«Бақ қонып, Қызыр дарысын» деген сөз қайдан шыққан? Бақыт кімдерге бұйырады?

Қазақта Бақ, Бақыт, Қызыр, Қыдыр дейтін ұғымдар бар.

«Бақ қонып, Қызыр дарысын» деген сөз қайдан шыққан? Бақыт кімдерге бұйырады?
istockphoto.com
Автор
Админ
1044

Тілек айтқанда да «бақ берсін, бақытты бол, Қыдыр қонсын» деп айтып жатамыз. Бірақ осы бір ұғымдарға терең бойлай бермейміз. Бұл ұғымдар қайдан шыққан? Бақ пен бақыт кімдерге бұйырады? «Отбасы хрестоматиясы. Салт-дәстүр сөйлейді» кітабынан осы ұғымдар төңірегіндегі әңгімелерді назарларыңызға ұсынамыз.

Бақ қарасын, Қызыр дарысын

Ертеде Бақ пен Қызыр Қаратаудың жотасымен келе жатқан екен. Оларды көріп жетім-жесір, ғаріп-кәсір, бай-манаптар шапағат етуін сұрап, жабылады. Бәрі Қызырдың шапанына жармасады. Біреулері аса таяғын ұстап, енді бірі бөркін сипап тілектерін айтып жатады. Қасында келе жатқан Бақты ешкім елемепті. Ол кезде жұрт Бақты танымайды екен. Үстіне ескі шапан, жыртық қалпақ киген оны жұрт менсінбепті. Бақ ат жақты келген, қасы ұзын адам екен. Қалың қасының түктері көзіне түсіп, көп нәрсені көрмейді екен.

Айналасындағы у-шуды түсінбей:

- Мына шуылдақтар кімдер? - деп қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда қыр басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Оны көрген Қызыр ақ таяғын кемтар қызға қарата нұсқайды да, қаумалаған көпшілікке:

- Бақ қарамаса, мен дарымаймын. Бүгін бақтын көзі қырдың басында тұрған қызға түсті. Сендер бақтың киімін қомсынбай, соған жақындағанда мен сендерге назар салар едім, - дейді де, Бақ екеуі көзден ғайып болады.

Бақ қарап, Қызыр дарыған кемтар қыз ауруынан сол сәтте сауығады. Артынша тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болған екен. Тәңір бір басына жететін дәулет беріп, мұратына жетіпті.

Ал ел арасында «Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген тәмсіл осыдан қалыпты деседі.

Бақыттың тұрағы

Бір күні Қызыр ата жолаушылап келе жатып Бақытты кездестіріп:

- Әй, Бақыт, мен ел ішін аралаймын, пенденің тілегін Кұдайға жеткіземін. Бірақ, қай үйге кірсем де, жұрттың бәрі «бақыт кірсін», «бақытты болайық», «бақыт қайдасың» деп іздеп жатады. Жаббар Хақ сені Адамға серік болсын, өміріне көрік болсын деп жаратты. Ел-жұрт «Ат аунаған жерде түк қалады, қонақ отырған жерде құт қалады» деп, саған қол жеткізу үшін қонақ шақырып, мейман күтуге таласатын еді. Бірақ өмірде бақытты жандар да көп, бақытсыз бейбақтар да жетерлік. Сен әркімнің қолына түсе бермейтін бір ғайып құсы сияқтысың. Тұрағыңды айтшы, жарқыным.

- Кімдерге қонасың, кімдерге бұйырмай кетіп қаласың? - дейді.

Бақыт:

- Сұрағың орынды, Қызыр баба, - деп әдеппен тағзым етеді. - Мен, ең алдымен, ісінің берекесі жоқ, сөзінің келекесі көп адамға дарымаймын. Ата-анасын сыйламайтын, оларға қызмет қылып, жандарын қинамайтын надандармен де жұлдызым қарсы. Есірік ұл мен кесапат қыздан, ата-енесін күтпеген келіннен алпыс қадам аулақ жүремін. Әсіресе, Тәңірге зікір айтпайтын, иманын дұшпаннан қорымайтын, көрші ақысын жеуден қорықпайтын жандармен Құдай жолымды түйістірмесін деп күніне сан мәрте дұға қыламын, - депті.

Қызыр ата тағы да:

- Ал қайда тұрақтайсың? Кімнің шаңырағына шаттық бітіресің, кімнің басына бақ болып бітесің? - деп сұрайды. Бақыт іркілместен:

- Менің ең жақсы көретінім - ата-анасына құрақ ұшып қызмет ететін,бірлік пен ынтымақты ырыс деп ұғатын жандар. Өзгені күндеуден, кісіні мінеуден аулақ момындарды іздеп жүрем. Адалдан басқа татпаған ақжүрек жандармен жылдам жұғысамын. Бейбітшілік пен берекені ту еткен  кісілермен тіл қатыспай-ақ ұғысамын, - деген екен.

Қызыр ата шаттанып:

- Ендеше сен қонған жанға мен де даримын, - дейді.

«Бақ конып, Қызыр дарыған» деген сөз осыдан қалған екен деседі.

Серіктес жаңалықтары