Қарағандыда жаңа жабық футбол стадионы салынатын болды – облыс әкімдігі

Қарағандыда жаңа жабық футбол стадионы салынатын болды – облыс әкімдігі
343

Футболды дамыту мәселелері талқыланған жиында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Шахтер» клубының басқару моделін сынға алды. Соңғы кезде команданың спорттық жетістіктері көңіл көншітпейді. Қазіргі маусым қорытындысы бойынша «Шахтер» тізімде соңғы орында, яғни Премьер-лигадан шығып, Бірінші лига деңгейіне түсуге – басты үміткер.

– Бұл – өңірлік футбол саясатында жүйелі түрде орын алған олқылықтардың нәтижесі. Өкінішке қарай, клубтың ұзақ мерзімді дамыту межесі, маркетингтік стратегиясы жоқ. Футболшылардың іріктеу жүйесі сын көтермейді. 25 футболшының 12-сі – легионер. Жалпы алғанда, клуб шетелдік легионерлерді қолдау қорына айналды. Тұрақты қаржылық модель жасалмаған, – деді аймақ басшысы.

Тығырықтан шығу жолы ретінде Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар шұғыл және стратегиялық шараларды қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Оның ішінде басқару тәсілдер мен кадрлық құрамды қайта қарау – кезек күттірмейтін мәселе. Бір айдың ішінде клубтың стратегиясын әзірлеу керек, оның аясында футбол инфрақұрылымын дамыту жоспарын ескеру қажет.

Сондай-ақ, облыс әкімі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, отандық мамандарды даярлауға қатысты тапсырмалар берді.

Біріншіден, өңірлік ДСК-лар негізінде «Шахтер» футбол клубының филиалдарын ашу қажет. Бұл клуб академиясына іріктеу үшін селекциялық жүйе құруға мүмкіндік береді. Екіншіден, жергілікті жас дарындарға жол ашу мақсатында келесі жылы балалар мен жасөспірімдер командалары арасында футбол турнирін ұйымдастыруды тапсырды.

– Мемлекет басшысы кәсіби және бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар міндеттерді айқындап берді. Осыған байланысты жоғары білікті мамандарды даярлау қажет. Облыста балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша футбол орталығы мен академияның жұмысын күшейту қажет. Балалар жаттықтырушыларын оқытуды, оның ішінде оларды шетелде оқыту мүмкіндіктерін қарастыру керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Нақты спорттық меже – «Шахтер» келесі маусымда-Премьер-лига құрамына оралуы керек.

Жиын барысында Ермағанбет Бөлекпаев футбол мен спортты дамытудың жалпы жоспары туралы айтып берді. Мәселен, Қарағандыда спорттық кластер құрылып, оның аясында УЕФА стандарттарына сәйкес заманауи стадион, жыл бойы жаттығуға болатын футбол манежін салу жоспарлануда. Ол үшін қала аумағында 67 гектар жер қарастырылған. Бұдан басқа, келесі жылы қаладағы Орталық стадион жаңартылады.

Серіктес жаңалықтары