығымен, өз мамандығына кә­сі­би адалдығымен қалың жұртшылық көңі­лінен шыға білген ол әлі де осы Жур­налистер одағы атанған қасиетті қара шаңы­рақ пен ашық диалог алаңы – өзі ірге­тасын қалаған Ұлттық баспасөз клу­бы­на басшылық жасап келеді.
Екінші мәселеге, яғни Секеңнің жеке басы мен отбасына ауыр сын болған сот процесі туралы көп айтудың қажеті ша­малы. Себебі кезінде күн құрғатпай бас­пасөзі бар, телеарнасы бар – барша ақпарат көз­дерінен беріліп отырған бұл жағдайдан арысы Еуропарламент, «Журналистерді қорғау комитеті» халықаралық ұйымынан бастап, берісі, көкірек көзі ояу, құлағы түрік әрбір қазақстандық азамат құлағдар. Сон­дықтан ұзын-ырғасы бес жылдан аса уақыт­қа созылып, мың құбылған аталмыш сот жұмысы – қазақстандық ескі билік пен сол билік құрған жүйе қолшоқпарларының адамшылықтан ада табиғатын тағы бір рет танытып берді.
Иә, жас отбасы бала-шағасын жетек­теп, жұмыс, қызмет бабымен об­лыс­тан облысқа ауысып, жартылай әскери ғұмыр кешіп жүр­генде өзі сенім артқан, өзі бірге қызмет ет­кен билікпен тікетірес ар­палысып, ел ағасы жасына келгенде осын­дай қарусыз майданға түсемін деп ойлап па екен? Жоқ, әрине... Қоғамның, күнделікті өміріміздің бар бояусыз шындығын – ащы­сы мен тұщысын елге жария етіп, жұ­мыр­басты пенделердің алғысы мен қарғысын қа­тар естіп, бірдей арқалап өту – қаламын қару еткен жауынгерлердің ғана басында болатын жағдай. Солай бола тұрса да, өз көз­қарас-ұстанымына адал Секең – Сейіт­қазы Бейсенғазыұлы қарусыз майданның кәнігі жауынгері ретінде тек өзінің, жеке басының атақ-абыройын қорғап қойған жоқ, сонымен бірге қалам ұстаған қалың қауымның да қорғаны бола білді. Көңілдері күпті болған қалың көпшілік үшін де ең бас­тысы осы болар. Өкініштісі, енді қалпы­на келмейтұғын денсаулық пен отбасы-әулеттің ұйқы мен күлкіден айырылған уақыт-жылдарының орнын ешкімнің де толтыра алмайтындығы...
«Ер жігіттің басына не келіп, не кет­пейді?» деп жатады дана халқымыз мұн­дай­да. Халық бұл сөзді өзінің қилы тари­хын­дағы талай «тар жол тайғақ кешулерді» басынан өткерген есіл ерлерінің тағдырын тілге тиек ете отырып айтса керек. Ол жо­ғары шенділерге бас иіп, айтқанына көн­беді, айдауына жүрмеді. Сол үшін де ал­ма­ғайып күннен абыроймен өтті. Халық сем­сердей өткір сөзіне тәнті болды. Ма­таев­тар отбасының тілеуін түгел көпшілік тіледі. 
Бүгінгі Секеңнің мерейтойы – танымал тұл­ғаның ғана тойы емес, ол Секеңді біле­тін, Секеңе тілектес, қалам ұстаған қауы­мы­ның да тойы. 

Абай ОРЫНБАЕВ,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Серіктес жаңалықтары