Қойын дәптер құпиясы

Қойын дәптер құпиясы
603

Мұратбек өзі құралпы замандастарын тез-ақ баурайтын қасиеті бар. Тым әңгімешіл де емес. Бірақ сөзді жақсы тыңдайды. Ал, өршіл таланттарға келгенде өрленіп, қырланып, бой таластырып кететін тұсы бар. Шамшыл емес, шыншыл. Пасық емес, пысық. Ез емес, нағыз еңбектің адамы.

Алғашқы таныстық

Бұрынғы Киров, қазіргі Бөгенбай мен Панфилов көшелерінің кеспесіндегі КазГУ-дың бұрыңғы ғимараты біз үшін тым ыстық. Бір-бір пәпкі құшқан бота тір­сек талапкерлердің ішінде томпақ, бірақ ты­ғыршықтай бір баланың жүрісі де, тұ­рысы да, болмысы да бөлек. Қимылы ши­рақ, жүргенде қадамын алшаң-алшаң ба­са­ды. Өзіне нық сенімді сияқты. КазГУ-ды мен­шіктеп алған тәрізді. Осында жұмыс іс­тейтін боп көрінді бізге. Бәрін біледі. Жөн сілтейді. Ештеңеден жасқанбайды. Біз үшін бір тұлға өзі! 
Қабылдау комиссиясына әлгінде ғана құ­жаттарымызды тапсырғанбыз. Бір дәп­терге болар-болмас газеттерге шыққан ма­­­­­қалаларымызды жапсырып, өткіз­ге­ні­міз­де әлгі баланың өзіміз секілді абитуриент, ал аты-жөні Мұратбек Тоқтағазин екенін біл­дік. Сол Мұратбектің қалың альбомды тол­тырып тастаған жарияланымдарын бай­қап, шалқамыздан түскенбіз. Мен небә­рі 11 мақала тіркеген екенмін. Мұратбектікі 200-ден асады!
Дайын журналист қой, мынау! Алды­мен, шығармашылық конкурс. Екі-үш күн­нен кейін шығарма жазу үшін үлкен акт за­лына келдік. Мұратбек қасқайып алдың­ғы қатарда отыр. Жуан қолында тебіндеп тұр­ған қаламы... Уақыт шектеулі. Ал кеттік...
Алдымыздағы парақтан бас алмаймыз. Ұялы телефон деген атымен де, затымен де жоқ заман. Қол сағат деген де жоқ екен. Дуал­дағы тық-тық деп тұрған сағаттың тілі тым асығыс. Минуттарға ұласқан секундтар жүйрік! Жазу жазамыз да, маңдай терімізді бір сылып тастаймыз. 
Әлден уақыт өткенде әлгі шымыр ба­ла, абитуриенттердің арасында аңыз боп кеткен Мұратбек шығармасын алғашқылардың бірі боп өткізді де, сыртқа шығып кетті. Оны да көзіміз шалып қалды. Не деген бақытты жан!
Қойшы, не керек, біз де жазып бітірдік-ау, көппен бірге. Содан далаға шықсақ, үл­піл­дек гүл үлгісіндегі субұрқақтың қа­сын­да Мұратбек тұр бір топ жігіттермен әңгіме ай­тып. Уайым жоқ, қобалжудың табы да се­зілмейді. Алаңсыз. Өз-өзіне сенімді. Сүрі­не­мін-ау деген ойдан ада. Тұрған бір клас­сик! Рухы асқақ, тұла бойы бұла күш! Жұ­мыр басы бір қазына. Әй, талай жерге бара­ды-ау мына түрімен!
Барды да...
Диплом алатын кезімізде Ақселеу Сей­дімбек оны аттай қалады. Кейін Арқа төсі­не алып кетті. Целиноградтан бірақ шықты. Шың­далған үстіне шыңдала түсті. Облыс­тық газеттің белді қызметкері. «Социалистік Қазақстанның» тегеурінді тілшісі, кәсіпкер, де­путат, редактор, ғалым! Бұл туралы мер­зімдік баспасөз беттерінде аз жазылып та жат­қан жоқ.

Бауыржан мен Мұратбек

Студенттердің өмірі қарбалас қой қашанда! Жаздыгүні бос жатпай, құрылыс отрядында сап түзеп, шалғайға ке­теміз. Тапсырыс аламыз. Объектілер са­ла­мыз. Ең бастысы ақша табамыз. Сонау бір жылдары Күрті ауданының Желтораңғы дей­тін ауылына барып, Бауыржан, Мұрат­бек, Жандарбек, Жақсылық, Константин, Сади, тағы біраз жігіттер бар, шаңын шұ­бырт­қан желдің өтінде жүріп, медпункттің ір­гесін қалағанбыз. Қызыл кірпіштерін өріп, әлеуметтік нысан тұрғызғанбыз. 
Бізге казарма ретінде мектептің спорт­за­лы бұйырған екен. Қаз-қатар төсек. Әдет­тегідей, кешкісін, астан соң әркім өзімен өзі әлек. Әңгімесі жарасатындар топ-тобы­мен шүйіркелесіп жатады, әйтеуір. Біз де Жақсылық екеуміз көрші болғаннан кейін әлденені әңгіме етеміз.
Ал Мұратбек пен Бауыржан спорт­зал­дағы бапкерлердің бөлмесінде. Бұрқыратып бірдеңені жазады да қояды, жазады да қоя­ды. Тіпті, бәрі пыс-пыс ұйқыға кеткенде, әл­гі екеуінің ұйықтайтын түрі көрінбейді. Құшақ-құшақ қағаз. Сиясы таусылмайтын қалам...
«Қап-ай, жатсаңдаршы түге!» дейміз іш­­тей. Екеудің жанкештілігін көріп, жур­на­лист болғың келмей кетеді екен.
Содан, күндердің бір күнінде Күрті ау­дан­дық «Шұғыла» газетінде Бауыржан Ома­ров пен Мұратбек Тоқтағазиннің ұйым­дастыруымен: «Екпінді істер – енші­міз!» деп айдары тағылған бір беттік топта­ма мақалалар тізбегі жарқ етіп шыға кел­ге­ні. Құрылыс отрядында жүрген бәріміздің аты­мыз аталған. Кім не істеді, кім не істей­ді. Түгел қамтылған. 
Қара жұмыстың арасында, түн ұйқы­сын қиып, олар сөйтіп журналистік шебер­лік­терін шыңдаған еді. Шыңдап қана қой­м­ай, нағыз журналистің қандай болуы керек­ті­гін ұқтырған-ды.
Мойындау керек, жазу жағына келгенде курс­тың осы бір апайтөстері Мұратбек, Бауыр­жан мен Талғат Батырханов бәрі­міз­ден оқ бойы алда еді. Не жазу керектігін, қа­шан жазу керектігін және қалай жазу ке­ректігін басқадан емес, осы курс­тас­та­ры­мыз­дан үйренуге талпындық. Қиыс кетсек, жөн-жосығын түсіндіріп, дұрыс арнамызға қай­та бұратын. Ал мақаламызда ұтымды да ұрымтал тұстарымыз болса, арқамыздан қа­ғып, мақтап, рухтандырып, жігерлендіріп жі­беретін. Мұндайда тәлім беріп жүрген Темірбек Қожакеев пен Тауман Амандосов емес, арқамыздан Шерағаң мен Сейдағаң қақ­қандай болатын біз үшін. 
Қалай жазу керек демекші, Мұратбек екеуміз авторлық жұбымызбен «Со­циа­лис­тік Қазақстанға» үшінші курста мақала жа­за бастадық. Ең тұңғыш шатпағымыз да есі­мізде. Араға үш-төрт күн салып, әлгі жаз­бамыз жарқ етіп шыға келгені. Ол за­манда аңдитынымыз газет-жорнал киос­кісі. Қазірше дүңгіршек. Құшақ-құшақ газет ала­тынбыз. «Қазақстан пионері», «Ленин­шіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Спорт», «Қа­зақ әдебиеті», «Білім және еңбек», «Мә­ден­иет және тұрмыс»... Осы басылымдарға ма­қалаға жазуға машықтана бастадық. Бауыр­жан мен Мұратбек ешкімге дес бермейді.
Айтпақшы, Мұратбек екеуміздің «СҚ»-да жарық көрген мақаламызға 28 сом қа­ла­мақы қойған екен. Редакция ғимараты­ның кассасына кезекке тұрып, сол ақшаны ал­ған кезде тойып тамақ ішетін болдық қой деп қуанышымда шек болмады. Сту­дент­тік асханада 1 сомның өзі қарныңды ай­налдырып жіберетін кез еді ғой, шіркін.
Міне, «Ұстазы жақсының ұстамы жақ­сы» демекші, ҰСТАЗ жас талғамайды екен. Әрі-беріден соң, ол сенің досың да, курста­сың да, замандасың да болуы мүмкін. Солай!

Мұратбектің дағдысы

Мұратбектің қойын дәптері мен қа­ламы сақадай сай. Дайын тұра­ды. Өзіне ұнаған әңгіменің өзегін дереу жа­зып ала қояды. Онысын жатақханаға бар­ған кезде немесе былайғы жерде бұр­қыратып қалың дәптеріне көшіре қояды. Пысық.
Енді оның қолында бірталай жылдан бері сақталып келе жатқан қойын дәптері, әлде дәптерлері бар. Сыры да ішінде, жыры да ішінде. 
Сексен төрт-сексен бесінші жылдары ауыл шаруашылығы жұмыстарына Қос­та­най өңіріне бардық. Кешкі астан соң сту­дент­тер үшін қызықтың бәрі басталады. Доп ойнаймыз, серуенге шығамыз, анекдот ай­тамыз. Арамызда Мұратбек қана өзімен-өзі. Тым жалғыз емес, әрине. Доп теппейді, бір­ақ жанкүйер. Делебесі қозбаса да, айтар өз ойы бар. Бірнәрсені қойын дәптеріне түртеді ді жүреді.
Әсіресе, курстастарымыз Жаяу-Мұса Дур­манов, Алмабек Түстікбаев, Қайрат Мұ­сақұлов, Бейбіт Еңсебаев, Еркін Мақатаевтар қылжақсөз айтқанда күлкіден ішегіміз түйі­летін. Мұратбек ше? Өзіне ұнаған анек­доттарды сол қалың қойын дәптеріне түр­тіп, жазып жатады, жазып жатады. Етене араласатын дос қой. Сұрадым. Соны кәдеге жаратасың ба деп.
Мұратбектің айтқаны: «Мен өзіме ұна­ған сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, ма­қал-мәтелдер мен өлең жолдарын қойын дәптеріме ерінбей жазып жүруді әдетке айналдырғанмын. Ол ыждағаттыққа, керек десең тәртіпке үйретеді. Бұл шығармашыл адамдарға тән дәстүр. Мұның өзі олардың ой теңізін кешіп, одан інжу-маржан сүзіп, үне­мі ізденіс үстінде жүруге дағдылан­ды­ра­ды».
– Ал анекдотта не шатағың бар?
– Оу, Ғалымжан, журфак деген анек­дот­тың ордасы ғой! Бір ғана Темкеңнің өзі тап­қырлық танытып, күлкінің күбісін пі­сі­ріп жүрген шебер емес пе! Анекдот. Ха­лықтық фольклор. Әңгімеңді әзілмен көм­керіп, айту шеберлігін қалыптастырады. Біле білсең, анекдотта астар жатыр. Күлдіре отырып, ақыл-парасатыңмен айтсаң, қо­ғам­дағы теріс құбылыстарды көрсетесің, адам бойындағы жағымсыз қылықтарын бетіне басасың! Алдар көсе, Қожанасыр және Тазша бала жайлы күлдіргі әңгімелер мен ертегілер ше? Мақтақыз... Қаңбақ шал... Бәрі анекдот қой.
Мен бір қорғансыздың күйін кешіп, мел­шиіп тұрмын. Мұратбек дардай боп кө­рінді. Жалпы, білімдінің еңсесі биік қой, әркез. Мұратбек алпамсадай боп кеткен. Бойым да жетісіп тұрған жоқ еді, оның ал­дында ергежейлі болдым да қалдым. 
– Елдің мұңы мен мұраты, тілі мен ті­легі, үрейі мен үміті, аңсары мен арманы жа­тыр сол фолькларда, – дегенде тіпті де «жер­леп» тастады.
Сол әңгімеден бері мен де ешкімге айт­пай, көрсетпей «қойын дәптерімді» сайлап, сол дәптерге қаламымды байлап, әлденені жазатын болыппын.
Бірнеше қойын дәптерлерін том-том жасап, сөреге тізбектеп қойған Мұ­рат­бектің өзі дәл қазір маған нағыз парасат иесі секілді көрінеді.

Әзағаңның досы

Абайдың «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Ма­хаббат қызық мол жылдар? Ақырын-ақы­рын шегініп, Алыстап кетті-ау құр­ғыр­лар» деген өлең жолдарымен басталатын Әзағаңның романын жата-жастана оқитын ке­зіміз. Ал КазГУ қабырғасында жүрген кез­де сол бір шығарманың мән-маңызы есе­­­­леп артып кетіп еді.
Ербол мен Меңтайтың кіршіксіз махаб­баты, жас солдаттың өмірі, 33-аудитория, болашаққа үлгі боларлық дәстүр, кітаптағы на­қыл тараулар, қызығы мен шыжығы қа­тар жүретін студенттік өмір, соғыста қас ба­тыр, еңбекте ер... Осының бәрі бір кітап­қа сиып кеткендей. Әзағаңның «Ақиқат пен аңызы» қандай!
Міне, Алматыға арман қуып келген біз­дер үшін алда не күтіп тұрғанын, қандай оқи­ғаларға тап боларымызды білмейтін едік. Санамызда біз естіп жүрген «ауди­то­рия», «лекция», «сессия» деген түсініктер қа­­­­­лыптасқалы қашан! Бірақ бір күні Мұ­рат­бектің маған айтқаны бар:
– Ғалымжан, мен бүгін журфакқа Әзіл­хан Нұршайықовты алып келем, кездесу ұйымдастырамыз. Сен корпустың алдынан күтіп алсаң дұрыс болар еді, – деді. 
– Қой-ее, – деппін сасқанымнан. Бірақ Мұрат­бектің сөзі ақиқат, ал алып келетін ада­мы біз үшін аңыз болса да нақ келетінін ұқ­қанда барып, белгілі бір уақыттан жарты сағат бұрын, сол корпустың алдында сағат санап жүріп алдым.
Мәссаған, анау бір жерде көліктен түс­кен бойы Әзағаң мен Мұратбек келеді. Қар­сы алдынан шықтым. Күтіп алдым. Екеу­міз екі жақтап, майдангер жазушыны қол­тықтаған күйі студенттер лықа толы ау­­­диторияға кіріп келе жаттық...
...Бертін келе, былтыр желтоқсанда Әзілхан Нұршайықов 100 жасқа толуына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзек­ті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияны Еуразия ұлттық уни­верситеті және Қазақстанның бас редакторлар клубы бірлесе ұйымдас­тыр­ды. Мұратбектің екеуіне де қатысы бар. Ол – «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас» кітаптарының авторы, «Әйгілі Әзаға», «Әзілхан Нұршайықов және қазақ­стан­дық журналистиканың өзекті мәсе­ле­лері», «Бекзат болмыс» кітаптарының құ­рас­тырушысы, «Бүтін бітім» кітабы құрас­тыру­шыларының бірі.
Сол конференция аясында Бас редак­тор­лар клубы жетекшілерінің бірі, Л.Гуми­лев атындағы ЕҰУ профессоры Мұратбек Тоқтағазиннің «Замансөз заңғары» кітабы­ның тұсаукесері өтті. Модератор Мұратбек кон­ференцияға қатысушылар арасындағы пікір алмасу алаңында Әзілхан Нұр­шайықов­­тың шығармашылығын журна­лис­тика, әдебиеттану, публицистиканың әр аспектісінде талқыға салды. 
Міне, біздің кеудесінде «Құрмет» ордені жар­қыраған Мұратбек осындай жан! 
Қанатың талмасын, қадірлі дос! 

Ғалымжан МЕЛДЕШ, 
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, 
Б.Бұлқышев атындағы 
сыйлықтың иегері

Серіктес жаңалықтары