Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналды

Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналды
559

Елордада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық кикбоксинг турнирінің гала-финалы өтті. Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында ұйымдастырылып, Қазақстанның 13 облысынан, соның ішінде әлем және Азия чемпиондарын қамтыған 500-ден астам спортшының басын қосты. 

Турнирдің мақсаты — қазақстандық патриотизмді да­мыту, жас ұрпақты ұлттық тарих пен мәдениетке қызықтыру, сон­дай-ақ жастар мен ата-баба ерліктері арасындағы бай­ланыс­ты нығайту. Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшы­сы­ның міндетін атқарушы, полиция полковнигі Еркеш Қалы­қов кикбоксинг турнирінің ерекше маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай спорттық шараларды өткізу жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқарады. 
Спикер спорттың, әсіресе жекпе-жек өнерінің, адамның бойын­да тәртіп, табандылық және жеңіске деген ерік-жігерді тәрбиелейтінін баса айтты. Бұл қасиеттер зиянды әдеттерден аулақ болуға және дұрыс жолды таңдауға көмектеседі. 
– Кикбоксинг – жай ғана спорт емес, бұл энергияны игі іс­тер­ге бағыттау, рухани күшті дамыту және мінез-құлықты қа­лыптастыру мүмкіндігі. Біз мұндай іс-шаралардың есірткіге қар­сы күресте үлкен ықпал ететініне және жастарға балама таң­дау мен өзін табуға мүмкіндік беретініне сенеміз, – деді ол.
– Спортшылар арасында әлем және Азия чемпионатының қаты­сушылары бар. Барлық қатысушы жоғары деңгейде дайын­далған. Бәрі де жеңіске барынша ұмтылғандықтан, жарыс­тар өте қызықты өтіп жатыр, – деді елордалық спорт­шы Амир-Акиф Абдуллаев.
– Гала-финалдардың ерекшелігі – турнирдің финалы шоу ат­мосферасында өтетінінде. Осыған байланысты жекпе-жек­тер әлдеқайда әсерлі болып, спортшылардың эмоциялары ай­қы­нырақ сезіледі, – деді турнирдің негізгі ұйымдастыру­шы­сы әрі кикбоксинг жаттықтырушысы Ернар Омаров. 
Турнир соңында үздік спортшылар лайықты марапаттарға ие болып, медальдарын алады. 

А.БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары