Қостанай облысында білім бөлімінің маманы сотталды

Ол WhatsApp мессенджері арқылы клиенттерге жалған жарнамалар жолдап, жолдамаларға жеңілдіктер ұсынылып жатқанын хабарлаған.

Қостанай облысында білім бөлімінің маманы сотталды
Istockphoto
184

Рудный қалалық соты алаяқтық және сенімге қиянат жасау арқылы мүлікті ұрлау ісі бойынша сот үкімін шығарды.

Айыпталушы, қалалық білім бөлімінің балаларды тәрбиелеу-сауықтыру кешенінің хатшысы, қызмет бабын пайдаланып, балалар лагерлеріне 50% жеңілдікпен жолдамаларды жалған түрде сатқаны үшін кінәлі деп танылды.

2022–2023 жылдары Рудный қалалық Білім бөлімінің балаларды тәрбиелеу-сауықтыру кешені басшысының хатшысы WhatsApp мессенджері арқылы клиенттерге жалған жарнамалар жолдап, жолдамаларға жеңілдіктер ұсынылып жатқанын хабарлаған. Ол клиенттерге төлемді өзінің жеке банк шотына аударуды сұраған. Бұған қоса, лагерьлерге жолдамаларға сұраныс жоғары екенін, алдағы маусымда орын болмай қалу ықтималдығын көрсетіп, клиенттерді шұғыл шешім қабылдауға итермелеген.

Айыпталушы лагерь жолдамаларын алып, олардың көшірмелерін жасап, артық жолдамаларды сатуды жалғастырған. Бұл ретте лагерьлердің шектеулі орындары бар екенін білгеніне қарамастан, төлемдерді жеке шотына қабылдауды тоқтатпаған.

«Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының жас баласының болуы және келтірілген залалды жартылай өтеуі ескерілді. Сот үкімі бойынша, сотталушы кінәлі деп танылып, оған 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, кешеннің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылып, сотталушыдан мемлекет пайдасына 16 миллион теңге көлемінде материалдық шығын өндірілетін болды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары