Медет Қуанышов: Құрманғазы оркестрі – қазақтың музыкалық бренді

Медет Қуанышов: Құрманғазы оркестрі – қазақтың музыкалық бренді
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
678

Қалың елдің есіне «Құрманғазы оркестрі» деген атаумен сіңіп қалған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына биыл 90 жыл толды. Қазақ ұлттық музыкасының әлемге танылуына зор әсер еткен бұл оркестр, әрине, елімізден тыс жерлерге де жақсы таныс. Сондықтан Құрманғазы оркестрінің орындауындағы қазақ күйлері мен оның сүйемелдеуімен шырқалған қазақ әндері шетел көрермендерін әрдайым таңырқатып жатады. Өйткені бұл оркестрдің сипаты мен сапасы бөлек. Ол кез келген елде кездесе беретін симфониялық не үрлемелі аспаптар оркестрі емес, негізін қазақтың ұлттық аспаптары құрайтын және негізгі репертуары қазақ музыкасынан тұратын бөлекше оркестр.
Құрылғанына ғасырға жуықтаған оркестр басшысы Медет Қуанышевпен  сұхбаттасып, бірнеше сұрақ қойған едік.

– Құрманғазы оркестрін жұртқа та­ныстырып жатудың өзі артық шығар, сонда да әңгімені оркестрдің алғашқы қа­дамы туралы мәлімет беруден бас­т­а­сақ. 

– Әрине, бүгінде аты дүрілдеп, әлемге та­нымал өнер ұжымы деңгейіне көтерілген ор­кестр бұл дәрежеге бірден жете қой­ма­ға­ны белгілі ғой. 
Оркестрдің негізі 1933 жылы қаланды, яғни сол жылы оны Алматыдағы Музыкалық дра­ма техникумы (қазіргі Алматы музы­ка­лық колледжі) жанынан домбыра ансамблі ретінде Ахмет Жұбанов ұйымдастырды. Алғаш­қы құрамында 11 адам болды, оларды Ахаң – Ахмет Жұбанов ел арасынан ал­дыр­ған ғой. Ал музыкалық аспаптарына келсек, тек альт-домбыралармен халық күйлері, ән­дері орындалған еді.
1934 жылы бұл домбырашылар ансамблі халық өнерпаздарының Бүкілодақтық 1-сле­тіне қатысып, «Кеңес», «Айжан қыз» се­кіл­ді бірнеше халық күйін орындап, ха­лық әндерін орындаушыларды сүйемелдеді. Слеттен соң КазЦИК атындағы оркестр бо­лып қайта құрылған өнер ұжымына слет­те көзге түскен Лұқпан Мұхитов, Қали Жан­тілеуов, Оқап Қабиғожин, Науша Бө­кей­ханов, Ғабдұлман Матов секілді шебер дом­бырашылар мен атақты қобызшы Жап­пас Қаламбаев алынды. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі болып Ахмет Жұбанов тағайындалды.
Ол кездегі домбырашылардың музы­ка­лық сауаты болмаған ғой, олар­дың бәрі күйді құймақұлақ әдісімен үйрен­ген табиғи музыканттар болған. Міне, сол дом­бырашыларды Алматыға алдырған Жұ­ба­нов оларға нота үйретіп, сауатын ашып, заманауи маман музыкант даярлауға күш салған. 
1944 жылы құрылғанына 10 жыл толған КазЦИК атындағы оркестрге Құрман­ғазы­ның есімі берілді. Міне, содан бері қалың қазақ бұл өнер ұжымын құрметпен «Құр­ман­ғазы оркестрі» деп атайды, таниды, мақтан тұтады.

– Ахмет Жұбановтан кейін оркестр тіз­­гі­нін кімдер қолына алды?

– Ол кісі 1945 жылы Алматы консерва­то­рия­сының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясы ғой) рек­то­ры болып тағайындалған соң Леонид Шар­городс­кий бас дирижер болды. 1948-1949 жыл­дары Шахан Мусин, 1949 жылы Нұрғи­са Тілендиев бас дирижерлік етсе, 1950 жыл­дан бастап өткен ғасырдың 90-жыл­дары­ның басына дейін, жалпы 41 жыл Құр­манғазы оркестрінің бас дирижері бо­лып еңбек еткен Шамғон Қажығалиев бұл өнер ұжымының барлық жағынан өрлеуіне зор еңбек сіңірді. Шамғоннан кейін ірі тұл­ғамыз, 20 жылға жуық бас дирижер болған Айт­қали Жайымов ағамыз да оркестріміздің деңгейін баяғы даңқты қалпынан түспей, керісінше, жаңаша дамуына зор әсер етті.
Одан кейінгі кезеңде оркестрде Дүйсен Үкі­бай, Жалғасбек Бегендіков, Арман Жүде­баевтар бас дирижер болса, 2018 жылдан бе­рі бұл қызметті талантты музыкант Абы­лай Тілепбергенов атқарып келеді.
Енді оркестрдің көркемдік жағы, аспап­та­ры жөнінде айта кетсек, Ахмет Жұба­нов­тан кейін оркестрді жаңа деңгейге көтерген Шам­ғон Қажығалиев болды. Ол кісі өзі ди­ри­жерлік еткен кезеңде оркестрдің ас­паптық жағына көп өзгеріс әкелді. Қазіргі вио­лончель, контрабас, баян, флейта, гобой де­ген­дер классикалық аспаптар ғой, Шам­ғон аға соның бәрін ретімен оркестрге ен­гі­зіп, дауыстың алуан түрлілігіне көңіл бөл­ген.
Шамғон аға кезінде музыка аспап­тары­ның шебері Қамбар Қасымовқа бас қобыз жа­сатып, оркестрге қосқан екен. Ол бас қо­быздың екеуі біздің қоймамызда әлі сақ­таулы. Қамбар Қасымов жасаған сондай бас қо­быздың біреуі Батыс Қазақстанның Жәні­бек ауданында тұр деп естідім.
Шамғон Қажығалиев басқарған кезде ор­кестр дүниежүзілік конкурстарда лауреат атан­ды, әлемнің сексеннен астам елін аралап өнер көрсетті.

– Оркестрдің репертуары жөнінде де айта кетсеңіз?

– Оркестрдің репертуары бай, сан са­лалы ғой. Оркестр болып құрылғаннан бер­гі партитуралар сақталған бізде. Оның ішінде Ахмет Жұбановтың өз қолымен жазған партитуралары баға жетпес тарихи қазына!
Бізде 1934 жылдан бері қарай осы ор­кестрге арнап өңделген 4 мыңнан аса шығарманың нотасы бар. Онда оркестр­де тер төккен әр дирижердің қолтаң­басы бар. Әсіресе, Шамғон Қажығалиевтің жа­са­ған дүниесі өте көп. Құдайға шүкір, со­лар­дың ішінде шаң басып, орындалмай жат­қаны жоқ. Біздің бір концертіміз бір кон­цертімізге ұқсамайды. Бір кеште қазақ күй­лерін орындасақ, екінші концертте клас­сикалық шығармалар орындаймыз. Дегенмен Құрманғазы оркестрінің негізгі дәріптейтіні – қазақтың күйлері ғой, шетел­ге шықсақ та, өз облыстарымызды араласақ та қазақ күйлерін көп орындаймыз, оны тың­дармандар да үлкен ықыласпен қабыл­дайды.

– Енді оркестрдің дауысы туралы бір сұрақ қояйын: Шамғон аға оркес­тр­ге жаңа түрлі аспаптарды қосып жатқан­да Ахмет Жұбанов кейбір ыспалы аспаптардың дыбысы домбыраның дауысын басып кетеді деп сын айтқан екен.

Расында, Құрманғазы оркестрінің ертеректе пластинкаға жазылған күйлерін тыңдағанда домбыраның үні басымырақ сияқты еді, қазір ыспалы аспаптардың үні қаттырақ шығатын секілді. Бұл жайында не айтасыз?

– Иә, Ахаңның ол сынынан хабардар­мын, бұл біздің ойымызда көптен жүрген нәр­се...

Жалпы, Құрманғазы оркестрінің негізі са­лынған кезде қазақ домбыралары пішін­дік және дыбыстық жағынан бір жөнге түсе қоймаған еді ғой. Оның үстіне, сол кезде шек­тері ешкі ішегінен жасалған домбыра­лар­дың дауысы қоңыр, жұмсақтау болды. Ал ондай дыбыс көп аспапты оркестрде естіл­мей қалатын. Сондықтан Ахмет Жұба­нов қазақтың дауысы қатты шығатын, көп пернелі домбырасын жасауға бел буып, Ресей­ден атақты аспап шебері Эммануэль Ро­ма­ненконы інісі Бориспен бірге Қазақ­стан­ға шақыртып алады. Олар біздің елге бір­жола тұрақтап қалып, домбыра мен қо­быз­дың бірнеше түрін (пикколо, прима, альт, тенор, т.б.) жасайды. Сөйтіп, олар жа­са­ған соң домбыраның шектері, пернелері өзгереді.
Бүгінде ағайынды Романенколардың жа­саған домбырасы өте аз қалды. Менің біле­тінім, күйші Секен Тұрысбековте екі дом­бырасы бар, күйші Бақыт Қарабали­на­ның үйінде біреуі сақталған. Қазір Құр­ман­ғазы оркестрінің аспаптарын атақты шебер Жолаушы Тұрдықұлов өңдеуден өткізеді. Романенколар жасаған домбыраның жақсы шығуы – домбыраның қақпағын жабуда дейді білетіндер. Жолаушы ағамыз сол дом­быраларды зерттеп жүр. 
Шертер аспабы өзімізде де жасалады, дегенмен негізінен Өзбекстаннан алды­рып жүрміз. Бұрынғы қобыздар мен қа­зіргі қобыздардың дыбыстарында айыр­ма­шылық бар. Бұрын шертердің беті тері­мен жабылса, қазір түгел ағашпен жабы­ла­ды. Біз қазір аспаптарға байырғы дыбыс­тарын қайтару жолында ізденіп жатырмыз. 
Ал оркестрде ыспалы аспаптардың ды­бы­сы неге қаттырақ шығады десе, қазір сым ішекті қобыздар қосылып кетті ғой, темір ішек болған соң домбыра дыбысынан ба­сым­дау шығатыны рас. Сондықтан мик­ро­фон қойғанда дыбысты реттеу жағына мән береміз. 
Құрманғазы оркестрінің пластин­ка­лар­ға түскен музыкалары жайында айтып қал­­­дыңыз ғой, ал оркестр орындаған музы­ка­лар соңғы рет 1969 жылы күйтабақтарға (плас­тинка) түсірілген екен. Біз осыған ерек­ше мән бердік, сондықтан биыл оркест­рі­міздің музыкалары жазылған күйтабақ­тар­ды шығарамыз, ол бұйырса осы айда «Ме­ломан» дүкендеріне түсетін болады.
Біз жаңа күйтабақта бұрынғы күй­лер­ді қайталамаймыз, қазіргі өңдеуде жазамыз. Бұрынғы күйтабақтарға жазылған күйлерде «Сарыарқа», «Көңілашарларды» ойнағанда бірқалыпты ырғақты ұстайды, қазіргілерде кішкене көтеріңкі ырғақ бар. Осыны ескертіп жатады ағаларымыз. Ол да дұрыс шығар. Сынды қабылдап, зерттеп, мәсе­ленің анығын білген артық емес, әрине. Сон­дықтан біз Ахмет, Шамғондардан кейін­гі қазіргі корифейіміз Айтқали Жайы­мов ағамызбен оркестрге қатысты дүниелер жөнінде кеңесіп тұрамыз. Айтқали аға «Әй, ба­ла­лар, күйді аса қумай ойнаңдар. Ор­кестр­дің техникасы бар, сонда да асығыстық жасауға болмайды» деп ақылын айтып отырады. Біз де дирижерлерімізге ескертіп отыра­мыз. Дегенмен музыканың қабыл­дануы деген де бір қызық нәрсе ғой, кей күйлерді тартқанда халықтың арқасы қо­зып отырғанын сезген дирижерлер де ша­быттанып, күйдің жылдамдығын арттырып жі­береді. Мәселен, «Көңілашарды», «Адай­ды», «Сарыарқаны» қалай орташа ырғақпен тартасың?
«Құрманғазының төлқұжаты – «Сарыар­қа» атты мақалам жарияланды. Шетелде бол­са да, Қазақстанда болса да барлық кон­цертті «Сарыарқа» күйімен аяқтаймыз. Кон­­­­церттің соңы «Сарыарқамен» аяқтала­ты­н­ын халық та біледі ғой, сағаға түскен же­рін­де орнынан тұрып кетеді. Сонда ди­ри­­жерлеріміздің де арқасы қозып, «жыл­дам­дықты қосып-қосып жіберетінімізді өзі­міз де байқамай қаламыз» дейді. 

– Репертуар жаңарту мәселесі қа­лай? Жыл сайын жаңа күйлер қосып отырасыздар ма? Қазір күй шығарып жүргендер баршылық қой. Мына күйді немесе көлемді симфониялық шығар­ма­­­ларды оркестр репертуарына енгіз­сек қалай болады дегендей таңдап, сара­лап, ұсынулар бола ма? 

– Әрине, қазақта күй шығару дәстүрі үзілген жоқ қой, жаңа күйлер шығып жатыр. Олардың арасынан оркестрмен ойнауға ыңғайлыларын, өзгеше әуендік желісі бар күйлерді репертуарымызға алуға қарсылық жоқ.
репертуарға жаңа шығармалар қосып отыру керек. Биыл оркестрі­міз­дің 90 жылдығына орай бас дирижер Абы­лай Тілеп­бергенов екеуіміз белгілі ком­пози­тор­лар Артық Тоқсанбаев, Ермұрат Үсе­нов аға­ларымызға ұсыныс жасап, «ор­кестрі­мізге жаңа симфония, Базарбай Жұ­ма­ниязовтың «Дала» поэмасы сияқты шы­ғар­малар керек, соны жазып берсеңіздер жақ­сы болар еді әрі оркестрдің мерейтойына сіздерден жақсы сый болар еді» деп өтініш жасағанбыз. Ермұрат ағамыз биыл қобызға ар­нап шығарма жазып берді, оның оркес­т­ров­касы да жасалып қойды. 
Біздің «Оркестр түні» атты жобамыз бар, 5 жыл қатарынан Алматыда концерт беріп ке­ле жатырмыз. Алдыңғы жылы 2 күн қа­тарынан өз ғимаратымызда, биыл 31 ма­мыр­да Алматы театрында концерт бердік. Бұл жобаның репертуары өзгеше, жан-жақ­ты. Онда еліміздің көптеген белгілі әншісі жан­ды дауыста оркестрдің сүйемелдеуімен ән салады. Сондай-ақ күйлер, халық әндері, бел­гілі композиторларымыздың түрлі жанр­­­дағы музыкалары, атақты кинолардың саундтректері, классикалық музыкалар орындалады. 
Нарын Қажығали, Жексен Айсын, Абы­лай Тілепберген сияқты дирижерлеріміз, оркестріміздің арнайы өңдеушісі бар, олар ән-күйлерді оркестрге лайықтап әрлеп, дайындайды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық ха­лық аспаптар оркестрі филармонияның не­месе әлдебір концерттік мекеменің жа­нынан ашылған ансамбль емес, респуб­ли­ка­лық мемлекеттік кәсіпорын (РМК). Сон­дықтан ешкімге қарайламай жұмысын өзі жүр­гізеді, мемлекеттік тендерлерге қаты­сады.
Мемлекеттік кәсіпорын болған соң үз­дік­сіз жұмыс жүретіні белгілі ғой. Біз өнер ұжы­мы болғандықтан, ұстап-тұтынатын тауар шығармаймыз, біздің тауарымыз – музыка, концерт. Былтыр жылдың соңында есептеп қарағанымызда, бір жылда әні-күйі, классикалық музыкасы бар, жалпы 37 жаңа туындыны оркестрге түсіріппіз. Олар әр концерттерде орындалып жатады. Авторлар қоғамымен келісімшартымыз бар, оркестр­де шығармалары орындалған авторларға қаламақысын төлейміз. 
Жылдық жоспарымыз бар, іштегісі бар, сырт­тағысы бар, бір жылда 100 концерт қоямыз. Домбыра күнін біз алғаш рет Көк­төбеде ұйымдастырдық. Бұрын тек Астанада тойланатын. 
Сол концерттерде елдің көңілін кө­теру үшін, қызықты болу үшін түрлі тосынсый жасаймыз. Мысалы, көрермендер ара­сынан шығып оркестрмен қосылып ше­бер күй тартқан адамға Жолаушы Тұрды­құ­лов жасаған домбыраны сыйладық. Ал­ма­­ты облысының бір жігіті екі мың адам­ның арасынан шығып күй тартып, дом­быра­ға ие болды. Екі жыл бұрын оркестрдің за­лында сондай ойын ойнатып, Жолаушы Тұрдықұлов жасаған тағы бір домбыраны сыйға тартқанбыз. Ол жігіт сол күні Нұр­ғи­са Тілендиевтің басына барып зияраттап, кешке біздің концертке келген екен.

– Кейінгі кезде ел ішінде «Құрманға­зы оркестрі кино саундтректерін ойнап кетті. Ол атақты өнер ұжымына жарас­пайды ғой» деген әңгімелер айтылып қалады... 

– Дұрыс, сын айтылуы керек. Ол әділетті болса неге тыңдамасқа?
Иә, халық негізінен күй кештеріне көп ке­леді, сондай-ақ студенттер де көп қа­ты­сады. Бірақ бір байқағаным, жастар күй кеш­терінде ұзақ отыра алмай, шығып кет­кісі келіп тұрады. Сондықтан кейінгі жас­тарды да оркестрді тыңдауға тарту үшін кино саундтректерін эксперимент ретінде ойнап көрейік дедік. Ол, әрине, негізгі ре­пертуарымызға жатпайды. Коммерциялық концерт қой. 
Сондай заманауи музыкалардан бірнеше күн қатарынан концерт қойсақ та билеттер жақсы өтеді. Үлкендер ренжігенімен, «Оркестр түні» жобасы жастарға ұнайтын жоба болып тұр ғой. Тіпті, көршілес қырғыз, өз­бек елдерінен, кейбір алыс-жақын шет­елдерден «Оркестр түні» жобасымен қашан келесіздер деп сұрап жатады. Бұл біздің оркестріміздің тек ұлттық музыканы ғана емес, әлемдік хит туындыларды да орындай алатын мүмкіндігі бар екенін көрсету. 
Ал енді шетелге барғанда негізгі репер­туарымызды ұсынамыз. Себебі оларды клас­сикалық музыкамен таңғалдыра ал­май­сың. Олар оркестр орындайтын қазақ күйлерін таңырқай тыңдайды. Бір жыл бұрын Италияға барып, Римде үш концерт қойдық. Тек күйден концерт қойдық. Қыл қо­бызды көріп, «осыншама дүниені екі ішек­пен қалай ойнайсыздар?» деп сұрайды. Сондықтан шетелдіктерді тек қазақтың ұлттық музыкасымен, домбыра, сыбызғы, қобыз, жетіген, сазсырнай сияқты аспап­тарымызбен таңғалдырмасаң, басқа аспап­тармен қызықтыра алмайсың дер едім.

– Оркестрдің 90 жылдық мерей­тойын қалай атап өтіп жатырсыздар?

– Оркестріміздің 90 жылдығын Алма­ты­дағы Абылайхан көшесі бойындағы өз ғи­маратымызда екі күн қатарынан атап өт­тік. Бірінші күні оркестрмен бұрыннан бір­ге еңбек етіп келе жатқан Нұржамал Үсен­баева, Секен Тұрысбеков, Талғат Күзен­баев сияқты әнші, күйшілеріміздің қатысуы­мен өтсе, екінші күні осы кезге дейін қыз­мет еткен дирижерлерімізді шақырып, «ди­­­­рижерлер шеруін» өткіздік. Біздің ор­кестрде 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен Жанасбек Бекентұров, Астанадан арнайы Айтқали Жайымов келді. Осы оркестрде бас дирижер болған Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева, бір кезде оркестрде бас дирижер қызметін атқарған Жалғасбек Бегендіков, Арман Жүдебаевтар келіп өнер көрсетті. 
Сонымен бірге Шамғон Қажығалиевтің досы, Өзбекстанның халық әртісі Фарух Сы­дықовты шақырдық. Ол ұзақ жылдар бойы өзбек оркестрінің бас дирижері болған, біздің оркестрмен бұрыннан жұмыс істеп жүрген жан. Бұрынғылардың көзін көрген, солар туралы естелік айта алатын адам. Қырғызстанның халық әртісі Бақыт Тілекенов келді, ол да бізбен әріптестік бай­ланыстағы адам.

– Құрманғазы оркестрі мемлекеттің қарауында болғандықтан қаржылық жағдайы жақсы шығар? 

– Ұлттық статус алғаннан кейін жа­лақымыз өскен. Қазіргі қазақ оркестрлерінің ішіндегі ең жоғары жалақы біздің оркестрі­міз­де шығар деп ойлаймын. Оркестр шы­ғын­дарын мемлекет төлейді. Дегенмен оркестрдегі киім, жылдар бойы қолданылған аспаптар тозады, оларды жаңалау мәселесі ақ­саңқырап бара жатыр деуге болады. Бұрын­ғы ғимаратымыз Бөгенбай көшесінің бойында, залы 150 адамға арналған,  кішірек еді. 2018 жылы, бұрын «Қазақконцерттің» ғимараты болған 436 адамға арналған осы ғи­маратқа көшіп келдік. Бұл жердің тиім­ділігі – қаланың ортасы, халыққа ыңғайлы.

– Құрманғазы оркестріне қатысты тағы қамтылмай қалған жайлар болса айтыңыз?

– Әрине, айта берсек, әңгіме көп, тек соның ішінде ел біле жүруге тиіс кей жайлар туралы айта кетсем деймін.
Ең алдымен оркестр кіл шеберлігі мық­ты музыканттардан құралған. Соның өзінде оркестр мүшелері әр үш жыл сайын арнаулы комиссияның алдында сынақ тапсырып отырады. 
Қазір Қазақстан бойынша отызға жуық оркестр бар шығар. Бірақ бәрі театрдың, фи­лар­монияның ішінен құрылғандар. Солардың ішінде жоғарыда айтып өткенім­дей, тек жеке мекеме ретінде құрылған Құрманғазы оркестрі ғана. Жеке ғимараты бар. Бірақ бұл ғимарат тарихи ескерткіш ре­тінде тізімде тұрғандықтан, оған өз бетің­ше жөндеу жүргізе алмайсың. Акустикасы жақсы, бірақ 1952 жылдан бері күрделі жөн­деу көрмеген.
Сосын бір өтінішіміз: бір ғасырға жуық тарихы бар оркестрге алдағы уақытта мемлекет заманауи жеке ғимарат салып берсе деп ойлаймыз. Ондай тәжірибе өзге елдерде бар ғой. 

– Әңгімеңізге рақмет! Еліміздің беделі іспеттес Құрманғазы оркестрінің даңқы аспандай берсін!

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары