Президенттік орталықта Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музей көрмесі ашылды

Президенттік орталықта Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музей көрмесі ашылды
531

Қазақстан Республикасының ПІБ Президенттік орталығында уақытша көрмелер залында «Тарих танабындағы таңба» көрмесінің ашылуы өтті.

Көрме Президенттік орталық музейінің «Қазақстан жолы» жобасы аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп ұйымдастырылды. Сонымен қатар бұл іс-шара әріптестік байланысты нығайту мақсатында музейаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

Көрменің мақсаты – Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын Жамбыл облысының көп ғасырлық тарихы, өткен буындардың материалдық рухани өмірінің мұраларымен таныстыру, осы өлкеден шыққан атақты тұлғалардың жетістіктерін көрсету. Бұл көрме Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Жамбыл облысы – өзінің мәдени және рухани мұрасымен бай, тарихы терең, табиғаты әсем, қойнауы қазба байлыққа толы қасиетті өлке. Мұндағы мыңдаған жыл бойы қалыптасқан жәдігерлер шаһардың кезінде ұлы өркениет ошағы болғанын көрсетеді. Ежелгі заманда дүниенің төрт тарабын байланыстырған Ұлы Жібек жолының да тағылымы бөлек. Ақыртас, Баласағұн, Баркуаб, Құлан, Өрнек қалашықтарының өзі – тарих белесіндегі тағдырлы дүниелер. Сонымен қатар, Қазақ хандығының алғаш туы тігілген жер Қозыбасы аймағы, облысқа есімі берілген ұлы жырау Жамбыл Жабаев дүниеге келген, Хан тауы сияқты қасиетті жерлерде ұлттың ұлы тарихын айғақтаған құндылықтар бар.

«Жамбыл облысы – тарихи орындар мен бірегей жәдігерлердің қазынасы. Бүгінде Жамбыл облысының аумағында 116 көне қоныс табылды. Олардың көпшілігі бір уақытта Ұлы Жібек жолының бойында ғылым, қолөнер және сауда орталықтары қызметін атқарған ірі қалалар болды. Олардың ішіндегі нағыз інжу-маржан, сөзсіз, еліміздің ең көне қала орталықтарының бірі Тараз қаласы болды. Қазір Жамбыл облысы – еліміздің маңызды өндірістік, ғылыми, білім беру, мәдени орталықтары мен танымал туристік орындарының бірі», – деді Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

«Бүгінде көрмеде Жамбыл өңірінде әр жылдары жүргізілген ғылыми-археологиялық зерттеу жұмыстары барысында табылған материалдық және рухани мәдениеттің құндылықтары, әлемдік маңызы бар бірегей жәдігерлер мен артефактілер ұсынылады. Атап айтқанда, археологиялық коллекцияның бірегей топтамалары ортағасырлық Тараз қаласының тарихын баяндайтын: түркі, қараханид, моңғол, саманид теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамалары, ортағасырлық тұрмыста түрлі мақсатта қолданылған бірегей қыш ыдыстар, үлкенді-кішілі шырағдандар, хош иісті әтірлерді, дәрілік заттарды, сынаптарды сақтайтын жұмыртастар, Айша бибі кесенесінің түпнұсқа кірпіштері бар», – деді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева. 

«Жамбыл облысын танытқан ұлы тұлғалар Асанбай Асқаров, Бауыржан Момышұлы, Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза сынды тұлғалардың жеке заттары, фотосуреттер, мұрағаттық құжаттары және еңбектері және қазақтың бертінгі тарихында халқымыздың композиторлық, әншілік, айтыскерлік және ақындық өнерін бір өзінің рухымен әлемдік биікке көтерген ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі  – халық ақыны Кенен Әзірбаевқа тиесілі жеке заттары, фотосуреттері, бірегей жәдігерлер Астана жұртшылығының назарына ұсынылды», – деді Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров.

Сонымен қатар, көрмеге Жамбыл облысынан шыққан атақты Олимпиада чемпиондарының портреттері мен жеке заттары қойылды. Олардың арасында қазақ спортының даңқты өкілдері, атап айтқанда грек-рим күресінің хас шебері Жақсылық Үшкемпіров, бокстан Олимпиада жеңімпаздары Ермахан Ибрайымов пен Бақтияр Артаев, дзюдодан әлемдік аренада топ жарған Елдос Сметовтың заттары бар. Сонымен бірге, Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллинаның спорттық жетістіктерін айғақтайтын ерекше жәдігерлері де көрмеге қойылды.

Көрмеге барлығы 200-ге жуық экспонат қойылған. Бұл іс-шара 2024 жылдың 29 қарашасына дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары