"Атажұртта мұндай қолдау болады деп күтпедім" – боксшы Аман Қонысбеков

"Спортта биік межеге жеткісі ке­летін адам өзге атлет­термен топ­та­сып істеген жаттығуымен шек­тел­меуі ке­рек. Топпен бірге жаттыққан соң, артынан жарты сағат болса да, өз стиліңді түзеп-күреп, өз-өзіңмен жұмыс істеуің керек".

"Атажұртта мұндай қолдау болады деп күтпедім" – боксшы Аман Қонысбеков
Қазақстан бокс федерациясы
3859

Бір айдан соң бокстан ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Боксшыларымыз әлем чемпионатына кімнің баратынын анықтайтын бұл біріншілікке дайындығын пысықтап жүр. Олардың арасында жыл басынан бері ел намысын қорғап жүрген Аман Қонысбеков те бар. Өзбекстанда туып-өскен 20 жастағы Аман биыл тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударып, азаматтық алып, ірі жарыстарда бой көрсетіп жүр. Жанкүйерлерді өзгеше жұдырықтасу стилімен, жойқын соққысымен тәнті қылған ол аз уақыт ішінде көпшілік көзайымына айналып үлгерді. «Түбі бір жарқ етуді» көздейтін Аманға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Бала кезіңнен қандай да бір бок­с­шыға еліктеп өстің бе, әлде?

– Ешкімге еліктемедім. Боксқа келуіме туған ағам себепкер болды. Ол қарымы мық­ты боксшы болған. Әкемнің де бұл спорт­тан хабары бар. Сондықтан 6 жасым­нан бастап бокспен шұғылдана бастадым. Мен – Өзбекстанның Науаи облысына қа­­рас­ты Зафарабад қалашығының тума­сы­мын. Қазақ көп шоғырланған мекен. Онда 7-сыныпқа дейін оқып, жаттықтым. Со­дан соң Науаи қаласындағы спорт мек­тебіне шақырту алдым. Онда бір жыл жат­тыққан соң, 44 келіде Өзбекстан чем­пио­натында бағымды сынап, 3-орын ие­лен­дім. Алғаш рет қатысқан ірі жарыста ал­ған сол жүлделі орын маған стимул бол­ды. Сол кезден бастап болашағымды тек бокспен байланыстырамын деген ше­шім қабылдадым. Бокс десе, ішер асымды жер­ге қоятын жағдайға жеттім. Спорт мек­тебін бітірген соң, көршілес Бұқара об­­­лысындағы Спорт университетіне оқуға түс­тім. 3-курсты бітірер кезде, тарихи Ота­ным – Қазақстанға көшіп келдім. 

– Біз, журналистер Қазақстанға кө­шіп келуіңе былтыр Өзбекстан чем­пио­натының жартылай финалында әлем және Олимпиада чемпионы Аса­худ­жа Муйдинхуджаевты ұрып-құ­латып, нокдаунға түсірсең де, төре­ші­лердің саған жеңісті бермеуі се­беп болды деп болжадық. Алайда кейін сен елге қоныс аударуыңа бок­­стан басқа да себеп болғанын айтып қал­дың.

– Атажұртқа көшуіме дәл сол жайт се­беп болған жоқ. Бірақ көпшілікке солай көрініп қалды. Негізі, отбасымызбен елге кө­шуді бұрыннан ойластырып жүрген едік. «Ақыры, Өзбекстан чемпионы бола ал­­ма­дым. 1 жыл уақытымды текке ке­тір­мей Қазақстанға барып, осы бастан үй­ре­нісе берейін. Әке-шешем түбі көшіп келеді ғой» деген оймен Қазақстанға қоныс ау­дар­дым. Расында, атамекенге көшуіме тек бокс себеп емес. Туыстарымыздың бәрі Қа­­­зақстанға көшіп кеткен. Өзбекстанда бір атаның балалары ғана қалған едік. Үй­дегілер әне көшеміз, міне көшеміз деп ұзақ жүрді. Сосын «Ақша жинайық. Содан соң түбегейлі қоныс аударамыз» деді. Ол уа­­­қыт­ты тосып жүре берсем, жасым да бір­­шамаға келіп қалады. Олар бері жыл­жимыз дегенше, жалғыз болса да, өзім кө­ше берейін деп көшті бірінші болып бас­тап кеттім. Сол тағдыршешті сәтте Аста­нада тұратын Исатай деген туысқан ағам қатты қолдау көрсетті. Ол кісі мен Өзбекстан жастар құрамасы сапында жүр­генімде «Осында кел. Қазақстан атынан шық» деп үнемі хабарласатын. Мен бол­сам, «Жоқ, ата-анам көшсе ғана барамын. Олар­сыз қа­лай жалғыз көшпекпін?» деп жүрген едім ғой. Кейін ата-анама «Мен елге барып, бірте-бірте бой үйрете берейін. Сендер сосын келерсіңдер» айтып кеттім. Алла қала­са, ата-анам мен бауырларым алды­мыз­д­ағы жылы көшіп келер.

– Өзбекстан чемпио­натын­дағы қандас боксшылардың аяқ алысын бақылаған көп­шілік сенің елге қоныс ау­дарғаныңды сүйін­ші­леп жазды. Отан­дық БАҚ-та «Аман ата­жұртқа оралды» де­ген сыңайдағы жаңалық­ты көп таратты. Байқағаным, сен әдепкіде елде осылай ыс­тық қарсы алады деп күтпеген се­кіл­дісің.

– Әлбетте, күтпедім. Менде керісінше уайым басым болды. Бір елден екінші елге ауы­су оңайға соқпайды. Мұнда мені құ­ша­ғын ашып, төрден орын беріп, «71 келідегі көшбасшылықты саған береміз» деп ешкім тізгінді бере салмайды ғой. Боксы дамыған ел болғасын бәсекелестер жетіп артылады. Көшіп келместен бұрын «Барайын ба, бар­майын ба? Не істесем екен? Өмірім қалай өрбиді екен?» деп көп ойландым. Одан бө­лек, спортшы болғасын жарақат алып қалу қаупі де жоқ емес. Түрлі ой мазалап, са­нам сан-саққа жүгірді. Дегенмен «Кім тәуе­кел етпейді, сол мақсатына жетпейді» де­мекші, белімді буып, ақыры көшіп кел­дім.

– Бір үміт, мың күдікпен елге кел­ген сенің қолдаушылардың саны күрт өсіп, өзің туралы спорт парақшаларда жиі жазылды. Әрі алғаш қатысқан жа­рысың – Елорда Кубогінде аренада атың­ды айтып, айқайлағандар да көп бол­ды. «Өзбекстан чемпионатында әділетсіздікке ұшыраған қазақ жігіті» деп қолдау көрсеткені айдан анық. Де­йтұрғанмен, елге келген қандас қол­дау­дан кенде қалмайды дегенмен келісе­тін шығарсың?

– Әрине, келісемін. Сіз айтқандай, ба­сын­да халық сол чемпионаттағы әділет­сіз­діктен кейін елге келді деп қабылдады. Алай­да олай ойлау дұрыс емес. Кіндік қа­­ның тамған жерді жамандау адамгер­ші­лік­ке жатпайды. Сосын сіз тағы айтып өт­­кендей, мен Өзбекстанда өсіп-өнген қан­­дас болған соң, «Өз елім деп келді ғой. Бе­­тін қақпайық, керісінше қолдайық» деп жазғандардың қарасы көп болды. Расында, мұнда өзге елде тұратын қазақтарға, әсіре­се, бас­қа елдің туын көтеріп жүрген қандас­тар­ға ба­са назар аударып, жіті бақылап жүреді ғой. Дегенмен дәл маған осындай орасан қол­дау көрсетеді деп күтпедім. Мұқым жұрт­тың назары маған ауады деп еш ой­ла­мадым. Бұрын-соңды өмірімде мұндай жайт­тар болмаған. Осында келгелі өзімнің жан­күйерлерім пайда болды. Қолдаушылар қатары көбейді. Мені ринг­те көргісі келе­тін, менімен отырып, әңгі­ме­лескісі келетін жанашырлар тобы арта түсті. Сол үшін Аллаға сансыз шүкір деймін. 

– Қазақстанға көшіп келген бойда сол кезде ұлттық құраманың бас ба­п­кері қызметін атқарған Мыр­за­ғали Айтжановтың көзіне түсіп, бірден оның жеке шәкірті атанамын деп тіп­ті де ойламаған шығарсың.

– Мырзағали аға «Мен сені өзім жат­тық­тырамын» дегенде қатты қуандым. Ұлт­тық құраманың бас бапкері болғасын бас командаға көп уақыт бөлуге тиіс. Одан бөлек Сәкен Бибосынов, Сағындық Тоғам­баев сынды жеке шәкірттерді баптайды. Кейін мені өзі баптайтынын айтқан кезде «Расында, ағайдың қол астында жатты­ға­мын ба? Ағайдың шәкірті болғаным ба сонда?» деп көпке дейін сене алмай, таңырқап жүрдім. Бұған дейін ол кісіні тек те­ле­дидардан көріп, сыртынан бақылап жүрен едік қой. Қазір мен Астанада тұрамын. Дегенмен Мырзағали ағаның жеке шәкірті болғасын, жарыстарға Түр­кістан облысының атынан шығамын. 

– Мырзағали аға бір сұхбатында сен туралы «Ол жігіттің табиғи күш-қуа­ты бар. Нағыз ауылдың жігіті. Бұ­рын бізде ондай боксшылар көп бола­тын. Алайда кейін көпшілігі қала­ға құмар болып кетті. Қалада өскен­нен кейін бе, жігіттеріміз күш жағынан осалдау. Ал бұл жігіттің екі қолы да қару­лы» деген еді...

– Иә, ол сұхбатты көр­­дім. Же­ке жаттығу­лар­ды үздіксіз жасау – менің хоб­биім. Спортта биік межеге жеткісі ке­летін адам өзге атлет­термен топ­та­сып істеген жаттығуымен шек­тел­меуі ке­рек. Топпен бірге жаттыққан соң, артынан жарты сағат болса да, өз стиліңді түзеп-күреп, өз-өзіңмен жұмыс істеуің керек. Мен Өзбекстанда жүргенде солай көп жаттығу істегенмін. Әсіресе, соққы шы­ғаратын жеке айла-тәсілімді жиі қол­дана­тынмын.

– Өзбекстан құрамасындағы бұ­рын­ғы командаластарыңмен қарым-қатынасың қалай? 

– Өте жақсы. Олар мені үнемі қолдап жүре­ді. Жеңген кезімде үнемі құттықтап, ақ­жарма тілегін аямай жазады. Мен елге ке­лерде Өзбекстандағы спортқа жауапты үл­кендердің ақ батасын, разылығын алған­мын. «Мен Қазақстанға көшейін деп ж­а­тырмын. Әке-шешем де қоныс аударады. Елді сатып кетіп жатқаным жоқ. Тарихи Ота­ныма көшіп бара жатырмын» дегесін, олар маған ақ жол тілеп, шығарып салған. Біреудің разылығын алмай кетсең, жолың болмайды ғой. Өзбекстанда маған қамқор болып, бокстың қыр-сырын үйреткен мықты мамандар көп. Оларға жөнімді айтпай, кетіп қалғаным адамгершілікке жат болар еді.

– Қазақстан құрамасына ауысқан 1 жылға жетер-жетпес уақытта 3 ірі жарысқа қатысып, 2-еуінде чемпион атандың. Әрі Қазақстан формасын киіп шыққан алғашқы кездесуіңде қырғыз қарсыласыңды екі рет сұлатып түсіріп, айқын басымдықпен жеңіске жеттің. Қазақстандағы спорт мансабыңның дәл осылай өрбіп жатқанына риза шығарсың?

– Әлбетте, ризамын. Алғаш қатысқан жарысым Елорда Кубогінің жартылай фи­налында өзбек боксшысына есе жібердім. Бі­рінші раундта жеңіліп, екіншісінде жең­дім. Алайда үшінші раундта шаршап қал­дым. Кінә өзімнен болды. Оны мойын­дай­мын. Менен 6 жас үлкен ол қарсыласым – өте мықты боксшы. Дегенмен мен ол уақытта өз бабымда болмадым. Оған қоса, ол кезде азаматтық алуға қажет құжат­тар­мен басым қатып жүрді, әрі жаңа ортаға үй­ренісе алмай жүрген едім. Аузымды ашып жүргенде бірден салмақ қуып, жа­рысқа араласып кеттім. Егер дайындығым жақ­сы болғанда, оны жеңіп, чемпион ата­натын едім. Кейін екі халықаралық тур­нирде топ жарып, 71 келіде чемпион ата­ғын иелендім. Ендігі кезекте ең басты жа­рыс – алда желтоқсан айында өтетін Қа­зақстан чемпионаты. Қазір соған тас-түйін дайындалып жатырмын. Елге келіп, тит­тей болсын, жетістікке жетсем, ол – са­бырдың арқасы. Кезінде ата-анамның ақ­шасына жарыстарға барып, қиын кезең­дерді бастан өткеркен кезде «Бір қайы­ры болады ғой. Түбінде бір жарқ етеміз» деп ой түйетінмін. Әр қиындықтың артында жеңіл­дік бар. Ол – айдай анық. Менің жү­ріп өткен жолым – бұған дәлел. Қазір бұ­лай жүргенімді жарқ ету деп айта ал­маймын. Әлем, Олимпиадада топ жарсам, нағыз жарқ еткен сәтім деп айта аламын. Ол үшін алдымен Қазақстан чемпионы атануым керек. Алда желтоқсанда өтетін ел бірін­шілігінде 2025 жылы әлем чемпио­на­тына қатысатын құрама анықталады. Сол үшін барымызды беріп, жеңісті қолдан бермеуге тырысамын. 

– Дегеніңе жет! Бәрі сен ойлаған­нан да асып түссін!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары