Жастар үйленуге неге құлықсыз?

Жастар үйленуге неге құлықсыз?
сурет: istockphoto.com
524

Қазақ  алғашқы мүшел жасты «Он үште – отау иесі» деген. Ата-бабамыз он үштегі жігітті азамат санап, бір шаңырақтың жүгін арқалатып, жауапкершілігін жүктеген. Тіпті, қайтыс болған ағасының қатын-баласын қолына алып өсірген. Мұндай мысалдар қазіргі жастарға ертегідей елестейді. Өйткені бүгінде «Он үште – отау иесі» деген сөз «отызда – отау иесіне» айналды. 

Соңғы 19 жылдағы ең төменгі көрсеткіш

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сүйен­­сек, елімізде отбасын құру­шылар саны жыл сайын азайып барады. 2023 жылы республика бойын­ша 120,8 мың неке тіркелген. Бұл 2022 жылғы көр­сет­кіштен 5,9 пайызға аз. Қалалық жерлерде 80 мың не­ке (66,2 пайыз), ауылдық жерлерде 
40,8 мың неке (33,8 пайыз) тіркелген. 
– Қолда бар соңғы мәліметтер 2023 жы­лы қаңтар-жел­тоқ­сан айларында заңды түр­де қиылған неке саны 20 870 екенін көр­­сетіп отыр. Шыны керек, жалпы соңғы жыл­да­ры неке қию ди­намикасы төмендеді. Неке аз тіркелген облыстарға Түр­кі­стан, Қы­зыл­ор­да, Батыс Қазақстан облыстары жатады, – деді  СЖРА Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Бибігүл Мирасбек.
Сала мамандары мұндай көрсеткіштің жыл өткен сайын күшейіп бара жатқанын жә­не бұл соңғы 19 жылда тіркелген ең тө­менгі көрсеткіш екенін алға тартады. Алайда «Дәс­түрлерді жаңғырту: қазақстандық қо­ғамдағы жаңа мінез-құлық нормалары» әлеу­меттанулық зерттеу нәтижелеріне сүйен­сек, азаматтардың көпшілігінің (81 пайыз) өмірлік құндылығына әсер ететін негізгі фактор «отбасы» екенін атап өтіпті. Содан кейінгі орында – респонденттердің 65 пайызы «өзін» таңдаса, алғашқы үштікті «достарым» деген нұсқа қорытындылайды. Яғни, қазақстандықтар үшін отбасы құн­ды­лығы әлі де маңызды деген сөз. Алайда осы­ған қарамастан жастар бас құрауға асығар  емес.
Парадокс дерсіз, кездейсоқтық дерсіз, бір­ақ  елімізде ерте жаста некеге тұру  мәсе­лесі де өзекті. Мәселен, 2021 жылы 57 ер адам мен 862 әйел ерте жаста некеге тұрған. Кәме­леттік жасқа толмағандар арасында аборт жасатушылар кездескен.  ДСМ деректері бойынша 2022 жылдың бірінші жарты­жыл­ды­ғында ересек тұрғындар арасында жүк­тілікті жасанды түрде үзудің  25 577 жағдайы тір­келсе, жасөспірімдер арасында 182 жағ­дай болған.   
Статистика былтыр неке қию коэф­фи­циенті – 6,07 (1000 адамға шаққанда) болға­нын көрсетіп отыр. Некелесудің жалпы коэф­фициенті бойынша Астана қаласының тұрғындары көп некелескен, 1000 адамға шаққандағы коэффициент – 7,46. Отбасын құрғандардың ішінде бірінші рет некеге тұрған ерлердің үлесі 78,2 пайыз болса, әйел­дерде – 79,4 пайыз. Ал алғаш рет некеге тұр­­­­ғандардың орташа жасы ерлер үшін – 27,8 жас, әйелдер үшін 25,2 жас. Тіркелген неке­лердің 82,3 пайызы – моноэтникалық. 
Елде кеш үйленетіндер саны артқаны­мен, 2022 жылмен салыстырғанда ажырасу саны 9,6 пайызға азайып, 40,2 мыңды құраған. 
Қалалық жерлерде – 29,4 мың ажырасу (73,1 пайыз), ауылдық жерлерде 10,8 мың ажы­расу (26,9 пайыз) тіркелген. Ажырасудың жал­пы коэффициенті 1000 адамға шаққанда – 2,0-ге тең. Ал ең көп ажырасқандар ШҚО-да тір­келген, 1000 адамға шаққандағы коэф­фи­циент – 3,14. Неке ұзақтығы бойынша ажы­расулардың ең көп үлесі, яғни 34,9 пайызы 1-4 жыл отасқандар екен.


Психоанализ бағытындағы практик-психолог Бибігүл Тойшыбекованың айтуын­ша, жастар тәуелсіз болғысы келетіндіктен үйленуге асықпайды.

Жастар тәуелсіз болғысы келеді

– Жастар ең әуелі белгілі бір мамандықты игеріп, дипломымды алған соң жақсы жұмыс іс­тесем, сүйікті ісіммен айналыссам, үй ал­сам деп ойлайды. Осыларды істегеннен кейін мен тәуелсіз боламын және табысты, ме­ні­мен бірге дамитын адамды кездестірсем, со­нымен бірге қол ұстасып, Instagram-дағы мін­сіз өмірге қол жеткіземін деп жүріп қа­лады. Адамды кемшілігімен қабылдай ал­ма­ған соң да түсініспеушілік басталады, соңы ажырасуға ұласады. Жалпы, жастардың осылай материалдық тәуелсіздікке ұмтылуы ата-аналарының тағдырын қайталағысы келмегеннен туындап отыр. Жастар үй болса еш­кімге тәуелді болмаймын, өзімнің қа­лауым­­мен өмір сүремін, ұрыс-керіс ақшадан бо­лады, сондықтан мен сол өмірді қай­та­ла­ғым келмейді деген ойдан әбден шатасқан. Алай­да астарында шындық та жатыр. Мәсе­лен, жоқшылықты көп көрген, өзіне толық­қанды мейірім мен жылулықты ала алмаған, ата-анасының кикілжіңіне жиі куә болған, әкесінің маскүнем, ойынқұмар екенін көріп өскен бала үйленуге асықпайды. 
Мінсіз адам болмайтынын түсінген кезде ер де, әйел де бала туатын жастан асып ке­те­ді. Тіпті, бір балалы болудың өзі үлкен ст­ресс, қаржы мен уақытқа келіп тіреледі. Пси­хология саласында еңбектеніп жүргенде кө­зім жеткені,  бала оқуды бітіріп, өзінің құр­бы-құрдастарымен бірге өзіне ұнайтын мамандықты оқып, дипломын алған соң үйлену туралы ойлана беруге болады. Біздің қо­ғамда жасы 40-тан асса да мойнына  жауап­кершілік ала алмайтын жігіттер бар. Сондықтан бұрын 25-28 жас үйленуге нағыз қо­лайлы кезең деп саналса, қазіргідей сана­ны тұрмыс билеген заманда бұл 25-34 жас аралығына ұзарып кетті,  – дейді  Бибігүл Қанапияқызы.

Отбасы және мемлекет

Отбасы – жас ұрпақтың бойына не­гіз­гі құндылықтарды қалыптас­ты­ра­тын іргетас. Бұл  әлеуметтік институттың жұ­мыс істеуі мемлекеттің әл-ауқаты мен тұ­рақтылығына тікелей әсер етеді. Сон­дық­тан мемлекеттегі  отбасылық саясаттың бірін­ші кезектегі мақсаты – отбасын қолдау, нығайту және қорғау, оның табиғи, ин­тел­лектуалды, рухани, өнегелі дамуына ықпал ете­тін қажетті жағдайларды жасау. 
Отбасы мәселесі Мемлекет басшысының на­зарынан да тыс қалған емес. Президент от­басы саясатын кешенді жүргізу және от­ба­сы институтын қолдау қажеттігін атап, бе­рекелі және бақытты отбасы  қуатты елдің тірегі екенін жиі айтады.  Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы  жандандырылды. Тұжырымдамада міндеттердің орындалу тиім­ділігін анықтауға мүмкіндік беретін нақ­ты индикаторлар көрсетілген. Оған  әйел­дерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері және тіркелген некелердің жалпы санынан бұзылған неке санын төмендету көрсеткіштері енгізілген. Барлық өңірде консультациялық, заңгерлік және  психологиялық көмек көрсететін от­ба­сын қолдау орталықтары бар. Отбасының бос уақытын ұйымдастыру үшін отбасылық аула клубтары, отбасылық қарым-қатынас клубы жұмыс істейді.  
Елімізде ата-ана мен бала жағдайы да ес­керілген. 3 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға толық емес жұмыс күні режимі ұсынылған. 2020 жылғы қаңтардан бастап  отбасындағы бала санына қарай көпбалалы отбасыларға сараланған мөлшерде жәр­демақы енгізілді. Қолданыстағы заңдарға сәйкес көпбалалы отбасылар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапат­тал­ған  аналар коммуналдық тұрғын үй қоры­нан бірінші кезекте үй алуға құқығы бар. Аз қамтылған отбасылардан шыққан ба­ла­лардың мектепке қажетті керек-жарақ­пен қамту, мектепте тегін тамақтану, қо­ғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруді қам­тамасыз етуді қарастыратын кепілді әлеу­меттік пакет қарастырылған.
Қазақстанда отбасы институтын қолдау жә­не дамыту бойынша заң актілері мен мем­лекеттік бағдарламалар қабылданды. Отба­сын, ана мен баланы қорғау мемлекеттің ба­қылауында. Қазақстанда отбасылық құн­ды­лықтарды нығайту, отбасының басым мо­де­лін ілгерілету, бала тууды көбейту, бар­лық қоғамдық салада гендерлік теңдікті дамыту – бүгінде республикадағы отбасы сая­сатының негізгі құрамдас бөлігі. 

Азаматтық неке – жауапсыздық

Мемлекет жас отбасыларға оң көзбен қарағанымен, бұл жастардың үй­ленуі­не мотивация бола алмай отыр. Маман­дар ұсынған мәліметке сенсек,  ерлердің дені 32-35 жаста үйленсе, бұрымдылар 30-ға та­қап күйеуге шығуға тырысады екен. Қыз  ба­лаларда тіпті 30 жастан кейін де аса бір құл­шыныс байқала  қоймайтын көрінеді. Оның бір себебі  – азаматтық неке. Елімізде соң­ғы жылдары заңды түрде тіркелмеген неке саны артып барады. Аты атып тұрған­дай, заңдық күші жоқ некеде ер де, әйел де жауапкершілікті  сезінбейді. Психологтер мұндай некеде әйел «Ер адам түбі үйленуге ұсы­ныс жасайды» деп күтіп жүріп уақытын өт­кізіп алатынын айтады. Ал ер адам тамағы жа­саулы, төсегі жинаулы, өзіне жайлы жер­ден жылыстамайды және мойнына жауап­кершілік алып, әке болуға асықпайды. 
Қазақстандық қоғамдық даму институты  2022 жылы  «Қазақстандық отбасылар» ұлт­тық баяндамасын жариялады. Сонда зерт­теу­ге қатысқан респонденттердің «аза­маттық неке» құбылысына деген көзқарас­тары тең үш топқа бөлінген: оң, теріс және бей­тарап. Жасы ұлғайған сайын адам­дар 61 жастан асқан ересектерді қоспа­ғанда, бұл құбылысқа оң көзқарас танытқан. Дәлел­дейтін факт ретінде әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін алуға болады, мұнда «жас­тар» мен «зейнеткерлік жас» санатын­да­ғылар  (29-60 жас аралығындағы) адамдар­дың пікірі­м­ен салыстырғанда азаматтық некені көбірек жоққа шығарады. Орташа алғанда, барлық жастағы адам­дар­дың 28,3 пайызы  азаматтық неке туралы оң пікірде, теріс көз­қараспен қарайтындар – 33,1 пайыз, бей­тараптық ұстанатындардың үлесі – 32,8 пайыз. Яғни, қазақстандық қо­ғам­да әрбір бесінші неке тіркелмеген болуы мүм­кін деп қорытынды жасауға болады. 
Осылайша, сауалнамаға қатысқан 29-60 жас аралығындағы тұрғындар азаматтық не­кені оң қабылдайтынына көзіміз жетті. Зерттеу нәтижесі бойынша зейнеткерлеріміз АХАЖ органдарында тіркелген мәртебесі бар некені ғана ресми неке деп қабылдайды. Әдет­те аға буын өкілдері дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, еркек пен әйел арасындағы некені, патриархалдық бағыттағы толық отбасын қолдайды. Бұл контексте  азаматтық некеге қатысты көзқарастардың өзгеруіне жасынан басқа білім беру, географиялық орналасуы, этностық және т.б. факторларға байланысты болуы мүмкін. 
Ұлттық баяндама қазақстандықтардың 27,9 пайызы некеге дейін бірге тұруға жол бере­тінін айтқан. Алайда бұл көрсеткіштер динамикасы  аймақтарға қарай өзгеріп отырды. Мәселен, еліміздің солтүстік өңір­лерінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында некеге дейін бірге тұруды құптау деңгейі орта есеппен 2 есе жоғары болса, Батыс Қазақстан облысындағы көрсеткіш салыстырмалы түрде жоғары (шамамен 45 пайыз). Сонымен қатар Жетісу облысында да жоғары көрсеткіш тіркелген. 
Ал 30,7 пайыз респондент некені ресми тіркеусіз бірге тұруға болады деп санайды. Бұл сұрақтың жауаптары да аймақтарға қарай өзгеріп отырады. Жалпы ел бойынша алып қарасақ, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Пав­лодар, Қостанай және Жетісу облыс­тарын­да құптау деңгейі орташа көрсеткіштен шамамен 2 есе жоғары. Некеге дейін бірге тұру мәселесі бойынша мұндай аймақтық көрі­ніс жалпы қазақстандықтардың пікіріне ұқсас болып келеді. Бұл, әрине, қорқынышты.  
Әлеуметтанушылар қоғамда азамат­тық некенің белең алуы азаматтар­дың жауапкершіліктен қашуынан туындап отыр дейді. Егер мұндай үрдіс жалғаса берсе, демографиялық жағдайымыздың да на­шарлайтыны анық. 

Некесіз бала туу амалсыздық па, қажеттілік пе? 

Қыз-келіншектердің отбасын құруға асық­пайтын және бір себебі бар. Бұл себеп қыз­дардың өз арасында ашық айтыл­ға­ны­мен, қоғам мұны айыптайды. Нәзік жан­ды­ларымыз күнделікті өмірде тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа тап болған әйелдерді, пси­хикалық, моральдық қысымға ұшыраған ке­ліншектерді, нашақор, маскүнем, ойын­құмар күйеуін не істерін білмей басы қатқан аналарды және материалдық қиындықтарға тап болған отбасыларды көргенде тұрмыс құру туралы ойларынан бас тартады. «Олай бақытсыз өмір сүргенше, тыныш қана жұ­мы­сымды істеп, бизнесімді жасап, өзім үшін бір бала туып алайын» деген ойға келеді. 
Біздің бұл ойымызды ел ішінде жүргізіл­ген әлеуметтік зерттеу де дәлелдеп отыр. «Қа­зақстандық отбасылар» ұлттық баян­да­масына қатысқан әрбір 4-респондент некесіз ба­ла тууға болады деп санайды. Мұндай әре­кетке ,әсіресе қала тұрғындары мен жас­тар түсіністікпен қарайды екен. Еліміздің оң­түстік өңірлерінде некесіз бала туудан бас тар­ту дәрежесі өте жоғары. Ал  Батыс Қазақ­стан, Қарағанды, солтүстік өңірлерде  бұл мәселенің қалыпты құбылысқа айналып ке­ле жатқанына алаңдаушылық танытпаған. 

Денсаулық кімге керек?

Соңғы 5 жылда репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді пайдалан­ған ер адамдар – 34,4 пайыз,   әйелдер – 53,4 пайыз. Дәрігерге бармағандар қала тұрғын­дарына (51 пайыз) қарағанда ауыл тұрғын­дары арасында (54,9 пайыз) көп екен. Репро­дуктивті жүйенің медициналық тексеруінен өту үшін қандай клиникаларға жүгінгені туралы сұрақтарға сауалнамаға қатысу­шы­лар­дың жауаптары көбіне мемлекеттік кли­никаларға – 53,7 пайыз немесе азаматтардың мем­лекеттік және жеке клиникаларға да – 30,3 пайыз бірдей барғанын  көрсеткен. Тек же­ке клиникаларға жүгінгендер – 15,4 пайыз, ал шетелдік клиникаларда қызмет ал­ғандар – 0,2 пайыз. Сарапшылар пікір­лер­дің осылай бөлінуі түсінікті дейді, өйткені репродуктивті қызметтер өте қымбат, олар мол қаражат пен уақытты қажет етеді. Сон­дықтан репродуктивті денсаулықты қал­пына келтіру жұмыстарының нәтижесі тек уақыттың еншісінде. 
Қазақстанда бүгінде көптеген ЭКО жұмыс істейді. ҚРТ (қосалқы репродуктивті технологиялар) бағдарламаларының да саны өсті, ЭКО жүргізу нәтижесінде республика бойынша жүкті әйелдер саны артып келеді. Бір ғана мысал, 2017 жылы 1 155 адамнан 2019 жылы 1 334 адамға дейін өскен. 
2020 жылы ресми түрде бедеулік диаг­нозы қойылған ерлі-зайыптылар санының артуына және ЭКО құнының  қымбат болуына байланысты Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында Денсаулық сақтау министрлігінің алдына 11 міндет қойды, олардың арасында «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосу және ЭКО бағдарламалары бойынша квотаны 7 000-ға дейін ұлғайту туралы тапсырма берді. Жал­пы, репродукті денсаулықты сақтау – елдегі әлеу­меттік-демографиялық жағдайды анық­тай­тын маңызды фактор. Алайда сауална­маға қатысушылар репродуктивті денсаулық сақтау саласында көрсетілген қызметтерді 5 балдық шкала бойынша 3,7 балға бағалаған. 
Сауалнама жыныстық жолмен берілетін ауруға шалдыққандар қалалық және ауыл­дық жерлерде ерлер арасында  да, әйелдер ара­сында  да төмен екенін көрсетіп отыр. Мә­се­лен, 2016 жылы әйелдер арасында ЖБАА-ның 115,2 жағдайы, 2021 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 63,6 жағдай тіркел­ген. 2016 жылы ер адамдар арасында 100 мың тұрғынға шаққанда 88 жағдай, ал 2021 жылы 53 жағдай болған. 2016 жылы қалаларда ЖБАА-ның 73, ауылда 43,4 фактісі тіркелген. 
Ал елімізде АИТВ-ЖИТС диагнозымен есеп­те тұрған адамдар саны жыл сайын ар­тып барады. Мәселен, 2016 жылы олардың са­ны – 16 429, ал 2020 жылы  23 760 (7 331 адам­­ға өскен) болған. Сондай-ақ өсім ер адам­дарда жиі байқалады – 2016 жылы 9 540-тан 2020 жылы 13 902-ге дейін (4 362 адам­­ға  дейін) өскен. Әйелдер арасында да ауру­дың өскені байқалады, бірақ қарқыны жыл­дам емес: 2016 жылы 6 889-дан 2020 жы­лы 9 858-ге дейін (2 960-қа) өскен.

СЖРА ҰСБ деректері АИТВ-инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдер көптігін көрсетеді. Ерлер арасында өмір сүру ұзақтығы төмен – 68,8 жас, ал әйелдер арасында – 78 жас. Бұл 8-9 жас гендерлік алшақтықты қалыптас­тыра­ды екен. Ерлер өлімінің, АИТВ, ЖИТС-пен ауыратындар санының өсуі ерлердің өз денсаулығына қатысты жаңа құндылық көзқарастарын қалыптастыру қажеттілігін туғы­зады,  негізгі мақсат әркімнің өз денсау­лығы үшін жеке жауапкершілігінің болуы. АИТВ инфекциясымен күрес мәселелері  Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасына енгізілген. Алайда АИТВ жұқ­тырғандардың саны біртіндеп өскенін қа­ла­лықтар мен ауылдықтар арасынан да бай­қауға болады. Алайда қалада бұл көрсеткіш ауылдық жерлерге қарағанда 2 есе көп. Ауру жұқтырған адамдар арасында әйелдерге қара­ғанда еркектер 2 есе көп. Ауру жұқтыр­ған адамдардың ең көп саны репродуктивті жас­тағы 15 пен 49 жас аралығындағы жас то­бына тиесілі.

   

Кеш үйлену тақырыбын зерттеу барысында тәжірибелі маманның пікіріне сүйенуді жөн көрдік. Жасұлан Сейтқалиев – JJS қарым-қатынас академиясының құрушысы. Ол – осы салада 15 жылдық жұмыс тәжірибесі, ғылыми дәрежесі бар маман. 3 мыңнан аса отбасының сақталуына, нығаюына себепкер, отбасы қарым-қатынасы бойынша осыған дейін 30 мыңнан аса семинар-тренинг өткізген. Отбасылық психолог, халықаралық дәрежедегі коуч Жасұлан Құттығалиұлының кеш үйлену тақырыбында айтар өз ойы бар. 
Адамдар жалғыз да бақытты бола аламын деп ойлайды

– Жастардың үйленуге асықпауының бір се­бебі – кезіндегі сәтсіз, баянсыз махаббаты, яғни дұрыс қарым-қатынас орната алмауы. Сонымен қатар экономикалық, пси­хо­ло­гия­лық себептер де бар. Экономикалық себепке қалыңмал, той жасау, отбасын асырау сынды қаржылай қиындықтар жатады. Тұрақты жұ­мысы, баспанасы жоқтарға үйлену – үлкен уайым. Мойнына  жауапкершілік ала алма­ған адам кейін отбасын қамтамасыз ете ала ма? «Одан да әуелі ақша жинайын» деп ше­шім қабылдайды. Алайда қазақтың «Бас екеу бол­май, мал төртеу болмайды» деген сөзін ес­тен шығарып алады. Бұдан бөлек, қазір адам­дар өзін жан-жақты дамытуды, мансап жасап, қызметте өсуді қалайды. Білім алып, кәсіп ашып, өзін қоғамға дәлелдегісі келеді.  Осылайша, үйленетін уақытты өткізіп алады. Осы кезде «жеке шекарасын» нықтап,   жеке өмір сүруге құштарлық пайда болады. Бұрынғы  үйленсең ғана  бақыттысың деген көзқарас ескірген, адамдар өзім бақытты болсам жеткілікті деп санайды. Кей қыздар тұрмысқа шықсам, қаржылай тәуелді болып қаламын деп қорқады. Енді бірі отбасының бар жауапкершілігін мойнына алудан қашқақтайды. 
Бүгінде қыздар да, жігіттер де әлеуметтік өмірдегі ауқаттылар мен блогер, шоу-бизнес өкілдерінің жылтыраған өміріне қызығады. Бәрі сол сурет, видеодағыдай әдемі деп ой­лай­ды. Сол жерде бір-бірімен онлайн таны­сып, қарым-қатынас құру мәселесіне тым жеңіл қарап кетті. Жастарды шынайы өмір­ден гөрі виртуалды өмір қызықтыра­ты­ны байқалады. 
Біз өзімізде бар отбасы институтынан айы­рылып қалғалы тұрмыз. Құндылықтар өз­геріп, адамдар материалдық қажетті­лік­тер­ге баса мән бере бастады. Ажырасу та­қы­ры­­бы тіптен өзекті, тіпті бір тренд секілді. Тиран еркектер мен таяқ жеген әйелдерді көп насихаттау да бұл жерде маңызды рөл ойнап тұрғанын жасырмай айтуымыз керек. Ата-анасының отбасылық моделін қайталау­дан қорқып, үйленбейтіндер де жиі кезде­седі. Өзінің отбасын дұрыс құра алатынына сенбейді. Одан да жалғыз жүргенді артық санайды. Күйрегелі тұрған отбасы институ­тын қалпына келтіру үшін  тек қана әйелді емес, ер адамдарды да оқыту керек. «Маман­дық пен жар таңдаудан қателеспе» деп бекер айтылмаған. Отбасын құруға дайындайтын арнайы оқыту орталықтарын ашса, сұраныс болады деп ойлаймын. 
Біз жұбайымыз екеуміз осы салада жұ­мыс істеп жүргенімізге 10 жылдан асты. Бай­қағаным, отбасын алып жүруде, оларға жауапкершілік танытуда ер адамдарға көш­басшылық қасиет көбірек керек екен. От­ба­сын құруда және оны сақтауда ішкі ре­сурс­тар мен потенциалды ашу керек. Менің негіз­гі бағытым – адамдардың өздеріне деген ішкі бір сенімділіктерін арттырып, ары қарай отбасын құруға, сақтап қалуға, да­мытуға жетелеймін. 
Жастарға қоғам, үлкендер тарапынан қойы­латын таптаурын сұрақ «Қашан үйле­несің?» деген. Өз жайынан онсыз да қысы­лып жүрген қаракөздеріміз тығырыққа тіре­леді. Бұл адамға «Менде бір нәрсе дұрыс емес» деген ой қалыптастырады, сеніміне сел­кеу түсіріп, ішкі арпалысын арттырып жібереді. 
Жалпы, үйленудің бір мінсіз жасы жоқ. Біреу 18 жасында-ақ отбасының жауап­кер­ші­лігін мойнына алып, бір шаңырақты үйіріп әкетуі мүмкін. Ал біреу 30-ында әлі дайын болмайды. Көп психолог 25-30 жасты үйленуге дайын кезең деп санайды. Егер адам­ның эмоциялық тұрақтылығы қалып­тас­қан, жауапкершілікті сезінетін болса жә­не қарым-қатынас құру дағдылары, өзіне деген сенімділігі бар болса, үйленуге қадам жа­сауға болады. 
Менің ойымша, үйлену тақырыбында ағартушылық жұмыстар көптеп жүргізілуі керек. Өзім докторантураны сол  үшін оқып жа­тырмын. Білім алып, соны қоғамға жет­кіз­гім келді. Бала мен ата-ананың, тәрбие­ші­лердің, мұғалімдердің бір-бірімен ашық, сенім­ді диалогі бізді алға жетелейді. Соны­мен қатар кәсіби психологтер ауадай қажет. Бізде қарасаңыз, психолог көп сияқты. Бір­ақ нағыз мамандар әлі де аз. Сондай-ақ от­ба­­сы құндылықтарын насихаттайтын мем­­лекеттік деңгейдегі іс-шаралардың кө­беюі де маңызды. 
Қазір біздің қоғамда әйелдер бар жағы­нан дамып кетті. Негізінде, ер мен әйел бір­­дей дамуы керек. Тұлғалық, рухани, фи­зикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық бірге даму ерлі-зайыптыларды жақындата түседі. Әрдайым дамып отырған отбасының іргесі берік, шаңырағы шайқалмайды.     
Ұлы сөздің ұяты жоқ, жыныстық сауат­ты­лық тақырыбына аса мән беру керек. Жо­­ғары сыныптарда қауіпсіз қарым-қаты­нас туралы ағартушылық жұмыстары жүргі­зілуі қажет. Бұл ұят емес. Ерте жасалған аборт, ерте басталған жыныстық қатынас, қа­лай сақтануды білмеу – ұят. Мұның бәрі қара­пайым сауаттылық. Балалар мұндай тақы­рыптағы ақпаратты интернеттен көріп отыр­мауы үшін мектептерде айтылса, дұрыс жет­кізілсе, қандай жақсы. 

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасылық-демографиялық саясат туралы баяндамасын қолымызға алғанда да біраз жайтқа қанықтық.  Мамандар некеге тұрушылардың азаюына қазақстандықтардың жаппай өзін-өзі оқшаулау, шектеу шаралары режимінде қарым-қатынастарды тіркеуге және үйлену тойларын өткізуді біраз уақытқа кейінге қалдыруға құлықсыздығының салдары болды деп болжам жасайды. Кейбір ерлі-зайыптылар карантин кезінде қарым-қатынастарын сақтай алмаған.  Мұндай жағдайдың болуына тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері себеп болған.  

Дайындаған

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары