«Шеге құмның» шегесі

«Шеге құмның» шегесі
674

Қолымызға белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлының «Шеге құм» деп аталатын эсселер мен портреттік мақалалар жинағы түсе қалды. Осы ретте айта кетер бір жайт бар. Кезінде «Лениншіл жас» газетіне Оралхан Бөкеев ерекше дүмпу әкелгені бар. Қысқарта айтсақ, қазақ қаламгерлеріне қара сөзбен жырлаудың үлгісін ұсынғандардың бірі және бірегейі сол Оралхан еді. Бірақ одан бері қанша құм көшті, қанша су ақты. «Лениншіл жастың» да атауы өзгерді, қоғамдық құрылыстың да мазмұны аласапыран болып кетті.

Мына «Шеге құмнан» сол өзгерген за­манның келбеті мүлде бөлек еке­нін оқырман мықтап ұғынады. Бір қы­зы­ғы, бұл кітап әлденеше беттерге созы­ла­тын портреттік мақалалармен қатар ой­мақ­тай ойлармен әдіптелген қысқа тұжы­рымды этюдтерді де жек көрмейді.

***
Рас, Бауыржан әуелі газетте, одан соң мем­лекеттік қызметтерде жүрген соң та­лайлармен танысты, талайлармен ара­лас­ты, ең бастысы, сол кісілердің былайғы жұрт аса байқай бермейтін үлгілі қасиет­терін зерделеді. Мына кітаптағы философ, академик Досмұхамед Кішібеков («Ғасырға жуық ғұмыр»), түрколог, ғылым докторы, профессор Немат Келімбетов («Келімбетов кеңістігі»), қаржыгер Құтқожа Ыдырысов («Қар­жыгер қағидасы»), фототілші Рахым­бай Ханалиев («Күмісті мылтық»), компо­зи­тор Қалдыбек Құрманәлі («Шәмші аға­ның ескегі»), қайраткер қандас Дүкен Мә­сім­ханұлы («Дүр Дүкен»), т.б. туралы жа­зыл­ған дүниелерден өзінің болашақ кейіп­керлерін Бауыржанның сырттай ғана ба­қыламайтынын, терең үңіліп, әркімнің өзіне ғана тән ерекшеліктерін ойына түрте жүретінін аңғарасыз. Бәлкім, бұл фактілер аса маңызды да болып көрінбес, дегенмен оқырманның ішін жылытатын деректерсіз туындыңыз сәл-пәл де болса ашқарындау болып шығатынын мойындайсыз. 
Мысалы, композитор Қалдыбек туралы Бауыржан былайша көсіледі: «...Өзіндік пі­кірі бар, қалыптан тыс ойлайтын адам­дар­дың шығармашылығы жемісті болатыны бая­ғыда-ақ дәлелденген. Өзгеше шешім қа­былдау жағынан ол алдына жан сал­май­ды. Мәселен, Қалдыбек перзенттеріне мы­на­дай ат қойды. Шәмші-Қалдаяқ, Бекзат-Сат­тархан, Мұхтар-Шахан, Иманғали-Тас­мағамбет. «Бұлай есім беруге болмайды» дегендердің уәжіне пысқырған да жоқ... Танымал адамның есімін баласына әркім-ақ қоя алады. Ал оның аты мен фамилиясын қосақтап беруге тәуекеліңіз жете ме? Мұн­дай әрекет Қалдыбектің қолынан ғана ке­леді. Сый қылды, сыпыра қалды. Қосарлы есімді бөле-жара айтқызбайды». 
Немесе Дүкен Мәсімханұлы жөнінде жаз­ған «Мейірлі мерейсөзінде» мынадай фак­тіні келтіре кетеді: «...Бірде белгілі жур­на­лист Есенгүл Кәпқызы КазГУ-де канди­дат­тық диссертациясын қорғап жатты. Дис­сертациялық кеңестің төрағасы, ака­демик Зейнолла Қабдолов ізденушінің екінші оппоненті Дүкен Мәсімханұлына сөз берді. Жай бере салған жоқ. Сөз бер­ген­нің өзінен суреткерліктің сәулеті сезіліп тұратын Зекең былай деді: «Сіздер Дүкен де­генге оны жай дүкен немесе киоск екен деп қалмаңыздар. Бұл – супермаркет!», – де­ді. Зал ду күлді. Әр сөйлемін зерлеп ай­татын Зекең әзілдесе де бұл сөзде шындық бар еді. Ол сол жылдарда жастығына қара­мас­тан Дүкеннің әдебиетте де, ғылымда да олжа салып, елдің қоғамдық өміріне қызу араласа бастағанын меңзесе керек».

***
Балалық шағында өзінің де өлең өр­генін, әйтсе де дер кезінде тоқтап үл­гергенін ескертіп отыратын Бауыр­жан­ның қаламы ақындарға келгенде есіліп ке­теді-ай. «Тарпаң талант тұрпаты» деген тү­сініктемесі бар «Кеңшіліктің келбеті» де­ген эссесі – осының бір мысалы. Өзі бы­лай­ша көргені болмаса, жекелей танысып үлгермеген Кеңшілік Мырзабеков ақынның студенттер жатақханасында өлең оқыған сәтін былай суреттейді: «...Ол одан сайын тебіреніп оқыды жырын. Оқыған сайын үдете, үдеткен сайын екпіндете, екпіндет­кен сайын шабыттана түсті. Онсыз да қы­зыл шырайлы жүзі әдемі бір реңкке еніп, бал­бырап отырды. Өз өлеңін осынша ықы­лас­танып, шын ниетімен беріле оқыған ақын­ды бірінші рет көруім. Жо-жоқ, ақын­дардың бәрі де беріле оқиды. Бірақ құр­қыл­тайдың ұясындай шағын жатақханамыздың ішін әп-сәтте сырлы сарайға айналдырып жі­берген мына сары шайырдың жөні бө­лек-ті».
Бауыржанның бір өзгешелігі, қай тақы­рып­ты алса да көбінесе сол тақырып төңі­ре­гіндегі білетіндерін еске салып отырады. Сенбесеңіз, «Байбота ағамның балконы (Есен­ғалиға еліктеу)» эссесін оқыңыз. Оқы­саңыз, ақындардың балкон туралы сөз түрт­пегені кемде-кем екеніне қанығасыз. Қа­дыр Мырза Әли, Күләш Ахметова, Есен­құл Жақыпбек, Ертай Ашықбаев, Светқали Нұр­жан, Бауыржан Қарағызұлы, одан соң (дұрысында, оған дейін) Афанасий Фет, Ма­рина Цветаева, Самуил Маршак, Нико­лай Асеев, т.б. не дегенін шолып өтесіз. Ал Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай ақын­ның балконы, Бауыржанның жазуынша, «біріншіден, күнделікті жұмыс орны, екін­шіден, шеберлігін шыңдайтын шығар­ма­шы­лық лабораториясы, үшіншіден, тұрақ­ты әрі тағылымды кітапханасы, төртін­ші­ден, қатарлас қаламгерлермен кездесу ор­ны, бесіншіден, өзіне арнайы келген жас ақындармен сырласатын сұхбат алаңы, алтыншыдан, немерелері атасын іздегенде қиналмай табатын құтханасы, осылай кете береді...».

***
Дегенмен студенттер жатақханасы да, балкон да – қазіргі қаптаған қа­­лалардың мысалдары. Ал ауыл ше, ауыл ақындары ше? Автор, әрине, бұл жағын да ұмы­тып кетпейді. Ұмытпайтыны – бар­лы­ғы да күні кешегідей көз алдында тұр. Көз алдында тұратын себебі – Арал аумағы ақын­дар мекені. Солардың бірі – Толыбай Абы­лаев. Қазір өлеңді түсінетін жұрт жақ­сы білетін Толыбай ақынды тұңғыш көр­ге­нін Бауыржан былайша суреттейді. «Өзі шап-шағын, шашы ұзын. Үстінде сұр кос­тю­мі бар. Тіпті, қолында мыж-мыж дәптері болды-ау деймін. Кәдімгі сыртында көбейту таблицасы жазылған оқушы дәптері... Ол көк дәптерін ауық-ауық қайырып-қайырып жіберіп, тағы төрт-бес өлең оқыды да, ба­сын жерге жеткенше иіп, аудаң-аудаң етіп, сахнаның сыртына кетіп қалды...». Бұдан соң Толыбай қанша өлең жазды, қандай қызметтер атқарды, бұл жағын Бауыржан онша қазбаламайды. Тек, бір шумақ өлеңін келтіру арқылы ақынның тұтас тұлғасын ашып береді.
«Кісәпірлер құртты, Алла-ай, 
Жайсаң едім жағалы. 
Жел айдаған бұлттардай, 
Арал көшіп барады, – 
деп күйінеді. Бұл күйініш пен күйзеліс – Аралда тұратын арқалы ақынның жанын қоз­ғап, жүрегін тербейтін мәңгілік эле­гия­сы. Ауытқымайтын ағымы, сарқылмайтын сарыны». 
Міне, осындай түйіндеуден соң Арал теңізі жаққа көзіңіз жасаурай қа­рай­сыз, Толыбай ақынның маңдайынан си­пағыңыз келіп кетеді. «Өзі өлеңіне, өлеңі өзі­не ұқсайтын» мұндай ақындары бар Арал теңізі, сірә, түбі сарқылып қалмайтын шы­ғар деп ойлайсыз.
Б.Омарұлы «Белгілі вальстің авторы» деп аталатын эссесінде тағы бір аралдық ақын Серік Сейітмағамбетов туралы сөз қоз­ғайды. Рас, елу жасқа жетер-жетпесте мәң­гілік мекеніне аттанып кеткен ақын­ның творчествосына тұтастай шолу жаса­май­ды немесе жақсы өлеңдерін жарқ­ырата тал­дамайды. Эссені оқып отырып бұлай жа­сау міндет те емес екенін аңғардық. «Ал­матыда алты ай жатып, шарап ішіп қай­та­тын әдеті де болмаған, Алматысы да, Ала­тауы да айдынды Арал болған, Аралды жұрт­тың бәрінен де жақсы көрген» ақын­ның бейнесін бірер мысалдар арқылы қа­нық суреттей алған автор материалының аяқ тұсында былай дейді:
«...Бәрібір жаны жұмбақ ақын ағаның ішін­де бір белгісіз өкініш кеткендей көрі­не­ді бізге. Оны мына өлеңінен байқаймыз:
Асыққанмен мұратқа,
Мінгендеймін құр атқа.
Қаншама өлең жазыппын,
Бірақ, бірақ, бірақ та...
Сол бірақ, бірақтың... ақыры қайырлы бол­ған сияқты. Бір перзенті әкесінің қо­лы­нан сусып кеткен қаламын жерге түсірмей қағып алып, мығым ұстап отыр бүгінде».

***
Аралдық ақындар туралы жазғандарын оқығанда Бауыржанның әр өңір ақын­дары­ның сол өзі туған өңірге ұқсайтын мінез­дері барын тап басып танитынын аңғардық. Мысал керек пе? Міне. Арқалы ақын Свет­қа­ли Нұржанды таныстыруды Бауыржан былай бастайды: 
«Алматыны ала жаздай жайлаған аби­туриент кезімізде таныстық. Мен балық­шы­ның бес құлаш таяуы секілді сырықтай боз­бала едім де, ол «тұрпаты қатты қысқан жұ­дырықтай», «тұрымтайдай ұл еді». Ол ма­ған бірден-ақ айрықша әсер қалдырды. Бірін­шіден, түр-сықпыты ерекше. Біз бал­шық­тан жасалғандай иленіп-икемделіп тұр­сақ, ол құрыштан құйған шағын мү­сін­дей шып-шымыр болатын. Ал енді арыс­тан­ның жалындай бұйра толқын шашының қалыңдығы ғаламат. Тіпті, арасына алты әлім, сегіз адай тығылса да, оңайлықпен тап­тыра қоймайды-ау. Екіншіден, есімі тым тосын еді. Светқали...». 
Не керек, автор осы эссесіне өзі қойған «Ежел­­гі дәуірдің елшісі» деген атауды ақтап шы­­ғады. Ақынның мінез-құлқын да қол­мен қойғандай етіп танымасаң, көрген жер­де тани кететіндей етіп суреттейді, ал өлең­­деріндегі сарындар туралы әңгімесі тіп­ті бөлек, тартымды, тағылымды.
Жалпы, Бауыржанның осы Светқали се­кілді абитуриент кезінде танысқан не­месе бір курста, әйтпесе бір факультетте, тіп­ті бір жатақханада бес жыл бірге тұрған көжелестерінің басқалардан бір артық­шы­лығы бар. Есімдері тасқа түсіп қалады. Әри­не, мақталады. Дегенмен сол мақтау­лар­ға юмор араласып кететіні де бар. Әйтсе де, сарказм, сатира деңгейіне дейін жеткізе қоймайды әрі дегенде етін ауыртпай сипай қамшылайды. Жанашырлықпен жұмсалған қамшы кейіпкерлерге де майдай жағады. Қалай болғанда да, Қайрат Әлімбеков («Қара өлеңнің Қайраты»), Бауыржан Жақып («Біз үшеу едік...»), бард ақын Табыл До­сымов («Таусыз тағдыр»), Ыбырай Бек­жі­гітов («Байқатпады бұл өмір...»), Жол­дас­бек Дуанабаев («Жұрт жадындағы Жол­дасбек»), Исағали Әлімжанов («Қалам ұста­ған кәсіпкер») тәрізді журналистка фа­культетінің түлектері алдынан осы­лай­ша қаздай тізіліп шыға келгенде Журфак-тың бұрынғы студенттері (қазіргі профес­сорлар, депутаттар, үлкенді-кішілі басшы­лар, т.б.) қайғы-мұңсыз ай-хай дәурендерін бір еске алып қалатыны даусыз. Ал ақын Иран-Ғайыптың әкесі ше? («Әлеуетті Әбітай»). Фотожурналист Болат Омарә­лиев­тің әлдеқалай түсіріп алған фотосуре­тінен сыр созбақтай отырып Баукең кейіп­керімен жан-жақты таныстырады. Есебі «Құнанбай болмаса, Абай қайдан шығады» дегендей. Мақаланың басты тақырыбына ілескен «Автордың «авторын» ардақтау» де­ген қосымша осы эссенің жан-жүйесіне лайықты болып шыққан. Лайықты болып шық­қан себебі, автор бұл эссесінде ақын­ның Иранбек Оразбаев атанып жүрген кезінде жазған портреттік өлеңін әңгіменің ыңғайына қарай «әкесінің өз мәнерімен іліп-шалып, өлеңін әдемі әзілмен өрнекте­генін» мысалға алады. Айталық, ақын «Бұл­шық еті бетінің бөлек-бөлек, Астыңғы ерні түсіңкі көп өкпелеп. Орақ тілді, жез таңдай, от ауызға, Қоңқақ мұрны қонып тұр көп өк­пелеп» деп бір қайырса, келесі мақамында «Қаршыға көз, қысыңқы аңғалағы, Жазық маңдай мезгейді маң даланы. Кеудесі аяқ­қаптай, кеңірдегі – Келсаптай, көрген кісі таңғалады» деп одан әрі жандандыра түсе­ді. Әңгіме жоқ, Абайдың «Аттың сыны» өлеңі есіңізге түсе кетеді. Сөйткен автор эссе­сін «Ей, Әбітай, Әбітай, қадамына құт қон­ған қандай бақытты шал едіңіз?..» деп аяқтайды.
Әрине, Бауыржанның қаламына ақын-жазушылар ғана кейіпкер бола бермейді, мынау кең-байтақ Қа­зақ­стандағы алуан түрлі мамандық иелері де ілігеді. Және осылардың әрқайсысы көз алдыңызға өзіне тән ерекшеліктерімен келіп тұра қалады. Журналистер Сауытбек Абдрахманов («Қамшы мен қалам»), Әділ Дүйсенбек («Ақ күмбез»), профессорлар Алпысбай Мұсаев («Қазалының қазағы»), Абат Пангереев («Ақтөбенің Абаты»), мемлекеттік қызметкер, аудармашы Ғосман Төлеғұл («Қос қанат») әрі қаламгер, әрі ғалым Тұрсын Жұртбай («Тұнық бастау»), ақын Өтепберген Ақыпбекұлы («Астананы аялаған ақын»), жақсының көзі, ғалым Зейнеп Базарбаева («Әкеге ұқсап... қыз да өсер»), ректор Қылышбай Бисенов («Алмас қылыш»), кітапханашы Талғат Тілеулесов («Талғаттың тұнық тұмасы»), күйші Айгүл Үлкенбаева («Нар идірген»), не керек, осы эсселерден жеке адамдар туралы ғана емес, олардың кәсіптері мен мамандықтарына қатысты жайларды да егжей-тегжейлі біліп шығасыз. 
Қысқасы, Б.Омарұлы таныс (таныс емес) детальдарды ретімен пайдалану арқы­лы сізді өз стилімен сусындатады. Кітапты оқып болған соң басқа емес, тек осы стильмен жазылған нәрселерді ғана оқығың келіп, ауаланып отырасың. Кейін оқисың да. Себебі... 

***
Дегенмен, жинақтың аты неге «Шеге құм»?
«...Біздің Аралдың жағасында шеге құм деген ғаламат құм бар. Сол құмға су жаңа киіміңмен қанша аунасаң да, үстіңе ештеңе жұқпайды. Түрегелсең болды, шеге құм жерге сусып түседі. Не сені кір шалмайды, не құм ластанбайды», – дейді автор. Сөйте, отырып бұл кітаптың «Толқын», «Шағала» деп жалғасатынын ескертеді. Демек, «Шеге құм» шетінемейді. Бізді де кір шалмайды. Шегесі берік «Шеге құм»...

Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ, 
ақын

Серіктес жаңалықтары