Тағы да триллиондар...
Ұлттық қор қашанғы бюджеттің жыртығын жамайды?
Алдағы 3 жылда Ұлттық қордан бюджетке жыл сайын 2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт бөлінеді. Одан бөлек, кепілдендірілмеген трансферттер тағы бар...
Осы аптада Мәжіліс депутаттары 2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатты таныстырған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров заң жобасы бюджет кодексінің талаптарына сай әзірленгенін жеткізді. Дегенмен пленарлық отырыста бюджет тапшылығы мәселесі, оның кем-кетігін жамау үшін қорға қол соза беру ұшпаққа шығармайтыны туралы да сөз болды.
Биылғы Жолдауында Президент Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталып, оны тиімді басқару керек екенін айтқан еді. Ал былтыр Ұлттық қордағы валюта активтерін 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Дегенмен қордан қайта-қайта қаражат алу бұл міндеттің орындалуына күмәнмен қарауға мәжбүр етіп отырғаны жасырын емес.
Ұлттық қор ұзақ мерзімде қызмет етуге тиіс
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Ұлттық қор ұзақ мерзімдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал екенін еске салды. Ол, ең алдымен, еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалануы қажет.
– Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет, – деді Президент.
Ал қорды тиімді басқару үшін бюджет тапшылығының салдарын емес, оған себеп болып отырған мәселелерді реттеу қажет. Қордан қаражат ала беру қорды тиімді басқаруға да, экономиканың өсіміне де айтарлықтай кедергі болмақ.
– Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.
Айтамыз, бірақ азайтпаймыз
Сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары 2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, алдағы 3 жылда әр жыл сайын Ұлттық қордан 2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт бөлінеді.
Құжатты Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Министрдің сөзінше, заң жобасы республикалық бюджетті теңгерімді етуге мүмкіндік береді. Ол заң жобасы Бюджет кодексінің талаптарына сай әзірленгенін, кепілдендірілген трансферт мөлшері бюджет ережелеріне сәйкес белгіленгенін де айтып өтті.
– Заң жобасына сәйкес, мұнайдың шектік бағасы 2025 жылға 42,3 доллар, ал 2026-2027 жылдарға 41-39,4 доллар деңгейінде белгіленді. Осыған байланысты 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт көлемі жыл сайын 2 трлн теңге мөлшерінде болады. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджетті теңгеруге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық экономика министрі.
Дегенмен бұл ретте кепілдендірілмеген трансферттер барын да естен шығармаған жөн. Үкімет әр жыл сайын қаражатты бекітілген лимиттен асырып алады. Тіпті, сол жылға бекітілген трансфертті жылдың жартысына жетпей жұмсап жібереміз. Яғни, 2 триллион теңге Ұлттық қордан алынатын қаражаттың максимумы емес, минимумы деп түсіну керек. Республикалық бюджет жобасында кепілдендірілген трансферттен бөлек, 3,3 триллион теңге көлемінде нысаналы трансферт тартылатыны жазылған. Сонда жалпы Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферт көлемі – 5,3 триллион теңге. Яғни, жылдағыдан айырмашылығы аз. Айтамыз, бірақ азайтпаймыз.
Бұл ретте, Ұлттық қордың қаражатын мейлінше жұмсамау, соның ішінде бюджет тапшылығынан құтқару құралы ретінде қарамау керек екені қашаннан бері айтылып жүрген мәселе. Президент те былтыр 2030 жылға қарай Ұлттық қордағы валюта активтерін 100 млрд долларға дейін жеткізу керек деп тапсырма берген еді. Пленарлық отырыста депутат Татьяна Савельева «осы жоспарды қалай орындаймыз, орындай аламыз ба?» деген сауал қойды. Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 5 жылда бұл мақсатқа жететінімізге сенімді екенін жеткізді. Дегенмен бәрібір де, министр мұнай бағасы бізге қолайлы болады деген болжамға сүйеніп отыр.
– 2030 жылға дейін 5 жыл уақытымыз бар. Бірінші фактор – мұнай өндіру көлемі. 2030 жылға қарай оның көлемі 105 млн тонна деңгейінде тұрақталады. Орташа бағаны 75 доллар деп күтеміз. Бұл көрсеткішке жету үшін 2026 жылдан бастап алынатын қаражат көлемін 5 млрд долларға дейін төмендету керек. Осы екі негізгі фактор нәтиженің орындалуына әсер етеді, – деп жауап берді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров. Сондай-ақ министрдің айтуынша, Үкімет бұл трансферттің орнын бюджет кірістері есебінен толтыру бағытында жұмыс істейтін болады. Бұл бағыттағы жұмыс қысқа мерзімде жемісін бермейтіні түсінікті, себебі бюджет тапшылығы – себебі көп, салдары сансыз кешенді мәселе...
Қорды инвестициялық кіріс қана сақтап тұр
Әдеттегідей биыл да кірістен шығыс көп. Ұлттық қорға түскен қаражат пен одан алынған қаражат балансы тағы да – теріс. Осылай деп мәлімдеген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұлай жалғаса берсе, экономика «голланд ауруына» шалдығуы мүмкін екенін ескертті. Яғни, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің ұлғаюы ел экономикасына қосымша қауіп төндіреді.
– Біз мұнайға жатпайтын тапшылық әлі де жоғары күйде қалғанын көріп отырмыз, бұл ретте жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет Ұлттық қордың трансферттеріне сүйенеді. Осылайша, Ұлттық қорға қаражаттың түсуі мен оны алуда баланс теріс. Яғни, алынған қаражат оның түсімінен асып кетіп отыр, – деді ол. Төраға нақты сандарды алға тартып, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін жеткізді. Тікелей трансферттер мен Ұлттық қордан алынатын басқа да қаражат көлемі қаншалықты екенін түсіндіру үшін Ұлттық банк басшысы нақты сандарды мысалға келтірді.
– Жалпы, биыл Ұлттық қордан алған тікелей трансферт көлемі 5,6 трлн теңге болды. Келер жылғы бюджетте де осындай мөлшердегі қаражат, яғни 5,3 трлн теңге қарастырылып отыр. Енді жағдайды нақты бағамдау үшін Ұлттық қордан бөлінетін тікелей трансферт пен басқа да алымның көлемі барлық ақша массасының шамамен 16 пайызы, – деді ол.
Түсінікті болуы үшін тарқатып өтейік, барлық ақша массасы дегеніміз – белгілі бір уақытта экономикада айналымда жүрген барлық қолма-қол және қолма-қол емес ақшаның жиынтығы. Яғни, айналымдағы қолма-қол банкноталар мен тиындар, қолма-қол емес ақша, қысқамерзімді депозиттер, ұзақмерзімді депозиттер жалпы ақша массасын құрайды. Ол елдегі ақша айналымының жалпы көлемін көрсетеді және экономикалық белсенділік деңгейіне, инфляцияға, экономикалық өсімге тікелей әсер етеді. Бұл ретте, жалпы ақша массасының 16 пайызы – айтарлықтай елеулі қаражат. Реттеуші төрағасының сөзінше, осының барлығы базалық ставканы төмендетуге мүмкіндік бермей отыр.
– Теріс әлеуметтік ықпалынан бөлек, мұның бәрі ақша және валюта нарығына қысым түсіреді, валюта бағамын бұрмалайды, отандық бизнеске кедергі келтіреді, экономиканың «голланд ауруына» шалдығуына әкелуі мүмкін. Бұл – проинфляциялық фактор. Сондықтан да монетарлық саясатымызды тезірек жеңілдетуге, базалық мөлшерлемені және банк кредиттерін, бизнес бойынша кредиттік мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей отыр, – деді Тимур Сүлейменов.
Ал Ұлттық қор қаражатын көбейтіп отырған жалғыз көз – инвестициялық кіріс.
– Мұндай жағдайда, Ұлттық қор қаражатын көбейтетін жалғыз фактор – инвестициялық кіріс. Ол биыл тоғыз айда 10,27 пайыз немесе 6,16 млрд доллар болды. Тек осының арқасында Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 4,5 пайызға өсіп, 62,7 млрд долларға жетті, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов бюджет тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуде қазір қаралып жатқан жаңа Салық кодексі маңызды құрал бола алады деген пікір айтты.
Андрей Чеботарев,
экономист:
Одан сайын тәуелді болып бара жатқанымыз байқалады
– Ең басты мәселе – Ұлттық қордың жұмсала беруі. Біз оны үнемі жұмсай береміз, біздің бюджетіміз – дефицитті бюджет. Түсініктірек, қарапайым мысалмен айтайын, мемлекетімізді отбасы деп алатын болсақ, біздің отбасымыздың кірісінен шығыны көп. Яғни, жұмсаған ақшасы табысынан асып кетеді. Жетпей тұрған ақшаны біз екі жақтан аламыз. Бірінші, несиеден, ішкі-сыртқы нарықтан ақша ала тұрамыз да, облигация шығарамыз. Қалған жетпей тұрған бөлігін біз ақша жасырып қоятын тартпамыз – Ұлттық қордан аламыз. Біз Ұлттық қордан жай ақша алып қана қоймаймыз, ылғи өте көп мөлшерде қаражат жұмсаймыз. Соның салдарынан әу баста сол ақшаға жоспарланған істерді кейінге қалдыра береміз. Сондықтан Мемлекет басшысы Ұлттық қордан ақша алуды азайтуды тапсырып отыр.
Негізі, мәселенің шешімі өте қарапайым: Ұлттық қордан ақша алуды қою керек. Бірақ ондай жағдайда қайдан алатынымыз белгісіз. Өйткені әу баста айтқан сөзіме қайтып ораламын, біздің табысымыз шығындарымызды толық жабуға жеткіліксіз. Сондықтан жағдайды бірден реттейтін шұғыл шешім жоқ. Ұлттық қорға деген тәуелділікті жайлап, тұрақты түрде төмендетіп, ақша алуды біртіндеп азайтып отыру керек. Өкінішке қарай, біз керісінше одан сайын тәуелді болып бара жатқанымыз байқалады.
Қорыта айтқанда, Ұлттық қордың негізгі, жинақтаушы қызметі жемісті жұмыс істеуі үшін кедергі көп болып отыр. Трансфертті азайтамыз деп айтқанымызбен, іс жүзінде нақты қадам жасалып жатқаны байқалып отырған жоқ. Үкімет ауырдың үсті, жеңілдің асты – Ұлттық қорға жүгінуді қойып, бюджет тапшылығы және оны теңгерімді етудің альтернатив жолын қарастыруға көңіл бөлуі керек екені анық. Алайда ауқымды мәселе аз уақытта шешіледі деуге тағы келмейді.