Өнегелі өмір иесі еді

Өнегелі өмір иесі еді
528

Біз жақсыға жақын жүретін, жақсының тәрбиесін көріп, оны үлгі тұтып өсетін халықтың ұрпағымыз. Даналарымыздың «Кісі болар кісінің, кісіменен ісі бар» деген сөзі текке айтылмаған болар.

Жұмабек Кенжалинді 1978 жылдан бас­тап білемін. Сол кезде ол әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университетінің Жур­на­листика факультетінің 2-курс студенті бо­ла­тын. Оларға философия пәнінен дәріс бер­ген­мін.
Жұмабек оқып жүрген топтарының іші­нен ерекшеленіп көзге бірден түсетін. Себебі ол өте тәртіпті, ұқыпты, жауапкершілігі мол, ина­батты, өзіне талап қоя білетін, үздік оки­тын студент болатын. Сонымен қатар фа­куль­теттің, университеттің, қаланың, рес­пуб­лика көлеміндегі қоғамдық іс-шараларға бел­сене қатысып, өз үлесін қосып отырды.
Ол бірқатар Бүкілодақтық және Дү­ние­жү­зілік жастар мен студенттердің форум­да­ры­на қатысып, олардың жұмыстарын жақ­сар­туға атсалысты. Факультетте үздік оқып, Лениндік стипендияның иегері, уни­вер­си­тет­те оқитын студент жастардың жетек­ші­лерінің бірі болды. Ал 1978 жылы ол халық де­путаттары Алматы қалалық кеңесінің депутаттығына сайланды.
Журналистика факультетінің сту­дент­тері­не болашақта жақсы журналист, ойлары мен жазулары ұшқыр болуы үшін философия пә­нін жақсы білулері керек деп үнемі ай­татынмын. Осыған орай оларға фило­соф­ия­дан үйірме ұйымдастырып, оның жетекшісі етіп Жұмабекті сайлаған болатынбыз. Бұл жұ­мысты жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оған қатысушылардың саны жыл сайын кө­бейіп отырды. Осы үйірме жұмысы мен оқу барысында Жұмабектің ұйым­дас­тыру­шы­лық қабілеті мен көпшілікпен жұмыс іс­тей алатын әрі ғылыми жұмысқа бейімділігі байқалып, назар аудартты. Сол кезден бастап өмірінің соңына дейін біріміз ұстаз, біріміз шәкірт, яғни ағалы-інілі ретінде араласып, сыйласып тұрдық.
Жұмабек Кенжалин – тәуелсіздік тұ­сын­да қазақ журналистикасы мен ұлттық бас­пасөзге соны серпін, жаңа леп әкелген жаңа­шыл азамат.
Жұмабектің жақсы журналист қана емес, со­нымен қатар ғылыми жұмысқа да қа­бі­ле­тін байқап, оған кандидаттық диссертация жазуына ақыл-кеңес, бағыт бердім. Ол осы істі құптады. Кандидаттық диссертациясын жа­зуға бірден кірісті. Менің ғылыми же­тек­шілігіммен 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құрал­дарының қазақстандық патриотизмді қа­лыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта сая­си ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертациясын ойдағыдай қорғады.
Ол өзінің қызметін ғылыми, шы­ғар­ма­шылық, ұстаздық жұмыстарымен ұштастыра біле­тін ғалым, журналист, жазушы, ұстаз еді. Жұмабек 1998 жылдан бастап өмірінің соңы­на дейін негізгі қызметімен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-нің саясаттану және әлеу­меттік-философиялық пәндер кафед­ра­сының аға оқытушысы, қауымдастырылған профессордың қызметін атқарып, студент­терге, магистрлерге саясаттану пәнінен және арнайы курстардан дәріс беріп, өзінің ақпарат жұмысының тәжірибесін бөлісіп, тәрбиелік мәнін ашып, түсіндіріп, ұқтырды. Өзіне студенттерді, магистрлерді тарта білді. Дәрістерін өте тартымды, қызықты етіп оқы­ды. Оған студенттер мен магистрлер құр­метпен қарап, өте жақсы көріп сыйлайтын еді. Жұмабектің ғылыми жетекшілігімен ондаған магистр магистрлік диссерта­ция­ларын жоғары деңгейде қорғады.
Оның сүбелі 6 кітабы: «Желкілдеп өскен құрақтай» (1998 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005 ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010 ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011, 2012 ж.), «Қалам қанаты» (2014 ж.) жарыққа шыққан. Сондай-ақ мыңнан астам мақалалары жарияланған. Оның біразы шетелде басылып, жарық көрген. 2017 жылдың соңында докторлық дис­сертациясын жазып аяқтаймын деп жос­парлаған. Өкінішке қарай үлгере алмай кетті.
Жұмабектің өмірі өнеге, ал өнегесі өмір еді. Мұны журналистикалық кіші қызметтен басшылық қызметке дейінгі өмірінен бай­қауға болады.
Мәселен, 1981 жылы «Социалистік Қа­зақ­стан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») жур­налында жауапты хатшы, бас редактор. 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас ре­дак­торы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» жур­налының бас редакторы, 1997-1999 жыл­дар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
1999 жылдың маусым айынан 2006 жыл­дың тамыз айына дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас редакторы, 2006 жыл­дың тамыз бен желтоқсан аралығында «Ана тілі» ұлттық апталығының, 2006 жыл­дың қараша мен 2009 жылдың ақпан айына дейін «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси жур­налының бас редакторы болды. 2009 жыл­дың ақпан айы 2017 жылдың шілде айы ара­лығында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас редак­торы – Редакторлар кеңесінің төрағасы болып қызмет етті.
Осындай жұмыс бабында Жұмабектің ин­теллектуалдық-шығармашылық, ұйым­дас­тыру мен басқару қабілеті шыңдалып, дамы­ған үстіне дами отырып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Ол әрбір отырыста, жиында, кездесу­лер­де, конференцияларда, семинарларда дүние­жү­зінің даналары мен данышпан­дарының өне­гелі өмірі мен сөздерінен мысалдар кел­­тіріп айтатын. Оны отырыстың ыңғайы­на қарай қолданып, көпшіліктің көңілінен шығатын.
Жұмабек бір әңгімені айтқанда қысқа қайыр­май, әріден бастап, белгілі бір ойға не­гіз­дей отырып, асықпай айтқанды ұната­тын.
Ең бастысы, Жұмабек – ешкімді жатыр­қап-жатсынбайтын, біреуге жақсылық жа­сауға жаны қалмай ұмтылатын, пейілі кең, көңілі даладай дархан дара тұлға. Әңгіме айтқанда да шырайын шығарып, әзіл-қалжыңын қа­тар өрбітіп, жанындағыларды еріксіз елік­тіріп, үйіріп әкететін еді. Қонақта отырып, ара­гідік ән салып, желпіндіріп алатын сері­лігін көргенім де бар. Кең тынысымен халық әндерін шырқағанда, өзіне ерекше қанат бітіп, басқа бір әлемге еніп кеткендей көрі­не­тін. Сондайда «Сегіз қырлы бір сырлы» аза­­мат осындай-ақ болар-ау деп ой түйген­мін. 
Жұмабектің бір қасиеті – оқшауланып көз­ге түсе бергенді жаны қаламайтын. «Боса­ғадан орын тапсаң, төрге озба» деген қағи­даны ұстанып, барынша қарапайым тіршілік кешкенді, өзімен-өзі болғанды жаны қа­лайтын. Лауазымын, дәрежесін, жасын биік­ке ұстап, жан дүниесі мешеу адамдай жал­тақ­тап өзгелерден құрмет, қошемет дәмет­пейтін. Шыққан төбесін өзіне биік, отырған жерін өзіне төр санайтын, сөзбен емес, ісімен көріне білетін абазал азамат еді. 
Жұмабек – сүйікті Пайғамбарымыз айт­қан­дай, халықтың құрметіне ие болған аза­мат. Өзінде Алла дарытқан жақсы мінезі бол­са, халыққа жасаған жақсылығы бұл сөзі­ме дәлел бола алады. Жұмабектің осын­дай сыйлы құрметке жетуіне зайыбы Әли­ма­ның да сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Жақ­сы әйел жанында жүрсе демейді, алыста жүр­се жебейді, жақсы әйел – жан қазынасы» деген. Әлима да Жұмабек Кенжалиннің жан қазы­насы бола білді. 
Ар-намыс деген нәрсе – ердің туы. Жұма­бек арлы, намысты, тұғырлы, рухы биік аза­мат еді. Бұл қасиет арғы бабаларынан тара­ған болар.
Елі үшін еткен еңбегі бағаланып, Жұма­бек Кенжалин Қазақстан Республикасы Пре­­зидентінің бұқаралық ақпарат құрал­да­ры саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Журналистер одағы сый­­­лығының лауреаты (1983 ж.). Қазақстан Жур­налистер Академиясының толық мүшесі ака­демигі (2001 ж.), Қазақстан Республи­ка­сы­ның Мәдениет қайраткері атағына ие бол­ды (2004 ж.), «Құрмет» орденімен (2009 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011 ж.) және көптеген республикалық мақтау қағазымен марапат­талған. Сонымен қатар Жұмабек Қазақстан Үкі­меті жанындағы Мемлекеттік термино­ло­гиялық комиссиясының мүшесі, Қазақстан Жа­зушылар одағы басқармасының мүшесі болды.
Жұмабек маған әлі де сол ықшам киін­ген, белін тас түйген, қай кезде де аңқылдап сөй­леп, ақтарылып пікір айтатын, інілігін біл­діріп, қамқор болып тұратын жайсаң 
жас жігіт қалпынан өзгермеген күйінде көрінеді.
Қарапайым. Қағілез. Азамат. Қоғамның сан алуан құбылысын тамыршыдай тап ба­сып танитын, танып қана қоймай, болған жай­ларға орнын тауып басалқалы сөз айта­тын сарабдал жан еді. Қарымды қаламгер еді. Алымды тұлға еді. Зерделі ғалым, ұлағатты ұс­таз еді. Ағаға іні, ініге аға еді. Жолын біле­тін, жолдан жығылмайтын адам еді. Күрестен қорықпайтын еді. Ұлтжанды, патриот еді.
Жұмабек Кенжалин үлкенге ізет, кішіге құр­мет көрсеткен жаны жайсаң, ақкөңіл, ел­гезек, тұғыры биік, дара тұлға еді. Оның ер­лік пен еңбекті кейінгіге мұра етіп қал­дыр­ған қарапайым өмір жолы өнегеге толы.
Сөз соңында ағалық-ұстаздық айтарым, Әли­ма, бәрінен де саған ауыр болғанын бәрі­міз де сезіп жүрміз. Алла саған қуат берсін!
Жұмабектің шаңырағын, отбасының бере­­кесін келтіріп, Жұмабектің тірі кезін­дегі­дей ұстап отырғаныңа, балаларға, Жұма­бектің ұрпақтарына күш-қуат беріп отыр­ғаныңа біздер «Рахмет саған!» дегеннен басқа не айта аламыз! 
Тағдырдың бәрі бір Алланың қолында ғой, шүкіршілік етейік! «Тағдырыңнан қо­рық­па, түннен кейін жарық бар, нұр төгіл­ген» деген ғой өткен даналар. 

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ, 
ҰҒА академигі, 
философия ғылымдарының докторы, 
профессор

Серіктес жаңалықтары