Даланың жауынгер әйелдері

Даланың жауынгер әйелдері
511

Ерлігі ерге бергісіз қыздар қай заманда да болған. Көне дәуірде далалық тайпалардың қыздары соғыста ерлермен тізе қосып, жаудан қайтпай шайқасқан. Ондай батыр қыздар туралы халық талай аңыздар қалдырған.

Аңыз түбі – шындық десек, ел қор­ғаған батыр қыздар туралы әңгімелер өмір­де болған жайттар негізінде туғаны анық. Оған дәлел – біздің арғы баба­лары­мыз сақтар мен ғұндар дәуіріндегі ба­тыр әйелдер туралы ежелгі тарихшы­лардың қалдырған деректері.
Грек аңыздарындағы амазонка-лар – ұлы далада көшіп-қонып ғұ­мыр кешкен тайпалардың жауынгер әйел­дерінің болмысын суреттеуден туған әңгіме ме деп ойлайсың. Себебі олар амазонкалар туралы аңыз қалдыра оты­рып, сақ-ғұн дәуіріндегі батыр әйел­дер жайында да жазған.
Геродоттың 1972 жылы Ленинград­тың «Наука» баспасынан жарық көрген «Та­рих» атты кітабында: «Сақтың пат­шайы­мы Томирис (Тұмар патшайым) пар­сылар өлтірген Тұмардың баласы Спар­гапистің кегін алу үшін Кирге қар­сы жарты миллион әскер жібереді. Осы жарты миллион әскердің 200 000 әскері жауынгер әйелдер еді» деп жазған.
Грек тарихшысы Ктесийдің «Сақ әйел­дері ержүрек келеді, соғыс қаупі төн­генде ерлеріне көмек көрсетіп, ұрыс­қа араласады» деп жазған тарихи мә­лі­ме­тінен сақтардың батыр әйелдерінің бас­қыншылармен соғыста елін қорға­ға­нына көзіміз жетеді. Сақ-түріктердің та­ғы бір ханшайымы Дәрібике туралы бел­гілі ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қазақ эпо­сы және түркология» атты кітабында аса маңызды деректер келтіреді. Ал бел­гілі әдебиет зерттеушісі, ғалым А.Қы­рау­баеваның «Ежелгі әдебиет» атты ғылыми кі­табында Зарина патшайымның қы­рық қыздан құралған жауынгер жаса­ғы­ның болғаны туралы айтылады. Қа­ра­қалпақтың ауыз әдебиетіндегі «Қы­рық қыз» дастанында Гүлайымның қы­­рық қыздан құралған жасағы болға­ны жырланады. 
«Қазақ сөздігі» атты кітапта «Ама­зон­­калар – ежелгі грек мифология­сын­дағы жауынгер әйелдер» деп, ал жаугер де­геніміз – «батыл, ержүрек, қайт­пай­тын, айбатты, қажырлы жауынгер» деп жазылған.
Ежелгі гректердің «Аргонавтардың қайта оралуы» атты мифтік аңызында Ясон мен Медея өзінің жанындағы ба­тыр­лармен «Арго» қайығын теңізге тү­сіріп жүзіп кетеді. Аргоновтар үш күн жү­зіп, Скифия жағалауына – сақтардың елі­не жетеді. Бұдан олардың сақтар жайында ерте кезден білгені көрінеді. 
«Қазақ сөздігінде» көрсетілгендей, амазонкалар ежелгі грек мифология­сын­дағы жауынгер әйелдер дейді. Сақ­тар­дың жауынгер әйелдері туралы Ал­ма­ты қаласындағы «Балауса» баспасы­нан 2012 жылы жарық көрген «Ежелгі Греция мифтері мен аңыздары» атты кітапта бар.
Тесейдің Афиныны кемеңгерлік­пен билегені, грек батырлары­ның ерлік істеріне қатысу үшін Афи­ны­ны тастап жиі-жиі жорыққа шыққаны, Гераклдің амазонкаларға қарсы жоры­ғына қатысқаны жөнінде былай деп жа­зады: «Амазонкалар қаласы Фемис­ки­раны алғанда Тесей ержүректігінің қарымжысы ретінде амазонкалардың пат­шайымы Антиопаны Афиныға алып кел­ді. Афиныға келген соң Антиопа Те­сейге жар болды. Батыр өзінің ама­зонкалар ханымымен некелесу тойын барлық сән-салтанатымен өткізді».
Амазонканың патшайымы Антиопа осылай Тесейге жар болады. Антиопа Тесейді жақсы көргендіктен емес, амалы тау­сылғандықтан оған тұрмысқа шық­ты. Бұған намысы келген амазонкалар Тесейге қарсы соғыс ашты: «Амазонкалар қалаларын қиратқан гректерден өш алып, өз ойларынша, Тесейдің тұтқы­нын­да отырған патшайымын құтқармақ болды. Олардың қалың әскері Аттикаға лап қойды. Қаланы қорғайтын жауын­герлер амазонкалардың тегеурініне шы­дай алмаған соң, афинылықтардың бас сауғалауына тура келді. Амазонкалар тіпті қалаға басып кіріп, тұрғындарды тас­­­­қамал – акропольге тығылуға мәж­бүр етті. Олар ареопаг төбесіне лагерь­лерін құрып, афинылықтарды қоршауда ұстады. Афинылықтар қаһарлы жауын­герлерді қумақ болып, неше дүркін шабуылға шығып та көрді. Ақыры, ше­шу­ші майдан басталды.     
Амазонкалар Тесейге қарсы шығып, өз­дерінің сүйікті ханшайымы Антиопа­ны құтқармақ болды ма, әлде оны сат­қын­дығы үшін өлтірмек болды ма? 
Антиопа осы сәтте өзінің күйеуі Те­сей­ге жақтасып, жауынгер әйелдерге қар­сы шайқасты. Антиопа осы шайқаста ама­зонканың қолынан мерт болды, кеу­десіне жауынгер әйелдің бірінің най­засы қадалған еді. 
Сақ патшайымы Заринаның өз хал­қы мен жерін басқаларға қимай, көрші ел­д­ің ханзадасына тұрмысқа шықпаға­ны, Тұмар патшайымның да парсы пат­­­­шасы Кирдің әйелі болудан бас тарт­қаны олардың өз халқына адал болғаны, өзі­нің қара басынан халық мүддесін жоғары қойғаны еді.
Сақ патшайымдары Зарина да, Тұ­мар да, Дәрібике де, Гүлайым да сақ-түр­кілердің жауынгер әйелдерінің пат­­­­шайы­мы Антиопаның сатқындық іс-әре­кетін қайталаған жоқ. 
Қазақтың көрнекті ғалымы Ә.Қоңы­ратбаев «Қазақ эпосы және түркология» атты кітабында грек тарихшысы Геро­дот­тың, Орталық Азияның ежелгі оқы­мыстыларының ғылыми еңбектеріне сіл­теме жасай отырып былай деп жа­за­ды: «Геродоттың айтуынша, Кир І (558-529 ж.ж.) Каспий сыртындағы массагет­терге келгенде, массагеттердің патшасы әйел болған, оның атын Тамирис (бірде Та­мирамида) деп атаған. Кир Тами­ра­ми­даның баласы Спарганисті өлтірген соң, Тамирамида Кирге қарсы 300 мың еркек, 200 мың әйел әскер алып аттан­ған. Мервте ол Кирді жеңіп, меске қан құйып, басын соған салып қойған дейді Геродот. Осы жолы Тамирис жарты мил­лион әскерге Сакуқия дейтін үлкен той берген. Бұл «әйел-ана» құрметіне бері­ле­тін той болған. Страбон сондай тойды пар­сылар да жасаған дей келе, Кирдің өз жеңісін Тәңірден болған көмек деп бі­ліп, олардың әруағына той жасағанын, оны «сакея» деп атағанын баяндайды. Сон­да «Сакея» әйел Тәңірінің аты бол­мақ.
Біздің заманымызға дейін V ға­сыр­да парсы жерінде зороаст­ризм туса, «сакея тойы» сақтарға тән ку­льт болған. Сақтар еркін, ұлы даланы мекен еткен тайпа еді. Бұл мағлұматтар сақ-массагет тайпаларының ол кезде әлі де болса матриархат сатысында болға­нын көрсетеді».
Сақтар әйел-ананы ерекше құрмет тұт­қан. Тұмар патшайымның баласы жау қолынан өлгенде, парсы басқыншы­лары­нан кек алу үшін бүкіл сақ халқы қол­дарына қару алып, қан майданда жан алысып, жан берісіп шайқасқаны мәлім.
Аталған кітабында Ә.Қоңыратбаев бы­лай деп жазады: «Еділдегі сармат, алан­дар елінде жаумен соғысып, қан төк­пеген бір-бір қыздың ерге шығуға ақы­сы жоқ болғандығын Геродот баян­дай­ды. Қан төкпей руға қосылмайды дей­тін салт «Кітаби Қорқыт» жырында да бар. Мысалы, Бәмсі-Байраққа Байбөрі 15 жасқа келгенше (қан төккен күнге дейін) ат қоймаған. Сақ, массагет, сар­мат­тар елінде әйелдер ерлермен бірдей со­ғысқа қатысқан, садақ тартқан. Қыз­дар сақтардың желдей жүйрік арғы­мақ­тарына мініп алып, жауға тұзақ-арқан салып, сүйретіп өлтіретін болған. Бұл бар­лық қыздың қолынан келе бермей­тін­діктерінен, әйелдің көбі ерсіз жүре­тін болған. Сарматтарда жұбайлы неке­нің тек жеке элементтері ғана туа бас­та­ған. Бұл құбылыс қазақтың «Ер Төс­тік» ертегісінде айтылады. Төстік пен Кен­­­­жекей жұбайлы некеге көшеді (Кей­бір ертегіде Қонар сұлу). Ал Бек­торы аналық салтын тұтынған (өзі мыс­тан қызы), жар басына жарты ла­шық құрып, гетеризм үрдісінде қалған қыз».
А.Галиевтің «Томирис» (2005) атты кі­табында сақтардың жаужүрек әйел­дері туралы былай деп жазады: «...Томи­рис туыстарынан ағаларының да ай­бын­­ды жауынгер болғанын, олардың алыс елдерде қаза тапқанын біледі. Осын­дай әңгімелер құлағына сіңіп өс­кен Томириске аса қатты ұнағаны жауын­гер-қыздар-амазонкалар жайын­дағы аңыздар еді. Елдің айтуынша, олар тіпті қару ұстап, соғысуға ыңғайлы болу үшін төстерін де алғызып тастаған. То­мирис жауынгер қыздардың өлімге қар­сы тұрған қайсарлығына, жаужүрек­тігіне қызығатын».
Қазақ ертегісі «Ер Төстіктің» сақ-ғұн дәуірінде пайда болғанын, алғашқыда бұл дастан болып жырланып, уақыттың өтуімен қарасөзбен баяндалатын ерте­гіге айналғанын біреу білсе, біреу біл­мей­ді. Сақ-ғұн дәуірінде де жыраулар бол­ған, олар халық мүддесі үшін сырт­қы жауларға қарсы күресте ерлік пен өрліктің ғажайып үлгілерін көрсеткен алыптар туралы дастандарды жырлаған. Сол дәуірлерде ауыз әдебиетінің тылсым күшімен тәрбиеленген Тұмар патшайым да кішкене күнінен жаугер қыздар – сақ амазонкалары туралы аңыз-әңгімелерге құмартып, батыр болып бойжетіп, еліне қорған болған.
Міне, осындай аңыздар мен та­ри­хи жазбаларға қарай оты­рып, ежелгі гректердің амазонкалар – жауынгер әйелдер туралы әңгімелері Ұлы даланың негізгі тұрғындары – көш­пе­лілерден шыққан деп айта аламыз.
Сақ, Ғұн, Түрік, Алтын орда секілді ұлы империялардың мұрагері – қазақ­тар­да да батыр қыздар туралы әңгімелер көп. Толып жатқан батырлар жырын­да­ғы, аңыз-әңгімелердегі жаужүрек қыз­дар – сол баяғы сақ сарбаздарының, ама­зон­каларының ізбасарлары.

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, 
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, 
филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары