Қазақтың Жайнасы

Қазақтың Жайнасы
930

Алматыға арман қуып келген бір топ студент 1991 жылы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің аудиториясында жолықтық. Курстағы Жайна, Гүлбану және Ақтоты есімді қыздарымыз алдыңғы партаны меншіктеді. Дәрісті үтір-нүктесіне дейін жазып, алдыңғы лекте семинарда жауап береді. Жұптары жазылмастан сабақтан соң жатақханаға беттейді. Бөлмелестер сабаққа да бірге дайындалады. Аса тәртіпті, инабатты, сүйкімді қыздарға барлығы үйірсек. Бір күні студенттердің «Өркен» атты газетіне олардың фотолары жарияланып, әсіресе Жайнаның нұрлы бейнесі біразға дейін әңгіме арқауына айналды.

Жайнаның әкесі Сламбек ақсақал Қы­зылорда облысы Қармақшы ау­даны Қуаңдария ауылында ұзақ жыл бас­шы болып қызмет істеген. Ешкімнің ала жі­бін аттамаған, үкіметтің дүниесін ша­шауын шығармай ұстаған. Ақ-адал азамат жолдасы Раушан екеуі балаларына жақсы тәр­бие беріп, бәріне өз күштерімен жету ке­рек­тігін үйреткен. Дегенмен ескінің күй­реп, жаңаның енді ес жиып жатқан тоқ­саныншы жылдары қолында билігі бардың ба­лалары арман қалада әкесі алып берген үйде тұрып, көлікпен жүйіткіп жүрген бо­ла­тын.  
Бұл кезде Жайна көп оқитынымен ерек­шеленді. Оны тек журналистика сала­сын­дағы емес, әлемнің біз атын естіп көр­меген саясаткерлер мен ғалымдарының, фи­­­лософтарының танымдық туындылары кө­бірек қызықтырды. Оқуда озат. Құр­бы­ларымен ашық-жарқын. Студент кезінен пі­кірін ашық айтып, қоғамдық жұмыста да бел­сенділігімен көзге түсті. 
Сөйтіп, университет бітіретін шаққа да жет­тік. Темірбек Қожакеев ағай емтихан қа­­­былдайтын Мемлекеттік комиссия төра­ға­лығына Шерхан Мұртаза ағамызды көн­діріп, шақырыпты. Қызыл дипломнан дә­ме­лілеріміз бар, белсенділеріміз бар, емти­хан­ның алғашқы күнінде тапсырмақ бол­ғанымызбен жүрексіндік. Оның үстіне Ше­­рағаңның сұсын көріп, қаймығып та қал­дық. Алайда амал жоқ. Бірінші күні тап­сыратындардың тізімі бектіліп кеткен. Ал­дыңғы лекте Жайна да кіріп шықты. Темірбек Қожакеев ұстазымыз Шерағаңның жағына шығып, қатайып алғанға ұқсайды. Ше­р­ағаңның ешкімнің басынан сипамай­ты­ны екі бастан белгілі еді.  Өкініштісі, бес жыл бойы кіл беске оқып келген Жайнаның қы­зыл дипломының ауылы алыстады. Іші­міз удай ашыды. Бестік ешкімге бұйырмады. Ақыры, емтиханнан «құлап қалмай» аман өткенімізге шүкір дедік.
Жайна қамықпады. Меселі қайтпа­ды. Дипломды алар-алмас бойы сол кездері енді құрылған «Хабар» агенттігі жаңалықтар қызметінің қайнаған қара қа­занына қойып кетті. «Жайна Сламбек, Еділ Ермекбай. Арнайы Хабар үшін» деген сю­­жеттер күн құрғатпай шыға бастады. «Қы­­зыл дипломсыз-ақ» қызықты сюжет­тер­дің авторы – Жайна Сламбектің есімі әп-сәтте-ақ белгілі болды.
Білімге зеректігі енді еңбекқорлыққа ұлас­ты. Қазақстанның түпкір-түпкірін тү­ген­деді. Шаршауды білмеді. Шартарапты шар­лады. Президент пулындағы жүйрік жур­налист ретінде әлемнің көптеген елі­нен хабар таратты. Жұмбақ ел Жапониядан бастап, Ұлыбритания сынды дамыған мем­ле­кеттердің біз үлгі алар тұстарын көрер­ме­ніне қарапайым тілмен жеткізді. 
Иә, Жайна Сламбек тәуелсіз елдің еркін ой­лы журналисіне айналды. Оған қоса мі­нез бен батылдығы журналистикамызға жаңа леп әкелді. Ақпарат тарату барысында тоқ­саныншы жылдарға дейінгі қасаңдықты бұ­зып, шын мәніндегі азат ой мен еркін­діктің ерекше үлгісін көрсетті. 
«Ит адамды қауып алыпты деген емес, Адам итті қауып алыпты» деген сенсация­лық ақпараты некен-саяқ қоғамда көрер­ме­ніне өзекті тақырыптарды іздеп тауып, көп­шілік назарына ұсынды. Әділдік тап­пай, есесі кеткендердің есебін түгендеді, әл­сіздердің жанынан табылды. Жайнаның ба­тыл сюжеттерінен кейін үлкенді-кішілі бил­іктегілердің жауап беріп жатқанын да көрдік.  
Жайна билік пен халық арасындағы ал­тын көпір бола білді. Елге, жерге жана­шыр­лығы оның сюжеттерінен, хабарлары­нан андағайлап, алдыңғы лекте айтылар ой­дың жосығынан хабар берді. 
Журналист Жайна Сламбек ұлтын шын жү­регімен сүйді, онысы әрбір еңбегінен кө­рініс тауып жатты. Бұл тұрғыда батыл ізденістерге бару мен уақыт тінін тап басу жа­ғынан да өз қолтаңбасымен ерекшеленді. 
Байқауымызша, Жайна Сламбектің жур­налист ретінде айнымас өз принципі бар. Ол журналистикаға тән басты үш қағи­да­ны мамандығына адал адам ретінде ұста­нып келе жатқанын айтар едік. Солар­дың бірі – бейтарап болу. Көрерменіне екі жақ­тың да пікірін жеткізу. Белгілі бір ақ­паратты объективті түрде қамтып беру ол үшін өте маңызды. Келесі бір қағида – шын­дықты айту. Журналист Жайна Слам­бек­тің хабарларында бір-бірінен тәуелсіз ақпа­рат көздеріне сүйенетінін байқаймыз. Үшін­ші бір қағида – ақпаратты дер кезінде бере білуі. Міне, бұл әсіресе саналы ғұмы­рын­да ұшқыр ақпарат құралдарында қыз­мет істеп келе жатқан әріптесіміз Жайна Сламбектің бұлжымас ұстанымы іспетті.
Батыста бұқаралық ақпарат құрал­дары шын мәнінде төртінші билік болуға ұмтылады. Журналистер қоғамның пікірін білдіруші күш болумен қатар, сол қоғамның пікірін қалыптастырушы негізгі фак­тор болып есептеледі. Бұл елдерде бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының қоғамдық рө­лінің үстемдік сипатқа ие болғаны теле­ви­зияның дамуынан, яғни, елуінші жыл­дардың орта шенінен бастау алады. Теле­визия­ның дамуы – тұтас елдің дамуының көр­сеткіші іспетті, бізде батыстан біраз кейін дамығаны белгілі. Ал шынайы сапа­лық, мемлекетшілдік hәм ұлттық тұрғыдан  келгенде тоқсаныншы жылдардан кейінгі телевизиямыздың өркендеуіне  әріптесіміз Жайна Сламбектің қосқан өз үлесі қомақты екені анық.
Жоғарыда айтып кеткендей, еңбек жо­лын университет бітірген 1996 жылы жазда «Ха­бар» агенттігінде тілші болып бастаған ол 2014 жылдың ақпанына дейін коммен­та­тор, атқарушы продюссер, тележүргізуші, ақ­параттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры болып қызмет істеді. 2014 жылдың ақпанынан 2019 жыл­дың шілдесіне дейін «Астана» телеарнасын­да «Біздің уақыт» ақпараттық-сараптама­лық бағдарламасының авторы әрі жүр­гізу­шісі болды. 2019-2022 жылдары Qazaqstan те­леарнасы «Апта» бағдарламасының же­тек­шісі және жүргізушісі, 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың қарашасына дейін «Хабар» телеарнасының директоры бол­ды. Қазір Qazaqstan телеарнасының «Ап­та» ақпараттық-сараптамалық бағ­дар­ламасының жетекшісі әрі жүргізушісі. Қа­зақстанның «Аптасын» көрермен әр жек­сенбі сайын Жайнаның жүргізуінде күтеді. Ел­дегі күрделі мәселелерден бастап, әлемде­гі ширыққан оқиғаларды Жайнаның са­рап­тауы мен саралауы көрерменге анағұр­лым нанымды жетеді. 
Еңбегі де еленіп, өз бағасын алып ке­леді. Алғаш Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Отан­дық тележурналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығымен марапатталды. Сонымен бірге «Тұмар» ұлттық телевизия сый­лығының және «Amanat» партиясы­ның сый­лығының иегері және «Құрмет» ор­де­німен марапатталды.
Талантты журналист, мықты медиа менед­жер, адал дос, алтын әріптес Жайна Слам­бек биыл бір белеске көтерілді. Жур­на­листік жолына қызыға да,  сүйсіне де қа­райтын өз тағылымды соқпағы бар дос­тың алда әлі ел игілігі үшін атқарар шаруа­сы шаш етектен. 

              
Болатбек Төлепберген

Серіктес жаңалықтары