«Орбита» романы Букер сыйлығын алды

«Орбита» романы Букер сыйлығын алды
536

2024 жылғы Букер сыйлығы ағылшын жазушысы Саманта Харвиге «Орбита» романы үшін берілді. Небәрі 136 беттен тұратын роман Халықаралық ғарыш стансасындағы алты астронавтың бір күндік өмірін баяндаған. Марапаттау рәсімі Лондон қаласында өтті. Қазылар алқасы түгелдей Саманта Харвиге дауыс берген. 

Қазылар алқасының төрағасы, ағылшын жазушысы әрі сурет­шісі Эдмунд де Ваалдің айтуынша, роман ғарыш пен жердің құдіре­тін айрықша суреттеуімен құнды.
«Сіздің қолыңызға кейде ойламаған жерден бір кітап түседі, мұндай ғажайыпқа қалай тап болғаныңызды бастапқыда түсіне алмай­сыз. Біз өзімізді әсерлендіретін, елмен бөлісуге ынтықтыратын кітапты табуға талпындық. Сол кітап – «Орбитаны» оқып отырып, таңыр­қадық», – дейді де Ваал.
Бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, «Орбита» – Ұлыб­ританияда ең көп сатылатын кітаптардың біріне айналып үлгерген. Букер сыйлығын алғаш рет ғарыш туралы жазылған шығарма алған әрі ең қысқа романға да бірінші рет беріліп отыр.
«Бұл ықшам әрі тартымды роман әрбір пенденің жеке және ұжым­дық құндылығы не деген сұраққа жауап береді. Жердің қадір-қа­сиетін түсінуге шақырады», – делінген сыйлық беретін коми­теттің мәлімдемесінде. 
Букер сыйлығына кез келген елдің жазушысы ағылшын тілінде шық­қан әрі Ұлыбритания мен Ирландияда соңғы бір жыл ішінде жарық көр­ген кітапты ұсынуға болады. 
Сыйлық 1969 жылдан бері беріліп келеді.

Серіктес жаңалықтары