«Не жазығың бар еді, бөлтірігім?!»: Ершат Қайболдин марқұм Шерзатқа жыр арнады

Ақын өз өлеңін әлеуметтік желіде жариялаған.

«Не жазығың бар еді, бөлтірігім?!»: Ершат Қайболдин марқұм Шерзатқа жыр арнады
10551

Ақтөбелік ақын Ершат Қайболдин кісі қолынан қаза тапқан талғарлық жасөспірімге арнап өлең жазды, деп хабарлады turkystan.kz.

Биыл қазанда Талғар қаласында бір топ азаматтың арасында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат көз жұмған еді. Қайғылы оқиға ақын Ершат Қайболдиннің қолына қалам алып, жыр жазуына түрткі болған сыңайлы. Желі қолданушылары оның өлеңін ұнатып, жылы пікір білдіріп жатыр.

"Ершат, сөздерің жүректен шыққаны көрініп тұр. Қашан сен мақтанып, шаттанып жырлайтын заман туар екен?", "Керемет арнау", "Төбем шымырлап кетті ғой. Нағыз арынды ақын екенсіз. Жарайсыз! Шерзаттың жаны жәннатта болсын" - деп жазды ақынның оқырмандары.

Төменде ақынның өлеңі берілген:

(Шерзаттың рухына)
Бөлтірігім

Арланның артындағы бөлтірікті,
Қорқаулар тістеп-талап, өлтіріпті.
Қасқырдай қандасына қас қылмайтын,
Сағындым Сақ пен Ғұнды, Ер Түрікті.

Дәурені жүріп тұр-ау шибөрінің,
Қиналмай бөлтіріктің қиды өмірін.
Көкбөрім көкке қарап ұлыса да,
Шешкен жоқ құл қамытын, би бөрігін.

Әділ патша арыстан жоқ баяғы,
Қиянатшыл құзғындар көп қой әлі.
Содан кейін қорықпай қорқаулар да,
Апанына арланның от қояды.

Кім түзетер заманның олқылығын?
Қайнаттың-ау сорымды, сорқұдығым!
Туа сала сен өлдің, мен тірімін…
Не жазығың бар еді, бөлтірігім?!

Басқа бақыт не керек, басқа ғажап?
Болдық бақа-шаянға босқа мазақ!
Отаныңды қорғайтын көкжалдарды,
Қорқауларға қор қылма, қасқа, қазақ!

Серіктес жаңалықтары