2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы

Қарапайым жұмысшылардың жалы көтеріле ме?

2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы
www.istockphoto.com
342

Жақында әйгілі неміс режиссерлерінің бірі Вим Вендерсон мен жапон сценарисі Такума Такасакидің «Әдемі күндер» (орысшасы «Идеальный день») деген  фильмін көрудің сәті түсті. 2023 жылы көрерменге ұсынылған драманы Германия мен Жапония бірігіп түсірген. Фильмге арқау болған қоғамдық әжетхана тазалаушы Хираяманың қарапайым өмірі. 

Әжетхана жуушының бір күні

Хираяма Токио қаласындағы көп­ші­лік орынға арналған жерлер­де­гі әжетханаларды тазалайды. Ол өзінің жұ­мысын асқан ыждаһаттылықпен, жауап­кершілікпен әрі тиянақты істейді. Өз жұмысын мақтан тұтады. 24 саға­ты­ның әр минуты өлшеулі, жоспармен құ­рыл­ған. Әр күні таңғы 5-те тұру – әдеті. Гүлін суғарып, таңғы асын ішіп, ескі кө­лігін оталдырып, үлкен қаланың әжет­ха­на­­ларын тазалауға аттанады. Бос уақы­тын­да музыка тыңдайды, кешке ұйқы ал­дында кітап оқиды. Одан бөлек, ағаш­тарды жақсы көреді, өсімдіктерді суретке түсіреді. Күн сайын reels пен stories-тер­дің қысқалығына үйреніп алғанымыз сон­ша, фильмнің әр сәтінен шытырман оқи­ға, динамика іздегенімізді жасырып не қылайын. «Әне басталады, міне бас­та­ла­ды» деп күтіп отырасың. Бірақ кино дәл өзі­міздің өміріміздегідей, күнделікті қай­талана беретін әрекеттерімізден тұрады, тек біз мән бермей кеткен, бірақ маңызды сәттерді Хираяма өте жақсы байқайды. 
Ол әр атқан таңды ризашылықпен қар­сы алады. Өз жұмысын адалдықпен, ерек­ше сүйіспеншілікпен істейді, ешкімді кінәламайды, жұмысына қаншама адам кедергі келтірсе де ренжімейді, өзінің әжет­хана жуушы екеніне намыстанбайды, бар ойы – өзінің жұмысын мінсіз атқару. Фильмді көріп әр сәттің маңызды екенін, өмірдің мәні алғыс айту мен кешірімнен тұратынын ұғына түсесің. Бастысы, қара жұ­мысшы болып істейтін Хираяманың өз жұмысынан жиіркенбейтіні, керісінше соны мақтан тұтатыны таңғалдырады. Өмір жолындағы әртүрлі кедір-бұдыр­лар­ға қарамастан өз өміріне қанағаттанатын, қолында бар нәрседен бақыт құрап алған Хираяманың әдемі күндері киносүйер қауым­ды ерекше ойлантқаны анық. Бас­ты рөлді сомдаған жапон Коджи Яку­се «Әдемі күндердегі» рөлі үшін Кан­нда­ғы «Үздік актер» жүлдесін жеңіп алды. 

Тарихтағы танымал мамандықтар

Адам баласы пайда болғалы көптеген елде жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас ұзақ уақыт нашар болды. Жұмысшы табы индустриализация кезеңінде ауыр еңбекпен айналысатын, бірақ жалақысы төмен әрі әлеуметтік мәртебесі жоқ топ ретінде танылды. Дегенмен жұмысшы мамандықтары кез келген елдің индустриализациялану процесінде маңызды рөл атқарды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. 
Тарихқа шегініс жасасақ, XVII-XX ға­сырларда сұранысқа ие маман­дық­тар тарихи оқиғаларға, ғылыми-тех­никалық прогреске, өнеркәсіптік ре­волю­цияға және қоғамның даму деңгейіне бай­ланысты өзгеріп отырды. Яғни, әр ға­сырдың ерекшеліктеріне сай танымал бол­ған мамандықтар тізімі болды. Мә­се­лен, XVII ғасырда аграрлық экономика ба­­сым болғандықтан, ғылым мен өнер­кә­сіп те ептеп дами бастады. Ауыл шаруа­шы­лығы алға жылжығандықтан, фер­мер­лердің, бақташылардың, агрономдардың ең­бегі бағаланды. Әлем елдерінің бір-бірі­мен тығыз байланысы сауданың дамуына әсер етті. Көпестер мен теңізшілер жаңа жер­лерді ашып, байлықтарды тасымалдай бас­­тады. Осылайша, саудагерлер мен теңіз­­­­­шілер үлде мен бүлдеге оранды. Қо­лө­нершілер мен ұсталар да ешкімге ала­қан жаймады. Киім, құрал-сайман, тұр­мыс­тық заттарды дайындауда олар үлкен сұранысқа ие болды. Өнер мен мәде­ниет­тің дамуы да суретшілер мен музы­кант­тарды беделді мамандықтар қатарына қосты. 
XVIII ғасырда ғылым мен өнеркәсіп да­­мып, нәтижесінде алғашқы өнер­кә­сіп­тік революцияның алғышарттары жа­сал­ды. Осы ретте механикалық ма­ши­на­лар­ды, физика және химия салаларында зерт­теу жүргізетін ғалымдар мен өнер­тапқыштар қоғамда жоғары бағаланды. Өнеркәсіп саласының дамуымен бу ма­шиналары мен басқа да құрылғыларды құ­растыру үшін инженерлер мен меха­ник­тер де қажет болды. Бұл ғасырда со­ғыс пен теңіз саяхаттары көп болғандық­тан әскери мамандықтарға қызығушылар­дың қатары көбейді. Сондай-ақ заңгерлер мен шенеуніктер қоғамда құқықтық және әкімшілік тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарды. Ағартушылық дәуір әдебиет пен ғылымды тарататын адамдар, жазушылар және баспагерлер беделді бола бастады. 
XIX ғасырда өнеркәсіптік революция қар­қынды түрде жүріп, қоғамда жаңа ма­мандықтар пайда болды. Зауыттар мен фаб­рикалардың көптеп ашылуы инже­нер­лерді қажет етті. Теміржолдар мен кө­пірлер салу кең етек алғандықтан, құры­лысшылар мен теміржол мамандары сұ­ра­нысқа ие болды. Дәрігерлер және мед­бикелерде дәл осы кезеңде жетекші мамандық иесі атанды. Ағартушылық идеялардың дамуына байланысты білім беру саласы кеңейіп, мектептер мен университеттерде оқытушылар көбейді. Сонымен қатар зауыттардағы өндіріс көлемінің өсуі көптеген жұмысшы маманды талап етті. 
Ал ХХ ғасырда ғылыми-техникалық прогресс жылдамдап, әртүрлі салада күр­делі мамандықтар қалыптасты. XIX ға­сырдағы дәрігерлер, медбикелер мен ғалымдарға деген сұраныс артпаса, ке­міген жоқ. Өйткені медицина мен фар­мацевтика саласы дами бастады. Инже­нер­лер және IT мамандар автомо­биль, радио, телевизия, компьютер технология­ларының дамуы инженерлік саланың жаңа бағыттарын ашты. Адамзат баласы­ның қиялы шындыққа айналғанда ұш­қыш­тар, авиация мамандары, авиақұры­лыс инженерлері мен техникалық қыз­мет­керлер қажет болды. Ғы­лымның химия, физика және атом энергетикасы саласын зерттеушілер де қа­жет мамандық иесіне айналды. Со­ны­мен қатар әлемдік экономиканың дамуы қаржы саласының мамандары – банк қызметкерлері мен қаржы мамандарына сұранысты арттыр­ды. Көк жәшік пен ра­дионың дамуымен бірге бұқаралық ақпа­рат құралдары және медиа мамандары танымал бола түсті. Осылайша, әр ғасыр­да­ғы сұраныс эконо­микалық даму мен қо­ғамдағы өзгерістерге байланысты пай­да болып отырды. 

Жұмысшы мамандарға әлемдегі көзқарас қандай?

Қазір әлемнің көптеген елінде жұмыс­шы мамандықтарға деген құрмет пен сұра­ныс өсіп келеді. Әсіресе, Еуропа, Сол­түс­тік Америка және Азия елдерінде жұ­мысшы мамандықтар қоғамның маңызды саласы ретінде танылып отыр. 
Германияда жұмысшы мамандық­тарына деген құрмет өте жоғары. Елде дуальді білім беру жүйесі дамыған, онда студенттер кәсіби-техникалық білім алып, сонымен бірге өндіріс орындарында тә­жірибеден өтеді. Жұмысшы маман­дық­тары тұрақты және жоғары жалақы­мен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Гер­мания үкіметі жастарды жұмысшы ма­мандықтарына тарту үшін түрлі грант­тар мен қолдау бағдарламаларын ұсы­на­ды.
Швейцарияда да жұмысшы маман­дық­тары беделді саналады. Елде кәсіптік-тех­никалық білімнің сапасы жоғары, ол жастарды нақты өндірістік дағдыларға үй­ретуге бағытталған. Елдің кәсіби-тех­никалық білім жүйесі көптеген елге үлгі, өйткені онда түлектердің жұмысқа орна­ласу деңгейі өте жоғары.
Біз мақаланың басында мысал еткен Жапонияда жұмысшы мамандықтары ерек­ше құрметке ие, тиісінше, олардың ең­бек мәдениеті де жоғары деңгейде. Мұн­да жұмысшыларға берілетін әлеу­меттік кепілдіктер мен еңбек шарттары айтарлықтай жақсы. Жапония өндірістік процестердің тиімділігімен танымал, өйт­кені жұмысшылардың кәсіптік дағ­ды­лары бұл елдің технологиялық дамуында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Фин­ляндия, Австралия, Канада, Нидер­ланды, Норвегия, Швеция, Скандинавия елдерінде жұмысшы мамандықтар қоғам­да жоғары құрметке ие. Норвегия мен Шве­­цияда өндіріс және құрылыс сала­ларын­да жұмысшылар жақсы жалақымен қамтамасыз етілген, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие. Бұл елдерде еңбек шарттары мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.
Соңғы жылдары АҚШ-та құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылым секілді жұмысшы мамандықтарына сұраныс ар­тып келеді. Бұл елдерде жұмысшы маман­дық­тар жалақысы жоғары, тұрақты жұ­мыс орындары ретінде танымал бола бас­­тады. Сонымен қатар техникалық ма­­ман­дықтарды таңдаған жастарға мем­ле­кет тарапынан да қолдау көрсетіле бас­тады. 
Аталған елдерде жұмысшы маман­дық­тарына деген құрметтің жоғары болуы­ның себебі – олардың экономикасы мен өндірісінің табысты дамуына осы мамандық иелерінің қосқан үлесінің зор болуында. Сонымен қатар бұл елдерде кә­сі­би-техникалық білім беру жоғары деңгейде дамыған және мемлекет тара­пынан жұмысшы мамандықтарды қолдау бағдарламалары тұрақты түрде жүзеге асырылады.
Байқағанымыздай, жұмысшы ма­мандарға жақсы жағдай жасалған елдерде жұмысшы күші жетіспейді. Бұл елдерде жоғары технологиялар мен қыз­мет көрсету салалары қарқынды дамы­ғанымен, өндіріс, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда білікті жұмысшы күші тапшы. Әсіресе, Германия, Жапония, Канада, АҚШ, Австралия, Ұлыб­ритания, Оңтүстік Корея, Польша, Чехия, Скандинавия елдері (Норвегия, Швеция, Дания), Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмысшыларға сұраныс жоғары. Аталған елдер мигранттар үшін арнайы бағдарламалар ашып, жұмыс­шы­ларды тартуға тырысады. Ал дамыған ел тұрғындарының жұмысшы мамандық­тарды таңдамауының да өзіндік себептері бар. Мәселен, жұмыстың ауырлығы және беделінің төмендігі, елде жоғары білім алуға басымдық берілуі, еңбек ақысының са­лыстырмалы түрде төмен болуы, қауіп­сіздік және жұмыс шарттары, жергілікті тұрғындардың технологияға қызығушы­лық танытуы мен цифрландыру үрдісі, қартайған тұрғындар санының өсуі, жұ­мыс­шылардың миграциясы, мамандық­тың автоматтандырылуы және робото­тех­ника. 
Бүгінде әлемнің көптеген елінде жұ­мысшы мамандықтарын дәріптеу, кәсіби білім беруді қолдау және мамандарды әлеу­меттік қорғау шаралары қабылдануда. Көп мемлекетте техникалық білім беру ме­кемелеріне, кәсіби даярлау бағдарла­ма­ла­рына инвестиция салынып, жастар ара­сында осы саладағы мамандықтарды таң­дауды насихаттау жұмыстары жүріп жатыр.
Қорыта айтқанда, дамыған елдерде жұмысшы мамандықтарына деген сұра­ныс көбіне еңбектің ауырлығына, жала­қы­ның төмендігіне және білім беру мен ең­бек нарығындағы үрдістерге байланыс­ты туындайды. Сондықтан бұл елдер шет­ел­дік жұмыс күшін тарту үшін арнайы бағдарламалар ашуда.

Еліміздегі көзқарас қандай?

Көптеген посткеңестік елде, соның ішінде Қазақстанда да жұмысшы мамандықтары біраз уақыт бойы төмен бағаланып келді. Өйткені жоғары білім алу және басқарушылық қызметтерге ұм­тылу басым болды. Бірақ бүгінде пост­кеңес­тік елдерде жұмысшы мамандық­тары қайта бағаланып, сұраныс артып келеді және олардың әлеуметтік мәртебесі де өсуде. Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарды насихаттау, техникалық колледждерге қолдау көрсету арқылы аталған салада оң өзгерістер байқалуда. Оған себеп, индустрия, автоматтандыру және жасанды интеллект технология­ларының дамуы жұмысшы мамандықтар­да­ғы қажетті дағдылар мен талаптарды өзгертуінде. Бұрынғыдай қол еңбегінен гөрі техникалық білім мен арнайы дағдыларға деген сұраныс артты және бұл ма­мандықтардың жалақысы мен мәр­тебесі де сәйкесінше көтеріле бастады.
Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда жұ­­­­мысшы мамандықтарына деген сұра­ныстың артуы бірқатар маңызды себеп­тер­мен байланысты болды. Одақтың ин­дустрияландыру саясаты және Қазақ­станның экономикалық рөлі жұмысшы күшін қажет етті. Себебі ел ауқымды өнеркәсіптік және экономикалық мін­деттерді атқаруға жұмылдырылды. Осы­лайша, Кеңес Одағында Қазақстанның жұ­мысшы мамандықтарына деген сұра­нысы республиканың индустриялық дамуы­на, жоспарлы экономиканың та­лаптарына және идеологиялық ұста­ным­дарға негізделіп артты.
Нарықтық кезеңде Қазақстанда жо­ғары білімі бар мықты мамандар базар жағалап, кейбірі түбегейлі бизнеске кетті. Кейін уақыт өте келе жұмысшы маман­дық­тарына деген көзқарас төмендеп, екін­ші, тіпті үшінші сортты мамандықтар қатарына түсіп қалды. Тек соңғы жыл­дары ғана сең қозғалғандай болды. Бұған Президенттің 2025 жылды Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да жақсы әсер еткендей. Жал­пы айтқанда Мемлекет басшысының бұл шешімі жұмысшы ма­ман­дықтарының экономикадағы маңыз­ды­лығын арттыру, еңбек нарығындағы тапшылықты жою және жастарды жұ­мысшы мамандықтарға тарту мақсатымен байланысты. Сондай-ақ бұл қадам елдегі кадр тапшылығы, индустриализацияның дамуы және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру қажеттілігінен туындады.

ХХІ ғасыр мамандығы қандай?

Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда сұранысқа ие болуы мүмкін мамандықтар эконо­ми­калық, технологиялық және әлеуметтік фак­торларға байланысты өзгереді. Алай­да қазіргі тенденциялар негізінде бірнеше бағыттың маңыздылығы артуы ықтимал. Ондай мамандықтар қатарына ақпарат­тық технологиялар және киберқауіпсіздік, деректерді талдау және жасанды интел­лект, ғылым саласының мамандары, жаңар­тылатын энергия инженерлері, экология, цифрлық маркетологтар, SEO ма­мандары және контент жасаушылар, биотехнология және медицина, құрылыс және урбанистика, логистика және жет­кізу тізбегі, агроөнеркәсіптік кешен және азық-түлік технологиялары бойынша мамандар сұранысқа ие болады.
Еліміздегі білім беру мекемелері мен кәсіпорындардың да осы мамандықтар бойынша кадрларды даярлау қажеттілігін ескеруге тиіс. Әлемдегі мамандықтарға деген сұраныс әр аймақта әртүрлі болуы мүм­кін, алайда біз атаған мамандықтар келесі жылдары жалпы әлемдік трендке сай жоғары сұранысқа ие болмақ. 
Ал ХХІ ғасырдада ғылыми-техноло­гия­лық даму, жаһандану және климаттық өзгерістер нәтижесінде көптеген жаңа мамандық пайда болады және әрі қарай да қалыптаса береді. Жасанды интеллект және машиналық оқыту инженерлері, ки­берқауіпсіздік және деректерді қорғау ма­мандары, биоинженерлер және гене­тиктер, робототехника және авто­мат­тандыру мамандары, жасанды интеллект этикасы және технологиялар философия­сы, ақылды қалаларды дамыту бойынша мамандар, блокчейн технологиялары мен криптовалюта сарапшылары, киберспорт және ойын индустриясының мамандары, заттар интернеті (IoT) және ақылды құ­рыл­ғыларды әзірлеу, онлайн білім беру жә­не EdTech мамандары осы ғасырда ерек­ше дамып, сұранысқа ие болмақ. ХХІ ға­сырда мамандықтардың көбі техноло­гияларға, цифрландыруға, жасыл экон­о­микаға және денсаулықты жақсартуға бағытталады. Қоғам мен технология да­мы­ған сайын жаңа мамандықтар туын­дап, болашақта да қажеттіліктерге қарай ма­мандықтар өзгере беретіні анық. 

Жадыра ТОЙБАЙ, 
«Профориентологтар ассоциациясының» Басқарма төрайымы, PhD:

Адам мамандықты 
қабілетіне сай таңдауы керек

– Бүгінде профориентологтарға деген сұраныс күннен-күнге өсіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана көпшілік профориентолог маманының кім екенін жете біле бермейтін. Бір қуантарлығы, биылдан бастап көп мектепте профориентолог маманына деген сұраныс артып жатыр.
Ал ауыл мен қалаға бөліп қарайтын болсақ, профориентациялық кеңеске ауылда тұра­тын балаларға қарағанда қалалықтар жиі жүгінеді. Елді мекендерде әлі күнге дейін баланың мамандық таңдауы әртүрлі факторларға байланысты. Мамандықты ата-ананың ықпалымен таңдайтындардың үлесі көп. Сонымен қатар түлектердің досымен бір қалада, бір оқу орнында оқимын деген қалаулары да басым болып жата­ды. Сонымен қатар сенімсіз дереккөздерінен оқыған немесе естіген мамандықтарды сұранысқа ие деп қате таңдап жатады. Сондықтан бір мектепке бір профориентолог аздық етеді. Мектепте оқушы көп, әрқайсысына жеке көңіл бөлуге бір маманның күші, ресурсы, уақыты жетпейді. 
Бізде жыл сайын сұранысқа ие 5-10 мамандықтың тізімі шығып жатады. Түлектер жапа-тармағай осы мамандықтарды игеру үшін оқуға  тапсырғанымен, бәрі бірдей грантқа оқуға түсе алмайды немесе кейін оқығысы келмей қалады. Мен сұранысқа ие ма­мандықты оқығанша, сұранысқа ие маман бол деймін. Сұраныстағы маман­дықты оқып алып, істеу қолыңнан келмесе, не пайда, кімге зиян? Одан да адам өзіне ұнайтын, қолынан келетін, сүйікті ісімен айналысса және өзінің қалауына, қабілетіне, міне­зіне, табиғатына сай келетін мамандыққа барса, сонда сол салада үздік бола алады. Мысалы, қызметте өскен, табысты, өз саласының үздігі атанып, жаңалық ашып, жобалар ұсынатындардың дені – өз мамандығын жақсы көретіндер, ма­мандығын дұрыс таңдағандар. Мен әрбір қазақ оқушысына өзінің сүйікті ісін табуына тілектеспін және қолдан келгенше осы профориентолог маманы ретінде көмектесуге дайынмын. 
Мамандық адам өмірінің үштен бір бөлігін құрайды екен. Бір тәулікте 24 сағат болса, оның 8 сағатын адам ұйқыға, 8 сағатын демалысқа, отбасына арнасақ, қалған 8 са­ғатын еңбек етуге, табыс табуға жұмсайды екенбіз. Энергиямыз, белсенді уақы­тымызды жұмысқа арнайтындықтан оның сапалы өткені дұрыс. Ол үшін мамандық таң­даудан қателеспеген дұрыс.

 

Серіктес жаңалықтары