Курс сатып алам деп күркесіз қалмаңыз...

Курс сатып алам деп күркесіз қалмаңыз...
сурет: istockphoto.com
545

Елімізде онлайн білім алуға деген қызығушылық пандемия кезінен басталып, бүгінде күннен-күнге артып келеді. Әсіресе, instagram блогерлерінің курстарын сатып алатын адам саны өте көп. Одан бөлек, Tiktok және Youtube сияқты әлеуметтік желілерде белсенді аудиториясы бар блогерлер табысты онлайн курс, марафон, нұсқаулық, кеңес сатып ақша тауып отыр. Өйткені өтімді. Алайда онлайн білім беру сегменті туралы статистиканы табу қиын, өйткені бұл мәліметтерді платформалардың өздері немесе блогерлердің маркетингтік агенттіктері ашық жарияламайды. 

Сарапшылардың айтуынша, онлайн бі­лім саласында блогердің танымал­дығы үлкен рөл ойнайды. Аудиториясы үлкен әрі се­німді блогерлер көбірек оқырман жинап, курс­тарын тиімді сатады. Екінші кезекте – тақырыптың өзектілігі. Бүгінде маркетинг, SMM, дизайн, бизнес, өзін-өзі дамыту, тіл үй­ре­ну және фотосурет салаларындағы курстар өте та­нымал. Ал осындай курстардың орташа баға­сы 10 000-нан 50 000 теңгеге дейін. Қара­пайым халық осындай бағаны қолай көреді, көп­ сатып алады. Кейбір курстар одан да қым­бат, сондықтан оған қатысушыларға көбіне тә­лімгерлер қолдау көрсетеді немесе сер­ти­фикат беріледі.

Онлайн білім не береді?

Онлайн білім берудің ұзақмерзімді болуы әртүрлі факторларға байланысты. Біріншіден, тех­нологиялық даму – интернет және мо­биль­ді қосымшалар арқылы білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Яғни, бұл тренд білімге қол­же­тім­ділікті арттырып отыр. Ал бүгінгі еңбек нары­ғында кәсіби білім беру және біліктілікті арттыруға арналған қысқамерзімді онлайн курс­тар жұмыс берушілер тарапынан жоғары баға­ланады. Мұндай оқулар қызметкердің кәсіби дамуы үшін қажет, ұзақ жыл бойы өзектілігін жоғалтпайды. Сонымен қатар әлем­де өмір бойы оқу қағидаты трендте. Сұра­нысқа ие мамандар үнемі жаңа білім мен дағ­дыларды игеріп отырғысы келеді. Бұл он­лайн курстар мен вебинарларға сұранысты тұрақты түрде қамтамасыз ететіні сөзсіз. 
Демек, онлайн білім алу тек уақытша қы­зы­ғушылық емес, алдағы жылдарда да дамып, көп­теген салада тұрақты қажеттілікке ай­на­луы мүмкін. 

Insta «білімге» құмарлар саны қанша?

Көптеген блогер өз курстарын жеке плат­фор­маларда немесе telegram арналарда сата­тын­дықтан сатып алушылардың санын анық­тау қиын. Алайда елімізде бір курсының өзін мыңдаған адамға сататын блогерлер жетерлік. Мәселен, танымал блогерлердің бір курсын 500-ден 5 000 адамға дейін сатып алуы мүмкін. Бло­гердің осындай курстарды бірнеше рет өт­кізетінін ескерсек, жылына ондаған мың адам курс сатып алады деп болжауға болады.
Кейбір мәліметтер бойынша, 2022 жылы еліміздің онлайн білім беру (EdTech) на­рығының негізгі сегменттерін қамтитын 40 ірі компанияның жалпы қаржы айналымы ша­мамен 27,35 млрд теңгеге жеткен. 2023 жыл­дың бірінші жартысында бұл көрсеткіш төмендеді, нарық көлемі 26,7 млрд теңгеге дейін азайған. Бұған геосаяси тұрақсыздық, қа­рыздардың өсуі және әлеуметтік-эко­но­ми­калық факторлар әсер етті. Дегенмен сарап­шылар 2025 жылға қарай нарық қайта қал­пы­на келді деп болжап отыр. 
Онлайн білім беру саласында мектепке дейінгі және мектеп деңгейіндегі (K-12) білім беру сегменттері басым. Мысалы, 2022 жылы бұл сегмент нарықтың 63,18 пайызын құрады. Со­нымен қатар қосымша кәсіби білім беру мен ІТ курстары, атап айтқанда, big data мен data science бағыттарына да сұраныс артып келеді.
Алайда елімізде instagram арқылы білім алатындардың үлесі айтарлықтай жоғары. Бұл платформа – елдегі ең танымал әлеуметтік желі. Шамамен 12,6 миллион қазақстандық instagram-ға тіркелген. Олардың басым бөлігі жастар, бұл топ әлеуметтік медиа, кәсіби даму жә­не жеке тұлғалық өсу курстарына қызы­ға­ды. 
Мамандардың бағалауы бойынша, онлайн оқуға қатысатындардың нақты пайызын анықтау қиын, бірақ instagram арқылы білімін жетілдіру мен курстарға қатысу тенденциясы қар­қынды дамып келеді. Алайда нәтиже қан­дай екені белгісіз. Оқығандардың қанша пайы­зы сол сала бойынша білікті, тәжірибелі маман болып шығатыны бір Аллаға аян. Сөйте тұра, халықтың онлайн білімге деген сұра­нысы әлі тоқтамайтын секілді. Сарапшылар онлайн білім алу процесі уақытша құбылыс емес, керісінше, ұзақмерзімді тенденцияға ай­налып келеді дейді. Пандемия кезінде бас­талған онлайн білімге деген қызығушылықтың әлі де жоғары болуы осыны көрсетсе керек. Адам­дардың цифрлық форматтағы оқуға сұра­нысы ұлғайып, көптеген оқу орны, курс­тар және жеке оқытушылар қашықтан оқыту әдістерін үнемі жетілдіріп отыратынын зерт­теу­лер де көрсетіп отыр. 
SMM, таргетолог блогер Алмагүл Дәнебаева instagram арқылы қарапайым халыққа қалай және қанша ақша табуға болатынын талдапты. Оның айтуынша, бұл желіде ақша табудың жолы көп. 
– Біріншісі, блогер болу. Оқырман жинап адам­дардың назарын ұстап тұру арқылы өзіңіз­ді қызықтырып жарнама сатасыз. Осы­дан айына 1 500 000 теңге табатындар бар. Екін­­шісі, сапалы, бір тақырыптағы паблик жүр­гізу. Сол арқылы айына 100 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін табуға болады. Үшін­шісі – инфобизнес. Егер де сіз қандай да бір саланың мықты маманы болсаңыз, сол білімді, ақ­паратты онлайн курс, марафон арқылы сатуға болады. Төртіншісі, эксперт болу. Яғни, сіз косметолог, педагог, тренер, стамотолог, т.б. бол­саңыз, онда өз қызметіңізді ақшаға сата ала­сыз. Осылайша, айына 200 000-нан 2 млн-ға дейін пайда табуға болады. Бесіншісі, insta-дүкен. Тауар сату арқылы айына 500 000-нан 3 млн-ға дейін табысқа шығуға болады, – дейді маман. 

Қоғамның сұранысы қандай?

Қарапайым халықты ақша, махаббат, энергия, қарыз-несиеден құтылу, ақша жинап үйрену, жақындармен ұрыс-керіссіз жақсы қарым-қатынас құру, уақыт пен энергияны тиімді пайдалану мәселелері толғандырады. Ерте тұруды, намаз оқуды, Құран жаттауды үйрететін ұстаздар да блогерлікке ден қойған. Жеке бренд қалыптастыру, арықтау, бояну-соя­нуды, мейрамханада өзіңді қалай ұстауды, кітапты қалай оқуды, тіпті азық-түлікті, же­міс-жидек пен көкөністі қалай сақтауды үй­рететін курстар бар. Қазір осылардың ішінде сұранысқа ие болып отырған жаңа сала – Қы­тай, Түркия елдерімен бизнес бастау. Қалтасы қа­лың жандардан бастап, орташа, жиған-тер­ге­нін саудаға салып байып жатқандар да, жарты жолда барынан айрылып жатқандар да жетерлік. Қазақ мұндайда «Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айрылыпты» дейді. Ел арасында «Егер білмесең, 990 теңгеге курс сатып алсаңшы» деген қысыр сөз де осы қаптаған курстардың нәтижесі көпшіліктің келемежіне айналғанын көрсететіндей. 
Онсыз да несиеден несиеге әрең күнін кө­ріп отырған халық әлеуметтік желіде жыл­тырағанның бәрін алтын көріп, өзі де бір күн­де байып кетердей қиялданып, қымбат курс­тарды бөліп төлеуге сатып алады. Одан ары қарай оқу, іздену, әрекет етуді ұмыт қал­дырады немесе істей алмайтынын біліп орта жолда қолын бір-ақ сілтейді. Алайда келесі жолы жаңа курс басталса, қатысуға тағы да дайын тұрады.
– Адамдардың инфоблогерлердің курс­та­ры­на қызығу себептері өзі тұрған А нүктесін елемей, Б нүктесін ғана көруі. Яғни, адамның іштегі шынайы қажеттілігі мен қалауын басқа адамның reels-тары мен stories-терінен көруін­де. Егер өзі instagram-нан көретін адам­ның жетістікке жеткенін көрсе, осылай жа­сауға болады деп, курстарын алады. Ал нәтиже жоқ болу себебі адамдар тыңдайды, бірақ істе­мейді. Мен бұл нәрсені өзімнен білемін. Бір курсты жарты жыл тыңдаған соң барып ол сенің миыңа қона бастайды, тек бір жылдан кейін қолдана бастайсың, – дейді отбасылық психолог, НЛП практик Сәбира Нұрпейісқызы. 

Лаура 
СЕЙІТБЕК, 
Laula academy негізін қалаушы, отандық Lauline желісінің авторы:

Өзіне жауапкершілік алмаған адам өзгермейді

– Онлайн оқу тенденциясының бізге кел­геніне ұзақ уақыт болған жоқ. Бұл шамамен 2018 жылдары басталды. Біз де осы жылы Ра­мазан айында тұлғалық, психологиялық, әйел денсаулығы бағыттары бойынша білім бере­тін «Алматы Әйелдер орталығын» аштық. Сол кезде нарықта алғаш онлайн оқу плат­фор­масын енгізгендердің бірі біз болдық. Қыз-келіншектердің денсаулығына, интимді сауаттылығына, жалпы құндылықтарына көңіл бөлуге арналған ауқымды жобамызды бас­тадық. Оған дейін елімізде инфобизнес сала­сында көбіне ер адамдар жүретін. Іскер әйел­дер ерлермен бірдей білім алып жүрді. Алай­да ол жылдары тек бизнес тақырыбы қоз­ғалатын. Қазіргідей рухани даму, әйел энер­гетикасы сияқты ауқымды тақырыптарға көңіл бөлінбейтін. «АӘО»-ның марафон, курс­тарына әлемнің бірнеше елінен мыңдаған қыз-келіншек қатысты. Олар тұлғалық, пси­хологиялық, физиологиялық дамудан өтті. Қатысқан қаншама қыз-келіншек қазір осы сала­да эксперт болып, білімін басқалармен бө­лісіп жүр. Халық арасында инфобиз­нес­мен­дер туралы ауадан ақша жасайды деген де пі­кір­лерді естіп қаламыз. Қанша жерден онлайн оқу­ды жоққа шығарғысы келсе де, бұл қоғамға, адамдардың санасына, дамуына үлкен серпіліс алып келгенін жоққа шығара алмаймыз. 
Онлайн білім алу бұл заманның жаңа мүм­кіндіктері, білім алудың жаңа әдіс-тәсілдері тоқтамайды, дами береді. Өйт­кені сұраныс бар. Instagram арқылы білім алу­ды зиян деп айта алмаймын, бірақ ең бас­ты­­сы адамдар өзіндегі фильтрді, таңдауды, са­ра­лауды, қарауды, салыстыра алу сынды мә­селелерді күшейтуі керек. 
Ал адамдардың курстан нәтиже шығара ал­майтынының бірнеше себебі бар. Ең үлкен фактор курс алып жатқан адамның жауапкер­шілікті сезінуі, мақсаты, ниеті, сонымен қатар таңдап жатқан экспертін жан-жақты зерттеуі. Жалпы, эксперт қай саланың маманы және осы салада қанша уақыттан бері маманданып жүр? Оған дейінгі жасаған кейстері бар ма? Оның бэкграунды қандай? Ол мүмкін бала­бақшада тәрбиеші болып жүріп, бір кезде қара­саң қаржылық сауаттылықтан сабақ өтіп жүр­ген шығар. Сондай-ақ оның құнды­лық­тарын білуің керек. Эксперттің құндылығы се­нің қабылдауыңа сәйкес келе ме? Осы жер­ден келіп адам өзіне үңіліп, өз құндылықтарын зерттей бастайды. Егер сөйлеушінің сөзі, іс-қи­мылы оқырманын тартпаса, адам оның сабақтарын тыңдай алмауы мүмкін. Негізі, мұның бәрі қосымша факторлар десек те болады. Егер адам шынында мықты эксперт болса, оған келетін адам таусылмайды. Ал не­гі­зінен эксперт курста тақырып бойынша 20-30 пайыз ақпарат береді, ары қарайғы 70-80 пайыз нәтиже қатысушының жасаған практикасына тікелей байланысты және осы жер­де адам өзінің де деңгейін есепке алу ке­рек. Курсты игере аламын ба, менің жинаған тәжірибем бұл сабақты түсінуге жете ме, соны да байқауы керек. Бір ақпарат бірінші кісіге түсінікті, екінші кісіге мүлдем түсініксіз болуы мүмкін. Миы қарсыласып, «Мынау далбаса ақ­парат, түкке тұрғысыз, іске аспайтын нәрсе» деген сияқты жауып қоя салуы мүмкін. Тіпті, кейде адамдар «Маған осы саланы ретке кел­тіру керек» деп өмірінің бір сферасына қа­жет­ті курсты сатып ала салады. Ақшасын қиып сатып алғанымен, іс біткен жоқ. Бұл 100 пайыз жұмыстың 10-20 пайызы ғана. Бұл жерде құйылатын ең басты инвестиция – адамның уақыты, зейіні, концентрациясы, фокусы. Көп жағдайда осыған келген адамдар соны жаса­ғысы келмейді. Жай ғана өзін жұбатып, соны алдым ғой деп қояды. Бірақ ертең біреу сұраса өзінің жалқаулығын, жауапкершілігінің төмен екенін айтқысы келмейді, одан да эксперттерді кінәлай салған оңайырақ болып тұрады. 
Біздің орталықта әр курстың кураторы болады. Біздің менталитетіміз басқаша, ере­сек адамдарды әлі бала сияқты қадағалап оты­рамыз. Курстың нәтижесі ең бірінші сол курс­ты алған адамға керек. Өкінішке қарай, біз­дің кураторлар қатысушыларға звондап, «Мы­на сабақты көрмейінше, игермейінше, тапсырмаларды орындамайынша, келесі сабақ ашылмайды» деп хабарласып отырады. Са­бақты мүлдем қарамаған адамдарға кура­тор­лар қоңырау шалады. Қоңырауды басып тас­тай­тын, жауап бермейтіндер де кездеседі. «Ме­ні мазаламаңдар, өзім білемін, ақша төле­ген өзім, қараймын ба, қарамаймын ба өзімнің шаруам» деп кураторлардың нөмірін блокқа салып тастағандарды да көрдік. Біз оларға күштеп ештеңе істей алмаймыз. Былай қара­саңыз, жауапкершілік алмау кішкентай бала­ның іс-әрекеті. Ал бізде өздері ересек болса да осындай баланың қылығын істейтіндер жиі кездеседі. Жауапкершілікті басқаға ысырғысы келетін адам өзгермейді. 
Мен курс өткізуші ретінде қатысушы­лар­дың нәтижесіне 100 пайыз әсер ете алмаймын. Егер оларда құлық, қажеттілік, өзінің өміріне, ден­саулығына жауапкершілік болмаса, ондай ада­мды әрекетке итермелеу өте қиын. Ақпа­рат­ты алу бір бөлек, сол ақпаратты жай ғана ба­сыңда сақтап, энциклопедия болып жүрген­нен ешқандай нәтиже шықпайды. Алған бі­лім­ді әрекетке қарай бірден қолдану керек. Сол кезде ғана ол бекиді, білім болып қалады. Біз­де көп жағдайда осы дүние жоқ, сондықтан олар өзін іштей кінәлап отырады.
Ал нәтиже шығару бұл екіжақты жұмыс. Эксперт сапалы білім бергеннен кейін кура­тор­лар қатысушыны ары қарай сүйемелдей оты­рып, сұрақтарына жауап береді. Бірақ не де­сек те, курстың нәтижесі 100 пайыз қаты­су­шының өзінде. «Курсты сатып алсам болды, әй­теуір бір оқимын» деп оған уақытын арна­май­тын, оқымайтын, сабақтағы тапсырма­лар­ды орындамайтындар өзін-өзі алдап жүр­ген­дер. Бұл – мүлдем дұрыс емес. Сондықтан нәтиже шығу үшін ең бірінші адам өзіне ниет ету керек. Өзіне не қажет екенін сұрау керек. «Осы білім маған не үшін керек? Мұны алғанда не істеймін, қалай жүзеге асырамын? Мен осы курсқа күніне мынанша уақыт бөлуге дайынмын ба?» деген сұрақтарға шынайы жауап берілгені дұрыс. Және бұл жерде бір күнде бүкіл ақпаратты игеріп аламын деу де қателік. Сондықтан мен қатысушыларыма «20 минут тыңда, ары қарай енді 30 минут тыңда» деймін. Сонда адамның миы ақпаратты оңай қабылдайды. Әсіресе, дене қозғалысы кезінде құлаққаппен тыңдаған тиімді. Бір рет солай тыңдаңыз. Екінші рет конспект жасаңыз. Үшінші рет сол жазған дүниелеріңізді әрекетке айналдырыңыз. Сол кезде ол білім жақсылап тұрып миға бекиді. 
Кез келген жобаны алатын кезде ең бірінші ниет маңызды. Алла тағала зейініңді сол бір ниетіңе қарай ашып қояды. Сондықтан экспертті сынау, бір қателіктер табу үшін келесің бе, әлде шынайы білім алып, пайда табу үшін келесің бе, әлде, ертең өзіңді жұбатып, басқаларға сылтау айтып отыру үшін келесің бе? Түптің түбінде не үшін келдің, сол ниетің орындалады. 
Психологиялық түрде алатын болса, ниет арқылы біз алдын ала санамызды, миымызды программалайды екенбіз. Сол білімді алып жатқан кезде ми соған қарай жұмыс істейді. Сондықтан да ниетті дұрыстап, ары қарай әрекеттерге жауапкершілік алып, тұрақты түрде аз-аздан болса да игерсе, жақсы нәтижеге жетуге болады. Кез келген курстан, кез келген дүниеден ең болмашы жаман деген эксперттің өзінен біраз инсайт алуға болады. Қайталаудың өзі, білетін нәрсеңді естігеннің өзі пайдалы. Сондықтан онлайн білімге қарсы шықпай, керісінше, осы арқылы дамып жатқанымызды, қаншама әйелдің сауатты болып, денсаулық­тарын түзеп жатқанын, декреттегі аналардың үйде отырып табыс тауып жатқанына қарап, курстан нәтиже көру қатысушыға тікелей бай­­ланысты екенін амалсыз мойындайсың. 


Салтанат ОРАЛХАНҚЫЗЫ, 
Психоаналити­калық ассоциацияның кандидаты, аналитик, психоаналитик:

Курсқа қатысқандардың тек 10-20 пайызы ғана нәтиже шығарады

– Адамдардың инфоблогерлердің курста­ры­на қызығуының себебі өте көп. Алайда жиі кездесетін бірнеше себебі бар. Пси­хоа­на­лиз тұрғысынан қарағанда әркімнің өзінің ішін­дегі қандай да бір конфликттері орын алып, содан белгілі бір қарама-қайшы ой туын­дайды. Мы­салы, қазір менің жалақым аз, сол себепті осы курс­ты алып алайын да, жұмыстан шығып ке­­тіп жаңа мамандық бойынша жұмыс іс­тей­мін деп ойлайды. Бұл барып тұрған идеа­ли­за­ция, неге десеңіз, құзыреттілік ком­пе­тен­ция­сы­ның баспалдағы деген ұғым бар, яғни, 0-6 ай арасында адам: «Мен білмеймін, не жасау ке­рек екенін, бірақ оқып жасап жүрмін», 6-12 айда: «Мен енді түсіндім не жасау керек екенін, ен­ді істеймін», 12-18 айда: «Мен енді сол жаңа ма­мандықтың қыр-сырын біліп, тұрақты жұ­мыс жасай аламын», – сатыларынан өтеді. Осы­ны ескерместен курсты миллиондаған ақ­шаға кредитке алып, жұмыстан шығып, кейін опық жеп отырған адамдар қаншама. Ең болмағанда, жұмыстан шықпай, жаңа маман­ды­ғын алып кеткенше істей тұрып, міне, тұ­рақ­ты ақша келе бастады дегенде шешім қа­был­­даса қандай жақсы. Алайда мұндай ішкі қақ­тығыстар адамның өзін қабылдамауынан туын­дайды, мысалы, жұмысын, жалақысын, қо­­ғамдағы статусын, отбасының шынайы қар­­­­­жылық жағдайын. Бұл жерде маркетингтің де рөлі орасан зор. Біз енді ашық әлемде өмір сү­ріп жатқаннан кейін, бұдан қашып құтыла ал­маймыз. Маркетинг бұрыннан бар және жо­ғалып кетпейді. Осы жерде блогерлердің өз өмі­рін мінсіз етіп көрсетуінің арқасында адам­дар өмірді идеализациялайды. Міне, осын­дай мінсіз өмірді армандайтындар, курс­тан курсқа секіріп жүре береді. Бір жылдан кейін қараса, қарызы 3-4 миллион, не ақша жоқ, не тұрақты жұмыс жоқ. Міне, сол кезде деп­рессия басталады, өзін-өзі жеп, мүлдем үй­ден шыға алмау қаупі де бар. Ал кейбір жоқ­қа шығару қорғаныс механизмдері барлар, қары­зын мойындамайды, иллюзияда жүреді. Кейін ата-анасы да таңғалады, айтып жатсақ тү­сінбейді деп. Неге түсінбейді, себебі ол адам­да мықты қорғаныш механизмі жүзеге асы­ры­лып отыр. Байқағандарыңыздай, бір курс алу­дың астарында қаншама психологиялық процесс бар.
Курс алар кезде «Бұл менің шынайы қа­лауым ба?» деген сұрақты қойсаңыз, курс алу туралы шешімді бірнеше күнге шегерсеңіз, бол­маса жолдасыңызбен, ата-анаңызбен ақыл­дасып барып шешім қабылдасаңыз, ұтыл­майсыз. 
Маркетинг негізі адамдардың психо­ло­гиялық аспектілерін ескеріп жасалы­нады. Мысалы, мен бір айда 1 000 000 теңге ақ­шаны үйде отырып-ақ таптым. Осыны тал­дайтын болсақ, үйде отырып дегенді есті­ген­де, демек ақша өзі келеді екен-ау, тіпті айы­на миллион теңге деген ой келеді. Енді диа­лектикалық логиканың екінші заңын ес­керетін болсақ, санның сапаға ауысуы, осын­дай жарнаманы 5-6 рет көрген адамда сол бай­лыққа тез және ешқайда бармай-ақ жетсем бо­лады екен деген сенім қалыптасып, әрекетке көшеді.
Тағы бір айта кететін мәселе – курс оқуға бар­­ған адам өзінің білімі, білігі, дағдысы мен іш­кі жан дүниесіне сәл-пәл үңіліп, ой елегінен өт­кізіп барғаны дұрыс. «Бұл курс маған не бе­ре­ді, маған осы жұмыс ұнай ма, мен оны алып кете аламын ба, осыны қарызға кірмей, ақша жинап барсам қалай болады?» деген қарапайым сұрақтар сіздің ішкі қалауыңызды анықтауға көмектеседі. Әрине, бұл ретте, егер адамда депрессия созылмалы және қатты бе­лең алып тұрса, міндетті түрде маманға жүгін­ген жөн. Себебі өз бетінше курс ала беру тәуел­ді­лігінен шыға алмай қалады. 
Енді сол Instagram-ды күніне 3-4 сағат қа­­рап, блогерлердің өмір сүруіне, үйіне қы­зы­ға қарап отырған адамда да, блог жүргізіп отыр­­­­ған блогерлердің кейбіреулерінде дис­со­циация туындауы мүмкін. Диссоциация де­ге­ні­міз – психиканың екіге бөлінуі, яғни шы­найы өмір мен мінсіз өмір. Мысалы, кей жағ­­­­­­дайда блог жүргізіп отырған адам сол Instagram-ға толығымен кіріп кеткені сон­ша­лық, істеген іс-әрекеттерінің барлығы сол блог үшін, үй жинаса да, салонға барса да, пәтер ал­­са да, тіпті жеке өміріндегі кейбір жағдай­лар­­ға дейін контентке салып отырады. Енді, сол блогер үйін жинауды кейінге қалдырып, бір ұйықтап алайын десе де, аудиториясын ал­дап отырғандай сезінеді. Себебі оқыр­ман­дарына Instagram-да мінсіз өмірдің қандай бо­латынын көрсетіп берді. Бұл сол идеа­ли­за­цияға өзін 24/7 тәуелді еткенмен бірдей. Міне, осы жерде психика екіге бөлінеді. Шынайы өмір мен мінсіз өмір. Кейін өзін кінәлі сезіну сезі­мі пайда болады, ал шын мәнінде, кейде шар­шау, жатып алу, макияж жасамау, үйде ша­шын әрлемей-ақ жүру қалыпты емес пе? Осыны қабылдамайды. Кейде, өз пәтерін жал­ға беріп, басқа «Instagram»-ный пәтерде өмір сүруге тырысады. Себебі блогында мен айына 2-3 миллион табамын деп айтып қойған. Осы жерде де, шынайылық принципі ескерілмей қалады. 
Сол блогты көріп отырған адамда да жо­ға­­­рыда баяндалған процестер жүріп жатады, бірақ бұл жерде кішігірім өзгешелігі бар, мы­салы, келіншек үйде отырып Instagram-нан шықпайды, кейін жолдасына айта бастайды, «Сен дұрыстап ақша таппайсың, неге, қашанғы осындай үйде тұра береміз?» дейді. 
Бұл жерде мен жай үйде отыра беруді ай­тып отырған жоқпын, керісінше, қор­қынышсыз, алаңдаусыз үлкен сомадағы қа­рызсыз, ақырын, баппен курсты таңдап, жұ­мысыңыздан алдын ала шығып алмай, қа­зіргі шынайы қаржылық жағдайыңызды ба­ға­лап, ескеріп әрекет етсеңіздер деймін. 
Мысалы, «Вавилондағы ең бай адамды» оқы­­­­саңыздар, сол жердегі кейіпкер алдымен өзі­нің біліміне сай жұмысқа тұрады, кейін жұ­мыс істеп жүріп ақша жинайды, жиналған ақ­шасының бәрін бизнеске салмай, бір бөлігін ғана салады. Себебі ол да бір адамдарға ақша­сын беріп, бизнес жасаймын деп жолы бол­ма­ған. Сол себепті «қауіпсіздік жастықшасы» бол­­­ғаны абзалырақ. 
Курс алғанда барлық қатысушының тек 10-20 пайызы ғана нәтижеге жетеді. Ол да бір­неше факторларға байланысты, адамның біліміне, қиындыққа төзімділігіне, логикалық ойлау жүйесінің ұшқырлығына, қаржылық сауат­тылығына, тіпті сол оқып отырған кур­сы­ның өзіне ұнап, жаны сол нәрсені жаса­ған­ды жақсы көретініне байланысты. Сонымен қатар курстың сапасына да мән беру керек. 
Сол себепті қаржыны басқару, қаржылық сауаттылық деген ұғымдарды дұрыс түсініп, өз эмоциямызды танып, біліп, қолайлы шешім қабылдай алуды балаларға да үйреткеніміз жөн. Instagram-ды қарауды да шегерсек, күніне 3-4 сағат емес, ең болмағанда 1 сағатқа қыс­қар­тып, одан да сол уақытты отбасыңызға, өзіңізге арнасаңыз өмірден көп нәрсені ұтаты­ныңыз анық. 

P.S.
 
«Ел мен елді теңестіретін – білім», – дейді Әуезов. Ізденген, білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтар игерген жақсы-ақ. Ізденісін тоқтатқан адам ақпаған су секілді. Десе де... бүгінгідей әлеуметтік желіде алтындай жалтыраған бақуатты блогерлердің курсын сатып алып, дәл солардай бай болуды көксеу, соларға еліктеп күн кешу – иллюзияға бой алдыру – қауіпті. Иә, курс оқып, белгілі бір нәтижеге жетерсіз. Бірақ сіз ешкімнің жүріп өткен жолын қайталай алмайсыз. Себебі бұл өмірде әркімнің өз жолы, маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Жетістікке жеткендер – біреудің істегенін қайталап жасағандар емес, өз мақсатының баспалдағын өзі құрғандар. 

Дайындаған 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары