«Танакөз» көрерменді толқытты

«Танакөз» көрерменді толқытты
370

Өткен аптада елорданың өнерсүйер қауымы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында ақын, жазушы, драматург Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы бойынша сахналанған қойылымды тамашалады. Премьераның режиссері – Әли Бидахмет.

«Танакөз» поэмасының негізгі арқауы – достық пен махаббат. Майдан даласында қан кешіп жүрген екі әкенің адал достығы олар­­дың ұрпағы Мұхтар мен Мұраттың дос­тығына жалғасты. Майданда қан кеш­кен айнымас достардың ұлдары әкесіз өсті, алайда олардың жолын бағып, тілеуін ті­леп, дұғасына қосып отырған қос ана бар еді. Тел қозыдай бірге өскен екі жігіттің ор­тасында өскен Танакөзге айнымасқа серт­тескен қос достың көңілі бір сәтте ауа­ды. Ендігі жерде олар бір-бірімен жарыса бас­тайды. Ғашық жан екеу, Танакөз жалғыз. Ара­ға сызат түссе, қиын. Шынайы махаббат жеңе ме, нағыз достық жеңе ме? Осындай әрі-сәрі күйде отырған көрерменді Мұрат өз шешімімен таңғалдырады. Сұлу бой­жет­кен­ді досы Мұхтарға қиып, махаббатын мәң­гілікке жүрегіне түйіп, қаладан енді кел­ген Зеркүлге үйленіп, шаңырақ көтереді. Алай­да Мұраттың бұл шешімі Мұхтар мен Тана­көздің тағдырының қосылуына оң әсер етпейді. Абайсызда трактордың ас­тын­­да қалып екі аяғынан айырылған Мұ­рат­­тың қайғысына шыдамаған анасы қайтыс бола­ды. Осыдан соң екі арада сезім жоғын бі­ле­­тін Мұрат Зеркүлге шындықты айтып, екі жаққа кетуді ұсынады. Жан досының ба­сындағы ауыр жағдайды естіп келген Мұх­тар Мұраттың қасынан Танакөзді кө­ре­ді. Соңында екі ғашықтың бір-біріне де­ген сезімі шынайы екенін түсінеді. Қойылым соңын­да үш дос Ақсу суына шомылып, бала кез­дегідей ойнайды. 
– Осыдан бір жыл бұрын біз Мұхтар аға­мен жолығып, «Танакөзді» сахналағымыз ке­летін ниетімізді айтып, батасын алып қайт­қан болатынбыз. Қойылымды зерт­теу­ді сол кезден бастадым. Спектакль бұрын Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық ака­демиялық қазақ драма театрында, сон­дай-ақ Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл об­лыстық қазақ драма театрында са­х­на­лан­­ғанын білемін. Біздің театр дайындаған қойы­лымның ерекшелігі – актерлер тілінің қара­пайымдылығы. Ақын поэмасындағы сөз­дер сахнада қайталанып отырды,  – деді қойылым режиссері Әли Бидахмет.
Басты кейіпкерлердің өмір сүрген орта­сы, әлемнің соғыстан кейінгі шынды­ғы, ба­лалардың  әкелеріне сағынышы мен ана­ға құрметі, бір-бірінен жан аямас үш дос­тың қарым-қатынасы – қойылымның бас­ты арқауы. 
– Құрметті менің рухтастарым! Менің 21-22 жасымда жазған өлеңіме осылай екі күн қатарынан назар аударғандарыңызға ұшан-теңіз алғысымды білдіремін, – деп толқыды ақын өз сөзінде.  
Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэма­сы – қазақ поэзиясының озық үлгісі, әде­бие­­тіміздің алтын қорына енген жауһар шы­ғармалардың бірі десек қателеспейміз. Ақын өткен ғасырда қазақ халқының басы­нан өткен ауыр кезеңдерді қасқайып қарсы алған, халықтың болашағы үшін қанаты­мен су сепкен, игілікті іс тындырып, жақ­сы­лық жасауға ұмтылған жас толқынның жақ­сылыққа сенімі мен өмірге құштар­лы­ғын көрсетуге тырысқан. Поэма сол кездің өзін­де-ақ өзінің лайықты бағасын алып үлгерген болатын. Қазақ жастарына бағыт сілтеп, бағдаршам бола білген жыр-дастан екі жігіт, бір қыздың арасындағы достық пен махаббатты дәріптейді. Қойылым дос­тық ұғымының махаббаттан да биік екенін санаңа шегелеп береді. 
Қойылымда негізгі оқиға желісімен бір­ге автордың бірқатар шығармасы үн­дес­тік тапқан. Мәселен, ақынның Шәмші Қал­­­­дая­қо­впен бірге жазған бірнеше әні орын­дал­ды. Заманауи сахналық жабдықтар, әсерлі ак­терлік ойын, ұтымды режиссерлік ше­шім­дер үйлесім тапқан сезімге толы жаңа қойылым көпшіліктің көңілінен шық­қан­дай.
– Өте керемет қойылым болды. Жүрек­ке жетті. Мұхтар атамыздың ақ батасын ал­­ған бізде арман жоқ шығар. Театр ұжы­мы­на шынайы алғысымызды білдіреміз. Шығар шыңдарыңыз, алар асуларыңыз, ба­ғын­дырар белестеріңіз көп болсын, – деді Мейіржан Бауыржанұлы есімді көрер­мен. 
Театр сахнасына көтерілген мәңгілік адал достықты арқау еткен дастанға көрер­мен­нің де ықыласы ыстық болды. 
– Мен театрға ғашық болып кеттім.  Ішім­нен тағы келемін деп сөз бердім! Әсе­рім­ді сөзбен жеткізу мүмкін емес, ағыл-те­гіл жыладым. Әлі сол сезімнен шыға алмай жүр­мін. Қалай бұрын бұл театрға келме­ген­мін деп өкіндім. Тамаша! Танакөз! Оқы­ғанда қатты толқып едім. Спектакльді көр­­ген соң есеңгіреп жүрмін, – дейді ақ­жар­ма пікірін білдірген көрермендердің бірі Тоғжан Тілеубекқызы. 
Қойылым соңында ағыл-тегіл жылаған, қуаныштан көзіне жас тұнған өнер­сүйер қауым актерлерді сахнадан жібер­мей, қол шапалақтап тұрып алды. Қойылым аяқ­талған соң театр әртістері ақынды «Ақ бан­тик» әнін орындап, қимастықпен шыға­рып салды. 
Театрдың әлеуметтік желідегі парақ­ша­сын қарағанымызда, көрермендердің қойы­лымды тағы да қайталап қоюды сұра­ған, өз қалаларына шақырған өтініштері көп екенін байқадық. 

А.БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары