Малайзияда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы өтті

Болат Сүгірбаев шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени және экономикалық байланыстарды нығайту қажеттігін атап өтті.

Малайзияда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы өтті
Отандастар қоры
Автор
Админ
258

Кеше «Отандастар қоры» КеАҚ, Малайзиядағы қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің қолдауымен Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы өтті. Құрылтайға Малайзия, Корея, Сингапур елдерінде тұратын 100-ге жуық отандас қатысты.

Құрылтайдың ашылуында, сондай-ақ әр пленарлық отырысында Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың мәдени, экономикалық және рухани ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған түрлі мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ашылу салтанатында Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Болат Сүгірбаев, «Отандастар қорының» КеАҚ президенті Данияр Қадыров және Малайзиядағы қазақ диаспорасының президенті Баян Нишан сөз сөйледі.

Құрылтайдың шымылдығын ашқан елші Болат Сүгірбаев шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени және экономикалық байланыстарды нығайту қажеттігін атап өтті. Ол құрылтайдың маңыздылығын, оның Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталғанын түсіндірді.

Қоғам президенті Данияр Қадыров құрылтайдың басты мақсаты шетелдегі қандастармен байланысты арттырып, бірлікті нығайту екеніне тоқталып өтті. Ол «Отандастар қоры» атынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуы жолындағы мәдени бастамалардың маңызына тоқталды.

Одан кейін сөз алған Малайзиядағы қазақ диаспорасының президенті Баян Нишан шетелдегі қандастармен мәдени және экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызын ерекше атап өтіп, құрылтайдың ортақ мүддені көздейтін бастама екенін айтты.

Құрылтайдың мәдениетке қатысты отырысында қазақ тілі мен салт-дәстүрлерін шетелде сақтау мен дамыту тақырыбы кеңінен талқыланды. Қоғамның Шетелдегі отандастармен жұмыс департаментінің басқарушы директоры Лаура Болатова қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрді сақтау және болашақ ұрпаққа мұра ету бағытындағы Қоғам тарапынан жасалып жатықан жобаларын таныстырды. Баяндама шетелде ұлттық құндылықтарымыздың маңыздылығын арттыруға арналған жобаларды қамтыды.

Сондай-ақ, этнограф және "Қазақтың бірегей тағамдары" кітабының авторы Әйгерім Мұсагажинова қазақ асханасын насихаттауға арналған жобаларын айтып өтті. Кореядан келген Әсел Маханова "Q-NOMAD" қауымдастығының атынан "Дәстүрден жаһандық бірлікке" тақырыбында баяндама жасап, қазақ мәдениетінің әлемдік қауымдастықта қалай танылып жатқаны туралы айтты.

Құрылтай барысында Малайя университетінің Тілдер және лингвистика факультетінің декан орынбасары, доктор Азлин Заити Зайнал университет қабырғасында қазақ тілі курстарының ашылатыны туралы қуана хабарлады. Бұл курс – қазақ тілін шетелдік білім ордасында оқыту бойынша маңызды қадам және Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосады.

Доктор Азлиннің айтуынша, курс Малайя университетінде қазақ тілін үйренуге ниет білдірген студенттер мен оқытушыларға арналған. Ол курстың даму жоспары туралы ақпарат беріп, қазақ тілінің грамматикасы, лексикасы және мәдениетпен тығыз байланысты аспектілерін қамтитынын айтты. Осы бастаманың арқасында қазақ тілі мен мәдениеті шетелдік студенттер арасында кеңінен танылып, екі ел арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді.

Белгілі продюсер, «МурАй» продакшн негізін қалаушы Айсәуле Әбілдә ұлттық құндылықтар мен ұлттық бірегейлік тақырыбында терең мазмұнды баяндама жасады. Ол қазақ халқының рухани мұрасын сақтап, оны қазіргі жаһандық қоғамда танымал етудің маңыздылығын атап өтті. Айсәуле Әбілдә ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу арқылы қазақтың төл мәдениеті мен бірегейлігін сақтаудың қажет екенін ерекше атады.

Ол ұлттық бірегейлік әрбір қазақтың жүрегінде болуы тиіс деген көзқарасын білдіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, тіл мен салт-дәстүрлерді сақтаудың маңызын түсіндірді. Айсәуле Әбілдәнің сөзі құрылтай қатысушыларына ұлттық мәдениетті жаңғыртып, оны әлемдік қауымдастықта танытуға бағытталған маңызды ой-пікірлермен шабыт берді.

Құрылтайда Малайзиядағы Халықаралық Ислам Университетінің докторанты Анар Рысмұхамбетова «Малайзиядағы қазақ дәстүрлері мен мәдениетін қолдау» тақырыбында сөз сөйлеп, қазақ мәдениетін шетелде насихаттау мен сақтаудың өзектілігіне тоқталды. Ол Малайзиядағы қазақ қауымдастығының ұлттық құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндап, бұл бастамалардың шетелдегі қазақ жастарының ұлттық бірегейлігін сақтауға септігін тигізетінін атап өтті.

Анар Рысмұхамбетова қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін қолдаудың маңызын айта келе, қазақ диаспорасына арналған мәдени жобаларды ұйымдастырудың және жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеудің қажеттілігін ерекше атап өтті.

Құрылтайдың мәдени бөлімі аясында белгілі қазақ әншісі және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қарақат» мектеп студияларының директоры Қарақат Әбілдина қазақтың салт-дәстүрлері туралы мазмұнды баяндама жасады. Ол дәстүрлі құндылықтар мен ұлттық тәрбие маңызын айта отырып, қазақ халқының бірегей әдет-ғұрыптары арқылы ұрпаққа рухани мұра қалдырудың мәнін атап өтті.

Қарақат Әбілдина салт-дәстүрлердің біріне жататын тұсаукесер рәсімін де ұйымдастырып, қатысушыларға қазақ мәдениетінің тереңдігі мен ерекшелігін көрсетті. Бұл рәсім арқылы ол қазақ халқының бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетінін және әрбір салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні бар екенін жеткізді. Тұсаукесер рәсімі көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырып, қазақ мәдениетінің қайталанбас сәттерінің бірі болды.

Шекаралық байланыстар тақырыбындағы Азиядағы өмір ашық талқылауы Сингапурдан Жансұлу Әбішева мен Адмер Ахтер, Кореядан Жанат Қадырова, Малайзиядан Баян Нишан мен Гүлсана Атыбарулина қатысуымен өтті. Бұл талқылау аймақтық өзара байланыстарды нығайту, мәдениет, экономика және дипломатия салаларындағы серіктестікті тереңдету мәселелерін қамтыды. Сонымен қатар, қатысушылар шекаралық байланыстарды күшейту мақсатында осы бағыттағы қиындықтарды, жұмысшы күшінің көші-қонын, сол елдердегі әлеуметтік қолдау және еңбек нарығындағы интеграция туралы баяндады.

Екінші бөлім экономикалық тақырыптарға арналып, Азия елдерінде бизнес жүргізудің ерекшеліктері мен әлеуеті талқыланды. Жансұлу Әбішова Сингапурдағы білім беру жүйесінің стандарттарын Қазақстанға қалай бейімдегенін атап өтті. Оның "Sparks Preschool" балалар орталығы арқылы Қазақстанға білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді енгізу жолдары мен білім сапасын көтеру шаралары тыңдаушыларға жаңа идеялар ұсынды. Ол Қазақстаннан тыс жерде бизнес жүргізудің артықшылықтары мен тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне практикалық кеңестер ұсынды.

Кореяда өз кәсібін дамытып жатқан Жанат Қадырова "Корей бизнесінің алгоритмі" тақырыбында сөз сөйлеп, шетелде бизнес жүргізудің құқықтық және мәдени ерекшеліктерін түсіндірді. Сингапурдан келген Адмер Акхтер "INTRODEX" компаниясының тәжірибесін баяндап, Азиядағы корпоративтік мәдениет және сату тәсілдері туралы сөз қозғады.

Sana Business Academy директоры, экономист және тәуелсіз сарапшы Мақсат Халық экономикалық трендтер мен бизнестің даму мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Ол жаһандық және аймақтық экономикалық жағдайлар мен оларды кәсіпкерлікке ықпалдастыру жолдарына тоқталып, тыңдаушыларға қазіргі экономикалық трендтерді ескере отырып, бизнес саласындағы жаңа мүмкіндіктерді ашу туралы құнды ақпарат ұсынды. Мақсат Халықтың баяндамасы қатысушылардың назарын экономиканың алдағы даму жолдарына аударды, тың идеялар мен ұсыныстардың көзіне айналды.

Креативті индустрия тақырыбы Құрылтайда ерекше орын алды. Қазақстаннан келген Давид Туганов креативті индустрия саласындағы инвестиция мүмкіндіктерін, Қазақстанның әлемдік мәдени ортаға қосатын үлесін, сонымен қатар қазақ диаспорасына арналған жобаларды таныстырды. Бұл бөлімде қазақ мәдениетін экспорттау және Қазақстанның креативті өнімдерін әлемдік нарыққа шығарудың нақты жоспарлары талқыланды.

Асхат Халимов Орталық Азияға бағытталған мәдени шараларды, бизнес және креативті өнімдерді жарнамалау мәселесін талқылады. Оның баяндамасында мәдени жобаларды тиімді түрде ілгерілету және креативті индустрия өнімдерін кең ауқымда таныстыру бойынша әдіс-тәсілдер ұсынылды. Асхат Халимовтың бұл тақырыпқа байланысты ойлары қазақ мәдениетін, сонымен қатар қазақстандық креативті өнімдерді Орталық Азия нарығында насихаттауға арналған жаңа мүмкіндіктерге назар аударуға көмектесті.

Құрылтайдың ресми бөлімі гала-кешкі асымен аяқталды, онда Малайзияның мемлекеттік органдарының өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты. Бұл кеш ресми қатысушылар арасында әрі қарайғы ынтымақтастықты дамытуға арналған пікір алмасу алаңы болды. Аталған іс-шарада Алматы қаласынан қазақ халқының тереңнен тамыр тартқан рухани құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, ұлттық өнерді асқақтата дәріптейтін көрнекті этнографиялық-фольклорлық «Сазген сазы» ансамблі өнер көрсетті. «Сазген сазы» ансаблінің орындаған шығармаларында байырғы дәстүріміз бен сан ғасырлық мәдениетіміздің асыл мұралары үйлесім тауып, ұлы даланың жаны сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады.

Сонымен қатар, Малайзиядағы қазақ қауымдастығына «Дәстүрлі қоржын» жобасы аясында, қазақ халқының өмір салтын, даналығын, табиғатпен үйлесімділігін бейнелейтін ерекше мәдени мұра – киіз үй табысталды. Киіз үй – ұлттық болмысымыздың тұғыры, уақыт пен кеңістік арасындағы қастерлі көпір ретінде Малайзияда өтетін шараларда өз орнын табады деп сенеміз. Бұл қазақтың байырғы мұрасын шетелге паш етуге, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуге үлкен мүмкіндік болмақ. Киіз үйдің қазақ мәдениетінде алатын ерекше орнын көрсетіп, оның қарапайымдылығы мен сән-салтанатын ұштастыра, шетелдік қонақтарды ұлттық рухымызбен қауыштырамыз деп ойлаймыз.

Құрылтайдың  барысында қазақ мәдениеті мен руханиятын әлемдік қауымдастыққа таныту, экономикалық байланыстарды нығайту және шетелдегі қазақтардың бірлігін арттыру мәселелері басты назарда болды. Осы Құрылтай қазақ халқының рухани, мәдени және экономикалық байланыстарын жаңаша деңгейге шығаруға ұмтылған маңызды қадамға айналды.

Серіктес жаңалықтары