Суға батып бара жатқан баланы құтқарған алматылық марапатталды

Әлихан Сәкенұлы Жақсылық «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды

Суға батып бара жатқан баланы құтқарған алматылық марапатталды
Алматы ТЖД баспасөз қызметі
251

Қазан айының соңында суға батып бара жатқан баланы құтқарған жігіттің батырлығы көпшіліктің ықыласына бөленген еді. Бүгін, 12 қарашада Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен ол осы ержүректігі үшін марапатталды.

Награданы Төтенше жағдайлар министрінің атынан Алматы қаласының ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев табыстады:

«2024 жылғы 27 қазанда Алматыда баланы судан құтқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Қызылорда қаласының тумасы Әлихан Сәкенұлы Жақсылық «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды», – делінген ведомство ақпаратында.

Әлиханның айтуынша, ол 2024 жылдың 27 қазанында Қызылордадан уақытша пәтер іздеп, Есентай өзенінің жағалауымен жүріп келе жатып, сағат 14:00 шамасында балалардың көмек сұраған айқайларын естіген. Бірнеше секундтан кейін оған бір бала жүгіріп келіп, досын құтқаруды өтінді. Бала Есентай өзенінің каскадында тұрып, суға құлап, қатты ағын оны алып кеткен. Әлихан Жақсылық дереу металл қоршаудан секіріп, суға секіріп, балаға көмекке кірісті. Өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, ол суық суға түсіп, ағыннан әлсіреген баланы бетіне шығарып, оны құтқарды. Жас азаматтың батылдығы мен шұғыл әрекеті батырлық пен адамгершіліктің үлгісіне айналды.

«Шұғыл әрекет еткеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз — сіздің шешімталдығыңыз арқасында қайғылы жағдайдың алдын алынып, баланың өмірі сақталды», — деді ТЖД басшысы.

Серіктес жаңалықтары